Ресей Қазақстанмен Орталық Азия үшін күреседі

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
6264

Ресей ауыл шаруашылық өнімдерін темір жол арқылы экспорттауды субсидияламақшы.

Ресей Қазақстанмен Орталық Азия үшін күреседі

РФ премьер-министрі Дмитрий Медведев көлік және ауылшаруашылығы министрлігіне "Ресейлік темір жол" (РТЖ) компаниясымен бірлесіп Орталық Азия елдеріне шығарылатын экспорттық ауылшаруашылық өнімдерін темір жол арқылы тасымалдауды оңтайландыру және құны мен жеткізілу жылдамдығына қатысты мәселені қарастыруды, сондай-ақ жұмыстың нәтижесі жайында Ресей Федерциясының үкіметіне баяндауды тапсырды.

Бұл ақпарат РФ үкіметінің сайтында жарық көрген.

Бұған дейін Ресей Федерациясының вице-премьері Аркадий Дворкович экспортқа шығатын ауыл шаруашылық және балық өнімінің көлік шығынының жартысына үкімет субсидия бөледі деген болатын. Осы жылы бұл механизм жекелеген компанияларда сынақтан өтеді, ал келесі жылы мұны толық іске қосуға мүмкіндік болады. Сонымен бірге "РТЖ"-ны субсидиялау және өндірушіні тікелей субсидиялау арқылы ауыл шаурашылық өнімін өндірушілердің көлік шығынын қолдаудың әртүрлі жолы қарастырылып жатыр. Субсидияның мөлшері жалпы өнім құнының 20-30%-на дейін болуы мүмкін.

Бұл жерде Орталық Азия елдері Қазақстанның астығы мен ұнын өткізетін ірі нарық екенін естен шығармаған жөн. ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметіне сүйенетін болсақ, экспортқа шығарылатын казақстандық бидайдың жалпы көлемі қаңтар-тамыз айларында 2 млн 176,1 мың тонна, яғни  339,8 млн доллар болған. Мұны сапа және ақша көлемі бойынша 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстыратын болсақ, онда ол 1,9 және 4,5% төмен көрсеткіш көрсетеді. Экспорттың көп бөлігі Орталық Азия елдеріне тиесілі. Қазақстаннан осы жылдың қаңтар-тамыз айларында Тәжікстанға экспортталған бидайдың көлемі  2016 жылдың сәйкес кезеңімен  салыстырғанда 4,6%-ға, яғни 581,4 мың тоннаға өскен. Ал Өзбекстанға шығарылған экспорт 8,7%-ға, яғни 954,8 мың тоннаға (ақшамен есептейтін болсақ 2,7%-ға, 112,6 млн долларға дейін), Ауғанстанға экспортталған өнім – 26,2%-ға, яғни 147,1 мың тоннаға (ақшамен есептейтін болсақ - 36,6%-ға, 23,9 млн долларға) артқан. Сондай-ақ Ауғанстанға экспортталған ұнның көлемі де 12,6%-ға, яғни 912 мың тоннаға (ақшамен есептейтін болсақ 5,1%-ға, 196,6 млн долларға) дейін өскен. Сонымен бірге қазақстандық ұнды ірі сатып алушылар – Өзбекстан  65 млн долларға (22,1 пайыздық көрсеткішке аз) 371 мың тонна (23,6 пайыздық көрсеткішке аз), Тәжікстан 7,3 млн долларға (45,1 п.к. аз) 33,8 мың тонна (43,5 п.к. аз), Түркіменстан 6,6 млн долларға (12,8 п.к) 22,3 мың тонна (7,8 п.к. аз), Қытай 1,3 млн долларға (27,2 п.к аз) 4,7 мың тонна (30,9 п.к аз) болған. Осы жылы Қазақстаннан жалпы  278 млн долларға (6,2 п.к аз) 1 млн 344,7 мың тонна (3,5 п.к. аз) ұн экспортталған. Мұнымен қоса Қазақстан бидайды басқа да елдерге экспорттаған. Оның ішінде Әзербайжанға 2,4 млн долларға (24,4 п.к. аз) 13,2 мың  тонна (24,9 п.к. аз), Италияға 40,3 млн долларға ( екі есе көп) 147,5 мың тонна (2,2 екі есе көп), Қытайға 38,8 млн долларға (14,2 п.к. аз) 213,7 мың тонна (8,2 п. к. аз), Түркияға 11,6 млн долларға (+15,4%) 56,5 мың тонна (+17,2%) жіберген. Ал Иранға қатысты айтар болсақ, онда бұл ел қазақстандық арпаны тұрақты тұтынады. Олар 45,2 млн долларға (9,3 п.к. аз) 308,2 мың тонна арпа сатып алған. Өзбекстан биыл 2,3 млн долларға (+85,7%) 18,1 мың тонна (+58,3%) арпаға тапсырыс берген. Ал Қазақстаннан экспортталған арпаның жалпы көлемі 343,1 мың тонна болған.

Бұдан бұрын "ҚТЖ – Жүк тасымалдау" акционерлік қоғамы қаңтар мен қыркүйек аралығында барлық негізгі номенклатуралық жүк тиеу көлемінің өскенін хабарлады. Оның ішінде астық тасымалдау 17%-ға, ұн тасымалдау 16%-ға өскен. Экспортқа жөнелтілетін астықты тиеу – 7%-ға, ұн 32%-ға ұлғайған.

Ресейдің  федералды кеден қызметінің мәліметінше, жеті айдың қорытындысы бойынша РФ 12 млн 797,2 мың тонна бидай (2016 жылы - 10 млн 884,9 мың тонна, 2015 жылы - 6 млн 807,0 мың тонна) экспорттаған. Ресейдің бидайын ірі сатып алушылар қатарында Мысыр, Түркия бар. Осы жылы Мысыр 3,8 млн тонна немесе 30,07%, Түркия 974,3 мың тонна (7,61%)  бидай сатып алған. Қазақстанға 16,3 мың тонна (2016 жылы – 27,8 мың тонна, 2015 жылы – 52 мың тонна) бидай жеткізілген.

Биыл Қырғызстан мен Түркіменстан Ресейдің бидайын (2016 жылы 19 және 65 тонна) сатып алмаған. Сонымен қатар Өзбекстан мен Тәжікстан да сатып алмаған (бұған дейін 14,5 мың тонна және 121 тонна сатып алған).  Ресей биыл бізге жақын нарық ішінен Әзербайжан, Иран, Қытай, Моңғолияға бидай экспорттаған. Әзербайжанға 488 мың тонна (2016 жылы 1 млн 140,8 мың тонна және 2015 жылы 1 млн 242,2 мың тонна), Иранға 112,6 мың тонна (2016 жылы 740,3 мың тонна және 2015 жылы 1523,3 мың тонна), Қытайға 2,1 мың тонна және Моңғолияға 168 тонна (2016 жылы 152,9 мың тонна  және 2015 жылы 26,1 мың тонна) жеткізілген.

Сондай-ақ Ресей осы жылы 155,4 мың тонна бидайды (2016жылы  – 395,5 мың тонна, 2015 жылы – 117,8 мың тонна) импорттаған. Ресейге бидайды негізгі жеткізушілер Қазақстан (барлық көлемнен 52,26%)  мен Украина (47,16%)  болды.

Орталық Азия елдеріне Ресей өз астығын темір жол арқылы жеткізуді субсидиялауы Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

Бұл  Орталық Азия елдеріне  қазақстандық астықты және ұнды экспорттауға әсер етері анық. ҚР астық өңдеу және нан пісіру одағының басшысы  Евгений Ган қазіргі таңда отандық ұнның шамамен 67%-ы Ауғанстанға жеткізілеп жатқанын тілге тиек етті.

"Шындығына келетін болсақ, Өзбекстан бізден 720 мың тонна ұн, 1,77 млн тонна астық алады. Ал тәжіктер былтыр 90 мың тонна ұн алса, биыл 50 мың тонна ғана ұн алды. Бұған қоса олар 1 млн 019 мың тонна астыққа тапсырыс берді. Қырғызстан 47 мың тонна ұн және 216 мың тонна астық алды, ал Ауғанстан былтыр 1,5 млн тонна ұн және 253 мың тонна бидай алған. Сондықтан Орталық Азия елдеріне Ресей астығын экспорттауда темір жол арқылы жеткізуді субсидиялау біздің Орталық Азия елдеріне астық пен ұн сатуымызға кедергі келтіре алмайды", – деді ол.

Евгений Ган экспортталатын астық не болмаса ұнды жеткізуге дәл қазіргі уақытта субсидия берілмейтінін еске салды. Қазақстан астық мол болғандықтан 2011 жылдың соңында Қара теңіз портына дейін астықты экспорттаудың көлік  шығынын субсидиялауға шешім қабылдаған. Өйткені дәстүрлі нарық барлық астықты игере алмайтын болды. Астықты өткізуді ынталандыру үшін үкімет Қара теңіз портына дейін темір жол арқылы жеткізілген астықтың көлік шығынының жартысын қайтарды. Бұл ретте Қара теңіз порттарындағы қазақстандық бидайдың түпкілікті құны шамамен 140 доллар көліктік құнға сәйкес келді. Айта кетейік, Қазақстан астығына субсидия бөлінбесе, ол Қара теңіз порттары арқылы өтпейтін еді.

2011 жылдың 1 шілдесінен бастап 2012 жылдың 30 маусымына дейін Қазақстан астық эквивалентіндегі ұн  есебімен 12,1 млн тонна астық экспорттаған. Осы орайда субсидиялау арқылы 2,5 млн тонна астық тиелген. Алайда астық нарығындағы жағдай өзгергеннен кейін Қазақстан үкіметі астық жеткізуді субсидиялау тәжірибесінен бас тартты.

Евгений Ган РФ бидайдың ауыспалы қалдығы шамамен 14 млн тонна екенін айтты.

"Жиналған астықтың мол болуынан, оларда келесі жылға шамамен 30 млн тоннадай астық қалады. Өйткені порт арқылы 34 млн-нан артық экспорттай алмайтынын өздері де біліп отыр. Олардың ішкі тұтынуы 75-78  млн тонна шамасында. Қалай болғанда да тепе-теңдік жоқ. Олар осыған дейін Омбы, Новосібірден Қара теңіз жағалауындағы порттарға астық және ұн тасымалдау үшін жеңілдік жасаған. Ресей премьер-министрінің тапсырмасы жайлы естідім. Бұл жайында не айтуға болады? Жарайсыңдар дейміз", – деді ол  abctv.kz-ке.

Қазақстандық экспортты қорғау бойынша қандай да бір шаралар әзірлеу жайын айтар болсақ, оның ойынша, біздің шенеуніктер халықаралық келісімдерді ұстау қажеттігін сылтау етеді.

"Олар бірден таңданып, кедендік одақ ережесі бойынша біз субсидия жасай алмайтынымызды және қандай да бір өндірушіге жеңілдік бере алмайтынымызды алға тартып шыға келеді. Біздің шенеуніктер үшін бұған бас ауыртып жатқаннан гөрі  "бұлай болмайды" деп айтып құтылған оңай", – деп түсіндірді ол.

Евгений Ган тасымалдау мәселесінде мемлекеттік қолдаудың жоқтығымен қатар Орталық Азия нарығына өңделген өнімді жеткізуде де қиындық бар екенін айтты.

Осылайша Орталық Азиялық елдердің билігі бидайды әкелуді ынталандыруға және өздерінің ұн тарту өнеркәсібін дамытуға тырысады да, қазақстандық ұнды әкелуді шектейді. Орталық Азия елдеріне ресейлік астықты жеткізуге мемлекеттік қолдау көрсету біздің өндірушілерге қалай әсер етеді деген сауалға Евгениий Ган жауап бергісі келмеді. Ол тек қазақстандық ұнды экспорттаудың келешегі "қиын" болатынын айтты.

"Егер қазір субсидиядау есебінен Ресейден келетін ұнның экспорттық тарифі және біздің ұнға деген ішкі тарифіміз теңестірілетін болса, онда барлық нарыққа Ресей шығып кетеді. Қазір ол Орталық Азия елдерінің нарығында, өйткені экспорттық тариф ішкі тарифке қарағанда жоғары болып тұр", – деді Евгений Ган.

Ресей өнімін өткізетін жаңа нарық іздеуде
Ресейде екінші жыл қатарынан астық мол болып отыр. Сол себепті үкімет аграрлық өнімді экспорттауға, оның ішінде Қазақстан аумағы арқылы Орта Азиялық нарыққа шығуға көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Осыған қатысты мәселе РФ премьер-министрінің басшылығымен 22  қыркүйек күні Адыгейде өткен жиналыста талқыланды.

"Жазда ауа райы бірқалыпты болған жоқ. Осы жерде құрғақ болғанмен, Ресейдің орталығында, Сібірде жаңбыр көп жауды. Сондықтан егін жинау уақыты да созылып кетті. Бірақ осыған қарамастан, биыл аграрлық секторда тұрақты өсім байқалып отыр. Барлық дәнді дақыл бойынша жақсы нәтиже бар. Қазірдің өзінде 117 млн тоннадан астам астық бастырылған. Басқа болжамдар туралы әзірге айтпай-ақ қояйын, бірақ та тек өзіміздің қажеттілігімізді ғана емес, сонымен қатар барлық экспорттық келісімшарттарды орындай аламыз деп ойлаймын", – деді Дмитрий Медведев.

Ол жиын-терім жұмысының қорытындысы бойынша үкімет көптеген дәнді дақылдың шығымы жақсы болғанын көріп отыр деп атап кетті. "Әрине келесі жылы да осындай астық аламыз деп ойлаймын. Өйткені жаңа күзгі маусымға қажетті барлық дайындық жүргізілді", – деп алдағы маусымға жасалған болжаммен бөлісті.

Ауыл шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 2017 жылы 242 млрд рубль қарастырылған, бұл бір жыл бұрынғы қаражаттан 8%-ға артық.

Дмитрий Медведев мемлекет ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттауды қолдау шараларын кеңейту ниеті бар екенін атап кетті.

"Ауыл шаруашылығы өніміне деген сұраныс үнемі өсіп отырады, сондай-ақ ол ішкі және сыртқы нарықта да байқалады. Біздің аграрлар осы қолайлы мүмкіндіктерді қолдануы тиіс, оның ішінде кейбір әкімшілік шешімдерді қолдануы керек. Ресейлік кәсіпкерлерді қолдау үшін "АӨК өнімінің экспорты" атты арнайы жобаны іске қостық, – деді ол. – Қосымша шаралар бойынша бірқатар ұсыныстар бар, ол әр өңірдегі біздің астық экспорттаушыларға қолдау көрсетеді".

РФ ауыл шаруашылық министрі Александр Ткачев көктемгі суық пен салқын жаздың салдарынан келген шығын 1,5 млрд рубль, яғни 200 мың гектар жер жарамсыз болып қалғанын айтты. Жиналыс өтіп жатқан кезде егіннің 80%-ы, яғни 110 млн тонна жиналған болатын.

"Сіз (Дмитрий Медведев. – автор ескертпесі) дұрыс айттыңыз, біз үлкен көрсеткішке қол жеткізуміз мүмкін. 116-117 млн тонна астық – бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Астық, жалпы өнім жайын сөз етер болсақ, әрине соңғы жылдары жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Былтыр 120 млн, 2014 жылы шамамен 112 млн, 2010 жылы 7 млн-ға жуық көрсеткіш болған. Бұл бәрі біз ойлағандай тамаша болып, 100 млн тонна астық әрқашан бола бермейтінін көрсетеді", – деген ол, көп нәрсе табиғат пен ауа райына байланысты болатынын еске салып кетті.

Сонымен қатар астықтық мол болуы бағаның түсуіне себеп болды.

"Астық екінші жыл қатарынан мол болып отыр. Әрине, бұл баға белгілеуге әсер етті. Бүгінгі күні баға, өкінішке қарай, ойлағаннан төмен болуы мүмкін. Көптеген өңірде, әсіресе, Сібір мен Оралда бұл баға тіпті өзіндікқұннан төмен", – деп көрсетті министр.

Осыған байланысты ол экспортты ынталандырудың қосымша құралдарын іске қосуды және астықты теңіз порттарына дейін жеткізуге қатысты темір жол тарифтерін алып тастауды ұсынды.

"Ең бірінші, экспортты ынталандыру және төмендету, орталық аймақтан теңіз порттарына дейінгі темір жол тарифі алынып тасталады. Бұл нарықтан қосымша екі-үш млн тонна астықты шығаруға, сондай-ақ бағаны осы жерде ғана теңестіріп қана қоймай, оңтүстікте де теңестіруге мүмкіндік береді, – деді Александр Ткачев. – Менің ойымша, біріншіден, бұл тиімді болады және федаралдық бюджетке де шығын әкелмейді. Өйткені бұл мақсатқа шамамен үш млрд рубль жұмсайтын боламыз. Ал егер интервенциялық қорды сатып алатын болсақ, онда ол қымбат болып кетеді, себебі бұл несиелік ресурстар. Елдің ішіндегі астық жалпы баға белгілеуге қысым жасайтыны түсінікті. Астық мол болса, одан шаруалардың шекесі шылқып кетпейтіні анық"

Министр үкімет басшысы экспортты арттырудың мұндай құралдарын пайдалануға қолдау білдіретінін айтты. "Аркадий Владимировичпен және көлік министрлігімен бірлесе қолдаудың бұл шараларын әзірледік. Әріптестердің шығынның 10%-ын мойындарына алғанын атап кету керек. Бұл жұмысты жылдам, тиімді жасаймыз деп ойлаймын", – деді  Александр Ткачев

Бұл ретте министр елде өндірілетін 20 млн тонна тыңайтқыштың 2,5 млн тоннасы жерге себілетінін, қалғаны экспортқа шығарылатынын айтты. Алайда елдің жарты егістігі тыңайтқышсыз егіледі. Осының нәтижесінде орташа шығымдылық  әр гектарынан 33 центнер.

Тыңайтқышты енгізумен қатар, РФ ауыл шаруашылық айналымына жаңа жерлерді енгізу резерві бар екенін айтып кеткен жөн.

"Биылғы жылы еліміздің әр жерінде 500 га жер айналымға енгізілгені де қуантарлық жаңалық. Бұл шынымен де қосымша жер, қосымша егістік, яғни қосымша астық деген сөз. Егер осындай қарқынмен жұмыс істейтін болсақ, онда 2030 жылға қарай жиналатын астықтың көлемі 150 млн тонна болады. Бұл қазіргіден 30 млн-ға артық. Біздің еліміздің осындай мүмкіндігі бар. Барлық елде мұндай мүмкіндік бола бермейді, өйткені ылғал жетіспейді, – деді Александр Ткачев. – Біздегідей табиғат байлығы басқа жерде жоқ. Әрине, бұл біздің экспорттық басымдыққа ие тауарымыз. 40 млн емес, 70 млн-ға  сату үшін не істеу керек? Әрине, жаңа инфрақұрылымдарды салып, нығайту керек. Оны тек осы жерде ғана емес, сондай-ақ оңтүстікте де жасау керек. Бізде атқарылатын шаруа жетерлік. Новороссия нан өнімі комбинатын  түбегейлі қайта құрмақпыз. Ол екі есе күшті қуатпен жұмыс істейтін болады".

Таманск түбегінде "ОТЭКО" фирмасы бес астық терминалын іске қоспақшы. Астықты ауыстырып тиеудің бастапқы көлемінің қуаты шамамен 15 млн тонна болады.

Сондай-ақ министр астық өңдеу жоспарына да тоқталып кетті.

"Екінші мәселе – нарықтан артық астықты шығару, терең өңдеу. Яғни барлық әлемнің жасап отырған шаруасы– биоотын, лизин, глютен, крахмал, жем қоспаларын, аминқышқылын шығару жайында болып отыр. Қазір мұнымен белсенді түрде айналысып жатырмыз, елде 25-тен астам зауыт бар, олардың жұмысын субсидиялап, қолдау көрсетіп отырмыз. Демек бес миллион тоннаны терең өңдеуге жіберіп, осының арқасында ақша таппақпыз. Сонымен қатар бұл да экспорттық әлеуеті бар тауар. Сондықтан астық – бұл біздің үлкен басымдығымыз бен мүмкіндігіміз. Егер мемлекет одан әрі қолдау көрсететін болса, онда діттеген көрсеткішімізге қол жеткіземіз деп ойламын. Сонымен бірге әріптестеріме Америка мен Канаданың биыл бұрынғысына қарағанда  20%-ға аз астық алатынын айтқым келеді. Сондықтан бағаның өсетіні сөзсіз", – деп атап кетті Александр Ткачев.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу