Санкциядан ұтқан еуропалық банк Мәскеуді масайратып, Батысты кіжіндіріп отыр

1673

Ресей рублінің алапат девальвациясы арқасында дәл осы банк кенеттен қолма-қол ақшаның астында қалды. 

Санкциядан ұтқан еуропалық банк Мәскеуді масайратып, Батысты кіжіндіріп отыр Фото: bankstoday.net

РБК хабарлауынша, рубльдің құнсыздануы аясында Райффайзен банкке қолма-қол ақша тасқындай бастағаны анықталды. Тек мамыр-шілде аралығында ғана бұл банктің Ресейдегі кассалары мен банкоматтарына шамамен 30 миллиард рубльдей шытырлаған ақша тоғытылыпты.

"Рубльдің дағдарысы басталғалы австриялық Raiffeisen Bank International (RBI) банкінің Ресейдегі осы еншілес банкінің балансы екі еседен астамға өсті. Сол себепті банк қолма-қол ақша қабылдауға шектеу енгізе бастады. Сонымен қатар ол ресейліктер тарапынан құнды металдар мен асыл тастар қабылдау бойынша да ресейлік нарықтағы лидерге айналды. Тарихи тұрғыдан алғанда Райффайзен банк бұған дейін алтынмен және басқа да бағалы металдармен жұмысқа маманданбаған еді", – деп мәлім етті РБК.

Мұның сыры неде?

Ресейлік медиахолдинг сұрау салған сарапшылар мұның басты сырын атады: себебі "Райффайзен" Украинадағы соғысқа қарамастан, Ресейде жұмысын жалғастырған еуропалық ірі банк және ол ресейлік компанияларға, ауқатты адамдарға санкциялардың ауыртпалығын еңсеруге көмектесіп отыр. 

"Былтыр да Райффайзен банктің ақша қабылдайтын кассасы қамырдай қампайып кетіп еді. Енді биылғы жылы да сол өсім жалғасуда", — деді "Эксперт РА" компаниясының атқарушы директоры Юрий Беликов.

Әсіресе, бұл үрдістің дәл соғыс басталған соң, қарқын алғаны тіксінтеді. РБК сарапшылары талдаған банктің есебіне сәйкес, қолма-қол қаржы көлемі бірден 3,2 есеге: 2022 жылғы ақпандағы 66,5 миллиард рублден 2023 жылғы шілдедегі 217,5 миллиард рубльге дейін шарықтады.   

"Ресейлік банктерге қатысты Батыстың санкциялық қыспағы аясында Райффайзен банктің ресейлік барлық клиенттері арасындағы танымалдылығы мен тартымдылығы барынша өсті. Ресейдің шетелмен арадағы көптеген валюта айырбастау операциялары, шетелдік валютадағы есеп айырысулар және басқасы осы банк арқылы жүзеге асырылады", – деді Юрий Беликов.

Ресейлік тәуелсіз аналитик Андрей Бархотаның айтуынша, Ресейде Райффайзен банктің "еркін валюта айналымын ұйымдастырушы" репутациясы бар. Оған қолма-қол ақшаның ағындауына да сол түрткі.

Былтырғы 24 ақпанда Мәскеу Украинаға қанқұйлы шапқыншылығын бастаған соң, Raiffeisen Bank International Ресейдегі өзінің еншілес банкінің жарғылық капиталынан шығуды қарастырып жатқанын мәлімдеді. Өйткені Батыс елдерінің ірі банктері РФ нарығын тастап шыққан болатын.

Ол кезде Райффайзен банк активтері жөнінен (1,63 триллион рублдей) Ресейдегі тоғызыншы, ал төл капиталы жөнінен (186,6 миллиард рубльдей) 13-ші банк саналды.

Артынша ол жетекші банктердің қатарына жұлқына енді. Тіпті Ресейдің бірінші банкі саналатын Сберді де қолма-қол ақша қабылдау жөнінен басып озды.

Бизнесмендер жаргон тіліндегі "лафа" (рахат өмір) дегенге ұқсатып, "Рафа" атайтын бұл австриялық банк қазіргі кезде Ресейдің банк секторына терең интеграцияланды. Ол РФ Орталық банкі түзген және небары 13 банктен тұратын "жүйе үшін маңызды кредиттік ұйымдар"   тізіміндегі екі шетелдік банктің бірі. Халықаралық сарапшылардың байламынша, осы тізімнің төрінен орын алуы оның Ресей экономикасының санкциядан күйреп қалмай, соған төзуінде орасан зор рөл атқаратынын көрсетеді.

Райффайзен банк 2022 жыл қорытындысында Ресейдегі қаржылық сектордағы дағдарысқа қарамастан, табысын қомақты арттыра алған жалғыз банкке айналды. Есебі бойынша 2022 жылы оның қаржылық табысы бірден 3,6 есе жоғарылап, 141 миллиард рубльге жетті.

Financial Times мәліметінше, санкциялар аясында дәуірлеген Райффайзен банк Ресейдің басқа мемлекеттермен арасындағы барлық есеп айырысуларының 40–50%-ын жалғыз өзі еншілеп отыр.

Әрине, Австрия Еуропалық Одаққа мүше болғанымен, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері бейтараптылық саясатын әлі күнге жалғастырып келеді. Ол НАТО-ға кірмеді. РФ–Украина соғысында тараптардың ешқайсысына көмектеспейтінін білдірді. Inbusiness.kz бұл бейтараптылығында Австрияның Мәскеуге көбірек "бүйрек бұратынын", тең дегенмен, Ресейге кең екенін сараптап жазды.

Енді оның банкі Ресейдің санкция атаулыны орағытып өтуіне қолұшын созып отыр ма? Осыдан күдіктенген АҚШ-тың санкциялардың сақталуына жауапты органы – Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Ресей мен Сирияда белсенді жұмыс істеп жатқан австриялық Raiffeisen Bank-ті тексеруге кірісті. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Агенттік банк мамандарынан биылғы қаңтарда OFAC-тан ресми сұрау түскенін анықтады. Онда америкалық ведомство "Ресей және Украина арасындағы соңғы оқиғаларға байланысты RBI іске асырып жатқан төлем бизнесінің және сонымен байланысты процестердің мәнін ашуды" талап етіпті. Бұл тергеудің немен аяқталатыны белгісіз.

Бұдан бөлек, OFAC австриялық банктің Ресейде, Украинаның оккупацияланған Донбасында және Сирияда өрістетіп жатқан қызметін тексеріп жатқан көрінеді. Мұны да Reuters төл дереккөздерін сүйене отырып, мәлім етті.

Райффайзен заңгерлері деректер ұсыну мерзімін ұзартуды сұрап, Америкадан соған келісім алыпты. Соңғы деректер биылғы маусымда Американың құзырлы органына тапсырылуға тиіс болыпты.  

Оның үстіне тергеу заңсыз, күдікті нақты бір транзакциямен байланысты емес. Ол жаппай тексеу сипатында жүріп жатқан көрінеді. Сондықтан ұзаққа созылмақ. Reuters журналистеріне австриялық банк өкілдері OFAC-пен ынтымақтасып жатқанын, оның сұрауы нақты бір мәмілеге орай туындамағанын, мәселелер "жалпы сипатқа ие" екенін жеткізді.  

Агенттіктің дереккөздері АҚШ Қаржы министрлігінің тексерісі осы еуропалық банкке санкция салынуымен аяқталуы мүмкін деп алаңдайды.

Былтыр кетемін дегенімен, Ресейді қимаған австриялық банктің тірлігі еуропалық қаржылық реттеушілерін тіксінтіп отыр.

Тағы да сол Reuters Еуроодақтың Орталық банкі жыл басынан бері "Райффайзеннен" Ресейді тәрк етуін талап етіп жатқанын жазды.

"Еуропалық Орталық банк австриялық "Райффайзенге" (Raiffeisen Bank) Ресейден кетуі үшін қысым көрсетуде. Басылымның екі әңгімелесушісінің айтуынша, ЕОБ "Райффайзеннен" РФ нарығынан шұғыл шығуды талап етіп отырған жоқ. Әйтсе де, онда ресейлік бизнесін доғарудың нақты жоспарының болғанын қалайды. Өз кезегінде "Райффайзен" Ресейден кету жоспарын Еуропалық Орталық банкке ұсынуды әзірге жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы бізге ұйымның қызметкерлерінің бірі баяндады. Банк Ресейдегі бизнесін дамытудың түрлі нұсқаларын зерделеуде. Оған мұқият ойластырылған, бақылаудағы шығу нұсқасы да кіреді", – деп хабарлады Reuters.

Ресейлік іскерлік басылымдар да таяуда "RBI әлі күнге дейін Ресейдегі бизнесін қашан және қалай доғаратынына қатысты ақырғы шешім қабылдамағанын" жазды. Бірақ банктік топтың стратегиясы Ресейде кредит таратуды қысқарта бастауды қарастырады екен.

Ресейлік эксперттер, қаржыгерлер Райффайзен банктің кетуі Ресей үшін апатқа айналатынын қаперге салды. Ресейлік барлық дерлік ірі банк түрлі санкция астында. Егер Райффайзен банкі қызметін доғарса, онда Мәскеу іс жүзінде SWIFT жүйесінен ағытылып қалады, оған қол жеткіза алмайды. Салдарынан, ресейлік бизнестің шетелдік серіктестерімен, соның ішінде Қазақстандағы контрагенттерімен есеп айрылысуы күрт күрделенеді.

Дегенмен, Кремлге жеңіл күрсініп, кең тыныстауына болады. Осы тамызда Raiffeisen Bank International ресейлік еншілес банкін жабуды 2023 жылдың соңына көшіргенін жария етті. Бұл туралы RBI тобының CEO басшысы Йоханн Штробль мәлімдеді.

Бұл шешімге Мәскеудің қалай ықпал еткені, немен қызықтырғаны белгісіз қалды.  

"Бұдан бұрын біз spin-off (еншілес банкті жеке бизнес ретінде бөлшектеу) мерзімі ретінде 30 қыркүйекті атағанбыз. Алайда сол мерзімде мұны жүзеге асыруымыз енді неғайбыл", —  деген Штробль банктің ықтимал spin-off-ының жаңа датасы ретінде биылғы желтоқсанның соңын қарастырып отырғанын айтты.

Бірақ 2024 жылы да Мәскеу мен австриялық алпауыт банктің құшақтары айрылысатынына сену қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу