Ресей Әзербайжанға жер қайтаруды ұсынды

5524

Таулы Қарабақта этникалық армяндар басып алған территориялар – тұралаған бейбіт келіссөздердің өзекті түйіткілі.   

Ресей Әзербайжанға жер қайтаруды ұсынды

Ресей Таулы Қарабақта Армения күштері басып алған территориялардың Әзербайжанға қайтарылғанына қарсы емес. Сондағы мақсаты – өткен айдың соңынан бері тоқтамай отырған қарулы жанжалдарға нүкте қою.

Таулы Қарабақ айналасындағы даулы аудандарды Бакудің бақылауына қайтару мәселесі – үнемі сәтсіздікке ұшырап жатқан бейбіт келіссөздердің негізгі элементі немесе өзекті түйіткілі. Айта кетсек, қыркүйектің 27-де аймақта басталған соғыста 5 мыңдай адам қаза тауып, ондаған мыңы үйлерін тастап кетті.

"Біз Таулы Қарабақтың айналасындағы бес ауданды Әзербайжанға қайтару туралы позициямызды мейлінше ашық білдіргіміз келеді. Есесіне, Қарабақта арнайы режим қадағаланып, оны Армениямен байланыстыратын жол қауіпсіздендірілсе", – деді Ресей президенті Владимир Путин бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде.

"Біз екі жаққа да қолайлы мүдделер тепе-теңдігін табуға тиіспіз: өзіміз құрметпен қарайтын Әзербайжан халқының да, Арменияның да мүдделері есепке алынғаны жөн. Екі жақтың өз ақиқаты бар. Сондықтан бұл жерде қарапайым шешім жоқ", – дейді тағы бір сөзінде Кремль басшысы.

Нақтырақ айтсақ, бұл жоспар бойынша Армения Түркия мен Әзербайжанның блокадасынан құтылады. Алайда Ереван бұл идеяны қабылдамай отыр.

Бір айға созылған соғыста Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақтың оңтүстігіндегі ұланғайыр жазықтық пен халық аз шоғырланған территорияларды қайтарды. Қазір әзер әскері солтүстікке қарай жылжып, таулы аудандарды алуға күш салып жатыр.

Таулы Қарабақтың айналасындағы аудандарды Әзербайжанға қайтару туралы келісім 2007 жылы "Мадрид қағидаттары" аясында да жасалды. Және де сол пәтуаға сәйкес, Таулы Қарабақ қауіпсіз дәліз арқылы Армениямен байланысуы тиіс еді.

Бірақ, Баку Ереванды осы принциптерді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерге қатыспады, Әзербайжанды әскери күш қолдануға мәжбүрледі деп айыптап, Армения басып алған жерлерді түгел қайтаруға әрекет жасайтынын ескертті. 

Путин келіссөздерге ақыры Түркияны шақырды

Осы айдың басынан бері Ресей, АҚШ, Францияның арағайындығымен жасалған үш ымыра да орындалмай, Таулы Қарабақта әскери жанжал жалғасып жатыр. Кавказ аймағындағы дәстүрлі әрі ықпалды ойыншы Мәскеу екі постсоветтік республика арасындағы жанжалда бейтарап позиция ұстанғысы келгенімен, Әзербайжанды қолдап отырған Түркияның өңірде өсіп келе жатқан ықпалына алаңдап отыр. Дегенмен кейбір сарапшылардың ойынша, Ресей бір жағынан қазір Түркиямен тайталасуды қаламай отыр.

Түрік Республикасы "бауырлас ел" Әзербайжанды дрондармен қамтамасыз етіп, оған саяси қолдауды ашық көрсетіп отыр. Және де Анкара бұған дейін сәтсіздікке ұшыраған бітімдерді қатаң сынап, келіссөздерде өзінің де рөл ойнауы керектігін мәлімдеп келеді. Бұл ұстанымға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев әуелден жақтас.

Сейсенбі күні президент Реджеп Тайып Ердоған Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Содан кейін Түркия лидері ресейлік әріптесіне Таулы Қарабақ дағдарысын Түркиямен бірлесіп еңсеруді ұсынғанын айтты. "Ол Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен, ал мен бауырым Ильхаммен... сөйлессем", –  дейді Ердоған.

Бейсенбі күні Түркия президенті Әлиевке де хабарласып, Путинге "қызыл сызықтан" аттамау туралы ұсыныс айтқанын жеткізді.

Сол күні РФ жетекшісі Таулы Қарабақта консенсусқа қол жеткізу үшін "Түркия мен Еуропаның бірнеше мемлекеті" бірлесіп жұмыс істеуі керек деп мәлімдеді.

Еуропа одағының Оңтүстік Кавказдағы мәселеге қатысты кездесуі осы аптада Женевада өтуі керек. Бұған дейін Брюссель Таулы Қарабақта айға созылған жанжалды "қабылдай алмайтынын" айтып, мазасыз аймақта ұзақ мерзімдік бітім жасауға үндеген еді.

Шушиді бақылау – Таулы Қарабақты бақылау ма?

Қазанның 29-да Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақтың негізгі қаласына жақындады. Сепаратистік аймақтың басшысы Араик Харутюнянның айтуынша, Әзербайжан қарулы күштері стратегиялық маңызды жерде орналасқан Шуши қаласы үшін шайқаста басымдық байқатып отыр. Сондықтан Қарабақ жетекшісі жергілікті тұрғындарды бас біріктіріп, қарымта шабуылға шығуға шақырды.

"Шушиді бақылау – Таулы Қарабақты бақылау. Осыны түсініп, қаламызды қорғауға жаппай қатысып, жағдайды өзгертуге тиіспіз", – дейді Харутюнян.

Айта кету керек, Шуши Таулы Қарабақ астанасы Степанакерттен оңтүстікке қарай бес шақырым жерде орналасқан.

Халықаралық заңдар бойынша, бұл аймақ – Әзербайжанның иелігі. Оны этникалық армян күштері 1991-1994 жылдардағы соғыс барысында басып алды. 

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу