Ресей экономикасын өрге сүйреген үш фактор

1409

Батыстың жазалау шараларына қарамастан Ресей экономикасы биыл да өспек. 

Ресей экономикасын өрге сүйреген үш фактор Фото: Владимир Андреев © URA.RU

Бұл дамуға санкцияларға бейімделгіштік, дос елдерге шикізат экспорты және қорғанысқа бөлінген триллиондар себепші.

Қорқынышты болжамдарға қарамастан, Ресей экономикасы 2022 жылдың ақпанында Мәскеу күштері Украинаға басып кіргеннен бері қарқыны өспесе кеміген емес. Сол жылы 1,2%-ға төмендегеннен кейін, Ресейдің жалпы ішкі өнімі 2023 жылы 3,6%-ға өсті.

Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, 2024 жылы Ресей экономикасы 3,2%-ға дамуы мүмкін. Ресейлік үй шаруашылықтарының нақты жалақылары өткен жылы 7,8%-ға көбейіпті. Ал қонақ үй бизнесі немесе ішкі туризм сияқты Батыс санкцияларының қолы жетпейтін секторлар қарқынды дамып келеді.

Бұл таңқаларлық өркендеу үш негізгі факторға байланысты. Біріншісі – Ресейдің санкцияларға бейімделу қабілеті. Путин 2014 жылы Қырымдағы оқиғалардан кейін Мәскеу қандай да бір жолмен экономикалық шектеулерге бейімделу мүмкіндіктерін мейлінше жақсарта білді.

Бір мысал, посткеңестік Орталық Азия елдеріне еуропалық экспорт таңғаларлық деңгейде серпін алып отыр. Бұл кейбір батыстық компаниялардың санкцияларға қарамастан Ресейге тауар жіберудің айналма жолын тапқанын көрсететін сияқты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Comtrade мәліметтері бойынша, Германияның Қазақстанға экспорты, мысалы, 2021-2023 жылдары екі есе өскен. Бір қызығы – осы кезеңде Қазақстанның Ресейге экспорты 40%-ға артып отыр.

Екіншіден, Ресей Қытайдың мұнай мен газға деген "тәбетіне" сеніп отыр. Ал Бейжің Ресейді Батыс фирмаларынан сатып ала алмайтын кейбір компоненттермен қамтамасыз ете алады. Бірақ екі жақты сауда 2023 жылы 26%-ға өскенімен, Қытай Ресейдің ең ірі сауда серіктесі саналғанымен, биыл алып державалар арасындағы тасымал бәсеңдеген.

Қытайлық банктер Путинмен қарым-қатынасы үшін АҚШ санкцияларының нысанасына айналудан қауіптенетіндіктен, Ресей үшін төлем жасау қиындап барады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, тараптар таяуда бартерлік саудаға жүгіне бастауы мүмкін.

Бірақ Ресей экономикасы тұрақтылығының артында тұрған ең үлкен әрі үшінші фактор – соғыс басталғаннан кейінгі орасан әскери шығындар. Ресей президенті өткен айда 1,5 миллион жауынгерден тұратын армия құру үшін мобилизацияның жаңа кезеңіне бұйрық берді.

Путин әскери шығындарды 2025 жылы ұлғайтпауға уәде еткенімен, оның үкіметі 2025-2027 жылдарға арналған жаңа бюджет жоспарларын жариялады. Олардың бір бөлігі құпия сақталғанымен, ресейлік тәуелсіз сарапшылар қорғаныс шығындары келесі жылы шамамен 25%-ға артып, 13,2 триллион рубльге (140 миллиард доллар) немесе елдің ЖІӨ-нің 6 пайызына жетеді деп есептейді. Бұл НАТО елдерінің қорғаныс шығындарынан үш есе көп болғанымен, Кеңес Одағының "қырғи-қабақ" соғыс жылдарында қорғанысқа жұмсаған 18-20% қаражатынан әлдеқайда аз сома.

Шығындардың орасан артуы әлі үлкен фискалдық проблема тудырған жоқ. Ресейде бюджет тапшылығы ағымдағы жылы ЖІӨ-нің 1,7% деңгейінде қалды.

Салыстырып көрсек, ЕО бойынша бұл көрсеткіш 3,5% болса, АҚШ-та 6,5%-ға жетіп қалған.

Дегенмен, Ресей қазір жұмыс күші тапшылығына тап болып отыр. Соғыс басталғалы, бұл елден талай адам шетелге кетті. Соның салдарынан жұмыссыздық деңгейі еңбекке жарамды халық арасында 3 пайызға төмендеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу