Саудиялық жаңа король NEOM инновациялық қаласына Қазақстанды тарта ма

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4025

Мұсылмандардың екі киелі орнын сақтаушы Сауд Арабиясы ізгілікті реформаларды бастан өткеруде. 

Саудиялық жаңа король NEOM инновациялық қаласына Қазақстанды тарта ма

Таяу уақытта Сауд Арабиясында билік ауысады деп күтілуде. Нәтижесінде, қазіргі патша Салман бен Абдул-Азиздің орнын Мұхаммед бен Салман баспақ. Бұл корольдік ішінде де, сондай-ақ оның сыртында да жұртшылық назарын аударып отырған тарихи оқиға саналады. Айтқандай, халықаралық сарапшылар жаңашыл ханзаданың аты-жөніне де ерекше қарап, қысқашалап, MBS деп атайды ("Mohammad bin Salman bin Abdulaziz Al Saud also known as MBS").

Бұл ретте саудиялық тақтың жас әрі жасампаз мұрагері лауазымына кіріскенге дейін-ақ өзі қолға алатын ғаламат реформалар туралы жариялады. Егер олар орындалатын болса, MBS-тың басқару кезеңі тарихта тек мемлекеттік саясаттағы ғана емес, сонымен бірге патшалықтың ғасырлар бойы бой үйреткен өмір салтын да түбегейлі өзгерткен бетбұрыс кезеңі ретінде қалуы ықтимал.

Сондықтан бұл елмен аралас-құралас елдердегі саясаткерлер мен саясаттанушылар болашақ қарым-қатынастар көкжиегін бағамдау үшін жас ханзаданың беталысын шамалап, қадамдарының стратегиялық мәнін түсінуге тырысуда.

Әсіресе, Мұхаммед бен Салманның Сауд Арабиясында "ұстамды ислам мемлекетін" құратыны туралы мәлімдемесі елең еткізген. Себебі, ерте замандардан бері бұл өңірдің және патшалықтың идеологиясы мен өмірінде уахаббизм секілді қатаң ағымдар маңызды рөл атқарады. Оның үстіне саудиялықтар әр елдерде медреселер, қорлар және басқа ұйымдар ашып, қызметіне демеу көрсетіп, олардың таралуын қолдап келді.

"Егер MBS шынында діни реформаны салмақты жүргізіп, радикалдардан арылса, онда бұл либералдық жаңашылдықтар тізбегін тудырып, бүкіл ислам әлемінің болашағын өзгертуі мүмкін. Мұхаммед бен Салман бұдан дейін де дін саласындағы бірқатар прогрессивті реформалар жүргізуімен танылып үлгерді. Нәтижесінде, саудиялық діни полиция адамдарды тұтқындау құзырынан айырылып қалды. Әйелдерге де, ерлер қатарлы, автокөлік жүргізуге рұқсат етілді. Патшалық тұрғындарына кинотеатрларға барып, кино тамашалау мүмкіндігі берілді. Бұдан бөлек, елде батыс мәдениетін ілгерілету үшін ойын-сауық департаменті құрылды. Осы және басқа да шаралардың барлығын жергілікті дінбасылар өте теріс қабылдады. Содан діни лидерлер қатал оппозицияға айналып кетіп, MBS-тың таққа отыруына жан-жақты қарсылық көрсете ме деген қауіп туған. Алайда бұл ханзадаға еш кедергі болмады. Ол қайта діни реформаның басталғаны туралы жария етті. Оның аясында саудиялық қоғамды жаңғырту жоспарлары жүзеге асырылады және дінбасылардың ықпалы төмендетіледі", − дейді шығыстанушы, Таяу Шығыс бойынша маман Дмитрий Фроловский.

2017 жылдың тамызында Сауд Арабиясында жаппай отставкалар мен жергілікті мешіттердің мыңдаған имамын тұтқындаулар басталды.

Саясаттанушылар толық билікке қол жеткізген соң, MBS тіпті ең беделді діни орган саналатын "Жоғарғы үлемдер кеңесіне" реформа жүргізуге және оның саяси әрі қоғамдық мәнін барынша төмендетуге талаптануы мүмкіндігін болжайды.

Ақпарат құралдары Сауд Арабиясы халқының Мұхаммед бен Салманның қадамдарына кең қолдау көрсететінін хабарлайды. Ханзада бірінші кезекте, жастарға ден қойып отыр. Өйткені корольдік халқының 60%-дан астамы − 30-ға да жетпеген жастар болып табылады. Олардың көбі қазір ағылшын тілін жақсы біледі, жаһандық ақпарат айдынында еркін "жүзеді", біразы озық батыстық білім алған және қатаң консервативті қоғамдық уағыз-моральдан шаршаған. Олар жас патшаның билікке келуімен бірге қоғамдағы жаңарулардың тың серпін алуын күтуде. 

Сонымен қатар, сарапшылар бұл өзгерістер Сауд Арабиясының халықаралық аренадағы беделін еш кемітпесіне сенімді. Эр-Риядтың өз өңіріне ғана емес, өзгелеріне де ықпал ету тетіктері қуатты.

Сондай-ақ қазақ елі үшін де аса тартымды саналатын "ұстамды ислам" идеологиясы Сауд Арабиясының мұсылман әлеміне ықпалын күшейтер "жұмсақ күшке" айналуы ғажап емес. Бұл ретте мысалы, MBS штаб-пәтері Эр-Риядта орналасқан, радикалдарға қарсы Исламдық әскери антитеррорлық коалиция құруда.

Кейбір мамандар сүннит мұсылмандарының лидері саналатын Сауд Арабиясының реформаға баруына бір жағынан, шииттердің басты қолдаушысы Иранның Жерорта теңізі жағалауы өңіріндегі ықпалының күшеюі түрткі болуы мүмкін екендігіне сілтеме жасайды. Ирак пен Сириядағы шииттік режимдерге Теһранның ықпал-әсері өскені белгілі.

Ал сунниттік Сауд Арабиясының заманауи жаңғырулар мен ізгілікті реформаларға баруы арқасында Эр-Риядтың халықаралық имиджі жақсарады. Тиісінше, бұл оның жаһан жұртшылығы үшін сүйкімділігі мен "тартылыс күшін" арттыруы ықтимал.

Қалай болғанда, бұл елдегі өзгерістердің берік іргетасы қалануда. Бұдан бұрын елде жемқорлыққа қарсы соғыс ашылған. Күрес торына тіпті аса беделді саудиялықтар да ілікті. Бірақ биліктің қаталдық емес, рақымшылық танытып, оларды түрмеге қамамай, бесжұлдызды қонақүйдің холында ұстағанын, ақыры өз дәулеттерінің үлкен бөлігін мемлекетке өткізіп, бостандықтың құнын төлеттіргенін халықаралық қоғамдастық көріп, қанықты. Батыстық ақпарат құралдары MBS-ның осылайша, оларға құрмет көрсете отырып, жаңа бағытты қолдайтындарға еш қатігездік жасалмайтынын паш еткенін айтады.  

Патша тағына отырғаннан кейін реформаторға басқа да түйткілді проблемалардың шешімін табуға тура келмек. Корольдіктің экономикалық моделі көнерген және негізінен мұнай-газ ресурстарын экспорттауға негізделеді. Сондай-ақ жаңа корольді заңнаманы жаңарту, менеджмент сапасын көтеруге, жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету ісі күтеді. Бұларға қатысты кең ауқымды экономикалық реформалар жаңа "Болашақ-2030" (Vision 2030) бағдарламасында көзделген. Оның және басқа да реформалардың табысты жүзеге асуы Мұхаммед бен Салманның тарихтағы орнын анықтайтын болады.

Сөз соңында, адамзат тарихындағы толық инновациялық жаңа қала NEOM-ның да Сауд Арабиясында тұрғызылатынын айта кеткен жөн. Ол MBS тұсында бой көтереді деп тұспалдануда. Соны тұрпаттағы осындай тұңғыш шаһардың құрылысына триллион доллар қаржы салынбақ. Таяуда Қазақстан да бұл жобаға өз бизнесмендерін қатыстыруға мүдделі екендігін жариялады. Өйткені жаңа Астананы тұрғызып, "Болашақ қуаты" атауымен ЭКСПО көрмесін өткізген еліміздің мол тәжірибесі жинақтағаны басты "көзір" ретінде алға тартылып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу