Қазақстан нарығындағы екінші деңгейлі 32 банктің 13-і шетелдіктердің қатысуындағы қаржы ұйымдары болса, соның ішінде 11-і үлескер банктер. Олардың арасындағы "Сбербанк", "Альфа банкі", Хоум Кредит және ВТБ банктері ресейлік банктердің үлескерлері.
Берген қарызы көп болғанымен, "нашар несиелері" аз
Өткен жылдың ақпаны мен биылғы ақпан аралығында елдегі банк секторы жалпы қарыз портфелінің 12,6 пайызын, яғни 1,9 трлн теңге жоғалтты. Елдегі банк секторының несиелеу көлемі азайып жатқан кезде екі жылдан бері алғаш рет ресейлік үлескер банктер керісінше қарызды беруді көбейткен. Ресейлік үлескер банктерден қазақтардың алған қарызы былтырғы 1,3 тлрн теңгеден 12,4 пайыз ұлғайып, биыл 1,6 трлн теңгеге жеткен.
Ресейлік үлескер банктердің ішінде ең көп несие беруші – Сбербанк. Орыс банктерінің берген қарызының 70,3 пайызы осы банкке тиесілі. Бұл банктің бір жылда берген қарызы 22,8 пайыз көбейген.
Ал несиелік портфелінің өсім қарқыны ең жоғары банк ретінде Хоум Кредит банкі аталып отыр. Бұл банктың несие портфелі бір жылда 63,2% (77,2 млрд теңге) ұлғайған. Өсім қарқыны жағынан екінші орында Альфа банкі (58,5%). Ал ВТБ банкінің алдындағы қазақтардың қарызы 12,7 пайызға артқан.
ҚР Ұлттық банктің мәліметінше, төленбеген мерзімі 90 күннен асып кеткен "нашар несиелердің" үлесі Қазақстан бойынша 9,95 пайыз. Ал соның ішінде ресейлік үлескер банктердегі "нашар несиелердің" үлесі қазіргі таңда 9,6 пайызды құрап отыр. Жалпы республикалық көрсеткіштен анағұрлым төмен. Бұл дегеніңіз, ресейлік банктерден қарыз алушылар несиелік міндеттемелерін дер кезінде өтей алатын азаматтар екенін көрсетеді. Ал жекелей алғанда аталған көрсеткіш ең аз банк Хоум Кредит болып отыр. Бұл банктен алынған қарыздың небары 3,2 пайызы ғана "нашар несие". Ал Сбербанктің тоқсан күннен асқан алашағы 8,2 пайызды құрайды.
Халық ресейлік банктерге көбірек сенеді
Депозит нарығында да ұқсас жағдай. Республика бойынша халықтың банктерге салған депозиті айтарлықтай азайып кеткеніне қарамастан, ресейлік үлескер банктерге салынған қаражат көлемі көбейіп келеді. Мәселен, былтырғы ақпаннан бергі он екі ай ішінде халықтың депозиттегі ақшасы 6,1 пайызға азайып қалса, ресейлік банктерде жатқан депозиттің көлемі 17,4% ұлғайған.
Ресейлік үлескер банктердің көтерме салымы 2017 ақпаны мен 2018 жылдың ақпаны аралығында 81,2 млрд теңге (+10,6%) ұлғайған. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш бес есеге дейін артып, 160,2 млрд теңгеден 843,3 млрд теңгеге жеткен екен.
Ресейлік банктерге қазақстандықтардың салған ақшасының көбеюі негізінен жеке тұлғалар есебінен көбейіп жатқан көрінеді. Дегенмен, заңды тұлғалардың жоғарыда аталған уақыт аралығында ресейлік банктергі жинақ ақшасы 25,2 пайыз ұлғайған.
Ресейлік банктер несімен артық?
Несие нарығында ресйелік үлескер төрт банктің берген қарызының 70 пайызға жуығы Сбербанкке тиесілі екені жоғарыда айтылды. Яғни, ресейлік банктердің қазақстандықтардан алашағы негізінен осы банктің берген несиесі есебінен көбейп тұр. Бұл тұрғыда Сбербанктің не себепті қазақтар үшін тартымды болып тұрғанына бірнеше себеп бар. Ең алдымен, "Нұрлы жер" бағдарламасы. Дәл осы банк Ұлттық банкке алғаш болып аталған бағдарламаға қатысатынын хабарлап, 10 пайыздық ипотека бойынша үкіметтен субсидия алуды бастап кеткен банктердің бірі болғаны анық.
Екіншіден, банктің өнінің ипотекалық несиелендіруінің жайлылығы. Басқа банктермен салыстырғанда Сбербанктің ипотекалық несиелендіру пайызы арзан және алғашқы салым көлемі де айтарлықтай көп емес. Нақтырақ айтар болсақ, жылдық пайыздық ставкасы 14,6 пайыздан басталады. Қазақстандық нарықта бұл "тым арзан" ұсыныс екені анық.
Ал кепілсіз берілетін несиенің жылдық пайыздық ставкасы 16 пайыздан басталады. Бұл басқа банктермен салыстырғанда анау айтқандай арзан емес. Демек, Сбербанк қазақстандық нарықта негізінен "ірі несиелерге" бағытталғаны байқалады. Яғни, санға емес, сапаға жұмыс істеп отыр.
Ал Хоум Кредит банкі мен Альфа банкінің несие портфелінің жалпы үлесі көп болмағанымен, соңғы бір жылда олардың берген қарызы тиісінше 63,2 және 58,5 пайызға өскені таң қаларлық. Соңғы бір жылда халықтың несиені дәл осы екі банктен не себепті алуды ұлғайтқанының сыры түсініксіздеу. Ипотекалық нарықтағы үлесі болмашы, кепілсіз несиелендірудің пайыздық ставкасы 27-35 пайыз аралығындағы бұл екі банк өздерінің несие портфелін тұрмыстық техниканы несиелендіру жағын күшейте отырып, сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына қатыса отырып арттырғанына ұқсайды.
Несиелендіру нарығында ресейлік үлескер банктердің ұтатын бір тұсы ретінде негізгі акционерлерінің Ресей нарығында болуымен түсіндіруге де болады. Қазақстанға қарағанда ол жақта несие мен депозит арзанырақ болғандықтан, елдегі бұл үлескер банктер қосымша артықшылықтарға ие болса керек. Нақтырақ айтар болсақ, өткен жылдың желтоқсанында ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктерге несиенің ұсынылған жылдық ставкасын теңгемен 11,5 пайыз, шетел валютасымен 2,1 пайыздеп бекіткен. Ал көрші Ресейдің орталық банкіндегі бұл көрсеткіш соңғы мәліметтер бойынша өздерінің ұлттық валюталарында 7,75 пайыз деңгейінде.
Бәсекеге төтеп беру үшін
Қазақстанның банктері депозит пен несие нарығында ресейлік үлескер төрт банкке төтеп бере алар емес. Айналдырған бес жылда қазақстандықтарға берген қарыздарын бес есеге ұлғайтқан бұл банктер отандық нарықта белсенділіктерін арттыра түсуде.
Айтпақшы, ДСҰ-ға қосылғаннан кейін Қазақстан толыққанды мүше ел ретінде ішкі заңнамаларын қазір ұйым талаптарына сәйкестендіріп жатыр. Болжам бойынша, 2020 жылға дейін қазақ үкіметі банк секторындағы заңнаманы "ретке келтіріп", осы кезден бастап шетелдік банктер біздің нарыққа еркін кіре бастамақ. Отандық банкирлер қазірден дайындалмаса, мына түрімен бірер жылда бәсекелестікке мүлде ере алмай қалатын түрі бар.
Отандық банк акционерлерінен бөлек бұл жерде Ұлттық банктің де шара қолдануы қажет екені түсінікті. Өйткені, екінші деңгейлі банктердің несие мен депозит пайызын құруда Ұлттық банктің белгілеген базалық ставкасы шешуші рөл ойнайды. Естеріңізге сала кетейік, Ақышев бас банктің басшылығына келгеннен бастап базалық ставка біртіндеп төмендеп келеді. 2016 жылы ғана +/- 2 дәлізімен 17 пайыз деңгейінде болған теңгенің базалық ставкасы өткен наурызда 9,5 пайызға дейін төмендеді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 7 пайызға дейін арзандайды деген жорамал бар. Бұл тұрғыда Ақышевтың саясаты дұрыс бағытта өрбіп келеді. Мұның сыртында отандық банктердің де өзара бәсекелестіктерінің күшейгені шетелдік қаржы ұйымдарына төтеп беруіне мүмкіндік болар еді.
Бауыржан Мұқан