Ресей Ертісті тереңдетуге асықпайды

3049

Өзен түбін тереңдету мәселесін шешуді Ресей тарапы созып отыр.

Ресей Ертісті тереңдетуге асықпайды

Мұның мән-жайын 15 наурызда Павлодарға атбасын бұрған Омбы облысының губернаторы Виктор Назаренко түсіндірді.

"Біз шекаралық қарым-қатынас аясында комиссияға және осы мәселені реттеу үшін РФ көлік министрлігіне жүгіндік, бірақ өкінішке қарай өзен арнасының ұзақ уақыт тазартылмауына байланысты бұл көп шығынды қажет ететін жоба болмақ", – деді ол.

Ертіс – Солтүстік Қазақстанның кеме жүзетін басты өзені. Павлодардан Ресей шекарасына дейінгі қашықтығы – 381 шақырым. Кеңес заманында Ертіс жүк тасымалдайтын өзен болды. 1980 жылдардың ортасында Омбы облысынан Тобыл, Түмен, Ханты-Мансыдан Қазақстанға өзен флоты шамамен 1 млн шаршы метр орман ағашын жеткізетін. Ол кездері портта тәулігіне 100 вагон ағаш артылса, 200-ге тарта жүк тиеушілер жұмыс істеген, бүкіл Кеңес Одағындағы бірде-бір порт мұндай жұмыс көлемімен мақтана алмады. Павлодардан Сібірге өзен арқылы құмды-қиыршықты қоспа, құм, темір бетон бұйымдары жеткізілді; ал Павлодарға Омбы мұнай айыру зауытынан жанар-жағармай материалдары баржамен жеткізіліп отырды (жылына 200-250 мың тонна), сол арқылы облыстың барлық шаруашылығы қамтамасыз етілді.

Экономика бәрінен жоғары

Ертістің түбін тереңдету мәселесі екі мемлекет арасында түрлі деңгейде ондаған жылдар бойы талқыланып келеді. Екі жыл бұрын Омбыда Ресей мен Қазақстан парламентінің жоғары палаталары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссия мүшелері Біртұтас экономикалық кеңістік аясында трансшекаралық аймақтарды дамыту мәселесін кезекті мәрте талқылады. Сол кезде губернатор Виктор Назаренко: "Қазақстан шекарасынан басталатын біздің аймақта өзен арнасы тазартылмай келгеніне шамамен 20 жыл болды. Бұрын өзен сусымалы материалдарды жеткізетін ең арзан тәсіл болған еді. Өзен түбін тазарту және тереңдету – бұл федералды деңгейде іске асырылатын жұмыс. Біз өзіміз тазарту жүргізе алмаймыз, себебі бұл қаражатты мақсатсыз пайдалану деп танылады. Мұндай жұмысты комиссияның шешім жобасына енгізуді ұсынамын. Жүк айналымы Омбы облысы арқылы Ханты-Мансы, Ямал-Ненец және Түмен өңірлеріне жеткізіледі. Сондықтан мұнда трансшекаралық серіктестік бірден төрт аймақ арқылы орнатылады", – деп баса айтты.

Шыны керек, сол уақыттан бері Ресей тарапынан бұл мәселе алға баспады. Ресми мәліметке сәйкес, 2009 жылдан бері Павлодар облысы өзенді тереңдетуге жергілікті бюджеттен миллиондаған теңге қаражат бөліп келеді. Аталмыш кездесуде Омбы губернаторы бұл мәселе әлі де шешімін таппағанын мойындады.

"Шығындарды есептей келе айтатынымыз, Ресей тарапы, өкінішке қарай бұл жобаны жаңа бағыт беретін негізгі жоба ретінде ұсынуға дайын емес. Егер алпауыт мемлекет аясында бұл түкке тұрмайтын жоба деп есептелсе, біз сияқты шекаралық аймақ үшін бұл тың серпіліс берері анық", – деп баса айтты Виктор Назаренко.

Мәселенің мән-жайы бойынша пікір білдіре отырып Виктор Назаренко: "Бүгінде Ертіс өзенінің арнасын тазартуға жұмсалатын қаражат біз қарастырып отырған экономикадан асып артылады. Себебі Кеңес одағы кезінде жүзеге асырылған тауар айналымының көлемі қазір жоқ. Сондықтан мұнда тек экономикалық мүддені ғана ескермей, сонымен бірге геосаясатты, Қазақстанмен өзара қарым-қатынас саясатын қарастыру керек. Сол себепті біз аталған мәселені шекаралық ынтымақтастық аясында қараймыз, бұл тек экономика ғана емес әрі саясат. Бұл нарық біз үшін қызық, себебі 40 тоннадан астам қиыршықтасты жолды бұзып тасымалдау экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Ал егер біз өзен бағытын ретке келтірсек, қиыршықтасты баржалармен тасымалдауға мүмкіндік туар еді, бұл біз үшін өте тиімді. Бұрыннан қиыршықтас пен тұз Павлодардан өзен арқылы келетін, ал біз орман ағаштарын жіберетін едік", – деп ойын жеткізді.

Шекаралас аймақтарды байланыстыруда пайдаланылмай келе жатқан тағы бір мүмкіндік әуе бағыты болып табылады. Бастама тек жергілікті билік тарапынан ғана жасалып отыр. Бүгінгі күні Павлодардан тек Мәскеуге ғана ұшуға болады, ал Новосібір, Омбы, Барнауыл секілді көршілес аймақтармен байланысатын әуе бағыты іске қосылмаған. Облыс әкімі Болат Бақауовтың сөзінше, қазіргі кезде Павлодардан Омбыға күнделікті 6 автобус рейсі жүреді, бұл шамаммен 250-300 жолаушы. Тағы да бәрі экономикаға келіп тіреледі: билеттің бағасы әуе компаниясы үшін де, жолаушылар үшін де тиімді болуы шарт.

Маманның тілін маман түсінер

Екі шекаралас аймақ басшыларының кездесуі барысында 2020 жылға дейін Омбы және Павлодар облыстарының екіжақты қарым-қатынасын дамыту бағдарламасы бекітілді.

"Бүгінде Рама келісімі қарым-қатынастың дамуына жаңа серпіліс бермей отырғанын түсінеміз. Бізге бірлесіп күш салуға болатын бағыттарды нақтылап, компьютерлендіру керек", – деді Виктор Назаренко. Шекаралас ынтымақтастыққа не кедергі деген журналистің сұрағына жауап бере отырып, губернатор: "Ең алдымен шекаралық ынтымақтастық бойынша Еуразиялық одақ аясында ешқандай кикілжің тумайтындай екі елдің заңнамасын бір жүйеге келтіру керек. Егер менен заңгер ретінде сұраса, былай деп жауап берер едім: кәсіпкерлік қоғамдастық арасындағы барлық кедергі жойылатындай екі елдің нормативті-құқықтық базасын жуықтату керек. Бұған ауыр техниканы жолмен тасымалдауға қойылған шектеулер, фитосанитарлық бақылау мәселелері де жатады. Жалпы алғанда реттеуді қажет ететін сұрақтар әлі де көп".

Осылайша екі мемлекеттің жұмысында бизнесті бәсекелестіктен сақтауға талпыныс жасалып жатқан жоқ па деген abctv.kz-тің сұрағына жауап берген Омбы губернаторы мынаған назар аударды: "Ондай да болуы мүмкін, бірақ дамытуға болатын жаңа бағыттар да бар. Біз мал өсіретін жергілікті "Пахарь" шаруа қожалығына бардық, олар бізді қатты қызықтырып отыр. Егер олар өз нарығын толтырған болса, біз өз мал шаруашылығымызды дамыту үшін олардан мал алуға дайынбыз. Одан бөлек, шаруа қожалығы жоғары сұрыпты картоп өсірумен айналысады. Бізде өнімнің жоғары сұраптары бар. Бізге жеткізе алатын болсақ, шетелден сатып алудың қажеті қанша? Бізде қиюын келтіретін және бір-бірімізді толықтыратын ортақ бағыттар бар".

"Бізде мұндай жоқ"

Ресми дерекке сәйкес, 2016 жылы Павлодардың кәсіпорындары Ресей нарығына 618 млн доллар сомасындағы өнімді жеткізген, ал Ресейден 500 млн доллардан астам сомаға өнім әкелінген. Омбы облысының сыртқы сауда айналымының үштен бір бөлігін Қазақстан қамтамасыз етеді.

"Былтыр бұл көрсеткіш шамамен 240 млн долларды құрады. Тауар айналымының кей жерлерде төмендеуі валюта бағамындағы айырмашылық пен біздің экспорттық тауарларымыздың бағасының ауытқып отыруына байланысты болды. Ал жеткізілетін тауар мөлшері сақталып отыр және біздің ендігі міндетіміз – оның тұрақты түрде арттырып отыру", – деп баса айтты Омбы облысының губернаторы.

Омбы облысы сияқты ірі өндірістік аймақтың басшысын таң қалдыру қиын еді. Жаңғырту бағдарламасы бойынша іске қосылмақ болып отырған Павлодар мұнай-химия зауытының өзі әлемнің ірі әрі Ресейдегі ең жаңа мұнай өңдеу зауыты – Омбы МӨЗ-іне жол береді. Олардағы мұнай өңдеудің тереңдігі бүгінде 93%-дан асты.

Дегенмен Павлодар халқы қонақтарға өздерінде жоқты көрсетіп таң қалдыра алды, ол – инвесторлар үшін жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастырылған арнайы экономикалық аймақ. Бүгінгі күні онда мың адамға тарта қызметкері бар 5 жоба іске асырылып жатыр. Биыл "Павлодар" АЭА-да қоспалы алюминий өндіретін жоба іске қосылады, бұл өзге жаңа өндірістерге тың серпін береді.

Виктор Назаренко бұған қатысты: "Бізде әзірге мұндай жоба жоқ, сондықтан сіздерге қарап, үйренеріміз бар. Ресейде мұндай даму тетіктері қарастырылмаған. Осыған ұқсас жобаны өзімізде де ашуымыз мүмкін", – деп атап өтті.

Марина Попова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу