"Росатомға" тәуелділік – Ресейге тәуелділік

2177

"ВВЭР" технологиясы дамушы елдерге ғана өтімді.

"Росатомға" тәуелділік – Ресейге тәуелділік

Қазақстанда АЭС салу тақырыбы қыза түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оны күн тәртібіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі шығарды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында салаға жауапты шенеуніктерге АЭС тақырыбын айналып өтіп, жауаптан жалтаруды доғару керектігін айтқан болатын. Сол-ақ екен "АЭС-тен басқа тиімді жол жоқ", "Қазақстанның әлеуеті атом энергетикасын дамытуға жеткілікті" деген ұстанымдар батылырақ айтыла бастады. Бірақ АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей сияқты ойыншылардың ішінен кімнің технологиясына басымдық берілетіні ресми түрде әлі нақты айтылған жоқ. Тек солтүстіктегі көрші елмен арадағы құжаттарға сілтеме жасаған ишараттар қаптап шыға бастады. Шенеуніктерге қарағанда құжаттар нақтырақ сөйлеп тұр. Бейнелеп айтсақ, бұл айран сұрай келіп, шелегін жасырған адамның әрекетіне ұқсас.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ресейдің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жалауын көтеріп, елге әскер кіргізуі, сол арқылы ереуілден кейінгі оқиғалардың билік сценариімен өрбуін қамтамасыз етуі АЭС тақырыбын біржақты етті деген пессимистік болжамдар айтылған. Ақпан айында Қазақстан басшысының Мәскеуге барып Ресей Федерациясының басшысымен келіссөз жүргізуі, сол кезде қол қойылған құжаттардың ішінде атом энергетикасы саласындағы әріптестік туралы өзара түсіністік келісімінің болуы әлгі болжамдарды шындыққа айналдырды.

Ресми деңгейде Ресей технологиясы бойынша АЭС салынатыны әлі айтылмағандықтан, әзірге "Росатом" атом реакторларының экспорты бойынша әлемде көш бастап тұрғанын біздің шенеуніктер мен қоғамдық лоббишілер айтып жүрген жоқ. Бірақ ол күн де алыс емес сияқты.

Ереже сақтамайтын ойыншы

Расымен де "Росатом" атом реакторларын экспорттау бойынша әлемде көшбасшы саналады. Бірақ бұл Ресейдің технологиясы мінсіз болғандықтан бүкіл әлем аттай қалып алып жатыр деген сөз емес. Неге екенін тарқатып түсіндіріп көрейік.

"Росатом" қазір Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC) компаниясынан басқа бәсекелестерін көзге ілмейтіндей деңгейге жетіп отыр. Жаһандық сарапшылар 2040 жылға қарай атом энергетикасы саласындағы инвестициялардың көлемі 700 млрд долларға дейін жетеді деген болжамдар айтып жүр. Кейбір зерттеулер тіпті 2050 жылға қарай ядролық энергетика нарығында шамамен 2 трлн доллар айналымда болады деген қорытындыға келген. Карбон салығы (немесе айыппұлы) көмірсутектің энергетикадағы үстемдігін тарылтып, орнына атом энергетикасын шығаратын түрі бар. Қазіргі тенденция сақталса, осынша нарықтың негізгі игілігін Ресей мен Қытай көрмек. Бұған АҚШ ғалымдары қатты наразы.

"Басқа-басқа, дәл осы атом энергетикасы саласында бұл екеуіне есе жібермеуіміз керек еді. Өйткені атом энергетикасының ар жағында капиталдан бөлек геосаяси ықпал жатыр", - деп дабыл қағады америкалықтар. Американың өз ішінде уран өндірісін бәсеңдетуі қате болған деген пікір бұрынғыдан да жиі айтылып жүр. Өндірістің бәсеңдеуі салаға жастардың келуін тежеп, қазір АҚШ-тың атом энергетика саласында зейнет жасындағы адамдар көбейіп кеткен. American University-дің ресми сайтында 2021 жылы жарияланған мақалада осы проблемалар кеңінен сарапталған. 

"Ядролық энергетика нарығынан АҚШ-тың кетуі ваккум туғызды. Ол ваккум қарсыластарымызға мүмкіндік сыйлады. "Росатом" Түркияда "Сал-Иелік ет-Пайдалан" моделін тесттен өткізіп жатыр. Ол модель бойынша АЭС құрылысын Ресейдің өзі қарызға қаржыландырады. Есесіне ол стансадан шығатын энергияны қалай тарататынын да Ресей анықтайды. Қытайдың CNNC компаниясы да осыған ұқсас "қызметке – қызмет" қағидатына қызығушылық танытып отыр. Бұл реакторлар экспортынан бөлек, АЭС салатын және салғызатын елдердің арасында стратегиялық әріптестікті 100 жылға дейін ұзартуы ықтимал. Өйткені ядролық реакторларды іске қосу және оған қызмет көрсету саласындағы басты ойыншы да осы екі ел болмақ. "Росатом" мен CNNC мұндай қарым-қатынасты Азия мен Шығыс Еуропада, Оңтүстікті Америкада да нығайтып келеді", - деп дабыл қағады Кайл Салли есімді автор.

Швеция, Швейцария, Ұлыбритания, Италия, Франция, Испания, Норвегия. Бұлар – қазіргі әлемнің ең өркениетті елдері саналатын, технологиясы озық мемлекеттер. Солардың бір де біреуі Ресейдің атом реакторын жаратып отырған жоқ. Яғни "Росатомның" технологиясын пайдаланбай-ақ жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде атом қуатын энергетика жүйесінің негізіне айналдырып отыр.

 Сызба The Economist ресурсынан алынды

2007 жылы "Росатомның" құрамына 360 кәсіпорын кіргізілді. Оның ішінде ғылыми-зерттеу, ядролық қару, атомды мұзжарғыш флот сияқты бейіндік құрылымдар да бар. Осыны алға тартып, "Росатом" реакторлар экспортын лицензиялау процесін жылдамдатуға мүмкіндік алды.

Мысалы АҚШ-та ядролық реактор экспорттағысы келген компания ұлттық заңнама бойынша әр реактор үшін жеке-жеке лицензия рәсімдеп, ол құжатқа реактор орнатылатын елдің атауын көрсетуі қажет. Ал Ресей "Росатомға" көп реттік экспорт лицензиясын беріп отыр. Ол лицензияның көмегімен бірнеше реакторды бірнеше елге, нақты мекенжайын көрсетпей-ақ шығаруға болады.

Қазір әлемнің 12 еліндегі 35 энергиялық блок арқылы Ресей ядролық отын нарығының 16%-ын бақылауында ұстап отыр деген деректер бар.

"Росатомды" Ресейдің Сыртқы істер министрлігі де жүрген жерінде жарнамалап, елшіліктері жанынан арнайы өкілдіктерін ашып тастаған.

Ресейдің атом реакторларын салғызып жатқан және сол туралы келісім орнатқан елдердің картадағы шоғырын қарасаңыз, кілең "дамушы" санатындағы мемлекеттер екенін көресіз. АЭС сияқты қымбат жобаны Мажарстан, Боливия, Египет, Камбоджа сияқты дамушы елдердің көбі қолма-қол қаржыландыра алмайтыны түсінікті. Ресей осы ұрымтал тұсты шебер пайдаланып, АЭС салуға қажетті қаражатты да өзі қарызға ұсынып жүр. Бұл Ресейдің атом реакторын нарық тұрғысынынан өтімді еткенімен қоймай, реактор сатып алушы елді қарыз қақпанында ұстауға мүмкіндік береді.

"3+" буынды технология "Росатомның" қолына қалай түсті?

Ал ақшадан тарықпайтын Түркия сияқты дамушы елдердің Ресейге кіріптар болуына АҚШ-тың заңнамасы септігін тигізген көрінеді.

Бертінге дейін АҚШ-тың Даму халықаралық қаржы корпорациясы дамушы елдердің ядролық жобаларын қаржыландыруға тыйым салып келген болатын. Мұны ұтымды пайдаланған Ресей мен Қытай, Египет, Түркия сияқты жер шарындағы ең "ыстық" аймақтағы ойыншыларға ядролық технологияның кілтін ұсынушы серіктес болып шыға келді. Бұл жерден тағы бір күмәнді ой шығады.

Бейбіт атом мен ядролық қарудың арасы сынық сүйем ғана екенін алға тартып, "3+" технологиясын ядролық амбициясы қатерлі елдерден қызғыштай қорып келген Американың алдын Ресей күндердің күні орайтынын Вашингтон ойламады деу аңқаулық болатын шығар. Мәселе о баста Ресейдің қолында "3+" буынды атом реакторының технологиясы болмағанында еді. Сондықтан АҚШ бастаған озық технологиялы елдер Ресей ұсынып отырған реакторлардың "3+" буынға жататынына аса сене бермейді. Бірақ Ресейдің совет заманындағы ядролық технологияның мұрагері екенін ескеріп, үзілді-кесілді жоққа шығара да алмайды.

Жалпы Ресейдің "3+" буынды атом реакторына күмәнмен қарайтын мамандар көп. "ҚазАтомӨнеркәсіп" компаниясының бұынғы басшысы, белгілі кризис-менеджер Мұхтар Жәкішевтің пікірі де осыған саяды. Экономист "Байтасов LIVE" Youtube каналына берген сұхбаттарының бірінде осы тақырып бойынша ой білдірген.

"Совет заманынан бері келе жатқан, уақыттың тезінен өткен "ВВЭР" дейтін реактор бар. Жұмыс принципін қарабайырлап айтсақ, "мескейдің ішіндегі мескей" болып шығады. Ішкі "мескейдің" ішінде суды қайнататын уран таблеткасы болады. Ол қайнатқан судың қызуы сыртқы мескейдің ішіндегі суды қайнатады. Осының әсерінен генератор электр өндіреді. Ресей Федерациясы қазір бүкіл жерде соларды орнатып жатыр. Олар бұл реакторды жаңғыртқан. Соны алға тартып, "3+" санатына жатқызып жүр. Шындығында ол ешқандай "3+" стандартына жатпайды. Ол баяғыдан екінші деңгейдегі реактор болатын. Жетілдіргеннің арқасында қауіпсіздік деңгейі сәл артқан шығар. Бірақ бұл типтегі реактордан соншалық ақау шығып көрген жоқ. Қытай Халық Республикасы ұсынып отырған реакторлар бар. Ол да ескірген. Бірақ Францияның Framatome компаниясы жасаған. Қытайлықтар әуелі өздерінде  көптеп салып, кейін жетілдірген болды. Одан да ақау шығып көрген жоқ. Бірақ ол да ескірген технологиямен жұмыс істейді", - деген болатын Мұхтар Жәкішев.

"Арзан" да болса қымбат, "қымбат" та болса арзан

Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметі бойынша, әлемнің 50-ге жуық елі ықтимал энергия тапшылығын АЭС арқылы шешуге ынталы.

Солардың көбімен Ресей алдын ала уағдаластық орнатып, әр елдегі биліктің қолайына жағатын шарт ұсыну арқылы өзгелердің алдын орауға талпынып жатыр.

Бұл кестеде атом реакторын өндіретін елдердің дамушы мемлекеттерге түрлі келісімдер негізіндегі ықпалы көрсетілген. Бір ескеретін дүние, бұлардың бәрі қағаздағы жоба-жоспарлар ғана. Дүниежүзілік ядролық қауымдастық сайты Ресей қарыз есебінен орнататын атом реакторына отынды да өзі ұсынатынын айтады. Уран шикізатының өндірісі бойынша көшбасшы саналатын Қазақстан бұл талапты қаншалықты өз пайдасына икемдей алатыны әзірге белгісіз.

Ал American University маманы Кайл Саллидің жазғанына сенсек, 2030 жылға дейін әлем бойынша 107 жаңа ядролық реактор салынады. Оның ішінде 43-ін Қытай өндірушілері, 29-ын ресейліктер, қалғанын Үндістан, Оңтүстік Корея және Франция салуы мүмкін.

Ресейлік "Газете.Ru" сайтының мәліметі бойынша, Қазақстанға АЭС-ті "Росатом" салса, бағасы 8-10 млрд доллардың шамасында болуы мүмкін. 

"Беларусь елінде АЭС салу тәжірибесі көрсеткендей, АЭС салуға бастан-аяқ 8-10 жыл кетеді. "ВВЭР-1200" типіндегі АЭС салуға "Росатом" шамамен 8-10 млрд доллар жұмсайды. Қолайлы жағдай жасалса, бұл мерзім екі есе қысқаруы мүмкін. Мысалы, Қытайда мұндай нысан 4,5 жылдың ішінде бой көтерген болатын", - деп жазады "Газете.Ru".

Ресейлік ресурстың жазуына қарағанда, адамзат тарихындағы ең қымбат АЭС Ұлыбританиядағы Hinkley Point кешені болмақ. 20 жылдан астам уақыттан бері салынып жатқан бұл нысанға 22 млрд еуродан астам қаражат кеткенін британиялық ақпарат көздері де талай жазды.

Бірақ атом энергетикасы саласында АЭС неғұрлым қымбат болса, оның қауіпсіздігі де соғұрлым жоғары болады деген түсінік бар. Чернобыль, Фукусима апаттары атом реакторларының қауіпсіздігіне кететін шығындарды бірнеше есе арттыруға мәжбүрлеген. АЭС салу шығынының тең жартысы осы қауіпсіздік шараларына жұмсалады. Сондықтан ресейліктердің Қазақстанға ұсынылатын АЭС британиялық нысаннан бірнеше есе арзан деп мақтануы біржақты мәлімет деп топшылауға болады.

"Газете.Ru" Қазақстанда салынуы ықтимал АЭС-тің болжамды бағасын атағанымен, оның қуаттылығын нақты көрсетпеген. Олай деп отырғанымыз, Түркияның "Аккую" стансасына әрқайсысы 1200 МВт-тық 4 блок салынып жатыр. 2010 жылғы келісім бойынша жалпы бағасы 20 млрд доллар болып бекітілген. "Росатомның" бізге ұсынып отырған реакторы бір ғана энергиялық блоктан тұратын болса, "Аккую" стансасынан қымбатқа түседі деп бағалауға болады. Осыдан 10 жыл бұрынғы баға дегеннің өзінде әр блок 5 млрд долларға шыққан. Беларусь пен Түркияда тәжірибе жинақталғанын, технология пилоттық жобалар арқылы әбден жолға қойылғанын ескерсек, бізге салынатын АЭС әлдеқайда арзан шығуы қажет еді.

 АЭС бағасы туралы Мұхтар Жәкішевтің пайымы мынадай:

"Франциялықтар бастаған кезде 1000 МВт-тық атом стансасы 3 млрд долларға түседі және салуға 3 жыл кетеді деп айтылған болатын. Аңыз болып шықты. 3 млрд доллардан әлдеқайда қымбатқа түсті. Өтірік айтпасам, франциялық станса 10 млрд доллар болды. Ал салуға 12 жыл кеткен шығар. ІР1000 стансасы 8 млрд долларға шықты-ау деймін. Оның да мерзімі созылып кетті. Әрине, келесі стансалар әлдеқайда арзан болады. Бірақ пилоттық құрылыс қымбат әрі ұзақ болады. Ресей қазір Түркияға АЭС салып жатыр. Жағдайды соған қарап бағалауға болады", - деген болатын.

Осыған қарап, Ресей АЭС бағасына қатысты түрлі ақпараттық манипуляциялар қолданып жатқанын көруге болады. Ресей Қазақстан сияқты "мүдделесіне" АЭС-ті өзгелерден арзанға салып беруі мүмкін. Бірақ бағаның төмендеуі қауіпсіздіктің төмендеуіне себепкер болмай ма деген күмән туады.

"Бас тарта алмайтын ұсыныс"

Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың сайтындағы кестедегі елдердің көбі расымен де Ресейдің АЭС-ті қарызға салатынына қызығып келісім орнатып жатқанын болжауға болады. Алайда Беларусь пен Қазақстанның бұл тұрғыдағы Ресеймен әріптестігін тиімді келісім емес, "бас тарта алмайтын ұсыныс" деп бағалаушылар бар.

New York Times-ке 2020 жылы жарияланған "Көрші елге: Ресей атом электр станциясы" атты мақалада Беларусь елінің басындағы жағдайға талдау жасалған. Автор Ресеймен тілі, тарихы туыстас елдің авторитарлық жүйесі билігін сақтап қалу үшін күн сайын Мәскеуге кіріптарлығын арттырып жатқанын жазады.

Мақаладағы мәліметке сүйенсек, Беларусьтегі АЭС Литва астанасынан 25 шақырымдай жерде ғана бой көтерген. Сондықтан елдің ішкі қолданысынан артылған атом электрі көрші елге сатылады деген есеп болған. Бірақ 10 жылдың ішінде геосаясаттың құбылғаны, Путин режимінің адам болжап білмейтін әрекеттері Литваны сескентіп тастаса керек.

 "Он жылдан астам уақыт бұрын осы стансаның құрылысы жоспарланған кезде Литва әлеуеті зор нарық болып есептелетін. Бірақ бұл ел Ресейдің ядролық бөлшектеу саясатының күшейгенінен сақтанғаны сонша, аталмыш зауытта өндірілетін кез келген энергияны сатып алу заңсыз деп таныды. Тіпті ядролық апат бойынша жаттығулар өткізе бастады", - деп жазады New York Times.

Автордың пайымынша, В.Путин 1999 жылы Ресей билігіне келгеннен бері әлем елдеріне сатқан ядролық технологиялары АҚШ, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония елдерінің жиынтық көрсеткішінен де асып кеткен.

"Еуропа, Азия, Африка елдерінде "Росатомның 250 мыңнан астам инженері мен жұмысшысы қызмет көрсетіп жүр. Бұл Мәскеудің геосаяси құралына айналып отыр. Беларус, Еуропалық одақ мүшесі Мажарстан сияқты елдер энергетика жүйесін "Ростатомға" тәуелді етіп қойды. Ал "Росатомға тәуелділік – Ресейге тәуелділік", - делінген мақалада.

New York Times дерегі бойынша, Литваның Сыртқы істер министрі Линас Линкявичюс атом стансалары Ресейдің маңайындағы елдерді өз орбитасында ұстап қалу үшін маңызды деп бағалаған.

"Электр стансаларының басқа түрлерін шетелдіктер салғанымен, әрі қарай пайдалану тапсырыс беруші елдің билігіне өтеді. Ал АЭС технологиясы бұл талапқа көнбейді. АЭС салғызған ел салып берген елмен қарым-қатынасын кемінде 50 жылға ұзартады деген сөз". Неміс сарапшысы Марк Хиббс New York Times-ке берген пікірінде осылай деген.

Мақалада америкалық Westinghouse компаниясының атом реакторларының нарығынан қалай ығыстырылғаны да айтылады.

"Бұл екі компанияның мүддесі екі түрлі. Westinghouse – бұл бизнес. Ал "Росатом" – арнайы тағайындалған стратегиялық экспорттаушы. Олардың әрбір келісімшарты табыстан бұрын стратегиялық мақсатқа құрылған.

Атом реакторларының нарығындағы Батыстың компаниялары Экономикалық серіктестік және даму ұйымы (OECD) бекіткен ережелерді сақтайды. Ол ережелерде жобаларды мемлекеттік қаржыландыру көлеміне және өзге де мәселелер бойынша шектеу қойылған. Ал "Росатом" Ресей үкіметі мен қазынасынан орасан қолдау алып отыр. Соның арқасында кейінгі 10 жылда әлемнің 6 еліне АЭС салып беру үшін 60 млрд доллардың кредитін берді. Мысалы, Westinghouse Мажарстанға АЭС салуы керек болған. Бірақ олардың алдын 11 млрд доллар кредит ұсынған "Росатом" орап кетті", - деп жазылған мақалада.

Біздің мүдде

Қазақстанның жағдайында АЭС ешбір жемқорлық мәмілесіз, межеленген уақыттың ішінде салынып бітті дегеннің өзінде стансаны күзету мәселесі алдымыздан шығады. Арыс пен Жамбыл облысының  әскери қоймаларындағы екі ірі жарылыстан кейін біздің күштік құрылымдардың АЭС сияқты стратегиялық маңызды нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынына сенудің өзі қиын.

"Бұл нысан Беларусь елін Ресеймен әскери серіктестікті де одан әрі нығайтуға итермелейді. Нысанды сыртқы шабуылдардан қорғау үшін "Тор" зениттік зымыран кешенін маңайына орнатты. Станса мен зауытты күзететін әскери қызметшілер де Ресейде дайындықтан өтіп жатыр", - деп жазады New York Times Беларусьтегі АЭС хақында.

Түйіндесек, билік АЭС тақырыбын қыздырған сайын елдің көкейінде күмән мен күпті сұрақ көбейіп келеді.

  • 1. "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС дерегі бойынша АЭС салу бойынша Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Корея Республикасы, Франция және АҚШ компанияларымен келіссөздер жүргізілген. Солардың ішінде неге "Росатом" таңдап алынуы мүмкін? АЭС салу шығыны арзан болды ма, әлде іске қосқаннан кейінгі қызмет көрсету құны төмен болды ма? Салынуы ықтимал реактордың қауіпсіздігін растайтын қандай халықаралық құжаттары бар?
  • 2. "Росатом" Түркияда салып жатқан АЭС-ті Build-Own-Operate (Сал – Иелік ет – Пайдалан) қағидаты бойынша тапсырады. Бізге де осы модель ұсынылып отыр ма? Солай болса, Қазақстан өзіндегі стансаға өз отынын пайдалана ала ма? Қазір Қазақстанда ядролық отын өндірісі ішінара ғана жолға қойылған. Толыққанды қазақстандық отын жағу үшін Ресей технологиялық қолдау көрсетуге дайын ба? Егер ондай уағдаластық болмаса, елдің атом энергетика саласы мұнай-газ саласының басындағы ауруды қайталап жүрмей ме? Экспортқа тек шикі мұнай мен шикі газ сатып, жанармайға жарымай отырған Қазақстан уранның да игілігін көре алмай, Ресейдің отынына кіріптар болып қалмай ма?
  • 3. Атом энергетика саласында маман даярлау жөніндегі келісімдердің нақты қандай тетіктері іске қосылады? Қазақстанда салынатын АЭС-ке ресейлік мамандар неше жыл ғылыми сүйемелдеу көрсетеді?
  • 4. Қазақстан өз сұранысынан артылған атом энергиясын экспорттайтын болса, оның тарифін, әріптес елді өз бетімен таңдай ала ма?
  • 5. "Росатом" ұсынатын ядролық реактордың нақты құны қанша болады? Оған ұсынылып отырған несиенің шарттары қандай? Неше пайызбен, неше жылға берілмек? Құрылысқа жұмсалатын қаражаттың неше пайызы нысанның қауіпсіздігіне бағытталады?
  • 6. АЭС салынып біткен кезде және құрылыс кезінде оны кім күзетеді? Ол үшін Ресейден әскери контингент әкелінетін болса, саны қанша және неше жылға келуі мүмкін?
  • 7. Екі жыл бұрын ғана Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС мәселесі күн тәртібіне шыққан күннің өзінде, шешім жалпыхалықтық референдум арқылы ғана шығарылатынын айтқан. Сол сөзінен айнып, "АЭС Қазақстанға төтенше қажет" деп кесіп айтуы "ҰҚШҰ әскерін көмекке алдырғаным үшін Мәскеу алдында қарыздар болып қалған жоқпыз" деген мәлімдемесіне жоққа шығарып тұрған жоқ па?

Бұл сұрақтарды біз "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС дейтін атының өзі талай сыр айтып тұрған ұйымға журналистік сауал етіп жолдағанбыз. "Әзірге бұл мәліметтің бәрі коммерциялық құпия" деген сараң жауап алдық.

Бұл сауалдарға билік тарабынан нақты әрі құйтырқысыз жауап берілмесе, "АЭС тақырыбын ашық талқылауымыз керек" деген уәждің бәрі мәнсіз манипуляция болғаны.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу