Саясат Нұрбек: Мемлекеттік органдар кадр қажеттілігін терең талдаумен айналыспайды

2463

Техникалық мамандыққа сұранысты арттыру үшін өндірістік қуат мықты болуы керек. 

Саясат Нұрбек: Мемлекеттік органдар кадр қажеттілігін терең талдаумен айналыспайды

Бұл туралы BTS Education компаниясының бас директоры, "Қазақстанның жаңа мамандықтар мен дағдылар атласы" жобасының ұлттық үйлестірушісі Саясат Нұрбек inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

– 90-шы жылдардың соңында жастар жаппай заңгер немесе экономист болуға ұмтылды. Бұл жағдай бертінге дейін жалғасты. Қалай ойлайсыз, еңбек нарығындағы теңгерімсіздікті түзеуге бола ма?

– Бұл – өте күрделі мәселе. Біз оны жүйелі түрде талдадық. Іс барысында еңбек ресурстарына сұраныс қалай қалыптасатынын түсінуге тырыстық.

Бұрын кадр даярлау мәселесі жоспарлы экономика моделі шеңберінде шешілетін. КСРО мен Қазақ КСР кадр қалыптастыруға қатысты мемлекеттік жоспарды "Өндірістік күштерді орналастыру схемасы" деп аталатын негізгі құжатқа сүйеніп орындайтын. Онда қандай өндіріс іске қосылатыны, олар электр энергиясы мен шикізатты және кадрды қайдан алатыны алдын ала жазылатын. Бұл таяудағы 10 жылда өнеркәсіптің, өндірістің, энергетиканың және инфрақұрылымның қалай дамитынын сипаттайтын құжат болатын.

Ғылыми зерттеу институттары мемлекеттік жоспар аясында еңбек нарығы бойынша математикалық модельдерді жоспарлаумен, болжаумен және әзірлеумен айналысатын. Бұл іс еңбек ресурстарының салааралық балансы деп аталатын. Белгілі бір сала үшін қанша, қандай маман қажет екені есептелетін.

КСРО Еңбек министрлігінің жанында есеп жүргізетін бағдарламалық-аппараттық кешен, үлкен электронды-есептегіш машина жұмыс істеді.

Қазір біз осының барлығын санап, қолданысқа енгізе алмаймыз. Өкініштісі 30 жыл бұрын мұның барлығы болды. Ғылыми зерттеу институттарындағы кибернетиктер мен математиктер қажетті бағдарламаларды әзірлеп отырды. Естеріңізде болса, аға буын, біздің ата-аналарымыз орта оқу орындарын, кәсіптік-техникалық училищелерді, жоғары оқу орындарын бітіргенде жұмысқа жолдама алатын. Олар жұмыссыздық дегенді білмейтін. Ол кезде тапсырыс пен сұраныс арасындағы тепе-теңдік қатаң сақталатын.

– Бұрынғы тепе-теңдік бұзылды ма?

– Экономиканы дамытудың жоспарлы моделі – қанша қадр, қандай кадр қажет деген сұраққа жауап іздеді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы өз  міндетіне басымдық берді. Жүйенің тиімді және тиімсіз тұсы болды.

90-шы жылдары біз нарықтық экономикаға көшу туралы шешім қабылдадық. Мемлекеттік білім беру тапсырысы нарықтың сұранысын қанағаттандыруға көшті. Өкініштісі мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде ондаған мың грант бөлінсе де, нақты нәтиже болмады. Еңбек нарығында заңгерлер мен экономистер қаптап кетті. Себебі қоғамда оқушының ата-анасы мен талапкер мамандық таңдауда негізге алатын қарапайым әрі түсінікті бағдар болмады. Талапкерлер қайда бару қажеттігін, экономикада қандай мамандық бір, үш, бес жылдан кейін сұранысқа ие болатынын білмеді.

– Президент гуманитарлық мамандықпен әуестену кезеңі келмеске кетіп, техникалық мамандыққа мән беретін кез келгенін мәлімдеді. Әрі қарай не болады?

Бұрын кадрлық резервті қалыптастыру тетігі жоспарлы экономикаға байлаулы болатын. Қазір кадрлық резерв мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік секторға сұраныс жіберу арқылы қалыптасады. Бірақ бұл органдардың ешқайсысы кадр қажеттілігін терең талдаумен айналыспайды.

Мәселенің екінші жағы – біздің экономикамыздың құрылымы өте қарабайыр.

Күрделі экономика ұлттық немесе аймақтық деңгейде күрделі өнім өндіруге мүмкіндік береді. Экономиканың қарабайыр құрылымы мұндай мүмкіндікке жол бермейді. Бұған қоса қарабайыр экономикада техникалық және инженерлік кадрларға сұраныс болмайды.

Біз білім алушыларды экономикасы күрделі елдердің ең озық оқу орындарында оқытамыз. Кейін олар алған білімдерін елде кәдеге жарата алмайды. Себебі сұраныс жоқ.

Бізде негізгі сұраныс сату, маркетинг, сүйемелдеу сынды қызмет көрсету салалаларына ғана болады. Себебі біз іс жүзінде ештеңе өндірмейміз. Талапкерлер инженер мамандығын меңгерсе қайда жұмыс істейтінін инстинктивті және интуитивті жағдайда ғана түсінеді. Бұл жерде адамдарды кінәлауға болмайды. Мәселені шешу үшін экономика құрылымын қайта құрумен, нақты өндірістік қуат қалыптастырумен айналысу қажет. Сұраныс ұсыныс туғызады. Бұл – экономиканың әмбебап заңы. Егер жаңа инженерлік-техникалық кадрларға сұраныс болса, инженерлер сол жерге барады, жүйе қайта құрылады.

– Мемлекет басшысы студенттерді "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ресейге оқуға жіберуді ұсынды. Қоғамда өткір сын туды. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– "Болашақ" бағдарламасы түбегейлі тұжырымдамалық қайта құруды талап етеді. Ресейлік университеттерге келетін болсақ, біздің кадрларды даярлауға жіберуге болатын бірнеше техникалық университет бар. Мысалы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, Мәскеу инженерлік-физика институты, Мәскеу физика-техникалық институты.

Бұл университеттерді таңдаудың тиімділігіне бірнеше дәлел бар. Ең алдымен, аты аталған жоғары оқу орындарындағы стандарттарға назар аудару керек. Осы уақытқа дейін көптеген посткеңестік елдерде бірдей стандарттар, соның ішінде Snip немесе SanPiN қолданылады. Біз де кеңестік жүйеден алшақтаған жоқпыз. Қазақстанда үлкен, терең реформа болған жоқ. Реформа бұрын қолданыста болған тәсілдер мен амалдар өзгерген кезде ғана болады.

Біз базалық стандартымыз кеңестік жүйеден қалғанына қарамастан, үнемі батыс елдеріне бой түзейміз. Бұл тек өнеркәсіпке ғана емес, сонымен қатар мінез-құлық стандарттарына, құқықтық және құқықтық нормаларға да қатысты. Бізде тіпті сот жүйесінде кеңестік жүйенің сарқыншағы қалған.

Біздің өз жолымыз болуға тиіс. Бұрынғы логика мен стандарттан ауытқымау нәтиже бермейді.

Біздің түлектерді радиоэлектроника, ғарыш саласы, жол құрылысы, машина жасау сияқты салалар бойынша Ресейдің жоғарғы оқу орындарында оқытуға болады. Ал жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, IT-технология салалары бойынша оқытудың қажеті де, мағынасы да жоқ. Себебі бұл бағытта Ресейдің өзі тал қармап жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу