Ресейдің шектеуі бізге әсер етпейді – АШМ

4083

Іргедегі көршіміз минералды тыңайтқыштар экспортына тыйым салғалы жатыр. 

Ресейдің шектеуі бізге әсер етпейді – АШМ

Батыстың сансыз санкцияларынан сансырап қалған Ресей Федерациясы жауап ретінде түрлі айла-шарғыға бара бастады. Мәселен, солтүстіктегі көршіміз минералды тыңайтқыштар экспортына тыйым салмақ. Ресейдің әлемдік нарықтағы көшбасшы екенін ескерсек, бұл жағдай Еуропа елдерін, Азия мен Америка мемлекеттерін тығырыққа тіреуі мүмкін. Мұның салқыны қазақ шаруаларын да айналып өтпесі анық. Әсіресе, көктемгі дала жұмыстары басталар шақта бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін түсіне беруге болады.

Әңгіме қайдан шықты дейсіз. Осыдан бірер апта бұрын Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігі өз өндірушілерін минералды тыңайтқыштар экспортын шектеуге шақырды. Олар бұл қадамды шетелдік логистикалық компаниялардың Ресейге жасаған қысымымен байланыстырды. Министрліктің ұстанымы – "тасымалдаушылар қалыпты жұмысқа оралып, ресейлік тыңайтқыштардың экспорттық жеткізілімін толық көлемде орындауға кепілдік берілгенге дейін экспортты тоқтатқан дұрыс".

Геосаяси жағдайға байланысты логистикалық компаниялардың Ресейден жөнелтілетін жүктерді тасымалдаудан бас тартып жатқаны белгілі. Жүктердің қатарында минералды тыңайтқыштар да бар. Осының салдарынан биыл біршама ел тыңайтқышсыз қалуы мүмкін. Бұл дегеніміз Батыс және Шығыс Еуропа, Латын Америкасы, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері өнім ала алмай, азық-түлік тапшылығымен бетпе-бет келуі ықтимал. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Өйткені біздің ел минералды тыңайтқыштардың біршама бөлігін Ресейден алып отыр.

Ресми дерекке сүйенсек, Ресей – минералды тыңайтқыштар жеткізу бойынша әлемдегі үздік үш мемлекеттің қатарында. Мәселен, былтыр Ресейде 24,9 млн тонна минералды тыңайтқыш өндірілген. Оның шамамен 65 пайызы экспортқа шығарылыпты. 22 пайызы Еуроодақ пен АҚШ-қа, 7 пайызы Қытайға жөнелтілген. Еуроодақ пен АҚШ импорттық тыңайтқыштың 11-12 пайызын Ресейден алып отыр. Қазақстан Ресей үшін ірі нарық болып саналмайды. Бірақ бұл жағдай біздің шаруаларды алаңдататыны жасырын емес.

Біздің елде минералды тыңайтқыштарға екі министрлік жауапты. Ауыл шаруашылығы министрлігі минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялау бағдарламасын іске асырса, минералды тыңайтқыштарды өндіру, өткізу, экспорттау-импорттау Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне жатады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейден келетін минералды тыңайтқыштарға шектеу қойылмайды деп отыр. Өйткені солтүстіктегі көршіміз экспортқа қатысты шектеуді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерге енгізбек. Сондықтан Қазақстан нарығында ресейлік тыңайтқыштар еркін келе бермек. Деректерге сүйенсек, былтыр Ресей Федерациясынан біздің елге 463,9 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізілген. Оның ішінде азотты тыңайтқыштар – 308 мың тонна (оның ішінде аммиак селитрасы 213,2 мың тонна), калий тыңайтқыштары – 10 мың тонна, күрделі тыңайтқыштар – 145,9 мың тонна (оның ішінде аммофос 76,7 мың тонна). 2022 жылдың қаңтарында Ресейден 14,9 мың тонна өнім әкелініпті. Оның ішінде азотты тыңайтқыштар – 11,4 мың тонна, фосфорлы тыңайтқыштар – 0,003 мың тонна, калий тыңайтқыштары – 0,3 мың тонна, күрделі тыңайтқыштар – 3,2 мың тонна.

Белгілі болғандай, Қазақстандағы минералды тыңайтқыштар сұранысы отандық өндіріс пен импорттың есебінен жабылады. Ал республикада тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Олардың негізгілері – "Қазфосфат" ЖШС (аммофос) және "ҚазАзот" АҚ (аммиак селитрасы). 2021 жылы елімізде 640,8 мың тонна минералды тыңайтқыштар, оның ішінде 445 мың тонна азот және 195,8 мың тонна фосфор тыңайтқыштары өндірілген. Былтыр барлығы 603,8 мың тонна минералды тыңайтқыштар импортталды. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден – 470,3 мың тонна, басқа елдерден – 133,5 мың тонна жеткізілген. Негізгі импорттаушылар – Ресей (77 пайыз) және Өзбекстан (20 пайыз) мемлекеттері.

Министрлік Ресейдің минералды тыңайтқыштар экспортын шектеуі Қазақстанға аса қатты әсер етпейді деп сендірді. Өйткені Ресей Федерациясынан импортталатын тыңайтқыштардың негізгі түрлері (аммиак селитрасы және аммофос) Қазақстанда өндіріледі. Отандық зауыттардың өндіріс қуаттылығы тұтастай алғанда барлық ауыл шаруашылығы дақылдарында (аммиак селитрасы және аммофос) кеңінен қолданылатын тыңайтқыштар бойынша ішкі нарықтың қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді. Бұл ретте елімізде отандық шаруалар талап ететін аммоний сульфаты, карбамид, тыңайтқыштардың күрделі түрлері сияқты бірқатар тыңайтқыш өндірілмейтінін атап өткен жөн. Тыңайтқыштардың бұл түрі Ресей Федерациясынан бөлек Өзбекстаннан да әкелінеді.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу