Салықтық несие ШОБ-қа жаңа мүмкіндік береді

2837

Қазақстанға саны көп, сапасы жоқ мемлекеттік компания қажет емес.

Салықтық несие ШОБ-қа жаңа мүмкіндік береді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық инвесторлар кеңесінде алдағы уақытта жаңа мемлекеттік компания құруға мораторий жариялады. Сонымен қатар салық кодексіне кәсіпкерлерге 5 жылға салықтық несие беру туралы өзгеріс енгізу бастамасын көтерді және мемлекеттің экономикадағы үлесін ЭЫДҰ елдерінің стандарттарына жеткізу міндетін қойды. Мәселені тереңірек тарқату үшін inbusiness.kz тілшісі экономист Бейсенбек Зиябековке хабарласып, пікірін жазып алды.

"Президенттің жаңа мемлекеттік компания құруға мораторий жариялау бастамасын құптаймын. Саны көп, сапасы жоқ, қазына қаржысына ортақтасып, салықтан түскен ақшаны хан талапайға салатын компанияның қажеті қанша? Жаңадан құрылған компания бюджеттің бүйірін толтыруға үлес қосатын, ұлттық экономикаға серпін беретін болса, әңгіме басқа. Ал компания құру керек екен деп құра салатын компания қажет емес", –  деді сұхбат беруші.

Бейсенбек Зиябековтің сөзінше, кәсіпкерлерге салықтық несие беру дамыған елдерде бұрыннан бар. Оны қолданысқа енгізсек, кәсіпкерлердің қаржылық жағдайы жақсарады.  

"Салықтық несие дегеніміз салықты кейін төлеуге берілетін рұқсат. Яғни кәсіпкерге берілген мүмкіндік. Салық кодексіне салықтық несие беру туралы тармақ енгізсек, шағын және орта бизнестің тасы өрге домалайды. Кәсіпкерлер салық төлей алмай қаламын деген үрейден құтылады. Олар тапқан табыстарын айналымға жіберіп, межелі мерзімде мемлекетке төлеуге тиісті төлемді аударып отырады. Бір сөзбен айтқанда салықтық несие  мемлекетке де, кәсіпкерге де тиімді", – деді ол.

Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға ұмтылуы қоғамды масылдық психологиясынан арылтады екен. Бұл туралы экономист: "Біз нарықтық заманда өмір сүріп жатырмыз. Оның шарты бойынша еңбек еткендер ғана жақсы өмір сүреді. Қол қусырып, сырттан көмек күтіп, біреуге масыл болғысы келетіндердің жағдайы жыл жылжыған сайын нашарлай береді. Мемлекет барлық шығынды көтере беруге тиісті емес. Ол жүйелеуші, бағыт беруші бақылаушы ғана болуы керек. Қалған істің барлығын нарықтың қатысушылары ішінара өздері реттеуге тиіс. Ал мемлекет экономикаға араласуын азайту аясында тексерістерін қысқартуы керек", – деді.

Бейсенбек Зиябековтің пікірінше, Президент тілге тиек еткен салық, кеден, кәсіпкерлік кодекстеріне енгізілген өзгерістер әркімге әрқалай әсер етіп жатыр.

"Жоғарыдағы құжаттарға енген өзгерістер біреуге пайдалы, біреуге пайдасыз болды. Өз басым әзірше Қазақстандағы салық салу жүйесі әділ деп айта алмаймын. Бізде байға да, кедейге де, орташа жағдайы бар адамға да бірдей салық салынады. Негізі ауқатты адамдарға бөлек, табиғи қазба байлықты игеріп жатқан компанияларға бөлек, айлық жалақыға қарап отырған адамдарға бөлек салық салынуы керек", – деді экономист.

Бейсенбек Зиябеков Мемлекет басшысының отандық компаниялардың қаржылық тұрақтылығын сақтауға қатысты бастамасы көңіліне қонғанын атап өтіп, Президенттің "Оңалту және банкроттық туралы" заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу қажет деген бастамасын орынды деп білетінін баяндады.  

"Біздің елде компанияны банкрот деп жариялау қиын. Бюрократия, қағазбастылық бастан асып жатыр. Бір қызығы, банкроттың себебі анықталмайды. Біреу компаниясын банкрот деп жариялайды да қашады, ал біреу егін егіп, ол шықпай қалып, тығырыққа тіреледі. Президент "Оңалту және банкроттық туралы" заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу мәселесін көтергенде оысының барлығын ескерді, аназарға алды деп ойлаймын",– деді ол.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу