"Салық көлемі жалпы табыстың 55%-ын құрап отыр" - С.Тыран

4656

"Каспий Мұнай" акционерлік қоғамы қандай цифрлық шешімді ұсынуда және бұл компания неліктен үздіктер қатарында танылды?  

"Салық көлемі жалпы  табыстың 55%-ын  құрап отыр" - С.Тыран

"Каспий Мұнай" акционерлік қоғамы - Каспий аумағында жұмыс істейтін жетекші отандық мұнай өндіруші компаниялардың бірі. 1997 жылдан бастап ол көмірсутек шикізатын өндірумен, оны сақтаумен, сондай-ақ тауарлық мұнайды экспорттаумен  айналысады. Осы жылдар ішінде компания мұнайдың коммерциялық қорын бағалау мақсатында барлау жұмыстарын аяқтап, Айранкөл көп қабатты мұнай кен орнын пайдалану алдындағы сынақтан өткізген.

Жақында өткен Digital Forum Almaty ісшарасында  TechGarden Awards 2022 жеңімпаздары марапатталған болатын. "Каспий Мұнай" АҚ   бұл форумда "Үздік цифрлық шешім" номинациясын жеңіп алды. Компания цифрлық кен орнының кешенді ақпараттық жүйесін әзірлеп, енгізген болатын. Осы марапаттаудан кейін компанияның бас директоры Серік Тыранмен  "Каспий Мұнай" АҚ шикізат өндіру нарығына нақты не ұсынатыны туралы сөйлестік.

- Серік Базарбайұлы, біз Digital Forum Almaty-ға тоқталсақ. Мұнда өз жобаларын ұсынатын көптеген компаниялар бар. "Каспий Мұнай" акционерлік қоғамы қандай цифрлық шешімді ұсынып отыр?

- "Каспий Мұнай" АҚ Атырау облысында Айранкөл кен орнын игеруде. Біздің жоба "Айранкөл Smart Field" деп аталады, онда біз тау-кен ұңғымасының  деңгейінен бастап бэк-офис деңгейіне дейін барлық процестерді толық автоматтандыруды жүзеге асырдық. Қазіргі кезде бұл мұнай саласындағы сәтті жобалардың бірі қатарында.

- Компания қандай жаңа технологияларды енгізіп жатқаны жайлы айтып беріңізші

- Жобамызды іске асыру үшін өзіндік бренд тауарлары бар халықаралық ірі жеткізушілерді тарттық. Мәселен, Honeywell International компаниясын төменгі деңгейге тартсақ,. Schlumberger компаниясын деректерді біріктіру және талдау жүргізілетін орта деңгейге жұмылдырдық. Сондай-ақ жобаға ERP-жүйесін енгізу үшін жергілікті компаниялар да көмектесті. Айтар болсақ, отандық AppStream, IQ-Solutions  компанияларымен тығыз жұмыс жасаймыз.

Техникалық тапсырманың егжей-тегжейіне дейін әзірленуі мен міндеттердің дұрыс қойылуының нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Мұнай өндіруді 10%-ға ұлғайту бұл басты жетістігіміз. Жобаны енді бастаған кезде Айранкөл кен орны игерудің соңғы сатысында болды (ред. - кен орнын игерудің соңғы кезеңі рентабельділіктің жоғалуына әкелетін өндірістің айтарлықтай төмендеуімен сипатталады). Біз "Smart Field" технологиясын енгізу арқылы мұнай өндіру деңгейін ұстаумен қатар, компанияның мұнай өндіру мерзімін тағы 6 жылға ұзарта алдық. Әрі қарай, мұнай өндіру деңгейінің төмендеуі осыған дейін болжанған қарқында емес, жоспарлы түрде жүретін болады. Сейсмикалық барлау деректерін қайта өңдеу есебінен кен орнының геологиялық-гидродинамикалық моделін құрып, "Smart Field" жобасын іске асырғаннан кейін  Айранкөл кен орнының ресурстық базасын 4 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік туды.  Бұл бастапқы алынатын қорлардың шамамен 40%-ын құрайды.

Сонымен қатар кен орнындағы өндірістік объектілерді жаңғыртуға үлкен инвестициялар салынды. Нәтижесінде олардың жалпы  сұйықтықты өткізу қабілеті үш еседен астам көрсеткішке,  яғни, жылына 1,5 млн текше метрден 4,8 млн текше метрге дейін өсті.

- Өткен жылы "Каспий Мұнай" компаниясының құрылғанына 25 жыл болды. Нарықта компанияны тұрақты дамыта отырып, инновацияны да қоса енгізіп отырудың кілті неде?

- Компания алғашқы келісімшартты 1997 жылы алды. Мұнай кен орындарын өнеркәсіптік игеру 2000 жылдары  басталды. Алғашында бұл - бор кен орындары болды. Мұнай қоры айтарлықтай көп болған жоқ, бұл шамамен 3-4 миллион тонна. Кейін аумақта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу арқылы қор көлемін   10 млн тоннаға дейін ұлғайтып, мұнай өндірісін  жылына 800 мың тоннаға дейін арттырдық. Одан кейін мұнай өндіру деңгейін ұстап тұруға септігін тигізетін жаңа технологияларды іздеумен айналыстық.  "Smart Field" жобасы сол жұмыстың нәтижесі.  Бұл жоба 2018 жылы мұнай кен орнының геологиялық-гидродинамикалық моделін құрудан басталған болатын.  

Компанияның тұрақтылығына әсер ететін тағы бір көрсеткіш – ол өндірілген мұнайдың 1 барреліне жіберілетін лифтинг-шығын. Ал ол Парсы шығанағындағы мұнай компанияларының деңгейімен шамалас.

- Білуімізше, "Каспий Мұнай" АҚ еліміздің бюджетіне сатудан түскен барлық түсімнің 50%-дан астамын салық ретінде төлеп отыр. Солай ма?

- Салықтардың саралануы мұнай бағасына байланысты болады. Айталық, 2022 жылы 192,5 млрд теңге жалпы табыстан  төленген салық көлемі 105,8 млрд теңгені құрады. Яғни, салық көлемі жалпы  табыстың 55%-ын  құрап отыр немесе өндірілген мұнайдың бір тоннасына 116 мың теңгеден салық төленді.

- "Каспий Мұнай" Қазақстанда алғашқылардың бірі болып өз кен орындарын толық цифрландырған компанияның бірі. Демек мұнай өндірудің келесі қадамдарын модельдей аласыздар ма?

- Егер ұзақ цикл туралы айтатын болсақ, онда бізде дұрыс болжауға, кен орындарын игеруге қатысты жоспарларды дұрыс құруға мүмкіндік беретін тұрақты геологиялық-гидродинамикалық үлгі бар. Бұл жерде дұрыс  деп отырғанымыз – жер қабатының физикалық заңдылықтарын бұзбай, мұнай өндіру коэффицентін арттыруда  ұтымды жұмыс істеу дегенді білдіреді. Бұдан басқа, "Индустрия 4.0."  жүйесінің цифрлық егізін  іске қосуға қатысты ұзақ мерзімді  жоспарымыз бар.  Қазіргі кезде  AppStream серіктес компаниясымен бірлесіп осы жұмысты қолға алдық.  Бұл жұмыс әлі толық аяқталған жоқ, жұмыс жалғасуда.  Енді есептеу модульдері керек, оны жеткізушімізбен (вендор)  бірлесіп әзірлеп жатырмыз.

- "Каспий Мұнай" АҚ алдына қандай мақсаттар қойып отыр?

- Өткен жылы компания келер 10 жылға арналған даму стратегиясын бекітті.  Оған сәйкес жаңа активтерді сатып алу және геологиялық барлау жүргізу  сынды  мүмкіндіктер қарастырылатын болады. Себебі біз жинаған тәжірибе, қызметкерлеріміздің білімі мен біліктілігі нарықта сұранысқа ие. Қазір мемлекет учаскелерді сатуға жарияланған мораторийді алып тастады, сәйкесінше аукциондар өткізілуде. Біз геологиялық барлау жүргізетін жаңа учаскелерді іздеуге барынша қатысып жатырмыз.

- Қандай критерийлер бизнес үшін аса маңызды деп ойлайсыз?

- Бизнестің барынша тиімді, барынша ашық болғаны керек. Сондай-ақ бизнестің әлеуметтік-жауапкершілігі жоғары болғаны аса маңызды деп ойлаймыз.

Сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз! Сізге де, "Каспий Мұнай" компаниясына да  сәттілік тілейміз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу