Рубльге қатысты теңгенің тосын "девальвациясы" елді таңғалдырды

4719

Қазақстанда "долларсыздандыру" проблемасына "рубльсіздендіру" қосылмай ма? 

Рубльге қатысты теңгенің тосын "девальвациясы" елді таңғалдырды

Назар аударатын жайт, жыл басында, жаңажылдық мерекелерден кейін жұмысына кіріскен Ұлттық банк 2021 жылғы 1-5 қаңтар аралығындағы шетелдік валюталардың ресми бағамын бекіткен. Сонда Ұлттық банк "1 ресейлік рубль 5,62 теңгеге тең" деді.

Ал енді жыл аяқталуға таяғанда, кеше Нұр-Сұлтандағы айырбастау бекеттері Ресей рублін 6,30 теңгеден сата бастады.

Осылайша, жыл басынан бері теңге рубльге қатысты 12,1%-ға құнсызданған.

Бұл халық арасында біршама дүрлігіс туғызды. "Енді Ресейдің рублі 6 теңгеден қымбат тұратын болғаны ма" деген сауал кешелі бері әлеуметтік желілерді кезіп жүр. Халық бұған дейін көршінің ақшасы 5 теңгенің әр жақ-бер жағында құбылатынына үйреніп қалған еді.

Ұлттық банк бұл процеске "теңгенің рубль бағамына икемділігінің артуы" деген оғаштау баға береді. Аударма сөздікте "эластичность" сонымен бірге "солқылдақтық" деп те тәржімаланады. Демек солқылдақтығы артты деген сөз. Жалпы бұл түйткіл былтырдан бері тау басынан құлаған қар жентегіндей ұлғайып бара жатқан көрінеді.

"2020 жылғы наурыздан бастап, теңге бағамының сыртқы факторларға сезімталдығының артуы байқалды. Теңгенің рубль бағамына икемділігінің артуына былтырғы наурызда мұнай бағасына рубльдің сезімталдығының артуы ықпал етті. Бұл ретте 2020 жылғы қыркүйекте рубль спецификалық факторлардың ықпалында болды. Мысалы, Ресей Үкіметінің бюджет ережелерін енгізуі салдарынан рубльдің мұнай бағасына сезімталдығы төмендеді", – деп түсініктеме берді Ұлттық банк "Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есебінде".

РФ жаңа бюджеттік ережесіне сәйкес, мұнай мен газ бағасы федералдық бюджетте бекітілген бағадан асса, одан артық түскен валютаның бәрін РФ Қаржы министрі Ұлттық әл-ауқат қорына аударады. Яғни солтүстік көрші мұнай ақшасынсыз өмір сүруге ден қойды.

Содан теңге мұнайдың шарықтауымен бірге жоғары өрлеуін доғарды. Салдарынан бүгінде жаһандық нарықта қара алтын қанша қымбаттаса да, бұл теңгеге дем беретін емес. Қазақстанның ұлттық валютасының енді Ресей валютасына көбірек қарайлайтыны аңғарылады.

Сонымен бірге елімізде рубль күш ала бастады. 26 қазан күні Қазақстандық қор биржасында (KASE) Ресей рублінің бағамы 6,12 теңгеге дейін жетті.

Ұлттық валюта "жаңа шынайылыққа" өтуде ме?

"Рубль/теңге жұбындағы паритет жаңа деңгейге – 1 рубль үшін 6 теңге жағына нық ауып барады. Бұрынғы 5 теңге деген меже артта қалған сыңайлы. KASE-дегі барған сайын артқан биржалық саудалар көлемі рубльге деген сұраныстың одан ары ұлғайғанын куәландырады. Ұлттық банктің түсініктемесі бар: паритет пен котировканы сұраныс пен ұсыныс қана емес, көбіне елдердің экономикалық өзара қарым-қатынастары да анықтайды. Егер екіжақты қатынастар процесі күшейіп, рубльді халық пен бизнес көбірек сатып алса, тиісінше рубль бағамы өседі", – деген байламын жариялады QAZ2049 мамандандырылған телеграм-арнасы.

Қаржыгер Ерасыл Мараттың пікірінше, бұған бірнеше фактор ықпал етіп отыр.

"Кейбір сарапшы Қазақстан Үкіметі экспортқа қолдау көрсету және отандық өнімді бәсекеге қабілетті ету үшін Ресей рублін әдейі қымбат күйде ұстауда деген тұжырым айтады. Бәрін соған сүйей салуға болмайды. Биржада онсыз да рубльге деген сұраныс жоғары. Бұған ресейлік импорттың күрт артуы, қазақстандықтардың Ресейден көбірек тауар сатып ала бастауы түрткі. Ұлттық банктің дерегінше, жалпы алғанда, 2021 жылғы 8 айда тұтынушылық тауарлардың импорты 2020 жылмен салыстырғанда 23,9%-ға артып, 7,7 миллиард долларға жеткен. Соның ішінде азық-түліктік емес тауарлар көш бастады. Олар бірден 29,8%-ға өсіп шыға келген. Мысалы, халық автомобильді тағы Ресейден тасуда, соларда анағұрлым арзан", – дейді сарапшы.

Қазақстандықтар рубльді неге сатып алады?

Бұған қоса, Ресейде жылжымайтын мүлікке қол жеткізген қазақстандықтар саны кейінгі жылдары күрт көбейді. Айталық, 5 миллион теңгеге еліміздің ірі қалаларында тіпті 1 бөлмелі пәтерді де сатып ала алмайсыз. Ал Ресей мегаполистерінің орталығынан оған 3 бөлмелі пәтер таба аласыз.

Қарағанды тұрғыны Владимир Нечяев тіпті Мәскеудің іргесінен, 35 минуттік жерден, Симферополь трассасының бойындағы коттедждік қалашықтан 1,3 млн рубльге (6,3 млн теңгеге) коттедж сатып алғанын айтады. Нұр-Сұлтанда осынша қаражатқа құлағалы тұрған барак үй ғана алуға болады. Қазақстандықтар Ресейдегі үйлерді инвестиция салу және кейін қымбатырақ бағаға қайта сату үшін де алады.

Мемкірістер комитетінің дерегінше, тек 2020 жылдың өзінде қазақстандықтар Ресейде сатып алған 3,5 мың жылжымайтын мүлкін декларациялаған. Биыл одан да көп болуы мүмкін. Бұл жерде Қазақстанда әзірге шенеуніктер, депутаттар, әкімдіктегілер, ректорлар және ұлттық компаниялар мен меммекемелердің басшылары ғана декларация тапсыратынын ескерген жөн. Былайғы жұрт шетелдегі дүние-мүлкі туралы мемлекетке есеп тапсырмайды. Демек нақты қанша қазақстандықтың Ресейде баспана иеленгені беймәлім.

Сонымен сарапшылардың пікірінше, рубльдің қымбаттауына, тиісінше, теңгенің соған қатысты девальвациялануына әсер ететін фактор жетерлік. Біріншіден, Қазақстанға Ресейден тасылатын импорт артып барады. 2021 жылғы қаңтар-тамызда жалпы импортымыздағы көршінің үлесі 40,7%-ға жетіпті. Бұл былтырғының өзінен 6,3%-ға жоғары.

Екіншіден, бизнес тарапынан да, қазақстандықтар тарапынан да ресейлік тауарларға сұраныс өсуде. Бағаның арзандауына Ресейдің өз отандық тауарларына салықтық ынталандырулар жасауы септеседі.  

Үшіншіден, мұнай бағасының көтерілуі рубльдің де, теңгенің де нығаюына ықпал етті. Дегенмен теңге белгілі бір межеге жетіп, тұрып қалды, ал Ресей валюсының ары қарай салмақтана түсуіне газ бағасының өсуі, Еуропаның орыс газына тәуелділігінің өрістеуі қосымша дем берген. Соның арқасында санкция астындағы Ресейдің мемакцияларына, қарыз нарығына, федералдық заем облигацияларына инвесторлардың қызығушылығы артты.

Әрине, Қазақстан халқының басым бөлігі Ресей рубліне бейжай қарайды. Негізінен долларда сақтауға құмар. Оның үстіне елдегі санаулы банк қана рубльде депозит ашады. Бірақ егер рубль ары қарай қымбаттай берсе, азаматтардың үлкен бөлігі көршінің "сабан ақшасында" жинақ жинауға көшуі әбден мүмкін. Онда Қазақстанда "долларсыздыру" міндетіне "рубльсіздендіру" проблемалары қосылуы ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу