"Ресей Украинадағы қырғынды Арменияда қайталауы мүмкін"

5975

Әзербайжанмен және Түркиямен татуласуға, Еуропамен ынтымақтастыққа бет бұрған Армения халқы енді Мәскеу қастандық жасауы ықтимал деп алаңдап отыр. 

"Ресей Украинадағы қырғынды Арменияда қайталауы мүмкін" Фото: РИА новости

Армян әлеуметтанушысы Карен Саргсянның айтуынша, Арменияда Украинаны жақтайтын азаматтар саны көбейіп келеді. Ноян Тапан сияқты белгілі блогерлер "Украинаның даңқы арта берсін!" деп келетін танымал ұранды өз эфирлерінде ашықтан ашық айтатын болған. Әрине, Ресейді жақтаушылар қарасы әзірге қалың. Бірақ басқа бағытқа бет алғандар санының арту үрдісі қарқын алған. Беларусьтен кейінгі Ресейдің ең сенімді серігінің бұл бетбұрысына не себеп?

Әзербайжан мен Армения тарихи "бейбітшілік келісіміне" қол қоюға әзірленіп жатыр. Бұған армян оппозициясы қарсы. Себебі оның ең маңызды бөлімі – 1991 жылғы Алматы декларациясы негізінде екі елдің бір-бірінің территориялық тұтастығын және егемендігін мойындауы болуға тиіс. Армения үшін бұл Таулы Қарабақтан және ол аумақта армяндар құрған Арцах квазиреспубликасынан бас тартуды білдіреді. Оның бәрі Әзербайжанға қайтарылады. Отыз жылдан астам уақыттан бері территориясының 20 пайыздайы оккупацияланған Әзербайжан қайтадан аумақтық тұтастығы мен жерінің бүтіндігіне қол жеткізуге жақын тұр. "Novaya Gazeta. Europe" репортажында айтылғандай, армяндар бұл жеңілісіне кімнің кінәлі екенін бірауыздан атап көрсетеді: "Арменияны Ресей сатып кетті".

Армян-әзербайжан қақтығысы 2020 жылдың күзінде ушыққан болатын. Сол жылғы қыркүйек-қараша аралығындағы қарулы жанжал 1994 жылы Қарабақ соғысы аяқталғалы бергі ең кең ауқымды шиеленіске айналды. Оны тараптар Екінші Қарабақ соғысы (әзербайжанша, İkinci Qarabağ müharibəsi) деп атап жүр. 2020 жылғы 27 қыркүйекте армян тарапының атқылап, өз жауынгерлерін қыра бастауына жауап ретінде Әзербайжан, Түркияның қолдауымен "Темір жұдырық" ("Dəmir yumruq") контршабуылдау операциясын бастады. Қыркүйек-қазандағы сұрапыл соғыс нәтижесінде Әзербайжан армиясы Джебраил қаласын және Гадрут кентін азат етті. Содан соң армян майданы жайрап қалды. Израильдік дрондармен және түрік қаруымен жақсы жарақтанған әзербайжандар тегеурінін арттырып, кеңестік-ресейлік қару-жарақпен қаруланған армениялық әскерді түре қуды: Физули, Зангелан, Губадлы қалалары және басқа да елдімекендерді өз қолына көшірді. Соңғы шайқас стратегиялық маңызды қала Шуша үшін жүрді. Әзербайжан жағы жеңді. Алайда ортаға киліккен Мәскеу сол кездегі халықаралық беделін, Түркиямен одақтастығын пайдаланып, Әзербайжанның жеңісті жолын тыйды. Сонда біраз аумақтан айырылып қалғанына азаланған армяндар Ресейдің жедел көмекке келмегеніне өкпе айта бастады.

Ал Ресейдің Украинадағы соғыста оңбай жеңіле бастауы Әзербайжан мен Түркияның бірлескен армиясының Таулы Қарабақты толық азат етуіне жол ашты. Қарсыласын тырқырата қуған әзербайжан-түрік әскері таяуда тіпті Армения жеріне де басып кірді. Яғни Армения байтал түгіл, бас қайғы жағдайда. Бітімге бас имеске амалы жоқ.

2022 жылғы қыркүйекте Ереван көшелеріндегі қалың нөпір халық жиналған шерулерде Ресейге қарсы ұрандар алғаш рет кең ауқымда айтылды. Армяндар көшеге Ресейге қарсы үнпарақ, транспаранттар көтеріп шықты.

Армения халқы түк пайдасы жоқтығын көрсеткен ҰҚШҰ-дан шығуды өз билігінен талап етті. Оның орнына НАТО-ға мүше болу ұсынылды.

Ақыры 2022 жылғы 6 қазанда Прагада өткен еуропалық саммитте Әзербайжан мен Армения Еуропалық кеңестің араағайындығымен бітімге келді. Енді Армения Әзербайжанмен арасындағы шекараға Еуропалық миссияның орнығуына рұқсат етіп отыр. Осы миссияның орналасатын жерін анықтайтын және шекарадағы ахуалды бағалайтын еуропалық техникалық топ қазір Армения мен Әзербайжанға келіп, жұмысқа кірісіп те кетті. Ал екі ел арасындағы шекараны делимитациялайтын комиссия таяуда Брюссельде жиналады.

Киевтегі майданға ұқсатып (украина тіліне түрік және парсы тілдерінен енген бұл сөз алаң дегенді білдіреді), ресейлік пропаганда "армянский майдан" дегенді шығарды. Олардың байламынша, Арменияның украиналық жолды таңдауы бұрын басталған көрінеді. 2018 жылы Армения Кремль ілгерілеткен президент Серж Саргсянның елдегі билікті басыбайлы иеленуіне қарсы көтерілді. Оның соңы "барқыт революциямен" аяқталды: Конституция өзгертіліп, елді Президент емес, Үкімет басшысы басқаратын болды. Премьер-министр биік лауазымына шерушілердің лидері Никол Пашинян сайланды. Бірақ ол кезде армяндар Ресейге қарсы ұрандар көтермеген.

Ресей армяндардың өзіне деген өшпенділігін негізсіз санайды. Заң бойынша ҰҚШҰ-ның талаптары Таулы Қарабақ аумағына таралмайды. Ол Арменияның жері емес. Ал әлем мойындамаған Арцах республикасы ҰҚШҰ-ға мүше емес. Бірақ армяндар Түркияның ешқандай ұқшұ-мұқшұсыз бауырлас әзербайжандарға көмекке келгенін алға тартады. Яғни Мәскеу діндес, одақтас Арменияның мүддесін жан сала қорғауға тиіс еді деп кінә тағады.

Оның үстіне Ереванды бейбітшілікке көндіру үшін қарсылас Арменияның өзінің Горис, Джермук, Варденис, Сотк қалаларын шабуылдады. Себебі сол жақта Армениядағы әзербайжандық эксклав Нахичевани орналасқан. Қаласа, Әзербайжан оны эксклавтан өз аумағының шетіне айналдыра алады.

Сонда да Мәскеу үнсіз қалды. Украинаны тізе бүктіре алмаған Кремльдің зілді үн қатуға шамасы да жоқ еді. Мәскеуде орналасқан ҰҚШҰ біріккен штабының басшысы Анатолий Сидоров Арменияның бірнеше рет жалына сұраған өтінішіне жауап ретінде ұйым тарапынан ешқандай әскери көмек болмайтынын мәлімдеді.

Оның орнына 19 қыркүйекте Ереванға АҚШ Конгресінің спикері Нэнси Пелоси келіп, қолдау көрсетті. Сонда Армения жұртшылығы жылдар бойы жалғыз Ресейге иек арту қателік болғанын, одақтастарды Батыстан, НАТО-дан табуға болатынын түсінді. Батыстың араласуымен Әзербайжан бітімге келді. Олай болмағанда, Ереванға дейін жетуі мүмкін еді.

Қазіргі кезде жетекші армян ақпарат құралдары қарсылас ел шетіне басып кіргенде де ден қоймаған ҰҚШҰ ұйымынан кету керек деген идеяны ашық ілгерілетіп жатыр. Егер осы қадамға барса, Армения тек ұйымнан шығып қана қоймай, Мәскеуден де іргесін аулақ салады. Оның ар жағында Еуразиялық одақтағы мүшелігін тәрк ету тұр. Себебі биылғы 6 қазанда Еуропалық Одақ Арменияны экономикалық және саяси серіктесі ретінде өз саммитіне шақырды. Армения кетсе, Еуразиялық одақ та ыдырауы мүмкін. Өйткені одан шығуды Қазақстан мен Қырғызстанның бірқатар саясаткерлері мен сарапшылары қолдайды.

Ресейде "иноагент" атанған журналист Ирина Тумакованың айтуынша, Армениядағы митингілерде қазіргі уақытта "Путин, агрессия, ОДКБ, пропагандисты" деген сөздерді жиі естуге болады. Бұл сөздердің ерекше екпінмен, экспрессиямен айтылатыны сонша, жиналған жұрт арқасы қоза айғайлап, даурығысып кетеді.

"Зейнеткер Левон: "Ресейдің өзі, Ресейдің билігі бізге қарсы. Бүгінде Армения тұрғындарының көбі солай айтады. Ресей барлық заманда Арменияны алдап келді. Біздегі барлық байлықты алып қойды. Оның орнына Ресей бізге бейбітшілік, бостандық, Қарабақ жерін әкелуге тиіс еді. Олай болмады", – деді. Арменияда енді жұрттың көбі орысша сөйлескісі келмейді, менің орыс тілінде қойған сұрақтарыма көшедегі жұрт жауап бермей, қабағын түйе қарап, қолын бір сілтейді. Тілдесуге келіскен армяндардың байламынша, Ресей одақтас емес, ол көршілерін құлдықта ұстауға ұмтылған мемлекет", – деп жазады журналист.

"Міне, мен сізбен орысша сөйлесіп тұрмын. Мен армянмын. Бірақ бала кезімде ана тілімде білім алу орнына, орыс мектебіне баруға мәжбүр болдым. Орыстандыру саясаты қоғамды соған итермеледі. Енді адамдарымыздың көзі ашылды. Он бес жылдай бұрын Ресейге қарсы әлдекім бірдеңе дей қалса, жұрт оны жеп қоя жаздар еді. Бүгінде Армения сол қателігін түсіне бастады", – деп мәлімдеді журналистке Артос есімді жергілікті тұрғын.

Артос Армения халқы 2018 жылы билікті ауыстырғанда, демократия, тәуелсіздік, еркіндік ұранын көтерген Никол Пашинянға үлкен үміт пен сенім артқанын жеткізді. Бірақ ол ел сенімін ақтамаған.

"Бастапқыда демократия мен еркіндік қозғалысына көшбасшы болған Пашинян ізінше қарама қарсы бағытқа түсіп кетті. Ол Мәскеумен достық сақталатынын, Армения геосаяси векторын ауыстырмайтынын мәлімдеді. Премьер-министрдің одан басқа амалы жоқ. Армения халқы Ресейдің еркіндік аңсаған Украина халқын қанға бөккенін көріп отыр. Армения Мәскеуден азаттық алса, Ресей сол үшін оны да жазалайтынын түсінеміз. Бірақ Таулы Қарабақтан айырылған соң, қорқатын ештеңе қалмады", – деді Артос.

Армян басылымдары мен сарапшылары Армениядағы ресейлік базаны жабуды ұсына бастады. Олар РФ базасы орналасқан ғимаратты кезінде Америка армян жетімдері үшін салғанын еске түсірді. "Ондағы нашар қаруланған 5 мың ресейлік солдат түріктің заманауи армиясына бір секунд да қарсы тұра алмайды" деген жорамал да айтылды.

"Журналистер адам құқығы үшін" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанна Алексанян қазір армяндар "Русастан" (Ресейдің армянша атауы) деген сөзді негізінен жеккөрінішпен айтатынын жеткізді. Оның пайымдауынша, армяндардың санасы Ресейден арылып жатыр. Тіпті Парламенттегі Пашинянның партиясының депутаттары да ҰҚШҰ ұйымынан шығу қажеттігін мәлімдеген.

Саясаттанушы Армен Оганесян ҰҚШҰ-дан шығу және Ресейден аулақтау билік пен халық арасындағы келісімнің ұстыны болатынын айтады. Мәселе тек оны жүзеге асыру мерзіміне тіреліп тұр.

"Бізді Ресей бүгінде украиналық нұсқамен қорқытып жатыр. Кейбір дерек бойынша біздің премьер-министрдің алдына Кремль екі нұсқа жазылған сценарийді қойған. Не Беларусь, не Украина нұсқасы. Бірін таңда. "Беларусь" дегеніміз Қарабақсыз, Зангезур дәлізінсіз қалған Арменияның Мәскеуге толық тәуелді болуын білдіреді. "Беларусь" нұсқасына армяндар ешқашан келіспейді, біздің дүниетанымымыз басқаша. Мен Никол Пашинян үкіметін сынаушылардың бірімін. Бірақ ол елдің азаттығы мен еркіндігін қорғау жолына түссе, алғы шептегі сапқа тұратынның бірі боламын. Ал "украиналық нұсқа" онсыз да жүзеге асуда: Қарабақтан айырылып қалдық. Бес мыңнан астам жауынгеріміз жер жастанды", – дейді Армен Оганесян

Әрине, РФ пропагандасы Арменияны Украинадай жазалау керек деп қанша қорқытқанымен Ресей оған әзір шабуылдай алмасы анық. Өйткені ортақ шекарасы жоқ. Ал 5 мың бітімгершіл солдаты ондай "арнайы операцияға" жетпесі сөзсіз.

Қазір күш алған Әзербайжан тек Қарабақты алумен шектелмей, Армениядағы эксклавына апаратын Зангезур дәлізін оның айналасындағы жерлермен бірге өзіне беруді талап етуде. Егер бұл мақсатына жете алса, Әзербайжан армян еліндегі қалың диаспорасымен – Нахичеван автономиясымен еркін араласып қана қоймай, сондай-ақ бауырлас Түркиямен тікелей байланыса алады. Осылайша, Кремльдің соғысын әр ел өз қажетіне жарата бастағанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу