Саид Сұлтанов: "Шикізат бағасының төмен болуы - бұл геологиялық барлау жүргізуге тиімді уақыт"

12520

Қазақстан жер қойнауы тек 15%-ға ғана зерттелген, сол себепті зор жаңалықтар әлі алда деп есептейді сарапшылар.  

Саид Сұлтанов: "Шикізат бағасының төмен болуы - бұл геологиялық барлау жүргізуге тиімді уақыт"

Қазақстанның жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай екендігі даусыз.

Алайда, қазіргі игеріліп жатқанның барлығы Кеңес Одағы тұсында ашылғаны белгілі. Отандық геологиялық барлау ұзақ уақыт қаржыландырылмай ауыр дағдарысты бастан кешті. Соңғы жылдары көмірсутегі мен қазба шикізатына деген бағаның түсуіне қарамастан, салада өзгерістер байқалуда.

Бұл салаға ең үздік әлемдік жоғары оқу орындарында білім алған және жаңа кен орындарын іздеуде жаңа технологияларды қолдануға ұмтылатын қазақстандық геологтардың жаңа буыны келді.

Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз "Aurora Minerals Group LLP" бақылау кеңесінің төрағасы Саид Сұлтановпен болды. Ол abctv.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында қазіргі таңда отандық геологиялық барлауда қандай жұмыс атқарылып, отандық инвесторлар қандай қиындықтарға кезігіп жатқанын айтып берді.

-  Саид мырза, бүгінгі күні саладағы жағдай қалай өрбуде және Сіз басқаратын "Aurora Minerals Group" компаниясы Қазақстанға неге келді?

-  Соңғы 25-30 жылда Қазақстанның геологиялық барлауына көлемді инвестиция бөлінген емес. Бұл кәсіби кадрлар мен технологиялардың тапшылығына әкелсе, ескі ірі кен орындарының сарқылуы зауыттардағы өндірістің тоқтау қаупіне әкелді. Осыдан кейін минералды шикізат базасын арттыру мәселесі қатаң қарастырыла бастады.

Бұл тек жеке компаниялардың мәселесі ғана емес, сонымен қатар, бүкіл мемлекеттік мәселеге айналды. Өзіңіз ойлап қараңыз: істің бұлай өрбуі мыңдаған жұмыс орнының қысқаруына, әсіресе, шағын қалалардағы жұмыс орнының қысқаруына әкеледі. Бұл жағдайды ешқандай меморандумның сақтап қала алмайтыны анық.

Біздің ойымызша, қазір геологиялық барлауды жаңа технологиялар мен жаңа шешімдерді қолдану арқылы жүргізетін кез келген сияқты. Сол себепті, мықты шетелдік (SkyTem - Дания, Ground Probe – Австралия, Asahi Diamond – Жапония, DiasGeophysical – Канада, Тромино - Италия) және отандық әріптестермен бірлесіп, Қазақстанның тау-кен өндірісі саласында технологиялар мен инвестициялардың трансфертіне негізделген өзіміздің компаниямызды құруға шешім қабылдадық. 

2015 жылдың бірінші желтоқсанында өзіміздің компаниямызды аштық та, оны "Aurora Minerals Group" ("Au" Менделеев таблицасында "алтын" дегенді білдіреді) деп атадық. Біздің мақсатымыз - жаңа технологияларды қолдана отырып, еліміз мен қоғамға сөзбен емес, іспен қызмет ету.

-  Әлемде көптеген әр түрлі технология ұсынылуда. Солардың арасынан қалай ерекшеленесіздер?

- Біз әлемдік көптеген көрмеге қатысамыз, әлемдік инжинирингтік компаниялармен Қазақстанды инвестиялау үшін ресми және бейресми жағдайда көптеген келіссөз жүргіземіз.

Осымен қоса, жас мамандардың жоғары санатты маман болып қалыптасуы үшін инновациялық жабдықтарда жұмыс істеуге үйретеміз. 

-  Яғни, "Aurora Minerals Group"- бұл қазақстандық және шетелдік ниеттес адамдардың одағы ғой. Дегенмен,  Aurora Minerals Group компаниясын құрғанға дейін мемлекеттік қызметте жақсы жұмыс істеп жүрдіңіз ғой, "Қазгеология" АҚ БК пен канадалық "Geotech" арасындағы БК басшы болдыңыз. Сіздің әріптесіңіз Қайсар Қожамұратов "Қазгеология" АҚ инвестиция жөніндегі басқарушы директоры болды. Аустралиялық экспат Кент Балас аустралиялық "Илюка Ресорсиз" компаниясының бас геологы болған...

-  Иә, дәл солай. Мен және менің серіктестерім - Қайсар Қожамұратов, Кент Баланс, кезінде өздері жұмыс істеген жерлерінде топ-менеджері және басшылық қызмет атқарып, жұмыстарында жақсы көрсеткіштерге жеткен. Бірақ, бізге бұдан басқа деңгейге шығу керек болды. Және өмірдің өзі бізді жаңа жолға шығарды десе болады. 

"Aurora Minerals Group" компаниясын құрғанға дейін әрқайсымыз бұл саланың "жақсы" және "жаман" жақтарын білдік, оны салыстырып, сараптап және осы немесе басқа да үрдістерді дамыту үшін баламалы нұсқа жасай алдық.

Осылайша, кәсіби тұрғыдан өсуге әкелетін бизнес құруға дайын болдық. Сонымен қатар, ең бастысы, ешкімнің қас-қабағына қарамай, еркін жұмыс істеуге мүмкіндік алғанымызға қуандық.

-  Олай болса, Қазақстанда бизнес құру оңай ма?

-  Менің ойымша, табысқа жетудің негізгі факторы - бұл дұрыс бизнес-жоспар мен маманданған команданың болуы. Тек содан кейін ғана бастапқы капитал  мен таныс керек. Көптеген елмен визалық режимнің жоқтығынан Қазақстанға  келіп, офисті жалдау мен жиһаз сатып алуға  біршама қаражат жұмсап, үйден шықпай-ақ E-gov арқылы бизнес ашуға болады. Бірақ! Өзіңнің бизнесіңізді мемлекеттік сатып алулардан және теңге бағамының еркін айналымына тәуелді етпей, табысты ету, бұл оңай шаруа емес.

Тіпті, кейде табыстың өзі "кемшіліктер" әкеледі. Іс енді жолға қойыла бастағанда, "қолдан жасалған" кедергілер шыға бастайды...

- Сіз бәсекелестер тарапынан болатын кедергілерді айтып отырсыз ба?

- Егер бәсекелестер болса ғой... мүмкін солар шығар. Оны кейінірек анықтаймыз. Бірақ, біздің жұмысымызда мәселелердің жиі туындайтыны факт және оларды шешуге алтын уақытыңды сарп етесің (геолог жұмысы маусымдық. - Автор. ескертуі).

Бірақ кедергілерге қарамастан, алға қарай ұмтыламыз. Ең бастысы, бір орында тұрып қалмай, одан әрі жылжудамыз.

-  "Aurora Minerals Group" компаниясының Қазақстанда жұмыс істегеніне қанша уақыт болды? Нәтижелері қандай?

 - Жұмыс жасағанымызға биылғы бірінші желтоқсанда бір жыл болады. Нақты нәтижелеріміз де бар. Біріншіден, 40000 шақырымдық аэрогеофизиканы орындадық. Бұл Қазақстан нарығындағы ең үлкен көлем.

Екіншіден, соңырақ Торонтадағы қор биржасында IPO-ға орналастыру үшін ірі геологиялық барлау жобасын дайындап жатырмыз.

Үшіншіден, геологиялық франчайзинг бойынша Қазақстан нарығына бірқатар технологиялық компанияны әкелдік. Олар: 3D электромагниттік технологияларды ұсынатын даниялық  аэрогеофизикалық SkyTem компаниясы, пассивті сейсмикалық датчиктерді шығаратын итальяндық Тромино компаниясы, канадалық геофизикалық DiasGeophysical компаниясы, GroundProbe радарлар шығаратын аустралиялық компания және бұрғылау қондырғыларына қажетті қосалқы бөлшекті шығарушы AsahiDiamond компаниясы.

- Құлаққа жағымды естіледі екен...

 - Жоғарыда айтылған компаниялардың барлығы қазіргі уақытта Қазақстан жерінде жұмыс жасап жатыр және біз олардың айрықша өкілі болып саналамыз.

Оған қоса, жекелеген инвесторлардың тапсырысы бойынша біздің компания мемлекеттік органдармен бекітілген жер қойнауын пайдалану құқын рәсімдеуде және техникалық жобаларды құруда кеңесші болды. Біздің жұмысымыздың нәтижесінде 30-дан астам адам жұмыспен қамтылды.

 -  Қазір қандай  геологиялық барлау жүріп жатыр және жер қойнауымыздың келешегі қандай?

-  Біздің аустралиялық әріптестердің айтуынша, Қазақстан тек  15%-ға ғана зерттелген және бізді ашылатын зор жаңалықтар күтуде. Дәл қазіргі уақытта  жұмыстың көптеген бөлігін атқарып қойдық. Даладағы маусымдық жұмыстар да аяқталып келеді, осыған байланысты алтын кенін іздеуде SkyTem технологиясымен электромагниттік аэрогеофизиканы жүргізіп, барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарладық.

Сондай-ақ, компания жер қойнауын пайдалану құқы аукциондарына қатысатын жергілікті компаниялардың тапсырысы бойынша сараптамалық жұмыстар жүргізеді.

Сонымен бірге, ірі жер қойнауын игерушілер мен Қазақстан баурайларының тұрақтылығына мониторинг жасау үшін Ground Probe радарларын қолдану бойынша жұмыс жүргіземіз. Жақында Ресейге екі радар жібердік, олар карьерлердің опырылып құлауын болдырмауға көмектеседі.

Жақында Қазақстандағы біздің карьерлерде Ground Probe радарларымен тексерілетін болады, ол баурайлардың опырылуы сияқты қауіпті жағдайдың алдын алып, біздің кеншілеріміздің өмірін сақтауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

-  Саид мырза, қазір мұнай мен кен бағасының түсуіне байланысты жаңа кен орындарын табу үшін ең тиімсіз уақыт деп ойлайсыз ба?

- Осы қате пікірмен келіспеймін. Қазір геологиялық барлау жасауға нағыз тиімді уақыт деуге болады. Табысты инвесторлар пайда түсіру үшін арзанға сатып алып, қымбатырақ сату керектігін жақсы біледі.

Біздің жағдаймызда геологиялық барлауды тиімді жүргізу үшін нақты маусымға мән берілуі керек. Яғни, дайын және табыс әкелетін өнімді алу үшін баға төмен болып тұрған кезде барлық жұмысты жүргізіп алу керек.

Біздің ойымызша, шикізат бағасы өзінің деңгейіне жетті, енді тек өсу ғана болады. Ал бұл Қазақстанның, оның ішінде біздің компанияның дамуына жақсы әсер етеді деп ойлаймыз.

-  Барлық мәселе кадрларға байланысты деген пікір бар ғой. Өз командыңызды қалай қалыптастырдыңыз? Экспаттардың Қазақстанға деген көзқарасы қандай?

-  Жергілікті ерекшелікті білетін мамансыз күрделі бизнесті жасау мүмкін емес. Біздің компания кәсіби мамандардан құралған команданың арқасында көптеген жетістікке қол жеткізуде.

Мен білікті және тату, интернационалдық команданы құрағанымды мақтан тұтамын. Біздегі айлық жалақы үлкен емес және бізге жұмысқа тұру да оңай емес.

Біздегі ең басты талап - жұмысқа деген адалдық. Әр қызметкер өз ісіне жауапты болуы керек.

Екіншіден, өз ісінің маманы болуы керек.

Үшіншіден, ол кәсіби өсуге бейім болуы керек. Біздің командамызда жұмыс істейтіндердің барлығы ағылшын тілін біледі, ақпараттық технологияларды меңгерген және біздің технологиялық серіктестеріміздің жабдықтарымен жұмыс істей алады. 

Бизнес-серіктесіміз Кент Баласқа біздің мәдениетіміз, ұлттық тағамымыз ұнайды. Ол Астанада жұмыс істегенді, ал Алматыда демалғанды ұнатады. Алайда, нағыз геолог ретінде Қазақстанның шалғай аудандарында жұмыс істейді.

Экспаттың командыда болғаны командының басқа мүшелері үшін жақсы. Ол кез-келген жұмысты дұрыс, тиімді және сапалы жасауға тырысады. Кент бойындағы барлық қасиет пен  дағдыны біздің жергілікті геологтарға да үйретуде.

-  Қазақстан инвестициялық жағынан тартымды болуы үшін үкімет пен заң қабылдаушыларға не қажет деп ойлайсыз?

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен үкімет  тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді жасай отырып, инвестиция тарту үшін көптеген шаруа атқарды. Сонымен бірге, бірқатар ұсыныс бар.

Менің ойымша, мемлекет нарықтық экономикаға біржола көшуі керек және квазимемлекеттік сектордан жекешелендіру арқылы толықтай құтылғаны жөн. Бюджетке жүздеген тиімсіз ұлттық компанияны қаржыландырудың қажеті қанша? Одан да стратегиялық нысандардан басқасынының барлығын бәсекелестік ортаға беру керек.

Бәсекелестік тұтынушы үшін тиімді. Себебі, ол оңтайлы бағада сапалы тауар алады. Осы жағдай іске қосылысымен, бюрократия деңгейі төмендейді, себебі нарық тез және тиімді шешімдерді талап етеді.

Екіншіден, "Yellowpages" қағидасы мен заңы қабылданған, алайда, іс жүзінде заң ақсап тұр деуге болады. Мысалы, Қазақстанның аэрогеофизикасында ірі үш топ жұмыс істейді. Оның екеуі жеке топ, біреуі квазимемлекеттік топ.

Мемлекет мердігерлікті ұлттық компаниялар арқылы өзінің үлестес "еншілестеріне" береді, ал олардың бағасы жоғары және соған лайық не жабдығы, не адамы жоқ. Ал ірі жер қойнауын пайдаланатын жекелеген топтар басқа екі жеке компаниянды таңдайды. Неге? Себебі, бизнеске мейлінше тиімді бағаға өте сапалы өнім керек және дегеніне көнетін мердігер керек.

Үшіншіден, индустрияландыруды қамтамасыз ету үшін минералды-шикізат базасы қажет, ал ол үшін жаңа технология бойынша геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыруды арттыру керек. Десе де, геологиялық барлау бюджетіне қаражат бөлінген болатын. Алайда, теңгенің құнсыздануы оған өзінің кері әсерін тигізді.

Төртіншіден, менің ойымша, геологиялық ақпаратты сатып алуға болатындай қолда бар ақпараттық жүйені реттеу керек немесе қайтадан жасау қажет. Сонда бірден жер қойнауын пайдалану құқын дереу рәсімдеуге болатын еді.

Геологиялық ақпаратты алу мен жер қойнауын пайдалану құқығын рәсімдеу оңай болатын болса, онда бізде Канада мен Аустриядағы сияқты юниор компаниялар тезірек пайда болар еді.

Бесіншіден, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекс ең үздік әлемдік тәжірбиені есепке ала отырып, барлық мүдделі тарап пен қоғамдық талқыдан өтіп, 2017 жылы Парламентте қабылдануы керек.

Бұл салада барлығына бірдей ашық, сындарлы және әділ де түсінікті ереже болуы керек. Осы сұхбат арқылы Қазақстанда жұмыс жасап жатқан геологтардың ортақ ойын жеткіздім деп сенемін.

Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу