Ресейлік компаниялар Кипрден Қазақстанға қашып жатыр

9034

Мұның себебі де анықталды.

Ресейлік компаниялар Кипрден Қазақстанға қашып жатыр Фото: canva.com

Кипр офшорында ондаған жылдар бойы тіркеліп келген ресейлік компаниялардың оны тастап шығып жатқанын жергілікті ақпарат құралдары растады.

Phileleftheros басылымының хабарлауынша, өз секторында қызметтің және жұмыстың орасан зор көлеміне ие 10-нан астам ресейлік компания Кипр юрисдикциясын тәрк етуге шешім қабылдады. Басылымның сарапшылары олардың соңынан өзгелері ереді деп болжады.

Қайта қоныс аударушы компаниялар басты үш бағыттың бірін таңдайды. Алғашқы екі бағытқа – Калининград (бұрынғы Кёнигсберг) облысындағы Октябрьский аралы және Приморье өлкесіндегі Русский аралы сияқты арнайы әкімшілік аудандары жатады. Бұл – ресейлік офшорлар саналады және оларда тіркелген компаниялар салықтардың көбінен босатылады.

Үшінші басты бағыт ретінде Мәскеу "достық пейілдегі ел" деп таныған Қазақстан қарастырылады. Өйткені, біріншіден, қазіргі уақытта бүкіл ТМД аумағында барлық қаржылық алаңдармен тығыз ынтымақтастығы бар жалғыз халықаралық қаржылық орталық – тек Қазақ елінде орналасқан. Ол "Астана" халықаралық қаржы орталығы деп аталатыны мәлім.

Екіншіден, осы АХҚО аумағында салықтық жеңілдіктер мен преференциялар ұсынылады.   

"Кипр бұрын ең танымал офшорлық юрисдикция саналды. Енді одан ірі бизнес ойыншылар қаша бастады. Бұған бір жағынан Кипр билігінің Ресейге қарсы санкцияларды айналып өту оқиғаларын салмақты тергей бастауы түрткі болды. Екінші жағынан, ресейлік миллиардерлердің аралдағы қызметіне Американың Федералдық тергеу бюросы қызығушылық танытып, ден қоя бастауы ықпал етті", – деп жазады басылым.

Бұдан бөлек, Ресейдегі ең ірі құрылыс алпауытының бірі саналатын Etalon Group акционерлері де Кипрден қоныс аударуға бел буды. Бұл компания Калининград облысында қайта тіркелетін болды. Бірақ ақырғы шешім өзгеруі де мүмкін. Тіркелу мекенжайын ауыстыру рәсімі тоғыз айға ұзайтын болды.

Ресейлік өзге алпауыттар да Кипрмен қош айтысты. Арасына "Европейский медицинский центр" (ЕМС) клиникалар желісінің бас компаниясы United Medical Group "Русснефтьтің" үлестес кәсіпорындары – Negard Holding Limited пен Bradinar Holding Limited кірді.

Мұның біріншісі атауын "МКООО "Негард", екіншісі "МКООО "Брэдинар" деп өзгертті. МКООО дегені – жауапкершілігі шектеулі қоғам-халықаралық компания" дегенді білдіреді.

Fix Price Group танымал ретейлерінің акционерлері ақыры Кипрден Қазақстанға ауды. Себебі, компанияның хабарлауынша, Қазақстан осы компанияға ең мол табыс әкеліп отырған аса ірі 3 нарықтың бірі болып есептеледі.

Республикамыздың барлық өңірінде "Fix Price"-тың 262 дүкені ашылған, оларда компанияның шамамен 1 600 қызметкері жұмыс істейді. Бұған қоса, былтырғы қазаннан бері Fix Price Group АІХ Астана биржасында листингтеліп, тіркеліп, онда депозитарлық қолхаттарын сатуда.

Бұдан бұрын, 2023 жылғы қарашада Fix Price Group акционерлері кезектен тыс жалпы жиынында Кипрден Қазақстанға, соның ішінде "Астана" қаржы орталығына редомициляциялануға қатысты дауыс берді. Акционерлерінің 78,8%-ы Қазақстанды таңдады. 2,63%-ы ғана қарсы болып, басқа юрисдикцияны қарастыруды ұсынған. Қалған 18,51%-ы көпшіліктің шешімін қолдайтындарын мәлімдеді.  

Дегенмен, компанияның ақпараты бойынша Кипрден көшу рәсімдері 2024 жылдың екінші жартысында ғана толыққанды аяқталады. Fix Price қоныс аудару арқылы ресейлік акционерлерге дивиденд төлеуге қатысты қиыншылықтар жойылады деп үміттенеді.

Ресейлік өзге компаниялар да соған мүдделі. Өйткені егер Ресейде тіркелсе, онда компания санкциялар аясында шетелдік валюталардың бастыларын, яғни еуро, доллар, британдық фунт пен жапондық иенаны қолдана алмайды. Сонымен бірге, Мәскеу де ресейлік компаниялардың шетелдік акционерлеріне дивиденд төлеуіне тыйым салды.

Егер ресейлік компания Кипрде немесе басқа шетелдік офшорларда тіркелсе, онда тағы да санкция салдарынан ол жақтан Ресейдегі акционерлеріне шетелдік валютада дивиденд аудара алмайды.

Ал Қазақстанда тіркелсе, онда елімізде біріншіден, халықаралық есептесуге арналған барлық негізгі валюта еркін айналымда. Екіншіден, банктер арқылы Қазақстаннан Ресейге валюта аударуда да көп қиыншылық жоқ.  

Fix Price Қазақстанда тіркелу арқасында жақын және алыс шетелге өркен жайып, халықаралық нарықтағы орнын кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазақстанда тіркелген соң, ол бұдан былай қазақстандық заңды тұлға саналады және РФ-қа қарсы барлық санкциядан босайды.

АХҚО-да "FIXP.Y." тикерімен Fix Price-тың жаһандық депозитарлық қолхаттарын (GDR) саудалау 2023 жылғы 17 қазанда басталды. Бұл сауда-саттық компания кожайындарын одан әрі байытты. Жалпы, о баста, 2007 жылы ресейлік кәсіпкерлер Сергей Ломакин мен Артем Хачатрян Fix Price-ты Америкада танымал "барлық тауар бір бағамен" форматындағы дүкен ретінде ашты. Соғыс қарсаңында, 2021 жылы компания халықаралық IPO-ға шығып, негізін қалаушы қос бизнесменді миллиардер етті. Қазақстандық биржа оның жаңа тынысын ашуда.

2023 жылғы жағдай бойынша Fix Price негізінен ТМД-лық 9 елдегі 6 039 дүкенді біріктірді. Оның ішінде 5372 дүкен – компанияның өзіне тиесілі, қалған 667-сі – франчайзингтік, яғни оның брендін пайдаланатын дүкендер.

Fix Price қағаз жүзінде "қазақстандық компания" болғанымен, оның негізгі нарығы – Ресей болады. Бүгінде компанияның 5 428 дүкені, соның ішінде 4 872 өз дүкені Ресейде орналасқан. Тиісінше, салықтарды солтүстік көршіде төлейді.

Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Кипрден сондай-ақ өзге де ресейлік үлкен компаниялар кетудің қамын жасауда. Олардың қатарына ТМД-дағы теміржол және қалалық рельсті көліктің ірі өндірушісі "Трансмашхолдинг" (ТМХ) кірді. Ресейлік бұл компания ұзақ жылдардан бері Қазақстанда бизнес жүргізіп келеді. Елімізде жеке өкілдігі бар. 2021 жылы "Трансмашхолдинг" қазақстандық "Проммашкомплект" (ПМК) кәсіпорнының 50% акциясын сатып алып, бақылау орнатты. Басқа активтері жетерлік. 2022 жылы ол елордадағы "Электровоз жинау зауытындағы" 25% акциясын француздық Alstom Transport компаниясына сатты.

Ресейлік жекеменшік Globaltrans логистикалық компаниясының әзірге Біріккен Араб Әмірліктеріне көңілі ауып тұр. Алайда БАӘ кейінгі кезде Батыстың санкцияларын қатаңырақ сақтауға ыңғай таныта бастады, мысалы, ресейлік мұнайды жасырын таситын танкерлердің өз порттарына кіруіне тыйым салды.

Бұдан өзге, ресейлік "Русагро", HeadHunter рекрутинг сервисі, Ozon онлайн-ретейлері де Кипрді тастап шығуға дайындалып жатыр.

Одан бұрын Кипрде қалғысы келмейтінін ресейлік "ЕвроМедЦентр", MD Medical Group Investments ("Мать и дитя" клиникалар желісі), сондай-ақ Noventiq Holdings (бұрынғы атауы Softline) бағдарламалық қамтылымды әзірлеуші компания да жариялады. Соңғысын елордалық "Astana Hub" халықаралық ІТ технопаркі өзіне тарта алса жөн.

Жалпы, Кипрде түп-төркіні ресейлік мыңдаған ірілі-ұсақты фирма тіркелген. АҚШ оларға күн бермейтінін көрсетті.

The Guardian жазуынша, ресейлік компаниялардың Кипрден қысқы қашуы "аралға америкалық FBI агенттерінің сау ете қалуымен" байланысты.

Газеттің мәліметінше, бюро мамандары жалғыз жетпеген, өздерімен бірге АҚШ Қаржы министрлігінің қаржылық қылмыстармен күрес қызметінің шенеуніктерін ертіп келген. Олар Кипрде жата-жастана қалып, жергілікті билікке ресейліктердің санкциялардан қашып құтылу схемаларының байыбына баруына, сөйтіп, тосқауыл қоюына көмектеспек.

Кипр үкіметі ресейлік компанияларға қатысты алғашқы тергеулерге былтырғы көктемде кірісті. Жалпы жиынтығы 29 іс те ашылып үлгерген. Оларға Роман Абрамович, Алишер Усманов және басқа ресейлік миллиардерлердің қатысы болуы мүмкін.

Қазақстанға релокацияланған Ресей компаниялары мұнда өзін еркін сезінеді.

Тиісінше, олардың саны барған сайын өсуде. Елімізде тіркелген 41 мыңнан астам шетелдік заңды тұлғалардың жартысына жуығын бүгінде ресейліктер құрайды.

Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілі Антон Логиновтың айтуынша, ресейлік капиталы бар компаниялардың саны Қазақстанда өткен бір жылда бірден 70%-ға өсіп, 18 мыңнан асты. Оның басым көпшілігі – шағын және орта бизнес көрінеді. Республикадағы ресейлік ірі компаниялардың үлесі бір пайызға да жетпейтін болып шықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу