Ресей тарихта алғаш рет өз мұнайын Арктика арқылы таси бастады

7442

Енді Арктиканың ақ қарын қара алтын жаппай ластағалы тұр.

Ресей тарихта алғаш рет өз мұнайын Арктика арқылы таси бастады Фото: rosnefteflot.ru

Батыстың санкциялары салдарынан теңіз жолдарынан аластала бастаған Мәскеу нығайтылмаған, яғни мұзды айдынмен жүзуге ыңғайланбаған 2 танкеріне Солтүстік теңіз жолы арқылы қара алтын тасуға алғаш рет рұқсат берді.

Financial Times мұның жаһандық апатқа соқтыратынын, планетаға нұқсан келтіретінін алға тартып, сарапшылармен бірге дабыл қақты.

Әңгіме Leonid Loza және NS Bravo танкерлері туралы болып отыр. Қыркүйек айының басында танкерлер "жер шарындағы ең қауіпті мұзды өткелдердің біріне" түсіп, Қытайға бет алған.

Алаңдататыны сол, бұл кемелер "мұзды су көлігі сыныбына" жатпайды. Тиісінше, халықаралық сарапшылардың айтуынша, мұзға жарылса, олардың сыртқа ағатын мұнайды жинау немесе ағынды доғару мүмкіндіктері жоқ.   

Халықаралық ақпарат айдынында көтерілген пікірталасқа кеме жүргізу мәселелеріне мамандарған эксперттер де тартылды. Олардың пікірінше, мұндай кемелер Солтүстік теңіз жолымен тек мұз жабынғысы жұқа болса ғана жүзе алады. Жұқа мұз әр жылдары қыркүйек, кейде қазан айларында тұруы мүмкін.

Оның өзінде тәуекел бәрібір сақталады. Себебі, қазіргі жылырақ маусымда да мұздар танкерлердің корпустарын күйрете алады. Нығайтылмаған метал көп шыдамай, тез тозуы мүмкін. 

"Осы оқиға көп жайттан хабар береді. Меніңше, бұл Ресейдің өз қуат ресурстарын сатып, соғыс үшін қаражат табу жолында тіпті қоршаған ортаны, планетаны да құрбан етуге дайын екенін паш етеді", – деді Арктика мәселелеріне маманданған High North News басылымының репортері Мальте Хумперт.

Ол Ресейдің қарапайым танкерлерді мұз жолына түсіргеніне бірінші болып назар аудартқан еді. Greenpeace (Гринпис) те бұл жағдайға алаңдаушылығын білдірді.

"Теңіздің мұзы қандай салдарларға соқтыратынын болжап білу мүмкін емес. Оның үстіне аталған маршрут өте күрделі, кеменің бағыттан таймай, тура жүруі қиын. Бұған қоса, мұзды емес сыныптағы танкерлер (non-ice-class tankers) Арктикаға онсыз да адамзаттан төніп тұрған апатты тіпті ушықтырып жібереді",  – деп түсіндірді Гринпистің Ұлыбритания бөлімінің өкілі Чарли Кроник (Charlie Kronick).

Financial Times "Росатомға" түсініктеме сұрап жүгінді. Өйткені ресейлік атом мұзжарғыштарын "Росатомның" еншілес компаниясы – "Атомфлот" басқарады. Қос танкерге рұқсатты да Росатом беріпті.

"Қос кеме қатаң тексеруден өтті. Ал экологиялық мәселелер әрдайым компанияның басты басымдығы болып қала береді. Жазғы және күзгі навигациялық жағдайлар мұзды емес сыныптағы кемелерге қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді", – деп сырғытпа жауап қатты сұрауға ресейлік мемлекеттік атом корпорациясы. 

FT сарапшыларының мәліметінше, Батыс санкциялары аясында Ресей Арктика арқылы өтетін Солтүстік теңіз жолын жиі пайдалана бастады. Дамыған елдердің нарықтарының жабылуына байланысты Ресейге азиялық, соның ішінде Қытай нарығына бағдарлануына тура келді. Құрлықтағы жолдар бұл ауқымды еңсере алмауда.

Бұл ретте осы мұзды теңіз жолы кемелердің жолға шығындайтын уақытын 10 күнге дейін қысқартады. Әйтпесе, ресейлік Приморскіден Суэц каналы бойынша Қытайға сапарлауға кемелер 45 күнге дейін уақыт жұмсайды.

Kpler компаниясының мұнай жөніндегі жетекші аналитигі Виктор Катонның бағалауынша, Суэц каналы арқылы Қытайға апаратын дәстүрлі жолға кететін 45 күнді Солтүстік теңіз жолы 35 күнге дейін қысқартатындықтан, Ресей әрбір рейстен тек отынға кететін шығыннан шамамен жарты миллион доллар қаражат үнемдейді. Басқа да тиімділігі жетерлік.

Әйтсе де, бұған дейін РФ бұл қауіпті жолда нығайтылған кемелерді ғана қолданатын. Оларды мұзжарғыштар бастап жүретін.

Бірақ енді олар жетпей жатқанға ұқсайды. Әрі алып мұзжарғыштардың сүйемелдеуі Мәскеуді қыруар шығынға батырады.

"Атомфлоттың" дерегінше, бүгінде сапта бірнеше атом мұзжарғышы қалды.

Олардың қатарында  Арктика типіндегісі – 1992 жылғы "Ямал" мен 2007 жылғы "50 лет Победы" кемелері ғана. Ұзындығы 147,9 метрді, ені 29,9 метрді, биіктігі 17,2 метрді құрайды. Яғни, сонша ірі де емес.

Ресейлік қалған мұзжарғыштар "Таймыр" типіне (1989  жылғы "Таймыр", 1990 жылғы "Вайгач", олардың биіктігі 15,2 метр ғана), "Проект 22220" типіне (2020 жылғы "ГУАЛ Арктика", 2022 жылғы "СУАЛ Сибирь", "СУАЛ Урал") жатады. Соңғыларының биіктігі 15,2 метр ғана.

"Bellona" Арктикадағы экологиялық тобының кеме қозғалысы жөніндегі аға кеңесшісі Сигурд Энге (Sigurd Enge) бұл маршрутті "өте экстремалды" деп атады. Тіпті қыркүйек, қазанда да жұқа саналатын мұз нығыздала келе, кемені құрсауына алып, оның нығайтылмаған корпусын сығып тастауы мүмкін. Бұл жолдағы теңіз ағындарымен жылжыған мұзтаулардың, мұздардың қозғалысын да мүлдем болжауға болмайтын көрінеді. Себебі, олар тосыннан соға жөнелетін долы желге қарай бағытын күрт өзгертіп отырады.

Сонымен бірге Арктикадағы толқындар да өзге теңіздерге қарағанда әлдеқайда биік соғады. Бұдан басқа қауіптер туындайды. Мысалы, қарапайым танкер аударылып, батып кетуі мүмкін.

Мамандардың мәліметінше, биылғы шілдеде, яғни мұздың жұқа кезінде тіпті мұзды сыныптағы бірнеше кеме мұздар құрсауына түсіп қалды. Оларды еңсеруге солардың да күші жетпеген. Содан мұзды кемелер мұзжарғыштардың көмекке келуін күтуге мәжбүр болды.

Тағы бір жайт, ОПЕК биыл Ресейді мұнай өндірісін азайтуға міндеттеген болатын. Алайда сарапшылардың айтуынша, Мәскеу ОПЕК аясындағы міндеттемелерін бұзып жатыр. Өйткені Кремльдің блицкриг орнына бір жарым жылға ұзаған Украинадағы соғысының шығыны күн санап, артып барады.  

Соның дәлеліндей, осы аптада РФ Энергетика министрлігі 2023 жылы Ресейдің мұнай өндірісін арттырып, 527 миллион тоннаға жеткізетінін жариялады.

Энергетика министрі Николай Шульгиновтың айтуынша, жыл басындағы жоспарда бекітілген өндірістің болжамдық көрсеткіштері биылғы күзде өзгеріп кетті. Яғни, Путин үкіметке қара алтынды көбірек өндіріп, өткізу міндетін қойған.

Нәтижесінде, Ресей 2023 жыл қорытындысында кем дегенде 527 млн тонна мұнай өндіріп, сатуға тиіс. Алайда соның өзінде бұл былтырғыдан кем болады: 2022 жылы РФ 535 млн тонна қара алтынын шетелге, соның ішінде Еуропаға сата алған. Батыс елдері газға қарағанда, орыс мұнайын сатып алуды тек биылдан бастап қана елеулі шектеді. Сондықтан көрші жаңа нарықтар іздеп жатыр.

Ресей Украинада кең ауқымды соғыс бастағалы Арктика арқылы мұнай тасуда. 2022 жылы мұзда жүзу үшін арнайы нығайтылған "Василий Динков" кемесі Қытайға мұнай алып өтті.

Kpler дерегінше, 2023 жылы нығайтылған мұзды сыныптағы 10 танкер шың еліне орыстың қара алтынын тасумен айналысуда. Бүгінде олардың ізімен Мәскеу нығайтылмаған, қарапайым танкерлерді аттандырып отыр. Сөйтіп, РФ Украина аумағы сыртында Арктиканы да былғап, планетамыздың ластануына "сүбелі" үлесін қосып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу