Ресейдің газы тығырықтан шығармайды – Бақтықожа Ізмұхамбетов

3444

Үкімет елдің солтүстігі мен шығысын газдандыру үшін Ресейге иек артатын секілді.  

Ресейдің газы тығырықтан шығармайды – Бақтықожа Ізмұхамбетов Фото: google.com

Әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты қазір газ мәселесі алдыңғы орынға шықты. Бұл мәселе біздің ел үшін де өзекті. Өйткені, ел Үкіметі республиканың газдандыру деңгейін ұлғайтуға мүдделі. Әзірше бұл көрсеткіш 59 пайызды құрап отыр. Ал биылғы меже – 60 пайызды еңсеру, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. 

Үкіметке міндет жүктелген соң, тапсырма қалайда орындалуы керек. Сондықтан Энергетика министрлігі жыл соңына дейін газдандыру деңгейін 60 пайызға жеткізу үшін елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыруға қатысты мәселені бір жақты етпек. Әзірше екі нұсқа пысықталып жатыр. Біріншісі – "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының екінші және үшінші кезеңдерін салу. Екіншісі – Ресей газына иек арту. 

"Ресей Федерациясымен Павлодар қаласына тармақталған "Барнаул-Рубцовск-Семей-Өскемен" магистральдық газ құбырын салу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Өскеменге тармақталатын "Омбы-Павлодар-Семей" газ құбырын салу мүмкіндігі қарастырылуда", – деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов. 

Аңғарғанымыздай, министрлік екінші нұсқаны таңдауы әбден мүмкін. Біріншіден, Б.Ақшолақов айтқандай, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Екіншіден, министрліктің алқа отырысында Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыруға қатысты мәселені осы жылдың бірінші тоқсанында біржақты етуді тапсырды. Яғни, шешім жазға дейін қабылданады. Үшіншіден, Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған мақалаларға көз жүгіртсек, Қазақстан екінші нұсқаны таңдайтын сыңайлы. 

Біз аталған мәселе бойынша еліміздің бұрынғы Энергетика министрі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің пікірін сұрап білген едік. 

"Әрине, отандық газды тартқан тиімді болар еді. Алайда оған елдегі газдың қоры жеткіліксіз. Міне, мәселе қайда жатыр. Оның үстіне газ құбырын солтүстік өңірге дейін тартуға қыруар қаржы керек. Ресейден газ алу да тығырықтан шығар жол емес. Себебін түсіндірейін. Біріншіден, тариф жоғары болады, яғни қымбатқа түседі. Екіншіден, өзге мемлекетке жалтақтап, солардың ойын ережесімен жүруге тура келеді. Бұған Каспий құбыр консорциумына қатысты жағдай жарқын мысал бола алады деп ойлаймын. Сондықтан өз басым Ресейдің газын тұтынуды құптамаймын. Мәселені шешу үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу керек. Өкінішке қарай, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға көңілім толмайды. Қазақстанда барлау жүргізілуге тиіс аумақ өте көп. Бәлкім, газдың да мол қоры табылып қалар", – дейді Бақтықожа Ізмұхамбетов. 

Сондай-ақ мәселені реттеудің бірден-бір жолы – газ экспортын азайту. 

"Еліміз газ экспортын біртіндеп азайтып келеді. Дұрыс. Газдың игілігін алдымен өзіміз көруіміз керек. Оның үстіне газды экспорттау тиімсіз. Оның мультипликативті әсері мол. Біріншіден, халық көмірмен салыстырғанда газға ақшаны әлдеқайда аз төлейді. Екіншіден, адамдар көмірдің бейнетінен арылады. Үшіншіден, ауа ластанбайды. Газ экологиялық тұрғыдан тиімді. Төртіншіден, экономиканың түрлі салаларына серпіліс береді. Мәселен, газ тартылған жерде жылыжай ашу ешқандай қиындық тудырмайды. Сондай-ақ газ өндірістік орындардағы жылыту мәселесін жеңілдетеді", – дейді ол. 

Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандыру деңгейі 59 пайызды құраған. Өңірлерде 96,1 млрд теңгеге 142 газ жобасы іске асырылған. Бұл 107 ауылдық елді мекендегі 285 мың азаматтың табиғи газға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

"Газ тасымалдау жүйесінің одан әрі дамуын айқындайтын Қазақстан Республикасын газдандырудың 2022-2030 жылдарға арналған Бас схемасы өзектілендірілді. 2023 жылы бюджеттік инвестициялардың жалпы сомасы 74 млрд теңгеге 86 жобаны іске асыра отырып, халықты газдандыру үлесін 60 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл 56 ауылдық елді мекендегі 167 мың азаматты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, республиканың 11,4 млн азаматы газға қол жеткізе алады", – дейді Болат Ақшолақов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу