Ресейліктер Қазақстанда да зейнетақы алу құқығына ие болды

9111

Министр іске қосылғалы тұрған тетіктің мән-жайын түсіндірді. 

Ресейліктер Қазақстанда да зейнетақы алу құқығына ие болды

Еліміз Ресейдің ғана емес, Еуразиялық одаққа кіретін өзге төрт республиканың азаматтарына да зейнетақы төлеуге кірісуі керек. "ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді" ратификациялаған тиісті заңды қазақстандық Парламент былтырғы желтоқсанда қабылдады.

Дегенмен, бұл құқықты ең көп қолданатыны – екі қолға бір күрек іздеп шетелге аттанатын еңбек мигранттары көп Қырғызстан емес, ресейліктер болмақ. Себебі солтүстік көршіден қаптап келіп жатқан мамандар мен қызметкерлер сыртында, қазақстандықтардың өздері де жыл сайын ондаған мыңдап Ресей азаматтығын қабылдауда. Сондықтан дәл осы келісімді дәл Қазақстанның ратификациялауына Ресей аса мүдделі болды.

Бірақ жаңа заң біздің бизнестің басын қатырып отыр. Кәсіпкер, бизнес-кеңесші Анар Айтқалиева анық-қанығын сұрап, Үкіметке жүгінді.

"Еуразиялық одақ елдерінің азаматы болып табылатын қызметкерлер үшін зейнетақы аударымдарын жасауға қатысты түсіндірме беруді сұраймыз. Келісімге сәйкес, Қазақстанда жұмыс істейтін өзге елдер азаматтарына зейнетақы жарнасы біздің ел аумағында аударылуға тиіс. Сондай-ақ Қазақстанда еңбек еткен жұмыс өтілі кезеңіне зейнетақы да бізде тағайындайды. Еліміз оларға өз ұлттық заңнамасына сай мөлшерде зейнетақы есептейді. Осы заңның не үшін қабылданғанына қатысты сарапшылар арасында көп пікірталас болды. Алайда бұл тетіктің енді тәжірибеде қалай қолданылатынына қатысты түсініктемені таба алмадық", – дейді ол.

Анар Айтқалиеваның айтуынша, қазірдің өзінде жұмыс берушілер мен мамандарда қаптаған сауал қордаланып қалыпты. Біріншіден, шынында бұл тетік қашан іске қосылады: ЕАЭО-ның барлық елі ратификациялағаннан кейін бе, әлде Қазақстанның қабылдағаны жеткілікті ме? Себебі, өзге мемлекеттердегі заң шығару процесін ұдайы әрі үздіксіз қадағалап отыруға отандық бизнесмендердің уақыты жоқ. Ендеше құзырлы органдар: "ресейлік жұмыскерің үшін БЖЗҚ-ға жарна аудармадың" деп, бас салып, айыппұлмен жазаламай, аталған келісімді ратификациялау процесі бүкіл 5 мүше елде аяқталғанын жергілікті бизнеске жеке хабарласа жөн.

Екіншіден, ЕАЭО мемлекеттерінің азаматтары үшін аударылатын жарна атауы Қазақстан азаматтарына арналған жарнамен ("міндетті зейнетақы жарнасы") бірдей атала ма, әлде басқа атау мен реквизиттер енгізіле ме? Үшіншіден, Еуразиялық одақ елдерінің әрқайсысында әртүрлі зейнетақы жүйесі әрекет етеді. Әр елде жарнаның мөлшері де, төлеу жүйесі де әралуан.

"Ресейде зейнетақы аударымдарын жұмыс беруші төлейді, ал бізде ол 10% көлемінде жалақыдан ұсталады. Сонда айлықтан ұстала ма, әлде ресейліктер үшін жұмыс беруші төлеуі керек пе? Келісімді оқып, басқа да сауалдарға жауап таппадық. Мысалы, ЕАЭО азаматтары үшін зейнетақы жарнасының ставкасы өзгешелене ме? Өзге ел азаматтарына жарна аудару міндетті ме, әлде ерікті ме? ЕАЭО азаматы біздің БЖЗҚ-мен келісімшарт жасасуы керек пе? Егер Ресей азаматы зейнеткер, немесе мүгедек болса, оны жарна төлеуден босату қалай жүреді? Ресей меморгандары берген тиісті анықтаманы бізде кім растауы қажет? Сұрақ көп, жауап жоқ", – деді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың түсіндіруінше, заң қабылданғанымен, келісім тек Ресейдегі депозитарий дипломатиялық арналар арқылы ең соңғы мүше мемлекеттен "ішкімемлекеттік процедуралардың орындалғаны туралы" жазбаша хабарлама алған күннен бастап күшіне енеді. Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстан осы рәсімдерді толық аяқтап, депозитарийге тиісті хабарлама жіберіпті. Жақында Ресей де тәмамдайды, сөйтіп, одақ келісімін іске қосады.

Министр құжатқа сәйкес, Ресейдің және басқасының азаматтарына төленетін аударым біздің елде – "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарнасы" деп аталатынын жеткізді.

"Келісім күшіне енісімен, ЕАЭО қатысушы мемлекеттерінің азаматтары елімізде еңбек еткен кезеңде өз зейнетақысын қалыптастыру, сақтау және алу құқығын иеленеді. Зейнетақы жарнасының көлемі әр елдің зейнетақы заңнамасында анықталады. Жарнаны аудару ерікті емес, міндетті! Еуразиялық одақ мемлекетінің азаматы Қазақстанда жұмыс істесе, зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасының игіліктерін де толығымен пайдаланатын болады. Осы орайда БЖЗҚ олардың әрқайсысы үшін жеке зейнетақы шотын ашады. Бұл үшін өтініш жазып жүгіну керек емес, қор оның шотын автоматты түрде ашады", – деді Б.Нұрымбетов.

Сарапшылардың айтуынша, біздің зейнетақы заңнамасы алда Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан азаматтарына толық таралатындықтан, олар да "жеткіліктілік шегінен" асқан соманы елімізде баспана алуға пайдалану мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Олай болса, бұл ішкі нарықтағы пәтер құнының ары қарай шарықтауына соқтыруы ықтимал. Жаңа Үкімет бұған жол бермеу жолын тапса, жөн.

Жаңа тұрпатты келісімді жүзеге асыратын уәкілетті орган функциясы Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына берілді. Демек, осы бағыттағы барлық сұрақтарын ресейліктер және басқалары БЖЗҚ-қа жолдағаны жөн.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу