Ресей-Украина тайталасы үлкен соғысқа ұласуы мүмкін бе?

6534

Донбасста әскери жанжал күшейген шақта, Ресей Украина шекарасы маңына мыңдаған жауынгер аттандырып отыр.   

Ресей-Украина тайталасы үлкен соғысқа ұласуы мүмкін бе?

Украина мен Ресей үкіметтерінің сейсенбідегі мәлімдемелеріне қарағанда,   Украинаның шығысында бірнеше айдан бері саябырсыған соғыс соңғы күндері қайта ушығып кетті.

Биылғы жылдың ең жойқын шайқасында Донецк облысындағы ресейшіл сепаратистерге қарсы күресте төрт украин сарбазы қаза тауып, тағы біреуі ауыр жараланды. Жалпы алғанда, 2021-дің алғашқы үш айында-ақ Киев Донбасста 25 сарбаз жоғалтты. Салыстырып көрсек, мұнда былтыр бір жылда Украинаның 50 жауынгері мерт болған екен.

Әскерилердің қазасы мен Украина шекарасы маңында Ресей күштерінің шоғырлануы Донбасстағы жағдайға Еуропа мен АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінің де назарын ерекше аударып отыр. Өткен аптада АҚШ Қарулы Күштерінің Еуропадағы қолбасшылығы Ресей әскерінің Украинаға жақын орналасуына алаңдаушылық білдірді. Және де Пентагон бірнеше аптадан кейін Украинаға қолдау көрсету үшін Қара теңізге соғыс кемелерін аттандыру мәселесін қарастырып жатыр.

Донецк облысындағы артиллериялық және путеметтік атыстар осы жолы ерекше ұзақтау көрініп отыр. Әдетте "Байланыс сызығындағы" әскери жанжалдар күні бойы жалғаспайтын еді.

Бұл - Донбасстағы шиеленістің жалғыз ғана белгісі емес.Соңғы апталарда еуропалық бақылаушылар Ресей қолдаған тарапта жаңа қару-жарақты байқады. Ал, мәскеулік келіссөз жүргізушілер көптеген жылдар бойы жалғасып келе жатқан бейбіт келіссөздердің бұзылғанын ескертіп отыр.

Сейсенбіде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жақында Украинаның шығысында соғыс қимылдарының күшейгенін мойындап, олардың тіпті өршіп кетпейтініне "шын жүректен үміт" білдірді. Ресей президенті өкілінің айтуынша, жаңа ұрыс "бұрын қол жеткізілген қарапайым жетістіктерді жоқ қылуы мүмкін.”

Сейсенбіде Украина парламенті де шілдеде қабылданған атысты тоқтату туралы ымыраның бұзылғанын мойындай отырып, жанжалдың өршігені жөніндегі мәлімдемені мақұлдады. Ол құжатта "Ресей Федерациясының Қарулы күштері тарапынан оқ атулар мен әскери арандатулардың едәуір жиілегені" көрсетілген.

Сондай-ақ, мәлімдемеде Батыс үкіметтерін "Ресейге қарсы халықаралық саяси және экономикалық қысымды жалғастыруға және күшейтуге" шақыру бар. Бұның бәрі - Украина көптен бері талап етіп келе жатқан жайттар. Ал, Америка Құрама Штаттары мен оның еуропалық одақтастары Ресейге қаржылық санкциялар жариялай отырып, президент Владимир Путиннің сыбайластарын, банктер мен мұнай компанияларын да нысанаға алып келеді.

Ресейдің әрекеттеріне Вашингтондағы көзқарас әртүрлі

Кейбір америкалық шенеуніктер Ресей негізінен қылышын жалаңдатумен айналысып,  шабуылды қайта бастауға дайын емес деген пікірде. Дегенмен, өзгелері Путин мырзаның ниеті түсініксіз және оның АҚШ-тың жаңа президентін тексеруге арналған операциясы тез арада ауқымды соғысқа айналып кетуі мүмкін деп қауіптеніп отыр.

Осы аптада АҚШ-тың Еуропадағы қолбасшылығының басшысы, генерал Тод Уолтерс Ресей әскерлері Украина шекарасы маңынан әкетілмегендіктен, Құрама Штаттар қарулы күштерінің қырағылық деңгейін екі рет көтерді. Америкалық стратегтер наурыздың 23-де әскери жаттығулар аяқталғаннан кейін РФ армиясы Украина шекарасынан кетеді деп күткен еді.

Шекараға қанша қосымша орыс әскері жіберілгені туралы статистика әртүрлі. Кейбір деректерге жүгінсек, олардың саны - 4000-ға жуық. Ал, Киевке сенсек, Мәскеу Донбасс маңына 20 мыңдай жауынгер мен офицер аттандырды.

2014 жылы Ресей Қырымға басып кіргеннен кейін, ресейшіл сепаратистер мен украин жауынгерлері арасында мезгіл-мезгіл шайқастар болып тұрды. "Содан бері Путин Украина шекарасының қасында әскери жаттығулар өткізіп немесе ол жерге дивизия шоғырландырып, Киевке де, Батысқа да сес көрсетуден қорықпады", - дейді АҚШ әкімшілігінің өкілдері.

Кейбір болжамдарға қарағанда, Украинаның шығысында зорлық-зомбылықтың қайта күшеюі және осы маңға Ресей әскерінің орналасуы - Мәскеу үшін Байден әкімшілігінің Украинаға деген адалдығын тексеру тәсілі де болуы мүмкін.

"Сес көрсету арқылы Кремль Американың жаңа әкімшілігін сынап жатыр. Дегенмен, Ресей Украинада бейбітшілік орнатуға мүдделі емес және ол көршісін  мүмкіндігінше тұрақсыздандырғысы келеді", - дейді отставкадағы генерал-лейтенант әрі АҚШ армиясының Еуропадағы бұрынғы Бас қолбасшысы Фредерик Ходжес "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұқбатында.

Қаңтарда Путинмен телефон арқылы сөйлескенде, Байден Украинаның егемендігінің маңыздылығына назар аударды. Бірақ, содан бері Ақ үй басшысы Украина президенті Владимир Зеленскийге хабарласпады. Бұл жағдай Американың жаңа басшылығы Донбасстағы жанжалды шешуге қаншалықты мән береді деген сұрақ туындатты.

Алайда, Украинаның шығысындағы ахуал шиеленіскен шақта, Байден әкімшілігінің Киевке реакциясы көрініс бере бастады. АҚШ президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан дүйсенбіде Зеленскийдің бас кеңесшісі Андрей Ермакпен сөйлесті. Бұл турасында Ақ үй хабарлап отыр.

Батыс үкіметтеріне сенсек, Ресей сепаратистерді заманауи қарулармен, оқ-дәрілермен және сарбаздармен қолдап отыр. Алайда, Мәскеу мұны үнемі жоққа шығарып келеді.

Донбасста ресейшіл көтерілісшілер мен Украина армиясы арасындағы Байланыс сызығының екі жағындағы ауылдар мен қалаларды Батыс пен Ресей саясаты да бөліп тұр. Сондықтан, бұл линияны кейде "жаңа Берлин қабырғасы" деп те атайды.

Украина, Ресей және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының өкілдері шілдеде атысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізді және сол кездесулер нәтижесінде жасалған ымыра соңғы жеті жылда қол қойылған ондаған бітімнің бәрінен де ұзаққа созылды. Ал, 2018 жылдан бері Донбасста оқ атпау туралы сегіз келісім бұзылған екен.

Соғысқа екі жақ та мүдделі емес?

Бүгінде Украина президенті Владимир Зеленскийдің халық алдындағы беделі 2019 жылы билікке келгендегі деңгейде емес. Оның шығыстағы соғысты тоқтатамын деген уәдесі орындалмады, коммуналдық қызмет қымбаттап, пандемия экономиканы теңселтіп, вакциналау науқаны кенжелеп отыр. Сондықтан, мемлекет лидерінің рейтингі оппоненттерінен бірнеше пунктке ғана асып, оның "Халық қызметшісі" партиясы екінші орынға түсіп қалды. Осындай шақта Зеленский өзінің ішкі және халықаралық беделін көтеру үшін антиресейлік риторикаға көшкен. Кремль бұған дайын болып шықты.

Бақылаушылардың ойынша, Киев Донбассты қайтару үшін шабуыл бастайтын болса, Ресей әскерінің елге басып кіруіне жол ашылып, Зеленскийдің рейтингі одан сайын құлдырауы ықтимал.

Украинамен соғысып, Ресейдің де абырой табуы екіталай. 2014 жылы жағдай қазіргіден де қорқынышты болса да, Кремль күткендегідей, Украина мемлекеті күйремеді. Оның үстіне, соңғы кездері жүргізілген сауалнама қорытындыларына қарағанда, Ресей қоғамы Кремльдің сыртқысаяси авантюраларынан шаршағандықтан, Украинаға басқыншылықты мүлде қолдамас еді.

Бұған қоса, Қырым мен материктік Ресейді жалғастыратын құрлықтық көпірді басып алу идеясы ескірді. Мәскеу 2014 жылдан бері түбектің мұқтаждықтарын өтеу үшін теміржолдан бастап, электр желілеріне дейінгі талай инфрақұрылымдық жобаға миллиардтаған доллар жұмсады. Әрине, қазір Қырымда су тапшы. Бірақ, бұл проблеманы шешу үшін міндетті түрде соғыс қажет емес деген пікір бар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу