2024 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдау жасап, ұлттық референдум өтетін күнді белгілеп берген болатын. Содан бері не өзгерді? Шешім қабылдау неге мұншалықты ұзаққа созылды? Кедергі болған не? Радиофобия ма, әлде саяси ерік-жігер ме? Жалпы елімізде бұл саладағы ахуал қандай? Игіліктің ерте-кеші жоқ демекші, шолу жасап көрген едік.
Бір жылдық белес, сөзден іске...
Осылайша, былтыр 6 қазанда Қазақстанда ұлттық референдум өтті. Оның нәтижесінде ел азаматтарының 71%-ы Атом электр станциясын салуды қолдап дауыс берді. Бұл елімізде әрі тарихи, әрі саяси шешім қабылданған сындарлы кезең болды. Сөйтіп, 30 жылға созылған пікірталасқа нүкте қойылып, саланың дамуына жол ашылды.
Өйткені, АЭС салу мәселесі Қазақстанда ең алғаш рет сонау 1997 жылы сөз болған еді. Сол кездегі Ғылым министрі, әрі Қазақстан ядролық қоғамының президенті Владимир Школьник: "Қазақстанда ядролық энергетикаға қажеттілік туындап отыр" деп мәлімдеген болатын. Содан бері мұндағы талқылау былтырға дейін толастаған емес.
Тіпті, 2006 жылы Ақтаудағы БН-350 реакторы орналасқан МАЭК-тің базасында жаңа АЭС салынсын деген Үкіметтің қаулысы да шықты. Бірақ жобада қарастырылған 300 МВт аз болатындықтан, құжат орындалмай қалды.
Сондай-ақ, 2010 жылы Курчатовта қуаты 600-1000 МВт болатын АЭС салу жоспарланды. Ол жолы да жүзеге аспады. 2011 жылы Алматыда бірнеше экологиялық ұйым бас қосып, "АЭС салған қаншалықты дұрыс?" деген тақырыпта үлкен жиын өтті. Онда оның экологиялық тазалығына баса назар аударылды.
Ал 2015 жылы бұл жолы "ҚазАтомӨндірістің" басшысы боп жүрген Владимир Школьник Курчатов пен Үлкен елді мекендерінде "300-1200 МВт-тық 2 АЭС салынады" деп тағы да мәлімдеді. Бірақ кейін оның мерзімі 2030 жылға ысырылды. 2017 жылы МАГАТЭ-де өткен бір сессияда Энергетика министрлігінің сол кездегі Атом және энергетика жобаларын дамыту департаментінің директоры Батыржан Қаракөзов Қазақстанда АЭС салу туралы шешім 2018 жылдың аяғына дейін нақты қабылданады деп хабарлады.
Тізбелей берсе, мұндай фактілер көп. Сол себепті АЭС салу туралы мәселе ұзақ жылдар бойғы сан мың толғаныс пен пікірталас барысында пісіп-жетілді деуге болады.
"Былтыр референдум өткеннен соң, 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысымен Атом электр станциясы салынатын жер ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы айқындалды. Ал биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қаңтардағы тапсырмасына орай "Қазақстан Республикасының атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясы" атты ұзақ мерзімді құжат әзірленіп жатыр. Аталған стратегия елімізде ядролық кластерді қалыптастыру жөніндегі тұтас көзқарасты айқындап, оны жаһандық ядролық экожүйеге интеграциялауға мүмкіндік береді.
Жұмыстардың құқықтық және институционалдық базасын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Атом энергиясы жөніндегі агенттікті құру туралы Жарлық шықты. Агенттікке АЭС құрылысын үйлестіру, заңнамалық базаны әзірлеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық әріптестермен өзара іс-қимыл жүргізу өкілеттіктері берілді.
Келесі маңызды қадам – халықаралық ынтымақтастықты дамыту болды. Түрлі ведомствоаралық алаңдарда жүргізілген талдау нәтижесінде маусым айында ресейлік "Росатом" компаниясы Қазақстан Республикасында АЭС салу жөніндегі халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде танылды", – дейді ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Ядролық энергетика департаментінің директоры Гүлмира Мұрсалова.
Осылайша, биыл 8 тамызда елімізде тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең алғашқы Атом электр станциясының құрылысы басталды.
Нақтырақ, Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында әзірге алғашқы кезең – станция құрылысына арналған оңтайлы алаңды айқындау және жобалық құжаттаманы әзірлеу мақсатындағы инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. "Росатомның" Инжинирингтік дивизионының мамандары алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылап, топырақ сынамаларын алу жұмыстарына кірісті.
Бұл зерттеулер аумақтың сейсмикалық тұрақтылығын, гидрогеологиялық ерекшеліктерін, экологиялық сипаттамаларын және өзге де параметрлерін бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай бағалау – болашақ станцияның сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің міндетті шарты. Осы кезеңде кемінде 50 ұңғыма бұрғыланбақ, олардың тереңдігі 30-дан 120 метрге дейін жетеді. Алынған деректердің негізінде АЭС-ті орналастыру жөніндегі түпкілікті шешім қабылданады. Инженерлік іздестіру жұмыстары жобаның халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етіп, экологиялық және техногендік қауіптерді азайтуға, болашақ атом электр станциясын тиімді жобалауға мүмкіндік береді.
Ал Атом электр станциясының өзіне келер болсақ, оған МАГАТЭ талаптарына сәйкес қауіпсіздік сипаттамалары жетілдірілген, электр қуаты 1200 МВт болатын III+ буынының заманауи ВВЭР-1200 "су-су" типті энергетикалық реакторлары орнатылады. Жаңа буындағы реакторлардың басты ерекшелігі – белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің бірегей үйлесімі, екі қабатты герметикалық қорғаныс қабығының (контайнменттің) болуы. Бұл станцияны сыртқы (8-9 балдық жер сілкінісіне төзімді) және ішкі әсерге (соның ішінде 72 сағатқа дейінгі апаттық жағдайда автономды жұмыс істеу мүмкіндігімен) барынша төзімді етеді.
Сондай-ақ, апаттық қуат беру және генерация жүйелерімен жабдықталған. Бұдан бөлек, реактордың техникалық сипаты радиоактивті өнімдердің қоршаған ортаға шығуын толықтай болдырмайды. Аталған технология ең қатаң халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай келеді және қазіргі уақытта Ресей, Беларусь, Түркия, Бангладеш, Мысыр және Қытайдағы қолданыстағы әрі салынып жатқан нысандарда сәтті пайдаланылуда. Реактордың қызмет ету мерзімі – 60 жыл, қосымша 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
Радиофобия бізге қайдан келді?
Жалпы Қазақстан қоғамында атом қуаты мен оның игілігін қабылдай алмау, яғни жатсыну психологиясы берік орныққан. Былтырдан бері бәлкім оның көбесі сөгілген болар, бірақ радиациядан қорқудан, яғни радиофобиядан 1 жылда айыға салу мүмкін емес.
Сондықтан да әуелі бұл қорқыныштың түпкі тамырына үңілген жөн. Жалпы дәрігерлер қауымы радиофобия дегеніміз, негізінен ауру екенін айтады, онда да тек Қазақстанда ғана емес, әлемдегі сауатты елдердің барлығында бар дерт. Медицина тілінде, ол "психологиялық та, физиологиялық та тұрғыда кездесетін жүйке-соматикалық сипаттағы ауытқушылықтар кешені" деп аталады. Кей жағдайда одан айығу мүлдем мүмкін емес көрінеді. Оған шалдыққан адам ион шашатын немесе шашпайтын электрмагнитті сәуленің барлық түрінен қорқады. Иондалатыны – кәдуілгі радиация болса, иондалмайтыны – ұялы байланыс станциялары, микротолқынды пештер, смартфондар, индуктивті сәулелер және тағы да басқалар.
"Не қолға ұсталмайтын, не көзге көрінбейтін, иісі де жоқ, түсі де жоқ радиация дегеніміз не? Ғылымның тілімен айтқанда, ол – энергияның электромагниттік толқындары немесе субатомдық бөлшектер түрінде таралатын иондаушы сәулелер. Ол – ғарыш жаралғалы бар дүние, сондықтан оның ажырамас бөлшегі жер ғаламшарының да барлық жерінде кездеседі. Күннің көзінен де радиация тарайды, бірақ біздің ғаламшардың электромагнитті өрісі оны сүзгі ретінде сейілтіп жібереді де, жер бетіне ол біз ендігісі бейімделіп кеткен мөлшерде жетеді. Сол сияқты жер қойнауындағы тас-топырақ, су көздерінде де радиоактивті заттар бар. Олар радионуклейдтер түрінде кездеседі. Ауа түріндегі родон газы бар. Бұл тұста бір нәрсені дұрыс түсіну керек. Адамға радиацияның өзі емес, мөлшері қауіпті. Егер ол белгілі мөлшерден асып кетер болса, ағзадағы ұлпалардың жасушаларына дейін өтіп, оны күйдіруі мүмкін. Оның соңы сәуле ауруларына, онкологиялық айықпас дерттерге алып келеді. Сондықтан да радиофобияның болуы орынды. Десе де, бүгінгі ғылым мен технологияның озық дамыған заманында радиациядан сақтану мен қорғанудың барлық мүмкіндігі қарастырылғанын есте ұстаған абзал", – дейді эколог Раушан Бауыржанқызы.
Атом өнеркәсібі Қазақстанда 1973 жылдан бері бар десек, сол Маңғыстаудағы БН-350 реакторының игілігін ширек ғасыр көрдік. Ал оның арғы жағында ғылым ретінде ядролық физика елімізде 1957 жылдан бастау алған. Ендеше әрісі 70, берісі 50 жыл болды, бірақ сонда да болса қазақстандықтар радиациялық қауіпсіздік туралы әлі де өте аз біледі. Онда да жүйелі түрде емес, тек жекелеген деректер түрінде ғана. Соған сәйкес елімізде радиофобия проблемасы өткір тұр. Ол дегеніміз "радиация бар" деген сөз естісе, көп адам жаны қалмай қорқады деген сөз. Бір сөзбен айтқанда бұл үрей бізде түйсік деңгейінде орныққан және бірнеше ұрпаққа дейін тарап кеткен. Біздің елімізде АЭС салуға кедергі болып келген бір фактор осында – қоғамдық пікірдің дайын еместігінде.
50 жылға жалғасқан құпиялық
Тарихтан тін тарта сөйлесек, еліміздегі радиофобияның бастауында 50 жылдық әскери құпиялық тұр. Ал оның арғы жағында геосаясат жатыр. Кеңес Одағы бас бәсекелесі Америка Құрама Штаттарымен "қырғи қабақ" соғыста мұздай қарулану жарысына кіріскенде, адамзат баласы игерген соғыс өнерінің ұшар шыңы жаппай қырып-жоятын атом қаруына келіп тірелген еді. Осылайша, оған қол жеткізуге ұмтылған мемлекеттердің тактикалық қалтарыс аумақтарында ядролық полигондар пайда болды. Соның бірі – Семей аймағы.
"Біздегі радиофобияның ең бірінші себебі – Семей полигоны. Біз 1949-1989 жылдар аралығында атом қаруының жойқын қиратқыш күшін өз бойымызда сезініп өстік. Осы 50 жылда 450 ядролық сынақ өткізіліп, халқымызға, ел экологиясына орасан үлкен залал келді. Қанша адам зардап шеккені әлі күнге дейін белгісіз. Белгілісі 1991 жылға дейін сол аймақта 1,3 миллион адам тұрғандығы. Осы тарихи оқиғалар қазақстандықтардың арасында жаппай радиофобияның тарауына себеп болды. 1992 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде ұзақ жылдар сынақ жүргізілген Семей полигоны жабылды да, біздің атом қуаты туралы ұғымымыз оның осы радиациямен байланысты теріс салдары арқылы орнығып қалды. Шындығын айтқанда біздің егемендігіміз осы Семей полигонын жабу бастамасының арқасында нығайды. Естеріңізде болса, Қазақтанда құрылған ең бірінші қоғамдық ұйым "Невада-Семипалатинск" қозғалысы болды", – дейді қоғам белсендісі Шыңғыс Лепсібаев.
Бұл тұста атай кететін тағы бір жайт, жалпы Кеңес Одағы табиғатынан милитарлы ел болды. Ол ұстанған империалистік саясат тоталитаризм сипатындағы социализмге ұласқан тұста әскери экономика негізгі шаруашылық түрінің біріне айналды. Одақтас республикалардағы өңірлерді дамыту кей тұста осы әскери риторикамен айқындалды.
Мәселен, соның нәтижесінде Қазақстанда стратегиялық шикізат анықталған кен орындарының маңында қалалар пайда болды немесе бар елді мекендер гүлдене бастады. Өйткені, бұл қалалар тікелей Мәскеудің қамқорлығына алынды және кейбірі өте құпия ұсталды. Солардың бірі – стратегиялық-тактикалық қару жасау мақсатында атом өнеркәсібі үшін қажетті уран табылған Ақтау қаласы мен ядролық физиканы ғылыми дамытқан Курчатов, Алатау қалалары әуелгіде арнайы режимдегі жасырын нысандар еді. Міне, осы кешенді факторлардың салқыны тәуелсіз Қазақстанда да сақталып қалды.
"Одан кейінгі кезекте, әрине, әлемде төртінші саналатын ядролық қару арсеналынан түбегейлі бас тарту бастамасы тұр. Осылайша, біз әлемдік қауымдастық алдында беделімізді орнықтыра алдық. Соның екпінімен 1999 жылы Ақтаудағы БН-350 жылдам нейтронды реакторы тоқтатылды. Міне, осындай атомға қарсы саясат жүргізе отырып, елімізде атом өнеркәсібін, соның ішінде атом энергетикасын насихаттау орынсыз еді. Керісінше, бастапқыда оның кеңес кезінен қалған құпиялылығын барынша сақтап қалдық. Бұл бұрыннан бар радиофобияны одан сайын ушықтыра түсті", – дейді ол.
Осы тұста Чернобыль апаты да радиофобияны терең орнықтыра түсуге қатты әсер етті. 1986 жылғы сәуір айындағы оқиға бүкіл әлемді дүрліктіріп тастады. КСРО тараған шақта Қазақстанда Семей полигоны мен осы Чернобыль апатының шындығы қатар айтыла бастады. Радиацияның адам ағзасына, қоршаған ортаға жойқын әсері, саналы сағаттарда-ақ өлімге алып келетіні болмаса айықтырмас дертке шалдықтыратыны екі жағдайда да қоса қабат жария боп жатты.
Одан кейінгі Фукусима оқиғасы да "жығылғанның үстіне жұдырық" болды. "Ең мықты деген жапондықтардың өздері табиғи апаттың алдында пұшаймандық танытқанда, біздің елге "аждаһа-атоммен" арпалысу не жорық” деген пікір қалыптасты. Осылайша, Қазақстан қоғамы атом игілігінен мәңгілікке теріс айналып кеткен еді. Мұндай күй қазіргі уақытқа дейін сақталып қалып отыр. Ал оған қарсы мемлекет тарапынан ешқандай да күрес жүргізілген жоқ. Жаңа айтып кеткеніміздей, оның бірнеше себептері бар.
"Ең бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының осы бағыттағы білімі тым төмен. Мектепте физика сабағы өте нашар оқытылды. Қызыққан бала қызықты, қызықпағаны сырт қала берді. Соның салдарынан радиация тұрмақ уранның не екенін білмейтіндер де бар. Содан келіп, біреуден естігенін шын көріп, қаңқу сөзге еретіндер көбейеді. Екінші кезекте, елімізде радиациялық қауіпсіздік бойынша да бірыңғай саясат жүргізілмеді. Мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да тұрақты, жүйелі негізде ештеңе оқытылмады. Үшіншіден, радиофобиямен күрес саласында ұлттық эдвокаси жобалар жоқ. Мақсатты жұмыстар жүрмегендіктен, осынау теріс құбылысты еңсеру мүмкін болмай тұр. Тағы бір атай кетер негізгі жайт, энергетика, цифрландыру және экология министрліктерінде қоғамдық пікірді қалыптастыру құзыреті жоқ. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының барлығы бір кездері "Хабар" арнасына, одан соң ақпарат министрлігіне берілді де, олар ұсынатын мемлекеттік тапсырыс аясында радиофобияға қарсы жұмыстар тыс қалды. Сондықтан да осы аталған министрліктрге қоғамдық пікірге ықпал ете алатындай тетік беру керек", – дейді қоғам белсендісі Шыңғыс Лепсібаев.
Оның айтуынша, халықтың қауіпсіздік саласындағы отандық стандарттарға және мамандардың біліктілігіне деген сенімі өте төмен. Көптеген азаматтар жемқорлық жайлаған қоғамда мұндай стандарттар сақталады дегенге сенбейді. Тіпті Чернобыль, Фукусима апаттары қайталана ма деп қатты қауіптенеді. Осы тұста мемлекет үшін бұқара халықты атом энергетикасының қауіпсіздігіне иландыру мүмкін болмай тұр. Ендеше, бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алатын уақыт келді. Насихатты одан әрі жалғастырып, радиофобияға қарсы мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет-ақ. Науқаншылдықпен тыйылып қалуға болмайды. Өйткені, атомның қаупі бар екені рас, бірақ игілігін де ұмытпағанымыз жөн. Оның жойқын күшін әскери мақсатта сезінген болсақ, азаматтық мақсатта да пайдасын көруге тиіспіз.
Түйіндей айтқана, Қазақстандағы радиофобия тым әсірешілдікке ұшыраған үрейлердің жиынтығы екенін түсінуіміз керек. Ол үшін осы уақытқа дейін ақпарат кеңістігінде қалыптасқан теріс пікірлерді еңсеріп, атом – арзан, таза әрі қауіпсіз энергия көзі екенін кең ауқымда түсіндіргеніміз дұрыс. Шындығында радиофобия белгісіздік тудыратын және дезинформация ретінде қолдануға барынша ыңғайлы манипуляция құралы ғана. Ендеше, бізге 50 жылдық құпиялықтан бас тартатын уақыт келді. Сондықтан да орасан зор түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Атомның күші – қауіпсіздікте. Мұны біз АЭС салу жөніндегі референдум кезінде анық байқадық.
Ғылымда да, өндірісте де алда
Елімізде ядролық физика мен атом энергетикасының дамуына тарихи да, табиғи да алғышарттар әуелден бар. Бізде тек АЭС салу мәселесі негізсіз кейінге шегеріліп келгені болмаса, ғылыми жағынан да, өндірістік жағынан әлемде көшбасшы елдердің біріміз. Сондықтан да Қазақстан тәуелсіз әрі бәсекеге қабілетті атом саласын дамытуда елеулі әлеуетке ие деп мақтанышпен әрі сеніммен айтуға болады.
Мәселен, уранды өндіріп қана қоймай, оны өзімізде қайта өңдеп, халықаралық экспортқа ядролық отын дайындаймыз. Уран қоры бойынша әлемде Австралиядан кейін 2-орында тұрмыз, дүние жүзіндегі қордың шамамен 14%-ы елімізде шоғырланған. 2009 жылдан бері Қазақстан әлемдік өндірістің 40%-ға жуығын иемденіп, уран өндіруде әлемдік көшбасшы атанды. Елімізде 900 000 тоннадан астам уран қоры бар, ол әлемдегі атом электр станцияларын ұзақ жылдар бойы отынмен қамтуға еркін жетеді. Өндіру мен қайта өңдеу инфрақұрылымымыз дамыған, ядролық отын өндіру, қуатты ғылыми-зерттеу және технологиялық база, сондай-ақ ядролық қондырғыларды пайдалану тәжірибеміз бен білікті мамандарымыз бар.
Бір сөзбен айтқанда, бұл салаға халықаралық сипат тән, мұнда бірнеше беделді отандық компаниялар қызмет етіп жатыр. Уран өндіруде "ҚазАтомӨндіріс" Ұлттық акционерлік қоғамы үлкен әлеуетке ие, оның өзінің оншақты еншілес бөлімшелері бар. Солар өндірген шикізатты "Үлбі металлургия зауыты" АҚ мен "Степногорск тау-кен химиялық комбинаты" ЖШС қайта өңдеп, ядролық отынға айналдырады. Ал Үлкен елді мекенінде салынғалы жатқан жаңа АЭС-тің құрылысына "Қазақстанның атом электр станциялары" ЖШС жауапты.
Ғылыми-зерттеу жағына келер болсақ, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі және Алматы қаласындағы Ядролық физика институтын атай өту керек. Олардың алаңдарында зерттеу реакторлары (ИГР, ИВГ.1М, ВВР-К), материалтануға арналған КТМ-токамак, критикалық стендтер, үдеткіштер мен заманауи зертханалар орналасқан бірегей эксперименттік және зерттеу базасы шоғырланған. Халықаралық деңгейде үлкен беделге ие бұл кәсіпорындар әлемдегі маңдай алды компаниялармен тең дәрежеде атом энергетикасын дамытып жатыр.
"Біздің орталық әлемдегі атом станцияларының 80%-ында орналасқан жеңіл су реакторларында болатын ауыр апаттарды басқару бойынша көпжылдық зерттеулердің бірегей циклін өткізді. Атап айтқанда, Toshiba және Marubeni корпорацияларының тапсырысы бойынша апатты оқшаулау жүйелерін зерттеуге арналған CORMIT жобасын жүзеге асырды. Сондай-ақ, "Fukushima Debris" халықаралық зерттеуге қатысып, апат болған "Фукусима-1" реакторының белсенді аймағында қатып қалған балқымалардың фрагменттерін зерттеді. Бұл жұмыстар бүгінгі таңда осындай апаттардың салдарын жоюдың халықаралық тәсілдері негізінде техникалық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр. ҚР ҰЯО – белсенді аймақтағы материалдардың балқуына эксперимент жүргізуге, сол арқылы ауыр апаттарды модельдеуге құзыреті бар санаулы ұйымдардың бірі", – дейді ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков.
Орталықтың одан да бөлек атом энергетикасы қауіпсіздігін зерттеу саласында жетістіктері көп. Халықаралық жобаларының көбі жылдам нейтрондар мен сұйық металл салқындатқышты пайдаланатын төртінші буын реакторларымен байланысты.
Мәселен, Жапония атом энергиясы агенттігінің (JAEA) тапсырысы бойынша көпжылдық EAGLE бағдарламасын жүзеге асыруда. Францияның Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариаты тапсырыс берген SAIGA жобасы тағы бар. Шын мәнінде, дәл осы Ұлттық ядролық орталықтың базасында қазақстандық мамандар апатты жағдайларға жақын режимде түрлі реакторлық сынақтар жүргізеді, осылайша инновациялық аралас нитридті-уран-плутоний отыны сыналды.
"Сонымен қатар, біз сутегі энергетикасы технологияларын дамыту бойынша да кең ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. 2024 жылы Қазақстанда сутегі энергетикасын дамыту Тұжырымдамасы бекітілді. Оның шеңберінде ҰЯО-да сутегі энергетикасы бойынша технологиялық құзыреттер орталығы құрылды. Мұнда сутегі алудан және оны сақтау технологиясынан бастап практикалық қолдануға дейінгі толық цикл дамымақ. Зерттеу нәтижелері шетелдік жоғары рейтингті басылымдарда жарияланып, патенттермен расталатын болады. Орталықтың бүгінгі басты міндеті – алынған шешімдерді сутегі энергетикасы мен экономика саласына енгізуді жеделдету", – дейді ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков.
Еліміздің атом энергетикасы саласындағы кез-келген кәсіпорын туралы осындай зор жетістіктермен айтуға болады. Ғылыми терең тәжірибелер біздің ғалымдардың жоғары дәрежесін көрсетеді. Мұнда тек эксперименттік ғана емес, практикалық та жобалар бар. Соларың бірі – радияциялық тәсілмен зарарсыздандыру. Ядролық технологялар паркі көрсететін бұл қызмет түрі бірінші кезекте бір рет пайдалануға жататын медициналық бұйымдарды стерилизация жасауға арналған. Одан да өзге заттарды тазалап алуға болады.
"Ион сәулесімен жасалатын бұл тәсілдің химиялық немесе термоөңдеу жолымен жүзеге асатын басқаларынан артықшылығы – тез жүргізіледі, канцерогендік улы заттар қолданылмайды, карантиндік кезең жоқ, яғни, бұйымдарды бірден пайдалана беруге болады, жуып-шайып, сыртын орап тастағаннан кейін де стерилизация жүргізіле береді, зарар әсері ұзақ сақталады, бағасы да арзан. Ол ЭЛВ-4 электрондарды үдеткіште жасалады. Мәселен, шприц, ине, хирургиялық заттар, имплант материалдар мен маталар, анестезиологтар мен акушерлік жинақтар, ингаляция, диализ және қан құюға арналған жабдықтар, таңу материалдары, маска, бандаж, пипетка сынды тағы да басқа бұйымдарды, тіпті көз тамшылары мен жақпамайлары, тұз ерітінділері, күйік жақпамайлары, ветеринарлық өнімдер сияқты кейбір фармацевтикалық препараттарды және орау материалдарын зарарсыздандыруға болады. Кобальт-60 элементінің гамма сәулесімен атқылаған кезде микроорганизмдердің ДНҚ-сы зақымданып, олар көбею қабілетінен айырылады. Яғни, бактерия, саңырауқұлақ және вирустар толықтай жойылып кетеді", – дейді Ядролық технологиялар паркінің Департамент директоры Мұрат Қасымжанов.
Ал ядролық отын мәселесіне келсек, 2021 жылы "ҚазАтомӨндіріс" ҰАҚ пен қытайдың China General Nuclear Power Corporation (CGNPC) корпорациясы француздың Framatome компаниясының технологиясы бойынша жылу бөлетін жинақтардың өндірісін жолға қойды. Оны шығарумен қазақстандық "Үлбі-ТВС" ЖШС айналысады.
Қазақстанға бір АЭС аздық етеді
Атом энергетикасын дамыту жаһандық күн тәртібінде ерекше орынға ие екенін ескерсек, АЭС салу туралы шешім еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайту үшін жаңа көкжиек ашпақ.
Сондай-ақ, оның экономикалық та артықшылықтары бар. АЭС құрылысы Үлкен ауылы мен сол өлкеге заманауи инфрақұрылымнан бастап, жаңа қаланың бой көтеруіне серпін берсе, еліміздің дамуына мультипликативті әсер етіп, ұзақ мерзімді экономикалық драйверіне айналмақ. Осы ретте сарапшы мамандардың электр энергиясының тапшылық болжамына сүйеніп, "Қазақстанға бір АЭС аз болады" деп айтқан сөзіне құлақ асқан жөн сияқты.
Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы: "Өндіріс саласында ұзақ уақыт қызмет еткен, мол тәжірибесі бар адам ретінде айтарым, қазір Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы қатты сезіліп отыр. Тіпті, экономиканың дамуына айтарлықтай кедергі келтіруде. Мәселен, еліміздің оңтүстігі үнемі электр тапшылығына тап болады. Былтыр көктемде оңтүстік өңірлердегі сұраныстың өзімізде өндірілген электр энергиясымен тек 57,2%-ын ғана жаба алдық, сол кезде 971,0 млн кВт/сағ жетпей қалды. Сарапшылар 2030 жылға қарай тапшылық тек өсе түседі деп отыр. Ендеше осыншама тапшылықпен жаңа зауыттар мен фабрикаларды қалай салуға болады?! Бізге бір емес бірнеше АЭС салу қажет", – деген болатын.
Осы уақытқа дейін саяси ерік-жігердің жетіспеушілігі мен асқынып тұрған радиофобия бізді энергетикалық дағдарысқа әкелді. Одан шығудың жалғыз жолы АЭС салу ғана екенін енді түсіндік.
Үрейге тоқтау салып, үдеуге бастама берілді. Ендеше, Мемлекет басшысы Жолдау жасаған 2 қыркүйекті Қазақстанның жаңа атом дәуірі басталған күн деуге болады. Сондықтан да оны алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде тойланатындай дата ретінде атап өткеннің сөкеттігі жоқ.