PTC Holding Транскаспий көлік бағытына инвестиция салады

3505

Қазақстан экономикасы үшін бұл өте маңызды жоба. Енді Қазақстан бизнесі үшін жүк тасымалдаудың баламалы жолдары пайда болады.

PTC Holding Транскаспий көлік бағытына инвестиция салады Фото: PTC Holding

Бүгін Тбилисиде қазақстандық "PTC Holding" ЖШС мен грузиялық серіктестері арасында инвестициялық серіктестік туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Бұл құжат Қара теңізге жақын Поти қаласында заманауи мультимодальды көлік-логистикалық терминал құрылысын бастауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды  inbusiness.kz тілшісі.

Бұл қысқа мерзімде жүз адамға жұмыс орнын ашып, екі елдің экономикасын нығайтады, логистикалық бағыттардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар жаңа терминал транзиттік уақытты қысқартады және жүк тасымалдау құнын төмендетеді. Өйткені Азиядан жүк тасымалының негізгі бөлігі теңіз арқылы тасымалданады, ал теңіз тасымалы ең арзан болып табылады. Жоба қарапайым азаматтар үшін неғұрлым қолжетімді бағамен, тауарлардың кең ассортиментімен және тауарды жылдам жеткізуді қамтамасыз етуімен ерекшеленбек.

"PTC үшін бұл бизнестің кеңеюі, өйткені біз соңғы уақытта контейнерлік тасымалдауға назар аудардық. Біз "Достық" стансасында ең үлкен терминалды салдық, бұл терминалдың қуаттылығы жылына шамамен 320 мың контейнерді құрайды. Өткен жылы 100 мыңға жуық болса, биыл одан да көп болады. Біз Шанхайда компания аштық, қазір Стамбулда компанияны тіркеп жатырмыз. Грузиядан келген серіктестерімізге бізді таңдауға сенім білдіргендері үшін алғыс айтамыз. Бұл -еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалануға бағытталған жұмысымыздың логистикалық жалғасы. Бұл тек бастамасы деп сенемін, алдағы уақытта біз логистикалық бизнесті бірлесе отырып дамытамыз. Бұл - Қазақстан үшін де, басқа елдер үшін де үлкен мүмкіндік", - деді "PTC Holding" ЖШС акционері Данияр Абулгазин.

"PTC Holding" ЖШС басқарма төрағасы Тимур Қарабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандық тауар мен шикізат Қара теңіз арқылы әлемдік нарыққа тасымалданған жағдайда, логистика құны клиентті қанағаттандыра бермейді. Алайда Оңтүстік-Шығыс Азиядан Қазақстанға тауарларды кері тасымалдау көбейген кезде тауар тасу құны айтарлықтай төмендейді.

"Қазақстаннан тауар тасу құны айтарлықтай төмендеуі ең маңызды жетістіктеріміздің бірі деп санаймыз. Біз серіктестермен ортақ келісімге келгенімізге және осы жобаға капиталмен, құзыреттермен және мүмкіндіктермен қосылғандарына қуаныштымыз. Көлік дәлізі Қазақстаннан Каспий теңізі, Әзірбайжан, Грузия, Қара теңіз арқылы өтеді. Тауарлар әлемнің кез келген нүктесіне жетеді. Кері жүк ағыны Поти портына, одан теміржол арқылы Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне жөнелтіледі", - деді Тимур Қарабаев.

Бірыңғай көлік операторларын құруды және жабық логистикалық циклді қалыптастыруды, сондай-ақ жеке отандық бизнестің осы үдеріске белсенді қатысуын көздейтін Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) әлеуетін ашу өте маңызды екенін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтқан болатын. Дәлірек айтқанда, мамыр айында Қытайға сапары кезінде ол "Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік тасымалдауды арттыру үшін Транскаспий бағытын дамыту маңызды" деп ашық айтты.

Қол қою рәсімінде атап өтілгендей, терминал қуаттылығы жылына 80 мың контейнер, оның 50 мыңын ТХКБ бағыты бойынша және 30 мыңын CASCA аясында жөнелтілмек. Бұл Транскаспий халықаралық көлік маршрутының соңғы нүктесі болады, осылайша Грузияның халықаралық көлік дәлізі, оның ішінде порт инфрақұрылымы бар ел ретінде тартымдылығы артады. Себебі жылдан жылға жүк тасымалы көлемі өсуде.

Жоба елдің дамуына ықпал етеді және алдын ала есептеулер бойынша жыл соңына дейін инвестиция көлемі 10 млн АҚШ долларын құрайды.

Терминалдың жоспарланған атауы – "Poti TransTerminal" АҚ.

Жобаның аумағы 8 гектарды құрайды, онда жалпы ұзындығы 300-400 метр болатын 7 жол және бір мезетте 4 мың контейнерді сақтау мүмкіндігі бар контейнерлік платформа орналасады. Техника мен жабдықтарға келер болсақ, терминалдың жұмысын қамтамасыз ету үшін контейнерлік кран және қондырғыштарды орнату жоспарланған. Сонымен қатар, жүктерді өңдеу жылдамдығын арттырып, Қара теңізге жөнелту үшін Поти мен Алят арасында толық құрамды поездарды жөнелту үшін локоматив алу мақсаты қойылды.

"PTC Holding-тің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері кеңейіп отыр. Қытайдан жөнелтілетін жүктер Потиге түседі, ал қазақстандық экспорттаушылар Еуропаға жөнелту үшін астық, алюминий, мыс және басқа да тауарларды тасымалдау мүмкіндігіне ие болады. Оның үстіне бұл бағытқа Орталық Азияның барлық елдерін тартуға болады", - деді "PTC Holding" ЖШС даму жөніндегі директоры Олжас Арықбаев.

Ал "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Грузия мен Әзірбайжандағы аймақтық өкілі Олжас Мурзабековтың айтуынша, "PTC Holding" ҚТЖ үшін стратегиялық және уақыт сынынан өткен сенімді серіктес және бұл жоба бүгінгі таңда өте өткір болып отырған экспорттаушылар мәселесін жан-жақты шешуге мүмкіндік береді.

"Алдағы уақытта мұндай жобаларды көбейту қажет. Ауқымды жүк тасымалын қамтамасыз ету Қазақстанның және басқа да елдердің экономикасына оң әсер етеді", - деді ол.

Тараптар атап өткендей, бұл - екі ел үшін де өте маңызды дәліз. Біріншіден, бұл - Қазақстан мен Грузия экономикасына салынған ауқымды инвестиция. Грузия үкіметі шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отыр. Екіншіден, Қазақстан үшін логистикаға салынған инвестиция өте маңызды. Себебі, тарихқа үңілсек, Жібек жолы дәстүрлі түрде қазақ даласымен қатар Оңтүстік Кавказ арқылы да өткен. Ал қазір бұл үдеріс жалғасуда. Қазақстан арқылы Каспий теңізі, Әзірбайжан, Грузия және одан әрі Еуропаға жаңа логистикалық бағыттар пайда болуда. Қазақстанда, әсіресе, соңғы кездері транскаспийлік көлік бағытын дамытуға үлкен мән беріліп келеді. Соңғы жылдары бұл бағыт бойынша өтетін жүк көлемі айтарлықтай артты.

"Бұл бағытты кеңейту туралы президенттің тапсырмасы бар. Бүгінгі таңда үлкен үлес қосып жатқан осындай кәсіпкерлердің арқасында алға қойған міндеттердің орындалатынына сенімдімін. Қазақстанда қазірдің өзінде жақсы позициялар мен активтер бар. Грузияда транзиттік жүктер мен қазақстандық жүктерді Грузия мен Еуропаға жөнелтетін Батуми мұнай терминалы, теңіз порты. Жаңа терминалдың құрылысы бұл бизнесті әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тарифтерге де, Грузия арқылы өтетін жүк көлеміне де әсер ететіні сөзсіз", - деді Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәлік Мурзалин.

"Invest Group Georgia" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің акционері Мамука Мерквиладзенің айтуынша, дәліз өте маңызды және оны әрі қарай да дамыту керек.

"Екі елдің бизнесі қайта бірігіп, жақсы жұмыс істеп, жұмыс орындары ашылып, мемлекеттер жақындаса, бұл өте жақсы үрдіс", - деді Мамука Мерквиладзе.

Сонымен қатар ол грузиялық серіктестеріне сенім артқан PTC холдингіне алғысын білдірді.

LХ PANTOS CO., LTD бас директоры Айдар Джексембиевтің айтуынша, бұл Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды жоба, өйткені Қазақстан бизнесі үшін жүктерді тасымалдаудың баламалы жолдары пайда болуда.

"Қазір біз дәстүрлі түрде екі бағытты - Трансқытай және Транссібір теміржолдарын пайдаланамыз. Сонымен қатар, Грузия мен Қазақстан, ал ендігі кезекте Орталық Азия республикалары арасындағы іскерлік және екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ынталандыратын Транскаспий бағыты пайда болады. Біздің тұтынушылар арасында нақты бағытты, яғни Поти қаласындағы PTC терминалын пайдалануға ниеттеніп отырған компаниялар бар. Мәселен LG компаниялар тобымен (Корея, Вьетнам, Индонезия) жұмыс істеуге алдын ала келісім жасалды. Олар тұрмыстық электр техникаларын, түрлі жабдықтар мен машина жинақтарын тасымалдауға мүдделі. Біз PTC-ті серіктес ретінде таңдадық. Себебі бұл серпінді дамып келе жатқан компания. Қазақстанда да, елден тыс жерде де бизнесті жүргізе алатын мұндай қазақстандық компания өте аз. Компанияның шебер басшылығы мен ұтымды менеджмент бізге оған сенім артуға және онымен стратегиялық серіктес ретінде сенімді жұмыс істеуге болатынын көрсетті", - деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу