Сонау 2021 жылдан бері криптовалюта сатып табыс тапқандар және шетелде банк шотын ашқан қазақстандықтар енді қосымша салық төлеу туралы талапқа тап болуы мүмкін.
Өйткені салық органдары биржалар мен криптобиржалардан азаматтардың мәмілелеріне қатысты мол дерек алды.
Салық эксперті, "ProНалоги Казахстан" Telegram-арнасының авторы Айдар Масатбаевтың хабарлауынша, "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген криптобиржалардың барлығы мемлекеттік кірістер органына қазақстандықтардың цифрлық активтерге қатысты бүкіл мәмілелері туралы егжей-тегжейлі деректерін ұсынды.
Бұған қоса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарты бойынша ақпаратты автоматты алмасу аясында 2023 жылға қатысты азаматтардың шетелдегі банк шоттарының ақпараттары түскен.
Тиісінше, енді салықшылар осы ұшантеңіз деректерге терең бойлап, қаза талдап, салық "сығып" алуға кірісті.
Сарапшының айтуынша, криптобиржалар айналымы туралы ақпаратын табыстаған клиенттердің жеке табыс салығын толыққанды төлеген-төлемегенін анықтау үшін салық органдары 2021-2023 жылдарға бағытталған кезектен тыс салық тексерулерін тағайындады.
Салдарынан, біраз жыл бұрын биткоин, этер (эфириум) және басқасын сатып алған қазақстандықтарға тек содан тапқан таза табысынан ғана емес, бүкіл сомасынан салық төлеуге тура келуі мүмкін.
"Проблеманы күрделендіріп отырған бір жайт бар: Салық кодексінің 2021 және 2022 жылғы нұсқасындағы 331-ші және 332-ші баптарға сәйкес, шетелдік биржаларда цифрлық активтерді сатудан түскен табысқа цифрлық активті өткізу кезінде алынған құнының оң өсімі емес, тапқан табысының бүкіл сомасы қосылды", – деді сарапшы.
Жалпы, Қазақстанда бертінге дейін биткоин және басқа криптовалюталарды сатып алуға тыйым салынып келгені белгілі. Республикада цифрлық активтерге қатысты мәміле жасау тек 2022 жылдың шілдесінен бастап заңдастырылды және қолжетімді болды: сонда АХҚО-да тиісті пилоттық жоба іске қосылды.
Алайда эксперт ол кезде салықтық заңнама бұған дайын болмай шыққанын еске салды. Салдарынан "Астана" қаржы орталығының пилоттық жобасы аясында 2021 жылғы 1 қаңтар мен 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығында жасалған цифрлық активтер бойынша мәмілелерге де салық салынбады.
Өйткені Салық кодексінде ондай салық түрі қарастырылмаған және криптовалютаға салық салу ісі реттелмеген еді.
Енді міне, шетелдік криптобиржалар салық органдарына 2021 және 2022 жылдарда өзінде шот ашқан қазақстандықтар туралы мәліметтерді де беріп отыр.
Сарапшы тіпті еліміздегі АХҚО-да 2023 жылдың ортасында тіркелген шетелдік биржалардың өзі салық органына қазақстандықтарға қатысты тек 2023 жылдан бергі емес, одан бұрынғы мәліметтерді де табыстағанын мәлім етті.
Осылайша, елімізде биткоин алуға рұқсат етілмеген кезде оны Бахрейн, БАӘ және басқа елдерде сатып алған, осы мақсатта шетелдегі криптобиржада криптоәмиян ашқан Қазақстан азаматтарының аты-жөні салықшыларға әшкере болды. Себебі, ол биржалар енді елімізге келіп, "Астана" қаржы орталығында тіркелуде.
"Ол тұлғалардың бірқатары бойынша жыл басынан бері салықтық тексерістер жүргізіліп жатыр. 2021 және 2022 жылдары Салық кодексінің 331-ші және 332-ші баптарының олқы, кемшін болуы салдарынан, шетелде цифрлық активтерді сатудан түскен барлық қаржы сомасына жеке табыс салығын салу мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл сондай-ақ ол заманда цифрлық активтердің бір түрін екіншісіне айырбастаған қазақстандықтарға да қатысты", – деп хабарлады Айдар Масатбаев.
Мұндай жағдайда не істемек керек?
Эксперттің түсіндіруінше, егер Қазақстан азаматының 2021 жылы шетелде цифрлық активін кез келген валютаға сатқаны немесе басқа цифрлық активке алмастырғаны тіркелсе, онда салық төлеуші 240.00 формасы бойынша мемкірістер органына декларация тапсыруы және салық пен өсімпұл-пеняны төлеуі қажет. Өсімпұл көлемі 2022 жылдың 10 сәуірінен бастап есептелетін болады.
Егер жаппай декларациялаудың бірінші кезеңіне іліккен азаматтар шетелдегі аталған мәмілелерін жасырып қалып, кіру декларациясында көрсетпесе, онда 270.00 нысанындағы табыс пен мүлік декларациясын ұсынуға және 2022 жылғы 25 қыркүйектен бері есептелетін салығы мен өсімпұлын төлеуге тиіс болады.
Сарапшының айтуынша, егер декларацияда көрсетілмеген бұл құпия табысты салық органы тауып, салық салса, онда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 278-ші бабы бойынша іс қозғауы да мүмкін. Ол бойынша қазақстандық 10 АЕК айыппұлмен жазаланады.
"Егер азамат декларацияны ұсынбаса, онда менің тұспалдауымша, оны 275-ші бап бойынша әкімшілік жауапқа тартуы ықтимал. Бұл бап салық төлеушінің салық салу объектісін жасырғаны үшін жаза қарастырады. Оған сәйкес, жеке тұлғаларға жасырылған салық салу объектісінің салығы мен басқа да төлемдері сомасының 200%-ы көлемінде айыппұл салынады", – деді Масатбаев.
Өткенің мұрасынан арылу, "тарихын" тазалау қазақстандықтардың санасын сарсаңға, өзін әуреге салғалы тұр.