Атап айтқанда, бас банкир мемлекеттің RBK банкін құтқарып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты, "Казкомның" банкрот болғандығы туралы сөздерді жоққа шығарды және "Дельта банкінің" не себепті лицензиясын тоқтатқанын түсіндірді.
Қаржылық реттеушінің мәлімдеуінше, Қазақстан үкіметі Ұлттық банкпен және "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-мен бірлесіп "Bank RBK"-ны қалыпқа келтіру шараларының кешенін әзірледі.
"Қазіргі уақытта "Bank RBK" қаржыландырудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз етумен байланысты қиындықтарды бастан кешіріп отырғаны белгілі. Соған байланысты банктің клиенттік төлемдерді уақтылы жүзеге асыруы шектелді. Сондықтан Ұлттық банк ел үкіметімен және әлеуетті инвесторлармен бірлесіп келіссөздер жүргізді, соның нәтижесінде бұл банкті қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешені әзірленді", – деді Данияр Ақышев.
Ол қалыпқа келтіру моделі "банкті инвесторлардың 160 млрд теңге сомасындағы қаражаты есебінен капиталдандыруды" және "банктің орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында инвесторлардың оның бизнес-моделін одан әрі жетілдіруін" болжайтынын айтып берді.
Сонымен қатар шаралар кешені аясында, акционерлер мен басқа байланысты тұлғаларға берілген шамамен 600 млрд теңге сомасындағы проблемалық портфель енді "жеке арнайы қаржы компаниясына" берілетін болады.
Ұлттық банк басшысы арнайы қаржы компаниясына берілген міндеттемелерге берілген портфельден түсетін түсімдер есебінен қызмет көрсетілетінін нақтылады.
"Жақын уақытта Ұлттық банк басқармасы Қазақстанның банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі бағдарламаға қатысу шеңберінде аталған банктің шамамен 240 млрд теңге сомасындағы өтінімін қарайды", – деді Данияр Ақышев.
Оның айтуынша, RBK-ны қалыпқа келтіру шаралары қаржылық реттеуші қазіргі уақытта іске асырып жатқан, ұлттық банк басқармасының 2017 жылғы 30 маусымдағы № 129 қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі бағдарламаның" бір бөлігіне айналады.
Сол іс-шараларды іске асыру нәтижесінде сол банктегі ахуал тұрақтанады деп күтіледі екен.
"Қосымша қаражаттың түсуіне қарай жақын арада банк әлеуметтік тұрғыдан маңызды төлемдер бойынша, сондай-ақ ұсақ және орта салымшылардың депозиттері бойынша міндеттемелерді орындай бастайды", – деп хабарлады Ұлттық банк басшысы.
Қазіргі кезде банкте жеке тұлғалар жалпы алғанда 28 139 шот ашып, 188 млрд теңгеге салым салған. Осынша мың адам дүрбелең туғызбас үшін мемлекет ұлттық банк, үкімет және квазимемлекеттік сектор қаражатының есебінен RBK банкіне қолдау көрсету туралы шешім қабылдапты.
"Ұлттық банк аталған екінші деңгейлі банктің ағымдағы зиянға әкеп соққан кредит саясатын іске асыруы бөлігінде банктің уәкілетті органдарының қызметіне талдау жүргізеді, содан соң тиісті материалдар одан әрі шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілетін болады" деді Данияр Ақышев.
Ол Delta Bank-ты лицензиясынан айыру себептеріне де тоқталды. Бұл коммерциялық банктің өтелу мерзімі өтіп кеткен, яғни "улы" деңгейге жеткен қарыздарының көлемі 2017 жылғы 1 қазанда барлық қарыздық портфелінің 99,7 пайызына жеткен екен!
"Delta Bank-ты лицензиясынан айыруға бірнеше фактор әсер етті. Бірінші кезекте, банктің кредиттік тәуекелдерді басқару бойынша ішкі рәсімдерінде кемшіліктер анықталды: олар қаржылық жағдайы тұрақсыз компанияларды несиелендіруге ұлықсат ететін болған. Сондай-ақ сапалы кепілзатпен қамтамасыз етілмеген заемдарды беріп келген. Бұл кредиттері бойынша мерзімі өтіп кеткен қарыздардың айтарлықтай өсуіне соқтырды", – деді ұлттық банк төрағасы.
Салдарынан, банкте қайтарылмайтын күйге көшкен несиесі 314,8 миллиард теңгеге жетіпті.
Ал лицензиясын тоқтату кезінде банктің кассасында және есепшоттарда 215,1 миллион теңге ғана қалыпты.
Сарапшылар осынша уақыт бойы бұл банктегі адам сенбес сорақы жағдайды Ұлттық банктегілер қалай көрмей келген деген сұрақ қоюда.
Данияр Ақышевтің айтуынша, ұлттық банк ұзақ уақыт бойы Delta Bank менеджментімен және оның акционерлерімен "ашық диалог жүргізіп" келіпті және оның барысында "өтімділік көрсеткіштерінің төмендігін, банк капиталының тәуекелдерге сайма-сай еместігін, банкті қаржылық қолдаумен қамтамасыз етудің қажеттілігі өткір күйге жеткенін" көрсетіпті. Бірақ ірі акционер мұны пысқырмаған және банкке қажетті қаржылық қолдау жасамаған.
Ұлттық банк Дельта банкінің отандық банк секторы міндеттемелеріндегі мардымсыз үлесін (небары 1 пайыз) ескере отырып, оны жабу өзге қаржылық ұйымдарға кесірін тигізбейді деген сенімде.
Бақыт Көмекбайұлы