Саладағы былықтар авиабилеттердің арзандауына жол бермей тұр

5360

Сарапшылар маңызды саланың халыққа қарай бетбұрыс жасауына жасанды кедергілер барын айтады. Сала шектен тыс монополияландырылған. Нарық ойыншылары қызметінің көлеңкелі тұстары жетерлік.

Саладағы былықтар авиабилеттердің арзандауына жол бермей тұр

Азаматтық авиацияда парадоксты жағдай қалыптасты. Біріншіден, Украинаға басып кіргені үшін Ресейдің қанатын Батыс қырқып тастады. Солтүстік көршіде әуе тасымалдаушылары бірінен соң бірі тоқтауда. Жұмысын жалғастырғаны "канибализмге" көшпек. Бұзылған ұшақты жөндеу үшін оған ескі ұшақтардың тетік-жабдықтарын алмастырып салмақ. Айтпақшы, Қазақстанда Bek Air бюджеттік авиакомпаниясының жабылуына дәл осындай былықтары да себеп болған.

Көршіде 2022 жылы авиатасымалдар 1,5 есеге құлдырап, жылдық көрсеткіш небәрі 70 млн жолаушыны құрайды деп болжануда. Бұлардың басым көпшілігі РФ Үкіметі субсидиялайтын ішкі, өңіраралық тасымал болмақ. Бұған қоса, көптеген шетелдік авиакомпаниялар Ресей арқылы ұшуды доғарды, яғни көршінің басты әуежайлар авиациялық хаб болудан қалды.

Сонымен азаматтық авиациясының, халықаралық қатынастың тоқырауына байланысты пайда болған басы артық авиакеросинді Ресей өзге елдерге, көршілеріне экспорттай бастады. Бұл қазақстандық авиаотын нарығының молығуына әкелді.

Екіншіден, Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, Қазақстан өзін авиаотынмен толық қамтып отыр және оның өндірісі жыл сайын қарқынды түрде ұлғайып келеді.

"Атап айтқанда, 2021 жылдың қорытындысында мұнай өнімдерін өндіру көлемі күрт артты. Соның ішінде 586,5 мың тонна авиаотын өндірілді. Бұл 2020 жылғыдан 133,9%-ға көп. 2022 жылға арналған жоспар бұдан да жоғары. Биыл 686,7 мың тонна авиаотын өндірілмек, бұл 2021 жылғы көрсеткіштерден 17%-ға артық болады", – дейді еліміздің бас энергетигі.

Болат Ақшолақов МӨЗ-дердің тұрақты жұмысы арқасында қазіргі уақытта мұнай өнімдерінің артық қалдықтары қалыптасқанын атап өтті.

Нарық заңы бойынша осылайша, ұсыныс сұраныстан асса, бұл тауардың құнсыздануына бастайды. Бірақ отыз жыл нарық құрған Қазақстанда нарық заңы жұмыс істемейтін болып шықты. Авиаотын керісінше, күрт қымбаттады. Алматы әуежайы 8 шілдеден ұшақтарға отын құю қызметін уақытша доғарды. Себеп (әлда сылтау) – отын тапшылығы туындады.

"Отандық және импорттық отынның жетіспеуіне байланысты, сондай-ақ оны уақытылы жеткізуге қатысты проблемаларға орай, әрі тұрақты жолаушылар және коммерциялық жүк рейстерінің тоқтап қалуына жол бермеу мақсатында Алматы халықаралық әуежайы техникалық мақсатта қонатын рейстерге отын құюды уақытша доғарды. Бұл жағдай жақсарғанға дейін жалғасады", – деп мәлімдеді Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.

Сарапшылар мұндай қадамдар Алматыны халықаралық хабқа айналдырып, содан табыс табу мақсат-мұратына тосқауыл болатынын ескертіп жатыр. Қазір халықаралық тасымалдаушыларды Әзербайжан, Өзбекстан өзіне тартып әкетуде.

Билік болса, салада отын тапшылығы жоқ деп табандады.

Сарапшылар қалыптасқан геосаяси ахуал аясында Ресейде сұраныстың құлдырауы салдарынан, ресейлік отын қазақстандық нарыққа экспансия жасап жатқанына Энергетика министрлігінің назарын аудартқан болатын. Бірақ бұл авиакеросин бағасының арзандауына ықпал етпеді. Неге? Себебі салада баға бойынша ымыраласу болуы мүмкін.

Ал Энергетика министрлігі ресейлік авиаотын бағаның арзандауына әсер ете алмайды деп отыр. Көршіден қымбат өнім келеді. Ведомство Президент тапсырмасы бойынша Үкіметтің Аи-92, Аи-93 маркалы бензиндерінің, дизелді отынның, автогаздың бағасын ғана қадағалап отырғанын еске салды. Керосин бағасы реттелмейді екен.

"Қазіргі уақытта Ресейдің Қазақстанға импортының көлемі айтарлықтай қысқарып жатқаны байқалады. Бұған мұнай өнімдерінің РФ-дағы экспорттық бағалары мен еліміздегі ішкі бағалар арасындағы айырмашылық түрткі болды. Сондықтан биыл отандық нарықтың ресейлік мұнай өнімдерімен шектен тыс молығуына қатысты тәуекелдер күтіліп отырған жоқ", – деп жауап қайырды ведомство.

Жалпы авиаотын шын мәнінде артылып қалып жатқан жағдайда билет бағасы да арзандауға тиіс. Өйткені отын алымы (топливный сбор) билет құнына қосылады. Ашық ақпарат көздеріне жүгінсек, Эйр Астана бір жыл ішінде отын алымы арқасында 41 миллиард теңге тапқан көрінеді.

ИИДМ-нің Азаматтық авиация комитеті бұл алымның қалай құбылатынын түсіндіре алмады.

"Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңының талаптарына сәйкес, авиакомпаниялар жинайтын, тиісінше жолаушыларды, багажды, жүкті және пошта жөнелтілімдерін тасымалдаудың құнына кіретін алымдардың негізгі түрлеріне – әуежай және отын алымдары жатады. Бұл ретте отын алымын авиакомпаниялар авиаотын шығындары өскен кезде соны өтеу мақсатында жинайды. Тасымал тарифін есептеу кезінде отын алымының қаншалықты өсетінін анықтау мүмкін емес", – деп түсіндірді комитет.

Бұл алымды өз бетінше айқындау құзыры авиакомпанияларға берілген.

Жалпы соңғы бір жылда Қазақстанда авиабилеттер бағасы орта есеппен 17,7%-ға өскен. Әсіресе, халықаралық рейстер саласын қымбатшылық қысып тұр. Бір жағынан, оларда тарифтер доллар мен еуроға тәуелді, ал ұлттық валюта девальвациясы жалғасуда. Екінші жағынан, Украинадағы соғыс та ықпалын тигізді: біраз маршруттер ұзарды. Өйткені соғыс ошақтарын және Ресей мен Беларусь аспанын айналып өтуге тура келеді.

Азаматтық авиация комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Мықтыбаевтың байламынша, Қазақстан Ресейдің оқшаулануын орайымен пайдаланғанда, қомақты табыс таба алатын еді. Бүгінде көптеген ресейлік шетелге Қазақстан арқылы сапарлай бастады. Бұл қазақстандық авиацияның дамуына соны серпін бере алатын фактор еді. Бірақ оның орнына сапарлаушылар рейстердің қатты кешігуіне, тіпті одан бас тартылуына тап болды. Бұған ұшақтардың жетіспеуі себеп болып отыр. Яғни отандық авиакомпанияларда әуе көліктері паркінің шағын болуы әлгі артықшылықты кемшілікке айналдырды.

"Жазғы жолаушылар навигациясы кезінде жылда сұраныс жоғары болады. Енді оған ресейліктер жүктеме түсіріп отыр. РФ азаматтары үшін әлемнің көп бөлігі жабылды, олар өз елінен қалаған жағына саяхаттай алмайды. Сондықтан көршінің тұрғындары балама жолдарды іздеуде. Оның үстіне Ресейде авиациялық парктің жағдайы ауыр. Ұшақтары техникалық қолдаусыз қалды. Запастық бөлшектері жоқ. Санкция адымын аштырмады. Бұл ахуал ұзаққа созылатын түрі бар. Ұшақтарымыздың паркі үлкен болғанда, біз Ресейден босаған нарық сегментін иелене алатын едік. Бірақ ол қолымыздан келмеді", – дейді сарапшы.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев осы апта басында авиакомпанияларға жаңа ұшақтар алуды тапсырды. Ол соңғы кезде ішкі және халықаралық рейстердің кешігуіне қатысты хат-хабарламалар көптеп түсе бастағанын мойындады.

Мәселені жедел шешу үшін ол отандық әуе тасымалдаушыларына жаңа ұшақтарды сатып не лизингке алуға тапсырма берді. Жыл соңына дейін жалпы саны 2,5 мың креслосы бар 14 жаңа әуе көлігі елге келеді деп жоспарланып отыр.

Тарата айтсақ, SCAT – 9, Fly Arystan – 3, Air Аstаnа – 2 ұшаққа қол жеткізбек. Министрдің пікірінше, осының арқасында қазақстандық авиацияның тасымал қабілеті айтарлықтай өсуге тиіс.

Министр Қайырбек Өскенбаевтең айтуынша, рейстердің кешігуіне қатысты тергеп-тексерулер басталды. Егер рейстің кешігуі немесе одан бас тарту кезінде жолаушылардың құқығы бұзылғаны анықталса, авиакомпаниялар әкімшілік жазаға тартылады. Айыппұлмен құтылады.

Дегенмен Үкімет отандық авиапаркті толықтыруда қолын мезгілінен кеш сермегенге ұқсайды. Америкалық Boeing корпорациясы таяуда Ресейді және Орталық Азия елдерін өз өнімін сататын мемлекеттер қатарынан алып тастады. Масқарасы сол, алдағы 20 жылға арналған жаңа ұшақтар жеткізілімдері картасында біздің аймақ сұр түспен боялған. Тиісінше, 2041 жылға дейін бұл өңірге Boeing өнімі жеткізілмейді.

"Бұл аймақ енді біз үшін нысаналы нарық емес", – деп қысқа қайырды Boeing коммерциялық маркетинг жөніндегі вице-президенті Даррен Халст.

Осылайша, компания соғысқа байланысты төл саясатын күрт өзгерткен. Себебі былтыр ғана Boeing таяудағы 20 жылда осы өңір, басым көпшілігінде Ресей 1 500-дан аса ұшақ сатып алады деп болжам құрған. Алайда ресейлік армия Украинаға баса-көктей кірген соң америкалық ұшақ жасау концерні ресейлік авиакомпанияларға техникалық қызмет көрсетуді және запастық бөлшектер жеткізуді тоқтататынын жариялады. Ал Орталық Азия Мәскеумен достығы және одақтастығы үшін қоса күйіп кетсе керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу