Рамазан бизнесті өркендететін де айға айналды

7487

Таяу Шығыста Ораза кезінде мұсылмандар әлеуметтік желілерде әдеттегіден 58 миллион сағат артық отыратындықтан, Қасиетті ай жарнама берушілер үшін жылдың прайм-таймы атанып отыр.

Рамазан бизнесті өркендететін де айға айналды

Ораза – ауыз бекітететін, намаз оқитын, екі аяқты пендені Аллаға жақындататын ай деп жатады. Бірақ, жаңа технология оған да өзгеріс әкеліп жатыр. Соңғы зерттеу қорытындысына қарағанда, бұл қасиетті айда Таяу Шығыс мұсылмандары Facebook әлеуметтік желісінде әдеттегіден 58 миллион сағат отырып, YouTube-тан әдемілік туралы кеңестерден, түрлі рецептерден бастап, спорттық ойындар мен телевизиялық драмаларды бұрынғыдан көбірек тамашалап, Рамазанды жарнама берушілер үшін жылдың прайм-таймына айналдырды.

Instagram-ның иесі Facebook пен YouTube-тың егесі Google үшін Рамазан осы аймақта бизнесті дамытуға серпін беріп отыр.

"Біздің платформаларымызда өткізілген уақыт пен тұтынылған тауар көлемі шын мәнінде өсіп келеді", – дейді Facebook-тің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша басқарушы директоры Рамез Шехади "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Шехадидің сөзінше, Рамазан айында аймақ мұсымандары ауыз бекіткендіктен және олардың көбінің жұмыс сағаты азаятындықтан, әлеуметтік желілерге кіретін уақыт 5 пайызға артады. Соның нәтижесінде, бір Facebook-тің өзіне Таяу Шығыс тұрғындары бірігіп, тәулігіне қосымша 2 миллион сағат жұмсайды екен.

Жарнама маусымы
Рамазан айында бұл өңірде жарнама маусымы қызады. Google-дың мәліметінше, ораза кезінде YouTube-тан телевизиялық драма мен сериалдарды көру деңгейі 150 пайызға өседі.

"Біздің табысымыз қанша адамды тартқаныңа байланысты. Платформаларымызға кісі неғұрлым көп кірсе, жарнама берушілер соғұрлым көп болады. Кірісіміз осылай айқындалады", – дейді Шехади.

Google-ге Рамазан кезінде жарнамадан пайданың мол түскені сонша, ол айдың ең креативтік және ең тартымды жарнамасын марапаттау үшін "The Lantern Award" деген шара ұйымдастырып отыр.

Дегенмен, Рамазан – күні бойы ас-судан бас тарту ғана емес. Ораза барысында мұсылмандар дүниенің бос тірлігіне назар аудармай, өз ісіне есеп береді, имандылыққа, жақсылыққа, мейірімділікке, Аллаға құлшылық етуге көңіл бөледі. Сондықтан, бұл айда кейбір компаниялардың адамдарды көбірек сатып алуға, көбірек көруге, көбірек тұтынуға ынталандыруы әрекеті ерсі көрінуі мүмкін.

YouTube пен Google-дың Оразаға жәрдемі
Google компаниясы YouTube-ке Рамазанда қанша уақыт жұмсалғаны жөніндегі ақпаратты жарияламай отыр. Бірақ, оның дерегінше, Ораза айында Мысырда, Сауд Арабиясында, Біріккен Араб Әмірліктерінде спорттық бейнероликтерді көру деңгейі 22 пайызға, саяхат туралы бейнекадрларды тамашалау көрсеткіші 30 пайызға, экшн-ойындар мен бейне ойындарды қараушылар қатары 10-20 пайызға өскен. Ал, діни контенттерді көрушілер 27 пайызға артқан екен.

"YouTube – біріктіруші күш. Адамдар көп дүниені бірге тамашалағысы келеді. Ал, Google мен оның іздеу жүйесі өмірді жеңілдетуге негізделген. Мысалы, Google-дың "Qibla Finder" қызметі мұсылмандарға қайда жүрсе де, намаз алдында Меккеге қарайтын жақты табуға көмектесе алады", – дейді осы компанияның Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша коммуникация бөлімінің басшысы Джойс Баз.

Рамазан айында ауызашардың да орны ерекше: үйлерде ифтарға арналып мол ас әзірленсе, бесжұлдызды қонақ үйлерде декаденттік фуршеттер ұйымдастырылады. Оларға арнайы дайындалып баратындар бар. Сондықтан, жылдың өзге айларымен салыстырғанда, Ораза кезінде YouTube-тан косметика іздеушілер қатары 16 пайызға, әдемілік туралы кеңесті қажет етушілер 18 пайызға артқан. Ал, Google Марs-тың дерегінше, Рамазанның соңғы аптасында Айт мерекесіне керек-жарақ алушылар көбейетіндіктен, сауда орталықтарына барушылар саны 20 пайызға өседі.

Google Рамазан айында компанияларға тұтынушылардың талғамын жақсырақ түсінуге көмектесу үшін аудиторияны бірнеше санатқа бөлген: бақылаушылар, фаст-фудқа аса құмартушылар, гурмандар, саяхатшылар, сатып алушылар.

"YouTube Рамазанда адамдардың жолдасына айналады. Өйткені, бұл платформада олар қалағанын кез келген уақытта көре алады", – деп жазылған Google-дің жарнамаға арналған кеңістігінде.

Facebook мен Instagram болса, Таяу Шығыстағы 180 миллион интернет қолданушымен мейлінше шынайы байланыс орнату үшін "Рамадан" деген арнайы белгіні іске қосты. Оның мақсаты – адамдарға интернетте өздерін біршама жеке тәсілмен көрсетуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар, Instagram да қасиетті айда игі істерді ілгерілету науқанын жүргізіп жатыр.

"Біз бір қарағанда, тұтынушылықтың жаршысындай көрінгенімізбен, мейірімділік пен ізгіліктің насихатшысына да айналуға талаптанып жатырмыз. Бұл Рамазан айының мақсаттарымен де, маңызды істердің төңірегіне адамдарды ұйыстыруды көздеген Facebook-тің идеялдарымен де сәйкесі келеді", – дейді осы әлеуметтік желінің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша өкілдері.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу