Ресей басшысы "суық" шешімін жариялауы мүмкін

11011

Солтүстік көршіге кеше кімдер "басып кірді"? 

Ресей басшысы "суық" шешімін жариялауы мүмкін Фото: yandex.kz

Украинамен ортақ шекарасы жақта, РФ Брянск облысының аумағында кеше қарулы қақтығыс болды. ТАСС күш құрылымдарына сілтеме жасап, облыста "украиналық диверсанттармен" шайқас жүргенін хабарлауға асықты. Киев мұны жоққа шығарды және Брянск облысына кіргендер Мәскеу билігіне қарсы шыққан ресейлік партизандар болуы мүмкін деп жорамалдады. РФ Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) өзінің жауынгерлерінің "мемлекеттік шекараны бұзған қарулы украиналық ұлтшылдарды жойып жатқаны" туралы есеп берді.

Бұл оқиға Мәскеуді қатты шошынтты. Сондықтан бүгінге, 3 наурызға Кремль РФ Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесін шақырды. 

Ресейдің Брянск облысындағы ашық қақтығысқа В.Путин түсініктеме берді. 

"Бүгін кезекті террористік акт болды, шекаралас аумаққа еніп кетіп, азаматтық тұлғаларға оқ жаудырған. Оның азаматтық көлік екенін, онда азаматтық тұлғалар, балалар отырғанын, қарапайым Нива екенін көрген. Бірақ соған оқ жаудырған. Міне, дәл осындай адамдар бізді тарихи жадтан, төл тарихымыздан, өз дәстүрлерімізден және тілімізден айыру міндетін қойды", – деді Кремльдің қожайыны Владимир Путин Пятигорск қаласымен арасындағы телекөпірде.

Яғни, ол шекаралас облыстағы оқиғаны "теракт" деп бағалап отыр. Осыған орай әлеуметтік желідегі ресейлік пропагандистік топтар: "Енді В.Путин Украинадағы арнайы әскери операцияның мәртебесін өзгертіп, не соғыс жариялауы, немесе оны контртеррористік операция деп атауы мүмкін" деп болжады.

Ресейлік әлеуметтанушы, белгілі саяси шолушы Игорь Яковенко Кремльдің соғыс жариялайтынына сенбейді.

"Ресей қанша дегенмен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ғой. Егер соғыс жарияласа, сол мүшелігінен айырылуы ықтимал, себебі БҰҰ басты миссиясы – әлемдегі бейбітшілік, олай болса, оның Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі өзге егемен елге соғыс аша алмайды. Ендеше әрі кетсе, АӘО-ны КТО (контртеррористік операция) деп қайта атауы мүмкін. Бірақ одан майдан даласында ештеңе де өзгермейді. Тек Ресей ішінде көп құзыр ФСБ-ға өтеді", – деді Игорь Яковенко.

Украина жағы "украиналық диверсанттарға" қатысты хикаяны арандату, провокация деп бағалады.

"РФ өз халқын үрейлендіргісі келеді, сол арқылы басқа елге шапқыншылығын және соғыстың бір жылы ішінде өз елін жайлаған, әрі ушығып бара жатқан кедейшілікті ақтап алғысы келеді. РФ-та партизандық қозғалыс барған сайын күш алып, агрессивті бола түсуде. Өз партизандарыңнан қорқыңдар...", – деп түсініктеме берді Твиттерде Украина Президенті кеңсесінің басшысы Михаил Подоляк.

Шынында, ресейлік "Новая газета Европа" басылымының хабарлауынша, Брянск облысындағы оқиғалар үшін жауапкершілікті "Русский добровольческий корпус" (РДК) өз мойнына алған. Заңсыз қозғалыс "Любечанский фельдшерско-акушерский пункт" деген маңдайша ілінген ғимараттың алдында видео жазып, Брянск облысының аумағына кіргендерін паш етіпті.

"Өзін "Русский добровольческий корпус" деп атайтын, Украинада соғысып жатқан орыс еріктілерінің бөлімшесі Брянск облысының аумағына өз жауынгерлерінің кіргенін мәлімдеді. ДРГ телеграм-каналында әскери формадағы екі ер адам бейнеленген видео жарияланды. Онда олар корпусының туын ұстап, мәлімдеме жасады", – деп жазды "Новая газета Европа".

Ресейлік "Важные историй" порталына "Русский добровольческий корпустың" жауынгерлерінің бірі өздерінің шынымен де Брянск облысына жорық жасап қайтқандарын растаған.

"Мен жаңа ғана сол жақтан оралып тұрмын. Тапсырманы орындауға 45 адам бардық. Кірдік, видео түсірдік, 2 БМП-ға торуыл ұйымдастырдық. Зардап шеккен ешқандай баланы көрген жоқпын. Бірақ бір ресейлік шекарашы жараланды. Ешқандай кепілге адам алған жоқпыз", — деді ресейлік порталға аты-жөнін атамаған "Русский добровольческий корпус" жауынгері.

Ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, бұл корпустың негізін орыс ұлтшылы Капустин қалапты, оның қазіргі фамилиясы Никитин екен. ГФР Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінің Ішкі істер министрлігі оны "Германияда тұрақ тапқан неонацистік белсенділердің ішіндегі ең бір беделдісі" деп атап, оның неміс елінде ультраоңшыл шабуыл субкультурасын кәсіби деңгейге дейін дамытқанына назар аудартқан.

Германияның миграциялық қызметінің мәліметінше, Капустин бала кезінде отбасымен бірге Мәскеуден Германияға қоныс аударған. Сонда "шығу-тегі еврей босқын" ретінде тұрақты тұру ықтиярхатына қол жеткізген.

2018 жылғы қазанда оны украиналық арнайы қызмет ұстап алды. Spiegel жазуынша, Капустин амфетамин заңсыз өндірісін жолға қойған деген күдікке ілікті.

Германияда Капустин алдымен Кельндегі футбол фанаттары арасында белсенді болып, бедел жиған. Соңынан Ресейдегі Максим "Тесак" Марцинкевич бастаған неонацистермен байланыс орнатыпты. Дегенмен, Германияның арнайы органдары "Капустиннің шетелдегі қызметін ресейлік билік қаржыландыруы мүмкін" деп тұспалдап отыр.

Кеше РФ Брянск облысының губернаторы Александр Богомаз шекарадағы Климов ауданына диверсиялық-барлау топтары еніп кеткенін хабарлады. Дәл осы күні Путин мүлдем басқа жақтағы, Солтүстік Кавказдағы Пятигорск курорт қаласына барып, Ресейдегі Педагог жылын салтанатты түрде ашуға тиіс болатын. Алайда Украина жақтағы Брянск облысында болған оқиғаға байланысты ол ниетінен дереу бас тартты.

Богомаз "диверсанттардың" жолда жүйткіп өткен автокөлікке оқ жаудырғанын, салдарынан бір тұрғын қаза тауып, он жасар бала жараланғанын жеткізді. Бұған қоса, белгісіз бір дрон Сушаны селосына құлап, тұрғын үй өртенген.

Соңғы күндері Украина Ресейді дрондармен жаппай шабуылдай бастады. Туапсы қаласында беспилотниктер мұнай базасын жарып жіберген. Пилотсыз ұшатын аппараттар Петербордың мазасын алды: РФ солтүстік астанасының аспаны жабылды, ұшақтар жерден көтеріле алмады, оған беттеген ұшақтар кері қайтарылды. Өте төмен ұшқан бір дрон тіпті Мәскеудің жанына жетіп, ағашқа ілініп қалып, Газпром ғимаратының жанына құлап түскен.

Әскери сарапшылардың байламынша, мұның бәрі Мәскеудің көп жыл айтқан "ертегісін" жоққа шығарды. Яғни Ресей аспаны жаудың кез келген шабуылынан темір күмбездей қорғалғаны туралы сөздердің жай сөз ғана екені анықталған.

Губернатор Богомаз сондай-ақ Стародуб муниципалдық округінде Ломаковка селосы минометтен атқыланғанын әңгімеледі. Шабуыл нәтижесінде бейбіт тұрғындар зардап шекпепті.

Бұдан бөлек, Украина тарапынан Курск облысына да соққы жасалып жатқаны туралы хабар тарауда. Оны өңір губернаторы Роман Старовойт растапты.

Халықаралық қоғамдастық Мәскеудің енді қалай жауап беретінін күтіп отыр. Дұрысы, әрине, қанды қырғынды тоқтатқаны...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу