Рамазан – сауап артып, күнә кешірілетін ай

10801

Елораданың барлық мешіттерінде күн сайын тегін  ауызашар ұйымдастырылады.

Рамазан – сауап артып, күнә кешірілетін ай

Барша мұсылман қауымы асыға күткен рамазан айы да келіп жетті. Мың айдан қайырлы саналатын рамазан айының алғашқы күні бүгінге сәйкес келіп тұр. Ораза 29 күнге созылса, маусымның 21-нен 22-не қараған түні қасиетті қадір түні. Біз оразаның қадір-қасиеті, пітір садақа мөлшері, ораза айт намазы және елордада өтетін іс-шаралар жайлы Әзірет сұлтан мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаевпен әңгімелестік.

Тозаққа қалқан қояды

–  Алдымен, рамазан айының қадір-қасиеті туралы айтып өтсеңіз...

Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:"Сабыр еткендерге Алланың  қайтарар сыйы қисапсыз". Ал ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): "Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады", –  деп айтқан.

Оразаның пайдасы өте көп. Соның бірі адам баласын сабырлылыққа, төзімділікке баулиды. Өйткені күні бойы қарны ашса да ештеңе жемей, шөлдесе де бір жұтым су ішпей төзіп бағады. Өзіне жамандық жасағандарға "Мен оразамын" деп жауап беріп, төзімділікпен  мінез-құлқын түзейді. Жүйкесі жұқарған жан ғана сабырсыз әрі шыдамсыз келеді. Тіпті, ұрыс-керіс, төбелес, қылмыс атаулының көпшілігі тез ашулану және сабырсыздық дегеннен туады. Демек  ораза атты құлшылық түрі жүйкенің тозуынан, ұрыс-керіс, айқай-шу мен қылмысқа барудан пендені алыстатып, адами қасиеттерге баулиды. Сондай-ақ ең үлкен пайдасы тозақ отына қалқан болады. Алла Елшісі  (с.а.у.) былай дейді: "Ораза - қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды". Осы хадистегі "қалқан" біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады. Бұл жөнінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): "Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы",  деген. Демек ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.

Рамазан әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп жемейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға  бой алдырмай,  жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Бұл –  қайырымдылық, мейрiмдiлiк, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып, күнәларымыз кешiрiледі.

"Үш адамға қалам жазылмайды..."   

–  Оразаны қалай ұстаған жөн, оның белгілі бір шарттары бар ма?

–  Ораза мұсылмандарға парыз. Сондықтан  мұсылман болған жандарға өткен жылдардағы ораза секілді ғибадаттарына қаза керек емес. Олардың бейне бір жаңа туған сәбидей барлық күнәсі кешіріледі. Қасиетті Құранда Алла Тағала: "Күпірлік еткендерге егер олар жамандықтан тыйылса, өткен күнәлары кешіріледі. Ал егер олар қайталаса, сонда өткендегілердің де үкімі орындалады" делінген.

Келесі бір шарты, балиғат жасыңда және ақыл-есі түзу болуы. Бала мен ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: "Үш адамға қалам жазылмайды: Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанға дейін ақылы нұқсанға, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға". Яғни сана аса маңызды. Аллаһтың өмірі саналы жандарға келген. Жеті жасқа кірген кезде оразаға күші жететін қыз және ер балаға ата-анасы ораза ұстатып үйрету керек. Мақсат –  балаларды оразаға баулу. Акыл-есі кемтар мен есінен танып қалған адамдарға уақытша болса да ораза парыз емес. Ақылы орнына келсе, казасы өтелмейді. Сонымен қатар науқас немесе жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ ораза ұстаса, дұрыс. Ал ұстамаса, басқа күндері оразасын қаза етеді. Құранда олар жөнінде былай дейді: "Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса, яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін". Кәрілік жасқа келіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға парыз емес. Сонымен катар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиюі ықтимал екіқабат әйелдер мен бала емізетін әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар ораза орнына пидия береді. Олар оразаның қазасын да өтемейді. Жолаушыға келсек, ол 90 шақырымнан аса жерге жолаушылап шықса, ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.

Намаз бен ораза екі бөлек ғибадат

–  Кейде "Намаз оқымайтын адамға ораза тұтуға болмайды" деген пікірлерді естиміз...

 Негізі намаз оқу құлшылығы мен ораза ұстау құлшылығы бір-бірімен байланысты болғанымен екеуі екі бөлек ғибадат. Сондықтан да намаз оқымайтын адам да аузын бекітсе болады.

–  Оразаның рухани және медициналық жағынан адамға берер пайдасы қандай?

– Оразаның рухани және денсаулыққа пайдасы өте зор. Рухани пайдасына келсек, адамның мінез-құлқын түзетіп, адамды рухани тұрғыдан байытады, иманын күшейтеді. Пендені сабырлыққа, мейірімділікке, ауызбіршілікке және тағы басқа көптеген құндылықтарға шақырады.

Ал денсаулыққа пайдасына келсек, халқымыз "Ауру – астан..." деп тектен-тек айтпаса керек. Ғалымдарға құлақ түрсек, дұрыс тамақтанбаудың немесе мөлшерінен көп тамақтанудың және талғамсыз тамақтанудың салдары ауруға апарып соқтырады. Соңғы жылдары мамандар тарапынан көп талқыға түсіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі талқыланып жүрген басты мәселелердің бірі – адамдардың дұрыс тамақтанбауынан туындаған дерттер.

Ғалымдар адам баласының денінің саулығына оның не ішіп, не жегені қатты әсер етеді. Ол, ол ма, атақты Ислам ғұламасы Ибн Халдун адам қандай малдың немесе жануардың етін жеп, сүтін ішкеніне байланысты бойында сол жануардың мінезі мен генетикалық ерекшелектері пайда болатынын айтқан. Сондықтан да біз не ішіп, не жегенімізге, қанша мөлшерде, қай уақытта жеп-ішу керекпіз бәріне көңіл бөлуіміз керек.

Зерттеушілердің айтуына қарағанда, әлем тұрғындарының 30-35 пайызы семіздікпен ауырады екен. Сонымен қатар қазіргі таңда адамзат баласы арасында асқазан, ішек, жүрек тамырлары, қант диабеті сияқты аурулар да кеңінен етек жайған. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, аурудың  80 пайызы осы тамақтанудың төңірегінде болса, 40 пайызы тікелей дұрыс тамақтанбаудың немесе пайдасыз нәрселермен тамақтанудың салдарынан туындайды екен.

Қазіргі таңда Еуропаның өзінде науқастарды аштықпен емдеу тәсілі кең етек жаюда. Бұл мәселеде кезінде XIX ғасырдың аяғында физотерапия саласының майталман маманы, неміс ғалымы  Эрет Арнольд оразамен емдеу орталықтарын ашып, небір жазылмас науқастарды емдеп, бұл салада үлкен жетістіктерге жеткен. Эреттің ерекшелігі сол – Батыстың медицина саласының ең мықты 24 ғалымы оған жазылмайсың деп диагноз қойған созылмалы нефрит науқасынан осы аштықпен емделу (ораза ұстау) арқылы жазылып кеткен. Ал мұсылман жұртшылығына Алла Тағала ешқандай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелер өткізбей-ақ, жылына бір рет келетін қасиетті Рамазан айында  ораза ұстау деген үлкен нығметін беріп қойған. Ораза ұстаудың денсаулыққа орасан пайдалы екендігі әлдеқашан дәлелденіп қойған. Біле білгенге ораза – адамға тамақ жеу, тыныс алу, ұйқы, іс-қимыл сияқты адам ағзасына өмірлік маңызы бар құбылыстардың бірі болып табылады. Егер адам ұзақ мерзімге ұйқыдан не тамақ жеуден тыйылса денсаулығына зақым келіп, дертке шалдығатыны секілді, адам баласы ораза ұстамаса да ағзаларына зиян келетіні анықталып отыр. Әрине оразаны хадисте келгендей, иман келтіріп, бір Алланың ғана разылығы үшін ұстауымыз қажет. Дегенмен де, Раббымыз бір құлшылықтың өзінде бізге қаншама пайдалы қаншама сый берген. Сол үшін де ораза нығметін дұрыс пайдаланайық.  

 Тегін ауызашарлар беріледі  

–  Ораза қандай жағдайларға байланысты бұзылады?

 Әйелін сүюден немесе жанасудан, жалаң жақындасып,  денеден ұрық шыққанда, тас, темір, дән жұтып қойса, укол салынса, мұрнына не құлағына дәрі тамызса, асқазанына немесе көзінің қарашығына дәрі жасап, ішіне жетсе немесе не күн батты деп ойлап, тамақ ішіп, кейін олай болмағанын анықтаса осы жағдайларда қазасын тұтады, кәффарат өтемейді.

– Жұмыс бабымен жүріп, уақытылы аузын ашпаса немесе сәресіне ұйықтап қалған жағдайда не істеу керек?

– Уақытылы ауыз ашқан абзал. Бірақ жұмыс бабымен уақытылы аузын аша алмаса,  қолы тигенде  ашады. Бұдан ешқандай күнә жоқ. Сәресіде береке бар екендігін Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде айтып кеткен. Егер сәресіне ұйықтап қалған жағдайда ниет етіп оразасын ұстай береді.

–  Биылғы пітір садақаның мөлшері қандай?

 Биыл пітір садақа Қазақстан бойынша жан басына шаққанда  300 теңгені құрайды. Оның мөлшері бидайдың  бағасымен белгіленген.  

–  Рамазан айында елордада қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

–  Елораданың барлық мешіттерінде күн сайын тегін  ауызашар ұйымдастырылады. Құптан намазының уақытында тарауих намазы хатыммен оқылады. Түнде Әзірет Сұлтан, Нұр Астана және Садуақас қажы Ғылмани мешітінде тарауих намазынан кейін халықты үйлеріне тегін тасымалдайтын қоғамдық көліктер ұйымдастырылады. Ауызашар мен тарауих намазында түрлі тақырыптарда  уағыздар айтылады. Қадір түніне де үлкен ауқымды бағдарлама әзірленіп жатыр.  

Сұхбаттасқан Гүлназ Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу