Шағын деп шектеуге болмайды

2098

"Павлодар" АЭА аумағында шағын мұнай зауытын салу жоспарланып отыр.

Шағын деп шектеуге болмайды

Мұнда Бакинский мұнай-химиялық үдерістер институтында жасалып, тәжірибеден өткізілген құрылыс негізге алынады.

"Осыған ұқсас, алайда қуаттылығы жағынан шағынырақ құрылысты біз 2 жыл бұрын Сумгаит қаласында жасаған болатынбыз. Кеңес одағы кезеңінде бұл қалада мұнай-химиялық өндірісі гүлдеп тұрған. Ол жерде біздің өндірістік ғылыми базамыз бар, қажет нәтиже мен экономикаға қол жеткізген соң, Қазақстанға оралайық деп шештік. Өкінішке қарай  біздің елде ғылыми-өндірістік база жоқ. Енді Павлодар қаласында осы тектес, бірақ өндірістік негіздегі құрылысты саламыз. Құрал-жабдықты өзіміз жинаймыз. Павлодар – металл құрастырғыштарға бай, металл өндіру бойынша алда келе жатқан қала. Біз барлығын өзімізде әзірлеу үшін сызбаларымызды бірнеше жергілікті кәсіпорынға  жібердік", - деп хабарлады "Северхим" ЖШС директоры Нариман Ахметжанов abctv.kz-ке.

Шағын мұнай өндірісін дамыту Еуропадан бастау алған болатын, өткен ғасырдың 90-жылдарының соңы мен 2000-жылдардың басында ТМД елдерінде белең алды. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалған емес, еліміздің батысында орналасқан қуаттылығы жылына 600 мың тоннаға жететін "Конденсат" АҚ-ны мысалға келтіруге болады. Павлодардағы құрылыс Павлодар мұнай-химиялық зауытының мазутында жұмыс істейтін болады.

"Біз бастапқы кезеңде жартылай фабрикат шығаруды жоспарлап отырмыз. Дәлірек айтсақ, дизельдік отын, битум кәсіпорындарына арналған гудрон, еріткіштерге қажетті техникалық керосин, жанармай құю бекеттері үшін пропан-бутан газы", - деп мәлімдеді Нариман Ахметжанов.

Құрылыс жылына 40 мың тонна мазутты қайта өңдейді. "Алдымен шағын жоба арқылы тәжірибе жинақтайық деп шештік. Екінші кезеңде біз А-92 бензинін шығаруды жоспарлап отырмыз. Мысалға "Конденсат" АҚ-ның басшылығы бізбен меморандумға қол қойды, олар біздің өнімді сатып алуға дайын. Бұрын олар да осы маркалы бензин шығаратын. Қазіргі кезде кәсіпорын жаңартылып, еуро-4 және еуро-5 бензинін шығаруға ауысты да,оны Еуропаға экспортқа шығара бастады", - деп ағынан жарылды кәсіпорын директоры.

Құрылысты іске қосу 2017 жылдың үшінші ширегіне белгіленді және алдын-ала есеп бойынша құны 3 млн доллар деп бағаланып отыр.

"Қазақстандағы 3 зауыт әзірге нарықты бензинмен және дизельдік отынмен толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан Ресейден жеткізілетін жанармай есебінен жабылатын нарықта тұтынушылар үлкен қиындықпен бетпе-бет келуде. Сол себепті біз ресейлік компаниялармен бәсекелестікке түсеміз", - дейді директор.

Айта кету керек,  алғашқыда аталған өндірістің құрылысын Атырау облысының аумағында салу көзделген еді. Бірақ жобаның экономикасы есептелгеннен кейін, жан-жағында қазақстандық және ресейлік төрт зауыттың орналасқаны ескеріліп, құрылысты бұл жерге салу жөнсіз деп шешілді.

"Павлодарда, әрине бәсекелестік төменірек. Біздің есебіміз бойынша, Павлодар нарығының радиусы 600 шақырымды құрайды, онда 8 млн адам тұрады: бұл Павлодардың өзі, Астана, Қарағанды, Семей, Өскемен, Омбы және Новосибирск.  Сондай-ақ  арнайы экономикалық белдеудің арқасында белгілі бір жеңілдіктер, яғни теміржол құрылымы бар, бұл жобаның құнын едәуір төмендетеді", - дейді Нариман Ахметжанов.

Ендігі маңызды сұрақ – кадр мәселесі. Бұл ретте біраз қиындық тууы мүмкін. Бүгінде жобаға Мәскеу мен Одессадан келген мамандар қатысып жатыр, олар жергілікті үміткерлерді оқытумен айналысып жатыр.

"Мұнай-химия саласындағы кадр мәселесі бойынша қиындық өте көп және оның шешімін әлі таба алмай отырмыз. Бұл жалпы Қазақстанға ортақ мәселе. Оқытушы кәсіпорындар бойынша да біраз қиындық бар. Жергілікті колледж тікелей осы кәсіпорынға арнап студент даярлап жібермек. Сондықтан білікті студенттер үшін күресу қажет болады, себебі оларға деген сұраныс үлкен. Ал әзірге біздің кәсіпорында Әзірбайжан, Ресей және Украинадан келген мамандар жұмыс істейді. Жобалауды Баку, Киев және Павлодардың мамандары жүргізеді. Біз жобалаушыларды тоғыз ай бойы іздедік, есепсіз уақыт пен қаражат жұмсадық", - деп бөлісті кәсіпорын директоры.

Көптеген мамандар шағын-МӨЗ-дің заманы аяқталғанын айтса да, аталған жобаны әзірлеушілердің аталған мәселеге қатысты өз көзқарасы бар: бұл кәсіпорындар мұнай өңдеуді дамытып, жанармай сапасын жоғалатуға бағытталған. Бұл кәсіпорынның нарықта өз орнын табуының және бәсекелестікке түсе алуының кепілі.

Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу