"Самұрық-Қазына" медицина мен ғылымға инвестиция салмақшы

13393

Әл-ауқат қоры инвестиция салатын 9 тың бағытты таңдады.

"Самұрық-Қазына" медицина мен ғылымға инвестиция салмақшы

"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры мұнай-газ, тау-кен өндірісі мен көлік саласындағы үлесін азайтып, 9 тың бағытқа инвестиция салмақшы. Мұнай мен метал бағасының сәт сайын құбылуы, Үкіметтің экономиканы әртараптандыру жөніндегі талаптары қор басшыларын үйреншікті тәсілден бас тартуға итерлемеп отырса керек. Бұл міндет қалай жүзеге асатынын қордың стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Ләззат Боранқұлова баяндады. 

"Биржадағы "Самұрық-Қазынаға" тиесілі таза активтер құнының үлесі қазіргі кезеңде 14 пайызды құрап отыр. Ал сингапурлық Temasek, малайзиялық Khazanah Nasional сияқты дербес қорларда бұл көрсеткіш 58 және 32 пайыз. Жекешелендіру бағдарламасының аясында біз өз көрсеткішімізді 80 пайыз деңгейіне жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша "ҚазМұнайГаз", Air Astana, "Тау-Кен Самұрық", "Қазақстан Темір Жолы" сияқты ірі компаниялар қор нарығына шығарылады. "Қазақтелеком" компаниясының  KASE-дегі акциялар үлесі артады. 2018-2019 жылдары қор "ҚазАтомӨнеркәсіп" компаниясының 25 пайыз акциясын Астана және Лондон биржаларына сәтті шығарып үлгерді. Қор нарығындағы портфельді активтер листингі аталмыш компанияларды нарықтық тәртіпке итермелеп, үшінші тұлғалардың капиталға қолын жеткізеді", – дейді ол.

Бұған дейін "Самұрық-Қазына" тек Қазақстан аумағында ғана белсенді инвестор ретінде "ойнаған" болса, енді шетелге шығып көрмекші. Ол үшін Сингапур, БАӘ, Малайзия холдингтерінің тәжірибесіне сүйенуі мүмкін.

"Самұрық-Қазынаның" қазіргі инвестициялық құрылымы негізінен мұнай-газ және тау-кен өндірісі, көлік қатынасы сияқты бірнеше салаға ғана шоғырланған. Шикізат бағасы құлдырап, нарық құбылған кезде бұл тәуекелдер тудырады. Мысалы мұнай бағасы төмендегенде портфельдер құнына кері әсер етеді. Қордың инвестицияларының 100 пайызы Қазақстан аумағында шоғыранған. Ал Temasek, Mubadala Development Company, Khazanah Nasional сияқты дербес қорлар өз елдеріне 60, 28, 53 пайыз ғана инвестиция салады. Қалған инвестициялар елден тысқары шоғырланған. Үкімет мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтып, шектеуге күш салып жатқанын ескерсек, елден тысқары инвестициялар салу "Самұрық-Қазына" үшін жеке сектордың экономикаға араласуына кедергі келтірмей отырып өз актвитерінің бағасын арттыруға жол аша алады. Бұл қордағы инвестициялық портфельдердің концетрацялық тәуекелін төмендетеді",– дейді компания өкілі.

Бүгінге дейін Қазақстан экономикасын әртараптандырып, мұнай мен металл бағасына тәуелділікті азайту керектігін айтпаған маман қалмаған шығар. Бұл бастамалардың сөз жүзінде қалуына "Самұрық-Қазына" сияқты бюджеттен тыс активтің бәрін бойына  шоғырландырған алпауыттың енжарлығы да елеулі әсер етті. Енді қор басшылары енжарлықты қойып, ортақ мақсатқа жұмылатын сыңай танытып отыр.

"Самұрық-Қазына" өзіне 9 басым саланы таңдап алды. Бірақ бұл қатып қалған тізім емес. Жыл сайын жаһандық және өңірлік нарықтағы трендтерге талдау жасап отырамыз. Егер трендтер өзгеріп жатса, жаңа инвестицияға қажет тың жобалар табамыз. Аталған 9 саланың қазіргі тізімі мынадай: қайта өңдеу өнеркәсібі,  логистика, машина құрастыру, ақпараттық технологиялар, ғылыми жобалар, инфрақұрылым, "жасыл" энергетика, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы. Жаңа инвестициялардың бағыты экономиканы әртараптандырудың жалпыұлттық мақсаттарымен сәйкестендірілді. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылғандай, экономиканы әртараптандыру жай ғана қажеттілік емес. Одан басқа жолымыз да қалған жоқ", – дейді Ләззат Боранқұлова.

2018 жылы "Самұрық-Қазына" таза активінің тек 2 пайызын ғана ел экономикасына инвестиция ретінде салған екен. Енді бұл көрсеткішті 10 пайызға жеткізбек. Өзі таңдап алынған 9 бағытты бірдей қамту үшін Еуропаның ірі компанияларымен байланыс ортауда.

"Әл-ауқат қоры Қазақстан аумағындағы жаңа инвестициялардың таза активтердегі үлесін жоспарлы түрде 2-ден 10 пайызға дейін, ал тікелей және портфельді халықаралық инвестициялар үлесін 4-тен 20 пайызға дейін өсірмек. Бұл жерде "Самұрық-Қазынаның"  шетелдік және отандық серіктестерді тартудағы еңбегін айта кету керек. Кейінгі бір жылда қор бірнеше инвесторды елге әкелді. Израильдік NIF және италиялық Da Vinci Capital қорларының 600 млн долларлық тікелей инвестициясына тартты. Енді BPI France компаниясымен 100 млн доллар көлеміндегі бірлескен инвестиция бойынша келіссөздер жүріп жатыр", – деді қор директоры. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу