Салымыз суға кеткен Ақ Олимпиада

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3141

Оңтүстік Кореяда ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары аяқталып, Қазақстан спортшыларына бұйырғаны бір ғана қола медаль болды.

Салымыз суға кеткен Ақ Олимпиада Фото: reuters.com

Дүние жүзінің 92 мемлекеті өз спортшыларын үкілеп қосып, 30 елдің спортшылары жүлдеге ілікті. Жеті спорт түрінен (15 түрлі жарыс пен сайыстан) 102 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Барлығы 307 (103 алтын, 102 күміс, 102 қола) жүлдені отыз мемлекеттің сенім артқан серкелері өңірлерінде жарқыратып, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.

Осы 307 медальдан Қазақ еліне бұйырғаны бір ғана қола болды. Фристайл спортының могул жаттығуындағы қайсар қызымыз сенім үдесінен шықты. Юлия Галышева үмітімізді ақтап, өзінің шүмектетіп төккен терінің жемісін көрді. Үшінші орынға ие болып, көк байрағымызды желбіретті.

Өкінішке қарай осы спорт түріндегі жігіттеріміздің бақтары жанбады. Төрешілер де өнерлерін аса жоғары бағаламағандай да болып көрінді. Сөйтіп, Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков жүлделі орындарға іліге алмады.

Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тенге де айрықша сенім артып едік. Бірақ жарақатынан толық айықпаған екен. Қысқа бағдарламада 27-орынды қанағат тұтып, еркін бағдарламада бақ сынайтын (жүлделі орындарды сарапқа салатын) 24 спортшының қатарына іліге алмай, "шаң" қапты.

Биатлоншы қызымыз Галина Вишневская "жүлдеге ілігіп жатса, ешкім де таңдана қоймас" деп едік. Бірақ оның да бабы мен бағы қатар шаппады. Фристайл спортының акробатика жаттығуында ел намысын қорғаған Жанбота Алдабергенова да жүлделі орындарды маңайлай алмады. Сочи Олимпиадасында үздік алтылыққа еніп, көпшілікті қайран қалдырып еді. Өкінішке қарай, бұл жолы ондыққа да іліге алмады.

Шорт-трекші жігіттеріміздің шеберліктері шыңдалып, тәжіибелері толыса түскендей еді. Алайда Абзал Әжғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев бастаған жігіттеріміздің де айдарларынан жел еспеді. Бақтары жанбай, намыс отына күйіп кеткендей болды.

Үміттің соңғы жұрнағы шаңғышы Алексей Полторанинге артылған еді. Кейбіреулер тіпті "алтын алады" деп, үміт отын үрлей түсті. "Жүлдеге ілігері анық" деушілердің де қарасы қалың болды. Алайда Полторанин де сенім үдесінен шыға алмады...

50 шақырымдық аламан бәйгені өте жоғары қарқында бастап, аяғына қарай ентігіп қалды. Соңғы шақырымдарда кежегесі кейін тарып, үшінші болып келе жатқан шаңғышымыз 15-орыннан бір-ақ шықты. Сөйтіп салымыз суға кетті...

Кейінгі жылдары біздің елде спорт саласына айрықша көңіл бөлініп, ерекше назар аударылды. Басшылар ешкімді бетінен қақпады. Алаңсыз жаттығуларына барлық жағдай жасалды. Тіпті кейбір спортшыларымыз жекелеген бағдарлама бойынша дайындалды. Халықаралық додалардың бәріне дерлік қатыстырылды. Тәжірибелерін толыстыра түсулеріне мүмкіндік берілді. Қазақша айтқанда, үлде мен бүлдеге орап отырдық. Өкінішке қарай, ел сенімі ақталмады...

Енді, спорт саласының басшылары мен мамандары мұның бәрін егжей-тегжей саралап және талқылап, қорытынды шығарады деп сенеміз. Нақты шаралар қолданылып, маңызды шешімдер шығарылуы тиіс. Қалай десек те, қысқы спорт түрлеріне соны серпін қажет сияқты.

Оңтүстік Кореяда өткен төрт жылдық дүбірлі додада жоғары жетістіктерге қол жеткізе алмағанымызды дәлелдеу үшін, соңғы екі қысқы Олимпиада ойындарындағы көрсеткіштерімізді көлденең тартып отырмыз. Сочи және Пеңшаң Олимпиадаларында үздік ондыққа ілікен жетістіктерімізді өздеріңіз салыстыра жатарсыздар:

 

Сочи-2014

3-орын: Денис Тен (мәнерлеп сырғанау)

5-орын: Қазақстан (эстафета, шорт-трек)

5-орын: Дмитрий Рейхерд (фристайл, могул)

6-орын: Жанбота Алдабергенова (фристайл, акробатика)

7-орын: Юлия Галышева (фристайл, могул)

7-орын: Роман Креч (500 м)

7-орын: Денис Кузин (1000 м)

8-орын: Қазақстан (командалық спринт, шаңғымен жарысу)

9-орын: Денис Кузин (1500 м)

9-орын: Алексей Полторанин (15 км)

 

Пеңшаң-2014

3-орын: Юлия Галышева (фристайл, могул)

6-орын: Қазақстан (эстафета, шорт-трек)

7-орын: Павел Колмаков (фристайл, могул)

8-орын: Дмитрий Рейхерд (фристайл, могул)

8-орын: Қазақстан (эстафета, шаңғымен жарысу)   

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу