Өткен аптада Есеп комитеті Мәдениет министрлігі арқылы игерілген бюджет ақшасының аудитін жариялады. Комитет өкілі министрлікке қарасты квазимемлекеттік кәсіпорындардың тиімсіз жұмыс істеп жатқанын нақты сандармен дәлелдеп берді. Ол тізімнің басында Ұлттық музей мен "Қазақфильм" көш бастап тұр. Сондай-ақ, QazaqConcert, "Қазақ әуендері" АҚ, Қазақ ұлттық хореография академиясы да мемлекет қаржысын тиімсіз игеріп, тәртіпке сай жұмсамаған.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан елдегі кино индустриясына бөлінетін қаржы ашықтан-ашық тиімсіз игеріліп жатқанын айтады.
"Қазақфильм" акционерлік қоғамын күтіп ұстауға ғана 2018-2019 жылдары 1 млрд 129 млн теңге шығындалған. Ал түскен табыс, фильм өндірісін есептемегенде, 638,1 млн теңге ғана немесе шығынның 56%-ын жапқан. "Қазақфильмнің" материалдық-техникалық базасы әбден тозған. Егер техникалық жабдықтарды қажетті деңгейде заманауи құрылғылармен жаңғыртқан болса, өз-өзін ақтау мүмкіндігі туар еді. Мысалы, ресейлік "Мосфильм" мен "Өзбеккино" ұлттық агенттігі кино өнідірісіне толыққанды жағдай жасап, дербес кино нарығын қалыптастырып отыр", – дейді комитет өкілі.
Кейінгі жылдары "Қазақфильмді" сапасыз сценарий сатушылар жиі жағалап жүрген көрінеді. Ұлттық киноның ұйытқысы болуға тиіс мекеме оңай олжаның көзіне айналса керек.
"Қазақфильм" өзі сатып алған киносценарийлерді кейін пайдаланбайтын әдет тапқан. Мысалы, 2010 жылдан бері мақұлданған 42 сценарий бойынша бір де бір фильм түсірілмеген. Онымен қоймай, прокатта сұраныс жоқ, елге қызықсыз жобаларды іске асырған. 325 фильмнің 185-і прокатқа шықпай, қоймада жатыр. Кинотеатр мен теледидар трансляциясы арқылы түскен табыс туындылардың өзіндік құнын ақтамай отыр. Кейінгі 9 жылда 42 млрд 951 млн теңгеге 161 кинокартина шығарылса, оны сатудан 698 млн теңге түскен. Яғни шығынның 1,6%-ы ғана жабылған", – дейді ол.
Ал Ұлттық музей мәдени мұраны дамытуды былай қойып, өз қорындағы мүлікке ие бола алмай отырған көрінеді.
"Ұлттық музей басшылығының салғырттығынан "Іскер қала" ЖШС Қазақстанның киелі орындарына жататын 10 нысанның 3D моделін сапасыз жасалған. Осылайша, "Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында бюджеттің 800 млн теңгесі тиімсіз жұмсалған. Мәдениет министрлігі мен Ұлттық музей қордағы мүліктің есебін дұрыс жүргізбейді. Карнеги музейіне уақытша пайдалануға берілген археологиялық коллекция 12 жыл бойы қайтарылмаған. 2017 жылы Оңтүстік Кореяға шығарылған қазақстандық суретшілердің 5 туындысы да қайтпай қалған. Музейдің қоймаларында 14,7 млн теңгеге шығарылған журналдар мен энциклопедиялар жатыр. Олар басылғанымен, өңірлердегі кітапханаларға дер кезінде таратылмаған", – дейді Талғат Жақан.
Есеп комитеті жүргізген аудит кезінде мәдениет саласында 343,9 млн теңгенің заңбұзушылығы анықталған екен. Министрлік 20,6 млрд теңгені тиімсіз жоспарлап, игерген. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде 846 млн теңгенің процедурасы бұзылған.
"Барлық кемшіліктер бойынша жазбаша ескертпе берілді. Заңсыз жұмсалған ақшаның алғашқы бөлігі қайтарыла бастады", – деді комитет мүшесі.
Есімжан Нақтыбайұлы