Ресей тарихында ешқашан болмаған тапшылық басталды

3176

Ресейде кеңес кезінен бері халықтың екінші наны аталып кеткен картоптың өткір тапшылығы басталды.

Ресей тарихында ешқашан болмаған тапшылық басталды Фото: canva.com

Салдарынан, оның жоғарғы құны 1 келісі үшін 300 рубльден (шамамен 2 100 теңге) асып кетті. Кейбір торттың келісі бұдан арзан тұрады.

Ақпарат құралдарының жазуынша, мемлекет оны Қазақстаннан және Мысырдан көптеп тасудың жолдарын қарастыруда. Ресейлік фермерлер РФ-тің өзі өндірген өнім таусылғанын мәлімдеді.

"Биылғы сәуірде картопқа қатысты жағдай тәуір болмай тұр. Ол дәл қазіргідей ел тарихында ешқашан осынша қымбат тұрған емес. Тұрғындар тіпті келісін 100-120 рубльден тапса қуанады, бұл баға жаңа нормаға айналды. Ол аз болғандай, табылғанның өзінде шетінен шірік болып шығады. Кезіндегі ең арзан көкөніс, біздің асыраушымыз әлемнің арғы шетінен тасылатын бананнан әлдеқайда қымбат тұратын күнге қалай жеттік?", – деп ресейлік отбасылардың күн тәртібінде күйіп тұрған басты сұрақты қойды петерборлық "Фонтанка" газеті.

РФ Картоп одағы сарапшыларының айтуынша, жауап қарапайым, РФ-тың өзі өсірген картоп бітті. Импорттығы бұрынғыдан көп қымбат бағамен келіп жатыр. Салдарынан, бұл өнімнің келісінің төменгі бағасы 120 рубльге жетті (825 теңгеден жоғары).

Бір-екі саудагер өзара ымыраласып, бүкіл елдегі бағаны көтере алмайды. Салада бұрыннан бәсекелестік орасан зор. Өндірушілер мен импорттаушылардың тізімінде мыңдаған компания бар. Егер оның бірі бағасын көтеріп жіберсе, бақталастарына жем болады, дүкендер одан теріс айналып, нарықты басқасы жайлап алады.

Ал, ірі сауда желілері дәл осы картоп бағасын ең төменгі шамада, кейде тіпті өзіндік құнынан да арзан қояды. Өйткені ол "зәкірлік тауар" саналады, қарапайым бұқара тұрақты сауда жасау үшін қандай да бір дүкенді таңдағанда, көбіне онда картоптың қанша тұратынына қарап, бағдарланады.

Сол себепті, жылдың кез келген маусымында, әсіресе, қыс пен көктемде сауда орындарының қоймаларындағы осы тауардың қоры әрдайым мол болады.  

Сарапшылар мұның бәрі қалыпты жағдайға тән екенін қаперге салады. Ендігі ахуал өзгерек. Мұнда картельдік құпия ымыраласу да қажет болмады, сондықтан Федералдық антимонополиялық қызмет тиісерге қара таппай, үнсіз отыр. Үкімет те қазіргі рекордтық баға – нарықта қалыптасқан шынайы жағдай екенін мойындады.

Картоп одағы бір мәселеге назар аудартты. Кеңес кезінен айырмашылығы сол, қазіргі тұтынушы кез келген өнімді таңдап алады. Үйбикелер өткен замандағыдай ұсақ-түйек картопты аршуға құлықсыз.

Клиенттің қалауына құлдық ұрған ретейлерлер сатып алмас бұрын фермерді картобын мөлшеріне, қалыбына, сұрып-сортына қарай іріктеуге мәжбүрлейді. Бұл шарттар сондай-ақ өнімнің сөреде тауарлық сипатын сақтауына және ұзақ сақталуына да әсер етеді.

Соның кесірінен делдалдар, сауда желілері күзде алмай қойған картоптың қалдығын агроөнеркәсіп кәсіпорындары малға берді, немесе ол алқапта шірді. Қыс өтті, қоймалардағы "кондициялық" күйдегі картоп түгесілуге таяды.

Өз кезегінде "Росстат" былтыр Ресейде картоп жөнді шықпай қалғанын еске салды. 2024 жылы бүкіл РФ-та, шаруашылықтың барлық санаттарында небәрі 17,83 миллион тонна картоп жиналған.

Бұл 2023 жылдан 11,9%-ға аз. Алдыңғы жылы Ресей бойынша 20,241 млн тоннасы алынған болатын.

Яғни, былтыр жинаған бүкіл өнімін Ресейдің әрбір тұрғынына шаққанда бір адамға жылына 122 келіден келген. Бірақ әлгінде айтылғандай, өндірілгеннің тек таңдаулы бір бөлігі ғана сөрелерге дейін жетеді.

Оның үстіне "Росстат" өткен жылы жиналған 17,83 млн тонна картоптың басым бөлігі немесе 10,528 миллион тоннасы – тұрғындардың шаруашылығында, саяжайларда, үй жанындағы он сотық бақшада өсірілгенін жеткізді. Олар дүкен сөресіне түсе бермейді, өсірушінің өзі тұтынады, әрі кетсе, трасса бойында сатады.

Салдарынан, Ресейде жан басына шаққанда тұтынылатын картоп көлемі жыл сайын құлдырауда. Егер кеңес кезінде 200 келіге дейінгіні құраса, 1993 жылы – 127 кг, 2000 жылы – 109 кг, 2013 жылы – 94 кг, 2021 жылы – 84 келі, бүгінде 54-55 келіге дейін құлады.

Сарапшылар содан бұқараның негізінен нан мен майға күні қарап қалғанын айтады. Көршіде сары майдың ұрлығының еселеп артуы, дүкендердің майды құлыпталатын шыны шкафтарға тығуы, бұл тауарға "Антикражка", "Антивор" аталатын датчик-клипсалар тағылуы бұл байламның дұрыстығын көрсетеді.

"Известия" жазуынша, мәскеулік Балашихада 83 пәшке майды жымқырып кеткен ұры ұсталды. Бұған полиция жасақтарының оқиға орнына жедел жетуі арқасында қол жеткізілген. Мәскеудің тағы бір супермаркетінен қаскөйлер 25 қорап ақ, сары майды үптеп кетті. Қызметкер әйел олардың бірін тоқтатпақ болғанда, соққыға жығылған.

Абакан қаласында еркек дискаунтерді бұзып, 50 қорапша майды жымқырды. Оны полиция іздеп жатыр. Петрозаводскіде 19 жасар бозбала 12 қорапша сары майды қымқыруға талпыныс үстінде қолға түскен. Астраханда еркек 4 қорапша майды қалтасына зытырған, оны байқап қалып қайтармақ болған сатушы әйелді ұрып тастаған. РФ ІІМ бүкіл Ресей бойынша майды жаппай ұрлау тіркеліп жатқанын кәсіпкерлерге, ретейлерлерге ескертті.

Daily Карелия ендігі үміт импорттаушыларда екенін айтады. Биылғы жылы импорт көлемі былтырғыдан екі есе асып түседі деп күтілуде.

Жеміс-көкөністі көтерме көлемде жеткізуге маманданған ресейлік "Айбарус" компаниясының бас директоры Максим Донцов картоп тапшылығы соңғы екі аптада қатты күшейгенін айтады.

"Биылғы жылы жергілікті картоп күтпеген жерден күрт таусылып қалды. Бұрынғы жылдардағы сұраныс көлеміне бағдарланған импорттаушылар оны осынша ерте әрі көп мөлшерде жеткізуге дайын болмай шықты. Бұған Рамадан айы қосылды: 10 күн бойы Мысырға кемелерге жүктер тиелмеді", – деді Донцов.

Тосыннан Беларусь те Ресейге картоп экспорттаудан бас тартқан, сарапшы биыл ол көршіде көкөніс өзіне жетпей қалғанын мәлім етті.

РФ картоп одағы әдетте Мысырдан және басқа елдерден бұл өнім маусымаралық кезеңде келе бастайтынын хабарлады.

Одақтың аппарат басшысы Татьяна Губина тағы бір үрейлі жайтты нұсқады: 2024 жылы Ресей бойынша шынында небәрі 7,2 миллион тонна картоп қана қоймаларға жеткен! Бұл 2023 жылғыдан 12,4%-ға аз және әрбір ресейлікке шаққанда небәрі 49 келіден ғана келеді.

Оның үлкен бөлігін үлпек-хлопья, крахмал, картоп фри, чипсы, қаптамадағы суп және басқа өнімдер шығару үшін кәсіпорындар алып қоятынын ескергенде, дүкен сөрелеріне жететін үлесі тіпті азаяды.

Бұған қоса, Губина инфляцияның артуы және санкциялар аясында картоп өндірісінің өзіндік құны өсіп кеткенін нұсқады.

Сонымен қатар, табыстылық-рентабелділігінің төмендігіне байланысты біраз аграршы картоп егістігін қысқартқан немесе одан мүлдем бас тартқан. Оның орнына майлы дақылдарды, қант қызылшасын өсіруге ден қойды.

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, Ресейде 2024 жылы қолайсыз ауа райына байланысты картоптың шығымдылығы мардымсыз болды, әрі түйнектері ұсақталып кетті. Содан көлемі жақсы, сапалы картоп үшін супер-гипермаркеттер желілері арасында қызу бәсеке туындады. Бұл да бағаның шарықтауына түрткі.

Таяуда антимонополистер сауда желілерінің өкілдерін жинап, картоптың формасына, көлеміне, сапасына және қапталуына қатысты қатаң талаптарын жұмсартуды және сол арқылы ассортиментті кеңейтуді талап етті.

PotatoesNews мамандандырылған порталының хабарлауынша, әлемде сұраныстың өсуіне байланысты шөл далада орналасқан Мысыр картоп өндірісін күрт арттырды.

Нәтижесінде, 2024 жылдың қорытындысында Мысыр 7 миллион тонна картоп өндірген. Былтыр оның 1 миллион тоннасын экспортады. Бұл ретте 80%-ы – асүйлік картоп, 20%-ы – өнеркәсіптік сұрыптар болды.

Салыстырсақ, бұдан бұрынғы жылдары Мысыр 750 мың тоннадай картоп экспорттайтын. Осы орайда ресейлік басылымдар мысырлық картоптың бағасы 1,5 еседей қымбаттағанын келтірді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабаралуынша, 2025 жылдың 28 қаңтарынан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге картоп шығаруға тыйым салынды.

Өйткені 2024 жылдың қорытындысы бойынша өзге елдер 605 мың тоннаға жуық картобымызды импорттап, алып кеткен. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен (411 мың тонна) 1,5 есе артық! АШМ бұл көрсеткіш соңғы 10 жылдағы рекордтық деңгейге жетіп, ішкі нарықтағы бағаларға айтарлықтай әсер еткенін айтады.

Дегенмен, министрлік бұл 6 айлық шектеудің Ресейге қатысы жоқтығын нақтылады. Шектеу Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне таралмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу