Ресей сарапшысы: "Ресейліктерге қашып тығылуға ең ыңғайлы бағыт – Қазақстан"

4222

Ресейден шұғыл эмиграциялануға көмектесетін "Гайд в свободный мир" бірлестігінің негізін қалаушы, жетекшісі Ира Лобановская соғысқа жөнелтпеу үшін жатжұрттарға қашқан ресейліктерге қалай көмектесіп жатқандарын, қандай кеңес беретінін әңгімеледі. 

Ресей сарапшысы: "Ресейліктерге қашып тығылуға ең ыңғайлы бағыт – Қазақстан"

– Бұған дейін сарапшыларда Путин мобилизация жариялай алмайды деген сенім мол болды. Себебі заң бойынша ол үшін "арнайы әскери операция" деген көзбояушылықты жойып, Украинаға соғыс жариялау қажет еді. Сондай-ақ егер мобилизация жариялана қалса, қырғынды тек теледидардан қызықтаған халық қарсы бас көтереді деп болжанды. Алайда Кремль заңға пысқырмады, соғыс жарияламай жұмылдыруға кірісті. Шағын митингке шыққаны болмаса, халық бас көтермеді. Тек тырқырай қашып жатыр...

– Ия, ресейліктер визасыз бара алатын барлық елдерге билетті екі күн ішінде сатып алып кетті. Азаматтар барлық мүмкін болған тәсілдермен елден кетіп қалуға ұмтылуда. Бізге мысалы, бұрын бір ай ішінде 1,5 миллион адам жүгінетін. Ал кеше бір күннің ішінде кеңес сұрағандардың саны 1 миллионнан асып жығылды. Бүгінде бір минутта 4 мыңнан аса адам хабарласуда.

Осыған байланысты біз шетелдік паспорт (Ресейде 2 түрлі паспорт қолданылады – ішкі және шетелдік) талап етілмейтін елдердің тізімін жасадық.

Ол тізім өте қысқа. Біріншісі – Қазақстан. Тіркеусіз 30 күн жүруге болады, тұрғылықты жері бойынша тіркелген соң тағы 60 күн тұруға рұқсат. Одан соң Армения. Онда тіркеусіз 180 күн жүре алады. Бірақ Ресей мен Армения шекаралары өзара шектеспейді, сондықтан құрлықпен Грузия территориясы арқылы барады. Алайда Грузия шетелдік паспортты талап етеді. Арменияға шетелдік паспортсыз тек ұшақпен жетуге болады, ал рейстер саны шектеулі. Оның үстіне Армения қазір Әзербайжанмен дүркін-дүркін қарулы қақтығысқа баруда. Үшіншісі – Қырғызстан. 30 күн тіркеусіз және тіркелген соң тағы 6 ай. Бұл жерде азаматтарға таяуда қырғыз елінде Тәжікстанмен арасында әскери қақтығыс болғанын, сондықтан шекаралық облыстардан аулақ болу керектігін ескертіп жатырмыз.

Төртіншісі – Беларусь. Минскіге тіпті Мәскеуден көлікпен, соның ішінде таксимен кетіп қалуға болады. Алайда бұл бағыт ең соңғы нұсқа ретінде ғана қарастырылады. Басқа бағыттарға билет болмаса, немесе күтуге уақыт қалмай бара жатса ғана амалсыз, соны таңдауға болады. РФ азаматы ол жақта қауіпсіз ұзақ қала алмайды, себебі Беларусь соғысты қолдап отыр. Сондықтан Беларуське жеткен ресейліктер сол жақта тездетіп өзге елдерге ұшып кетуге тырысқаны жөн.

Ендеше оң мен терісті таразыға тарта келе, азаматтардың көбі Қазақстанды таңдайтыны сөзсіз.

Басқа елдерге ресейліктер тек қана шетелдік паспортпен бара алады. Ал бұл құжат РФ азаматтарының көбінде жоқ, өйткені оны алу қымбат әрі қиын. Шетелдік паспортпен 360 күнге Грузияға баруға болады, алайда бұл ел бір аптадан бері көп адамды өткізбей жатыр. Өткізуден бас тарту оқиғалары күрт өскен. 180 күнге алыстағы Мексикаға баруға болады, бірақ оған электронды виза талап етіледі. 90 күнге БАӘ, Аргентина, Бразилия, Чили, Африка елдері, Марокко, Перу, Эквадор, Катар, Израиль, Әзербайжан, Молдова, Тәжікстан және Мысырды паналай тұруға болады. Қалған елдер виза сұратады және бүгінде ресейліктерге виза бермеуге тырысады. Мысыр да қазір электронды виза толтыруды талап етеді.

Кабо-Верде, Маврикий, Түркия мен Өзбекстанға турист ретінде 60 күнге баруға болады.

– Заң бойынша мобилизация жарияланған соң әскерге шақырылатындарға шекаралар жабылуға тиіс қой? Ресейліктер қалай кетіп жатыр?

– Әскерге шақыру жасындағы ер-азаматтар үшін РФ құзырлы органдары әзірге шекараны бітеп жапқан жоқ. Бірақ мұны өңірлер жүзеге асыруда. Өйткені президент жарлығымен әр өңірге мобилизацияланатындарды военкоматқа жеткізу және жұмылдыруды қамтамасыз ету жүктелді. Тиісінше, мобилизациялық штабтарға губернаторлардың өздері жетекшілік етеді. Сонымен бірге шекаралар да кез келген уақытта тарс жабылуы мүмкін. Тіпті шетелде демалуға туристік жолдама алып қойған ер-азаматтарды ұшаққа отырғызбай қоюы ықтимал. Себебі "Ресей Федерациясындағы жұмылдыру дайындығы және мобилизация туралы" заңына сәйкес, "мобилизация жарияланған сәттен бастап әскери есепте тұрған азаматтарға әскери комиссариаттардың, федералдық атқарушы билік органдарының рұқсатынсыз тұрғылықты орнынан кетіп қалуына қатаң тыйым салынады".

Сондықтан біз бұған дейін жасамаған қадамға барып отырмыз. РФ тұрғындарына заңсыз жолдармен болса да, шетелге шығуға кеңес бердік. Ең бастысы, Ресейден сыртқа шығып үлгерсе болғаны. Владивостоктан, кез келген басқа маршруттармен. Өйткені РФ территориясының өне-бойында шектеу шаралары бірте-бірте енгізіліп жатыр деген мәлімет бар.

Бірақ алаяқтардан сақтану қажет. Қазіргі кезде еш тіркеусіз және смс-сіз он мың еуро аударсаңыз, Шенген визасын бір күнде жасатып берем дейтіндер шығуда. Бұл өтірік, РФ тұрғындарына Шенген визасын беру тоқтатылған.

Қайталап айтамын, дәл қазір азаматтар үшін қашып үлгеру маңызды. Кез келген елге. Одан әрі қалаған жағына ауыса алады.

– Ресейліктер Қазақстанға да ағылып жатыр. Бір жарым миллионға жуығы келді деген дерек айтылып жүр.

– Олардың бәрі Қазақстанда қалмауы мүмкін. Бұлар қалай болса да шетелге шығып үлгеруге тырысып жатқандар. Бір бөлігі әрі қарай басқа елдерге кетуі ықтимал. Өйткені Мәскеуден сұрау түссе, Қазақстан оларды ұстап береді. Екі елдің арасында депортацияға, реадмиссияға қатысты келісімдер бар. Сондай-ақ Қазақстанды қымбатшылық жайлауда, өмір сүру қымбатқа түседі. Бұған қоса, Қазақстан РФ азаматтарына босқын мәртебесін бермейді. Оның үстіне армиядан қашу, дезертирлік босқын мәртебесін алуға жарамайды.

Қазіргі ең басты мәселе мобилизациядан құтылып үлгеру болып тұр. РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизацияға тек қазіргі кезде запаста тұрған азаматтар, бірінші кезекте Қарулы күштер сапында қызмет еткендер, белгілі бір әскери мамандықтарды игергендер және тиісті тәжірибесі барлар ғана ілігетінін айтты. Бірақ бұл нақты емес. Өйткені президент жарлығында бәрі бұлыңғыр, екіұшты, көп мағыналы сөйлемдер көп. Шойгу 300 мыңдай адам әскерге алынады деп түсіндірді. Дегенмен жарлықта құпия 7-бап бар және онда не жазылғаны жасырылған. Демек онда бірнеше миллион адам мобилизацияланатыны көрсетілуі де мүмкін. Министр Ресейдің мобилизациялық ресурсы 25 миллион екенін айтып қалды.

Яғни кез келген адамды соғысқа әкетуі және шекараны барлық адам үшін, соның ішінде жас қыз-келіншектер үшін де жауып тастауы ықтимал.

Бұған қоса, "ЛХР", "ДХР", сондай-ақ Украинаның Херсон және Запорожье облыстарының бір бөлігін Ресейге қосу туралы референдум өткізіледі. Содан соң батыс жаппай шектеу санкцияларын енгізбек. Оның аясында шекараға, авиажелілерге, виза алуға және басқасына қатысты шектеулер толқыны жабуы мүмкін.

– Қашқындар легі қазіргі қарқында жалғаса ма, әлде азая ма?

– Оны айту қиын. Егер Ресейде саяси жағдай өзгерсе, билік ауысса, босқындар легі сап тыйылуы ықтимал. Көшіп кеткендер де қайтары сөзсіз. Жалпы елді тастап кету оңай шаруа емес. Біз мысалы, кеңес сұрап жүгінгендерге, ең құрыса бір күн қала тұру мүмкіндігі болса, қалып, Ресейде тұра беретін туысына, жолдасына, сенімді адамына нотариус арқылы бас қолхат рәсімдеуге кеңес береміз. Ол қолхат арқылы осындағы көп шаруасын қашықтан бітіре алады.  

Ең бастысы, сыртқа шығып кетуге асығу қажет. Шекара жабылған соң оны жасау қиын болады.

– Сіздер тек әскерден қашқандардың ғана емес, релоканттардың мәселесімен де айналысасыздар. Олардың арасында кәсіпкерлер көп. Олар кез келген жаққа аумайды, барар жерін таңдайды. Бұл тұрғысынан олардың таңдауы қандай ел?

– Релоканттар негізінен заңды түрде шығады. Оларды Қазақстан ашықтан-ашық шақырып отыр. Дегенмен Ресейдегі инвесторлар мен бизнесмендер Қазақстанды қарастыра бермейді. Заңнамасы күрделі. Ресейдің талаптарына тым тәуелді. Басқа да кедергілер бар.

Грузияны да таңдауға кеңес бермейміз. Біздің ойымызша, Грузия Ресеймен қарулы қақтығыс қарсаңында тұрған ел. Кезінде аумағының көп бөлігін РФ тартып алды. Ұзақ мерзімді перспективада мұны да ескеру қажет. Армения болса, Әзербайжанмен үнемі шиеленісті жағдайда өмір сүруде. Ереван Мәскеуден көмек сұрап тұрады. Ендеше Ресейдің сұрауымен кез келген адамды қудалауы, экстрадициялауы мүмкін.

Ең жақсысы, әрине Түркия. Табиғаты тамаша ел, визасыз еркін кіруге болады. Шамамен 400 мың доллар инвестицияға, мысалы үй сатып алғанға тұрақты тұру ықтиярхатын береді. НАТО-ға мүше ел. Яғни одан әлемнің көптеген еліне еркін сапарлауға жол ашық. Бірақ Түркия АҚШ қысымымен "Мир" картасының қолданысын шектеп жатыр. Түрік лирасы қатты құнсызданып кетті, соның нәтижесінде азық-түлік, киім-кешек және басқа керек-жарақтар арзандады. Ал баспана қымбаттады.

Одан кейін Латын Америкасы, Мексика, Перу, Бразилия бар. Оларда өмір сүру қымбатқа түспейді. Мүмкіндік болса, бизнес жүргізуге ең қолайлысы АҚШ пен Еуропа.

– Өзіңіз қазір Ресейдесіз бе?

– Жоқ, кетуге мәжбүр етті. Егер Мәскеуде тұрып жатсам, бірінші болып көшеге шығатын және басқаларды соңымнан ертетін едім. Бейбітшілікті, демократияны қорғау қажет. Ресейліктер өз тарихында қиын таңдау алдында тұр. Ерте ме, кеш пе, оны жасауға тура келеді. Бұл тұрғыда біз Қазақстандағы саяси реформаларға қызыға қараймыз. Бізге ең құрыса, сіздерде 2019 жылы болған саяси транзит арман болып тұр.

Мен өзім Ресейде болмағандықтан, мында, Ыстамбұлда, жылы жерде отырып, Ресейдегі халықты көшеге шығуға үндей алмаймын, ол әділетсіз болар еді. Мен релокацияны таңдадым, тиісінше жұртты да шетелге қоныстануға шақыра аламын. Эмиграция да наразылықтың бір түрі. Тіпті шетелде шамалы уақыт тұрып, қайта оралған ресейліктер басқаша өмір сүруге болатынын, өзгерістер қажеттігін түсінеді. Соны талап етуі де мүмкін. Оянады. Тоталитарлық режимде өмір сүру, сол үшін құрбан болу кімге қажет?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу