Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында "2023 жылдың 6 айындағы мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы" баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Республикалық бюджетке 6,1 трлн теңге түсті. Жоспар 94,7%-ға орындалды. Атқарылмаған бөлігі 343 млрд теңгені құрады. Салықтар бойынша жоспардың 391 млрд теңгеге орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты", – деді ведомство басшысы.
Жамаубаевтың айтуынша, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2023 жылдың 6 айында 296 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36%-ға немесе 128 млрд теңгеге азаюымен байланысты.
"Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ға төмендеуімен байланысты болды. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 17%-ға төмендеуі әсер етті", – деп түсіндірді қалыптасқан жағдайды Қаржы министрі.
Ал жергілікті бюджеттердің кірістерге қатысты нәтижелері ілгері. Жоспарлы кірістер 121,7%-ға атқарылды және 3,1 трлн теңгені құраған. Жоспар 552 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 504 млрд теңгеге асыра орындалды.
"Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды", – деген ведомство басшысы бюджет шығыстарына тоқталды.
Айтуынша мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,4%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша шығыс сомасы 11 трлн теңге.
"Атқарылмау 62 млрд теңгені құрады, оның ішінде 13 млрд теңге – үнемделді. Игерілмегені – 49 млрд теңге.
Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары төтенше жағдайлар, экология және табиғи ресурстар, мәдениет және спорт және сыртқы iстер министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы", – деп нақтылады Ерұлан Жамаубаев.
Бұл кезеңде жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,8 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 28 млрд теңге.
2023 жылы өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 шілдеге 755 млрд теңге бөлінген. Оның 99,0%-і игерілген. Игерілмегені – 8 млрд теңге.
Ең көп игерілмеген қаражат Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында тіркелген.