Сауда соғысы аяқталуға жақын

4716

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай лидері Си Цзиньпин бір жыл бұрын басталған сауда соғысын тоқтату үшін осы айдың соңында кездесуді жоспарлап отыр. 

Сауда соғысы аяқталуға жақын

"Уолл Стрит Джорнал" газеті жексенбі күні хабарлағандай, тараптар келіссөздердің соңғы кезеңіне жетті. Және де Трамп әкімшілігі Бейжіңге қарсы санкцияларды алып тастайтын болса, Қытай Америка тауарларына тарифті төмендетеді. Басылымның өзге бір мәліметіне қарағанда, келіссөздер жеткілікті деңгейге прогресс байқатып отыр. Сондықтан, Трамп пен Си наурыздың 27-де өтуі мүмкін кездесуде ресми келісімге қол жеткізуі ықтимал. Бұл хабар өткен аптада Трамп екі жақтың "бір пәтуаға өте жақындап қалғанын" мәлімдегеннен кейін жарияланып отыр. Болжамдарға қарағанда, АҚШ пен Қытай басшылары ай соңында Флоридада жүздеседі.

Бұл прогресс  – Бейжіңде маңызды саяси съезге жиналған Қытай жетекшілері үшін жағымды жаңалық. Жексенбі күні Қытай Халықтық Саяси Консультативтік Конгрессі (парламент) ашылды. Бұл орган заңдық және саяси мәселелер бойынша кеңес береді. Оның кезекті отырысына зейнетке шыққан бұрынғы ірі шенеуніктермен бірге өзге де танымал адамдар көптеп қатысады. Бірқатар бақылаушылардың ойынша, АҚШ-Қытай сауда соғысының уақытша болса да аяқталуы экономиканың баяулауын тоқтатуға күш салып жатқан Си Цзиньпин мен оның үкіметі үшін үлкен жеңіс болар еді. 

Экономика қарқынының төмендеуі елдің қор нарығына соққы болып тиіп, Apple және Caterpillar тәрізді компанияларды алаңдатып, мәлімдеме жасауға мәжбүрледі. Сауда соғысының әрі қарай өршуі Қытай экономикасына қысымды одан сайын күшейтіп отыр. Дегенмен, "Джорналдың" мәліметінен кейін – дүйсенбі күні  Shanghai Composite индексі 2,5 пайызға өсті. Естеріңізге сала кетсек, АҚШ пен Қытай былтыр бір-бірінің ондаған миллиард долларлық тауарына тарифті көтерді.

"Уолл Стрит Джорналдың" мақаласында жазылғандай, Вашингтон мен Бейжің арасындағы потенциалдық сауда келісімге сәйкес, Қытай Американың ауылшаруашылығы өнімдеріне, химиялық тауарларына, автомобильдеріне тарифті түсіріп, шетел инфестицияларына қарсы барьерлерді алып тастауды жалғастырады. Бұған қоса, Қытай АҚШ-пен арадағы сауда тапшылығын азайту үшін Америка тауарларын көбірек импорттауға келісуі мүмкін. Президент Дональд Трамп осы мәселеге кейінгі кездері ерекше мән беріп отыр. Оның үстіне, өткен аптада Трамп әкімшілігі Қытайдың 200 миллиард долларлық экспортына тариф жариялауды кейінге қалдырып, екі мемлекеттің бір келісімге келуі мүмкін екенін ашық аңғартты.

"Джорнал" мұның бәрін болуы мүмкін оқиғалар ретінде жариялап отырса, Трамп Си Цзиньпинмен "қол қоятын" саммит өткізуді жоспарлап отырғанын жасырмай отыр. Алайда, кейбір болжамдарға қарағанда, Трамп әкімшілігінде "Бейжіңмен келісім жасауға қазіргі уақыт қолайлы?" деген сауал төңірегінде дау туындаған. АҚШ-тың Бейжіңдегі сауда өкілі Роберт Лайтхизер сәрсенбі күні мәлімдегендей, Қытай Америка үшін нақты жеңілдіктер жасауы керек.

"Бір келіссөзбен Қытаймен арадағы қатынастарды, кейінгі кездердегі тәжірибелерді өзгерте саламыз деу – ақылға қонымсыз. Бұл – әлі жалғасатын процесс", – дейді Лайтхизер "Си-эн-эн" телекомпаниясына берген сұқбатында.

Екі экономикалық державаны үлкен дауға ұрындырып отырған негізі проблемалардың бірі – АҚШ-тың Қытайды америкалық компаниялардан құнды технологияны қорқытып  алды деп айыптауы. Вашингтонға сенсек, Бейжің инновациялық идеялармен бөлісуден бас тартқан америкалық кәсіпорындарға еліңе қайтарамын деп ультиматум қояды. Алайда, ҚХР үкіметі мұның бәрін растамады, мойындамай отыр.

"Екі ел арасында технология беру, интеллектуалдық меншік құқығын қорғау, нарыққа ену жайында айтарлықтай құрылымдық айырмашылықтар бар. Дауласушы тараптар тариф жөнінде ырымаға келсе, бизнес белгісіздіктен арылар еді", – дейді JPMorgan Asset Management компаниясының Азия-Тынық мұхит нарығы бойынша стратегі Тай Ху.

Бейжің мен Вашингтон, әсіресе, жетекші технологиялық компаниялар төңірегінде дауласып келеді. Оған бір мысал: Құрама Штаттар үкіметі былтырдан бері  Қытайдың Huawei және өзге де фирмаларына қарсы түрлі шектеу шараларын қолданып отыр.

"Кедей әрі қауіпті жер"
Өткен күзде Халықарарық валюта қоры ғалам экономикасының жағдайына баға бере отырып мәлімдегендей, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы жалғаса беретін болса, әлем "кедей әрі қауіпті жерге" айналып кетеді. Сонымен қатар, сол баяндамасында ХВҚ бұл жанжал күшейсе, дүниежүзілік өндіріс өсімін қалпына келтіру қиындайтынын ескертті. Осы қордың бас экономисті келтірген мәліметке қарағанда, АҚШ-Қытай сауда соғысынан, әсіресе, үй шаруашылықтары мен кәсіпорындар көбірек зардап шегіп, ғаламдық экономика 2018-2019 жылдары әуелгі болжамдағыдай 3,9 пайызға емес, 3,7 пайызға ғана өседі. Және де Қытай экономикасының баяулауынан дамушы елдердің өнімдеріне де сұраныс төмендейді деген қауіп бар.

Арыстан Рысбек

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу