Ревизорлар ЭКСПО көрмесін тексеру қорытындысын шығарды

4026

ЭКСПО-2017 көрмесінің алты бірдей павильонының жиһаздары қолды болыпты.

Ревизорлар ЭКСПО көрмесін тексеру қорытындысын шығарды

Мемлекеттік ревизорлар Астанада былтыр үш ай бойы дүркіреп өткен дүниежүзілік көрме жабылғаннан кейін тексеріске кіріскен болатын.

Енді есеп комитеті жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындыларын жария етті.

Тексерушілер "Астана ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді әрі адал пайдаланылғанын және бұл реттегі барлық іс-әрекеттердің Қазақстан заңнамасына сәйкестігін мұқият зерделеген.

Жалпы, баға жаман емес.

"Аудиттің қорытындылары бойынша бюджет қаржылары мен активтерін мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жоқ. Дегенмен, аудит кезінде бірқатар қаржылық заң бұзушылықтар анықталды. Олардың негізгі бөлігі бухгалтерлік есепте қаржылық операцияларды дұрыс көрсетпеумен байланысты. Ол кемшіліктер тексеру барысында жойылды", – деп мәлімдеді есеп комитеті. Сондықтан болса керек, бұл бұзушылықтардың ауқымы мен көлемін комитеттегілер жария етіп те жатпады.

Ведомствоның мәліметінше, бұдан бөлек жобалау-сметалық құжаттамада бекітілген көлем мен сападан ауытқи отырып орындалғанына қарамастан, ондай құрылыс және монтаждау жұмыстарына ақы төлеумен байланысты қаржылық заң бұзушылықтар ашылып отыр. Мұның сыртына мердігерлік ұйымдардың дебиторлық берешегі барлығы әшкереленді. Көрме өтіп кетсе де, оның нысандарын салуға қатысқан жұмысшылардың еңбекақы алмағанына кейістік білдіріп, ақпарат құралдарына жүгінгенін қазақстандықтар жаңалықтардан көріп, білді.

Тұтастай алғанда, осы екі түрлі қаржылық бұзушылықтардың жалпы көлемі 2,6 миллиард теңгені құрапты. Бұл Есеп комитетінің аудитімен қамтылған барлық соманың 0,4%-ына тең.

"Аудит объектілері оларды жою бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазіргі кезде ақшалай түрде және жұмыстарды орындау арқылы жалпы соманың 0,4 миллиард теңгесі өтелді және қалпына келтірілді", – деп түсіндірді меморганның баспасөз қызметі.

Бұдан өзге, "жалпы сомасы 10,9 миллиард теңге қаражатты тиімсіз пайдалану фактілері анықталды". Оның 9,8 миллиарды – басшылығы мен жауапты тұлғалары қылмыстық жазаға тартылып кеткен "АДС компаниясы" ЖШС-ның берешегі болып табылады. 2017 жылғы қыркүйекте оның әлгі берешегін өндіріп алу туралы сот шешімі шықты.

Ревизорлар көрмеге орай "Өнер орталығы-J2" орталығын салу үшін оның құрылысына арналған жобалау-сметалық құжаттамаға мың, тіпті миллион емес, 1,1 миллиард теңге ел қаржысы шығындалғанын келтіреді. Бірақ ақырында ол өнер орталығы бой көтерген жоқ. Бұған "халықаралық көрмені өткізуге арналған шығындардың оңтайландырылуы" себеп болыпты.

"Көрменің алты халықаралық павильонында жабдық, жиһаз, орнатылымдар, инсталляциялар және басқа да мүліктер "кейінгі пайдалануға жарамсыз күйде" деп танылып, құжаттарының тиісінше ресімделуінсіз демонтаждалған. Сондай-ақ, ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алған көрменің 13 объектісін салуға арналған жобалау-сметалық құжаттамада сметалық және мемлекеттік нормативтерді асыру фактілері тіркелген. Сондықтан сарапшылық ұйымдарға қарсы тиісті ден қою шараларын қабылдау үшін аталған мәселе бойынша материалдар ұлттық экономика министрлігінің құрылыс істері комитетіне және басқа да мемлекеттік органдарға жолданды. Есеп комитеті үкіметке тиісті ұсынымдар берді", – дейді есеп комитеті. 

Есеп комитеті "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ-ына анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауды, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарап, жазалауды тапсырды. Сондай-ақ басқа да бірқатар тапсырмалар жүктелген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу