Айт қарсаңындағы "айтыс"

4168

Қасиетті Рамазан айын сейсенбі немесе сәрсенбіде аяқтау мәселесі араб елдерін дауға ұрындырды. Оның саяси ғана емес, астрономиялық себептері де бар.

Айт қарсаңындағы "айтыс"

Таяу Шығыс пен әлемнің өзге аймақтарында сейсенбі күні Айт мерекесі басталды. Ораза-Байрамды дүниежүзінде шамамен 1,5 миллиард мұсылман тойлайды. Бірақ оның басталу уақыты саяси, астрономиялық, географиялық себептерге байланысты араб елдерінде айтарлықтай дау тудырып отыр.

Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, Біріккен Араб Әмірліктерінде Ид әл-Фитр сейсенбі күні басталды. Ал, Мысыр, Сирия, Иордания және палестиналық аумақтар шәуәл айы барлық жерде көрінбеген себеппен Айтты сәрсенбіде мерекелеуге кіріскен.

Маусымның 3-інде Сауд Арабиясы Рамазан айының аяқталғанын жариялағаннан кейін, Газаның мешіттеріне мұсылмандар көптеп жиналды. Алайда  арада шамалы уақыт өткенде, Иерусалимнің Бас мүфтиі жарты айды байқамағанын мәлімдеп, Ораза Айтты келесі күнге шегеруге тура келді. Соған қарамастан, Газа секторының әл-Халиди мешітінің имамы халықтан кешірім сұрап, мүфтидің нұсқауын орындай алмайтынын айтып, мұсылмандарға тарауық намазына қалу туралы өтініш тастаған.

Газа неліктен Сауд Арабиясының нұсқауын әдеттегідей орындамады? Бұл сауалға нақты жауап жоқ. Бірақ  жергілікті дінбасылардың шешімдерін өзгертуі әлеуметтік желілерде тұрғындарды қатты ашындырды. Біреулер Айт ертең таңертең басталады деп  балаларын қуантып қойғанда, қасиетті мереке өзге күнге ауыстырылған. Тағы бір палестиналықтар Рамазанның аяқталу мерзімінің кейінге қалдырылғанын білмегендіктен, Ораза-Байрам басталып кетті деп, ауыздарын ашып қойған.

Осыған ұқсас қателік Ливияда да орын алды. Бұл солтүстікафрикалық мемлекет астанасы Триполиде діни басшылық әуелі қасиетті мереке сәрсенбіде басталады деп мәлімдеп, кейін оның сейсенбіде басталатынын жариялады. Ал, Иордания билігі дүйсенбінің кешінде мәлімдеме жасап, сейсенбіні Рамазанның соңғы күні, сәрсенбі айттың бірінші күні деп хабарлап, елді бір күлдіріп алды.

Наблустағы ән-Наджах ұлттық университетінің профессоры, исламшыл қозғалыстар сарапшысы Фарид Әбу Дхаирдың ойынша, Газа, Иордания, Палестина әкімшіліктері Сауд Арабиясының Айтты бастау туралы нұсқауына саяси себеппен құлақ аспаған болуы керек. Өйткені бұған дейін Саудия АҚШ президенті Дональд Трамптың Палестина мен Израильде бейбітшілік орнатуға бағытталған "Ғасыр келісімін" қолдаған. Кейбір араб саясаткерлері Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер жүзеге асыруға күш салып жатқан бұл пәтуаны болашақ Палестина мемлекетіне нүкте қояды деп есептейді.

Дхаирдың өзге бір пікірінше, аймақта Рамазанның әртүрлі уақытта аяқталуына Айды бақылауға қатысты өзгешеліктер де себеп болуы мүмкін. "Егер мұсылмандар қауымы астрономиялық бақылауға қатысты ортақ мәмілеге келгенде, араб әлемінде мұндай дау туындамас еді", – деді ол "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Суданды 30 жыл басқарған Омар әл-Башир үкіметі сәуірде құлатылды. Содан кейін билікке келген генералдар өздеріне қарсы демократиялық шерулерді осы аптаның басында күшпен таратып, 35 адамды мерт қылды. Елдің СУНА мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Судан жұрты Ораза-Байрамды сәрсенбі күні мерекелей бастайды. Бірақ, бірнеше айға созылған шерулерге мұрындық болған Судан кәсіби мамандар қауымдастығы мен Хартум университетінің астрономдары сейсенбіні Айттың бірінші күні деп жариялаған және де Судан кәсіби мамандар қауымдастығы демонстранттарды "шәйіт болғандар үшін дұға қылып", манифестацияларды әрі қарай жалғастыруға үндеп отыр.

Йеменнің халықаралық қауымдастық мойындаған үкіметі де сейсенбіні Айттың бірінші күні деп атаса, ел астанасы Сана мен мемлекеттің басым бөлігін жаулап алған шиит-хуситтер Ид әл-Фитр сәрсенбіде басталады деп хабарлады. Осылайша, Йеменнің жаңа тарихында халық Айт мерекесінде алғаш рет екіге жарылып отыр.

Ауғанстанда шиттердің дінбасылары Ай көрінбейді, сондықтан Рамадан сәрсенбіде аяқталады дейді. Жергілікті сүнниттер болса, Айтты сейсенбіде мерекелей бастаған. Ал, АҚШ пен НАТО әскерінің елден кетуін талап етіп отырған "Талибан" қозғалысы биылғы мейрамда атысты тоқтату туралы ымыраға қол қойған жоқ.

Пәкістан халқының басым бөлігі – сүннит-мұсылмандар. Мұнда Ауғанстанмен шекаралас пуштундар қасиетті мерекені сейсенбіде тойлауға кіріссе, өзгелері оны бүгінге қалдырған. Пәкістанда да жаңа Айдың әртүрлі географиялық аумақтарда әртүрлі уақытта көрінуіне байланысты Ораза-Байрамның басталу мерзімі бірдей емес. Ал  Ливан мен Иракта сүнниттер үшін Айт маусымның 4-інде, шииттер үшін маусымның 5-інде басталды.

Қазір Африкада да мереке: бұл континенттегі Нигерден Сомали мен Бурундиге дейінгі аралықтағы мемлекеттердің басшылары мен дипломаттары Ид әл-Фитр мейрамы кезінде экстремизмнен қауіп төнген аймаққа ең алдымен бейбітшілік тіледі.

Әлемнің ең кедей мемлекеттерінің бірі – Нигер президенті Махамаду Иссуфудың мәлімдеуінше, ол өз елінің батысында жиһадшылармен қақтығыста қаза тапқан қауіпсіздік күштерінің отбасылары үшін мінәжат етпек. Өткен айда "Даиш" қарулы тобының шабуылынан Нигерде 28 адам мерт болды. 

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу