Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне заңсыз мүше болып отыр ма?

3366

Сарапшылар Кеңес Одағынан бұл биік мәртебенің Ресейге берілуінің заңдылығына күмән келтіре бастады.

Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне заңсыз мүше болып отыр ма? Фото: ria.ru

Дамыған, өркениетті елдер әлемнің әр түкпіріндегі проблемалардың түйінін тарқату үшін Біріккен ұлттар ұйымының ең жоғарғы органының шешімін қабылдаттыруға тырысады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тіпті әлдебір елге қатаң санкция салып, оны талапты орындауға міндеттей алады. Қақтығыс ошағына БҰҰ бітімгершілік күштерін, яғни жаһандық армияны енгізуге де құқығы бар.

Бірақ осыған бағытталған құжаттардың, ұсыныстардың көбі қағаз жүзінде қалады. Оларды қабылдауға Ресей мен Қытай вето қояды.

Осыған байланысты түрлі құқық қорғаушы ұйымдар, халықаралық сарапшылар әр ел үшін вето қою санын шектеп, жылдық квота бекітуді ұсынды, сонда әлдебір шешімге тосқауыл қоймас бұрын кез келген мүше ойласар еді.

Биыл соғыс басталғалы Ресейді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен шығарып тастауды талап еткен дауыстар Батыс елдерінен, Украинадан көп естілді. Қандықол агрессордың БҰҰ төрінде отырып, өзге тәуелсіз елдердің тағдырын шешкені, оған өз басқыншылығына қатысты құжаттарды бұғаттауына құқық берілуі қалай?

Франция Президенті Э.Макрон, Германия федералдық канцлері О.Шольц және Жапония Премьері Ф.Кисида Ресейдің мүмкіндіктерін шектеу үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды ұсынды.

Осы орайда ресейлік және украиналық бір топ сарапшы "Ресейдің БҰҰ-ға және оның Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігі фальсификацияланған" деген мәлімдеме жасап, төл дәйектемелерін алға тартты.

"Проблема әлдеқайда терең жатыр. Шын мәнісінде Ресейдің БҰҰ-ға мүше болып табылатынына қатысты үлкен күмән бар. Себебі өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Кеңес Одағы құлап, РСФСР орнында Ресей Федерациясы құрылғанда, ол БҰҰ-ға мүше болуға өтініш те бермеген. Оның үстіне РФ-тің осы ұйымға кіргені туралы шешім де жария етілген емес. Бұл аз болғандай, БҰҰ хатшылығы осыған қатысты құжаттарды "құпия" санап, көрсетуден бас тартты. Масқарасы сол, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүшелігі РФ-ке вето қою мәртебесін берді. Алайда құжаттар бойынша БҰҰ ҚК тұрақты мүшесі ретінде РФ емес, КСРО көрсетілген. Ал бұл – Одақ және ол қазір жоқ", – деп түсіндірді саясаттанушы, "Европейская правда" басылымының редакторы Сергей Сидоренко.

Ұқсас дәйектемені алға тартқан Украина Президенті Владимир Зеленский өз үндеуінде РФ-тың БҰҰ ҚК мүшелігін тоқтатуды ұсынды.

Ал РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Вершинин Ресейді БҰҰ ҚК мүшелігінен айыру идеясы ешқашан іске аспайтынын мәлімдеді.

Оның дәйектеуінше, Ресей Федерациясы 1991 жылы өзін Кеңес Одағының мұрагері деп жариялады. Тиісінше, КСРО-ның құқықтары РФ-ке көшті.

Ресейлік саяси сарапшы Юрий Федоровтың түсіндіруінше, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының соңында КСРО күйрегенде Батыс үшін Мәскеумен келіссөзге келіп, оның ядролық және әскери әлеуетін қауіпсіздендіру басты мақсат болды.

"Сондықтан АҚШ бастаған Батыс державалары орталарына Ресейді тартуға, әріптес етуге шешім қабылдады. Бұл ретте БҰҰ жарғысының бұзылғанына олар көз жұма қарады. Дегенмен заңдылық мәселесі шешілмей қалды. Оның ескіру мерзімі жоқ", – деді эксперт.

Бұл проблеманы шешу үшін Ресей қазір БҰҰ-ға мүше болуға өтініш беруі қажет. Бірақ онда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ретіндегі орнынан айрылып қалады. Жаңа мүшелер тек БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі бола алады. Мысалы, Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болып сайланды.

Ендеше Мәскеу бұған бармайды, қазіргі статус-квосын сақтауға бар күшін салып, соған тас кенедей жабысады.

БҰҰ жарғысы 1945 жылғы маусымда "Сан-Франциско конференциясында" қабылданды. Тиісінше, сонда Біріккен ұлттар ұйымы құрылды. БҰҰ жанындағы Украинаның тұрақты өкілі, елші Сергей Кислицаның айтуынша, аталған жарғыға БҰҰ-ның негізін қалаған 50 құрылтайшы мемлекет қол қойды.

"Сол құжаттың расталған көшірмесі менің қолымда бар. Онда Кеңес Одағының, тіпті Украина КСР, Беларуссия КСР-інің уәкілетті өкілдерінің қолдары тұр. Ал РСФСР қолы жоқ. Яғни заң жүзінде Кеңестік Ресей бұл құжатқа қосылмаған. Ресейдің одақтан бөлек, төл Сыртқы істер министрлігі болды. Сол кезде Ресей жеке республика ретінде КСРО-ға мүше саналатын. Демек, осы жаһандық процестің қатысушысы атануына құқығы болды, оны Ресей пайдаланбады. БҰҰ құрылды, оған мүше елдер өз өкілдіктерін ашты. КСРО, УКСР, БКСР-дің жеке дипмиссиялары пайда болды. Ал РСФСР де, басқа республикалар да БҰҰ-ға мүше болмады. Одақтас өзге республикалар БҰҰ-ға тек тәуелсіз мемлекет ретінде 90-шы жылдары өтініш беріп, мүшелікке өтті. Ресей тағы да өтініш бермеді. КСРО-ның БҰҰ-дағы соңғы елшісі Юлий Воронцов болды", – деп түсіндірді дипломат.

1991 жылғы 24 желтоқсанда БҰҰ ғимараты алдынан Кеңес Одағының туы түсірілді. Себебі сол жылғы 21 желтоқсанда бұрынғы КСРО-ға кірген республикалар Алматыда бас қосып, Кеңес Одағының ыдырағанын рәсімдеп, орнына ТМД ұйымын құрды.

Ал дәл сол жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ету құқығы Кеңес Одағына ауысқан еді. Шетелдік ақпарат құралдары жазғандай, сонда БҰҰ ҚК-нің 1991 жылғы соңғы отырысын жүргізген КСРО өкілі Ю.Воронцов БҰҰ хатшылығына Борис Ельциннен хат түскені, онда РФ жаңа президенті КСРО-ның БҰҰ мен БҰҰ ҚК-дағы міндеттерін Ресей Федерациясының жалғастыруға ниетті екенін мәлімдегені жөнінде жиналғандарды хабардар етті. Содан соң "Мен енді Кеңес Одағының емес, Ресей Федерациясының елшісі боламын" деп жариялап, отырысты жаба салған.

Бұл Батыста басты мейрам – Рождество басталған кез. Барлық елде меморгандар шағын каникулға кетті. Өздеріне басты қарсыласы болған алпауыт қызыл империяның күйрегеніне естен тана жаздаған Батыс әлемі енді ғана қалыптаса бастаған жаңа әлемдік тәртіпке сына қақпау, алауыздық енгізбеу үшін осыған келісе салды.

Ал БҰҰ жарғысының талабы бар, ол жаңа мемлекеттерді БҰҰ мүшелігіне қабылдаудың нақты, бөлек рәсімін қарастырады. Ресей осы процедураны айналып өткен жалғыз мемлекет болып отыр.

БҰҰ ҚК тұрақты мүшелері болып табылатын мемлекеттердің тізімі БҰҰ жарғысында берілген, бұлар – АҚШ, Қытай, Кеңес Одағы, Ұлыбритания және Франция. Қалған оны – екі жыл сайын ауысып отыратын тұрақты емес мүшелер. Тұрақты мүшелер вето қоя алады. Барлығы легитимді болуы үшін кезінде Ресей БҰҰ жарғысын өзгерттіріп, оған өзін енгізуі керек еді. Құжатта тіпті КСРО орны Ресейге берілетіні де көрсетілмеген.

Украина жағының талабы бойынша Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы үшін жарғыдағы рәсімнен өтуі керек. Бұл үшін алдымен Қауіпсіздік кеңесінде, содан соң Бас ассамблеяда дауыс беру өткізіледі. Оларда мүше мемлекеттердің кем дегенде үштен екісі Ресейді жақтап дауыс беруі керек. Содан кейін БҰҰ жарғысына өзгерістерді БҰҰ мүше елдерінің ең кемі үштен екісінің парламенттері ратификациялауға тиіс. Бұл процесс бірнеше жылға созылады. Қазір БҰҰ-ға 193 мемлекет мүше. Ендеше Ресейдің БҰҰ ҚК-не тұрақты мүше болуын кем дегенде 129 мемлекет қолдап дауыс беруі шарт.

Бірақ бұл жағдайда Ресей БҰҰ мүшесі де бола алмауы мүмкін. БҰҰ жарғысының 4-бабына сәйкес, Біріккен ұлттар ұйымына тек бейбітсүйгіш, яғни өзге елге агрессия жасамаған мемлекет қана мүше бола алады. Бейбіт болуы – басты шарт.

Ресей Кеңес Одағының мұрагері ретінде бұл рәсімнен өтуге міндетті еместігіне табандауда. Ал оған қарсылар Чехословакияның мысалын келтіреді. Бұл мемлекет 1992 жылы тіршілігін тоқтатты. Оның мұрагері ретінде ешкім қабылданбады. Сондықтан Чехияға да, Словакияға да мүшелікке өтініш беріп, өзге мүшелермен келіссөз жүргізіп, ҚК мен Бас ассамблеядағы дауыс беруден өтуге тура келді.

Югославия одағы да кезінде Кеңес одағы сияқты БҰҰ-ның құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болды. 1990 жылдың басында ол да күйреді. Оның орнында пайда болған тәуелсіз мемлекеттер БҰҰ-ға кіруге жеке-жеке өтініш берді. Мәскеу үлгісінде Жаңа Югославия да өзін бұрынғы Югославия Федерациясының құқық мұрагері ретінде жарияламақ болды. Оның бұл өтінішін 1992 жылғы қаңтарда, яғни Ресей елшісінің мәлімдесемінен кейін бірнеше апта ғана өткенде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қараған. Себебі Мәскеу сияқты жаңа мемлекеттің де астанасы Белградта орналасты. Ақыр соңында БҰҰ ҚК тұрақты мүшелері, соның ішінде Ресей бұл өтінішті қабылдамай, жаңа Югославияның меселін қайтарды.

Бірақ бұлардың бәрі дау деңгейінде қалу мүмкін. РФ-ты БҰҰ ҚК мүшесі құрамынан шығарып тастаудың мүмкін еместігін АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд мәлімдеді.

Ресейлік саяси ғылымдардың кандидаты Павел Фельдман бұл идеяны Украинадан басқа елдер, мысалы, Балтық республикалары да көтергенін, бірақ тісі батпағанын жеткізді.

"Жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Батыс елдері Ресейді аластауға бара алмайды. Бұл орындалмайтын бос қиял. Украина не десе де, соңғы сөз Брюссель мен Вашингтонда, ал олардың иығында жаһандық қауіпсіздік үшін мүлдем басқа дәрежедегі жауапкершілік жатыр. Әлемде ядролық арсеналы жөнінен бірінші орын алатын елді БҰҰ ҚК құрамынан шығарып тастауға АҚШ-тың да жүрегі дауаламайды. Бірақ олар БҰҰ ҚК функцияларын әлсіретуге күш салады. Оның қорытындысында Ресейдің вето қою құқығын шектеуге ғана қол жеткізе алуы ықтимал", – деді П.Фельдман.

Жалпы БҰҰ-ның өзін реформалау бастамасын "Үлкен жетілік" елдері ілгерілете бастады. Болашақта жағдай өзгеріп сала беруі мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу