Шарасыз жандар панасыз қалмайды

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
3736

Шымкентте "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" пилоттық  жобасы аясында 3 орталық пайдалануға берілді.

Шарасыз жандар панасыз қалмайды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкентте отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға "Көмек" оңалту орталығы мен медициналық-психологиялық оңалту және әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталықтары ашылды. ҚР Бас прокуратурасының "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" пилоттық жобасының аясында пайдалануға берілген орталықтарды ашудағы мақсат – отбасындағы жанжалдарға тосқауыл қойып, шаңырақ ынтымағын сақтау болып табылады.  

Бұдан былай шаһарда "Көмек" деп аталатын дағдарыс орталығы жұмыс істейтін болады. Мекеме - отбасында зәбір көріп, тағдырдың тауқыметін тартқан азаматтар мен отбасы мүшелеріне психологиялық, әлеуметтік қолдау көрсетеді. Орталық Қазақстан Республикасының "Қызыл ай" қоғамының құрамында орналасып, "Қорғау-Астана" қорының әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жаңадан ашылған орталық ғимаратында қабылдау, дәрігер бөлмесі, қажетті құралдармен жабдықталған психолог, әлеуметтік кабинеттер, жатын бөлмелер, асхана, балалар алаңшалары, мәдени тынығу бөлмелері қарастырылған.

"Бұл орталықта 22 кабинет ашылып отыр. Бөлмелердің бәрі дерлік қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. 20-ға жуық білікті маман жұмыс істейтін болады. Негізінен бұл орталық тұрмыстық дағдарысқа ұшыраған азаматтарға қолдау көрсетіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер қауымына қолғабыс жасайтын болады", – дейді "Қызыл ай" қоғамының Шымкент қаласындағы бөлімше  басшысы Малика Жүсіпова.

Отбасы – ежелден сыйластық, жарастық орнаған, адам үшін ең жақын әлеуметтік орта.

Ол белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Әрбір шаңырақ мемлекеттің бір бөлігі болып табылатындықтан, қоғамды өркениеттілікке жеткізу, ең алдымен отбасының өмірде дұрыс бағыт алуынан басталмақ. Осыны ескерген облыс әкімдігі жобаның жүзеге асуына барынша қолдау білдіріп, дәл осындай орталықтарды келешекте өзге аудан-қалалардан да ашуды жоспарлап отыр.

"Бас прокуратураның бастамасымен Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асып жатқан "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының маңызы зор деп есептеймін. Қазіргі таңдағы көптеген отбасыларда болып жатқан келеңсіз өзгерістер, атап айтқанда жас отбасылардың жиі ажырасуы, толық емес отбасылардың көбеюі, ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауы – бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Әрбір шаңырақ мемлекеттің бір бөлігі болып табылатындықтан, қоғамды өркениеттілікке жеткізу, ең алдымен отбасының өмірде дұрыс бағыт алуынан  басталмақ. Осыны ескерген бас прокуратура  пилоттық жобаны осы өңірден бастауды жөн көрді. Алдағы уақытта дәл осындай орталықтарды өзге аудандардан да ашуды көздеп отырмыз", – деді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр.

Жасыратыны жоқ, бүгінде отбасы шырқын бұзып отырған факторлардың бірі – ішкілік. Арақ ішіп, жұмыс істемей, бала-шағасына зәбір көрсетіп жүргендерді бұдан былай айықтырғыштарға қамамай медициналық-психологиялық орталықтарына әкеп, оңалту көзделіп отыр. Дәл осындай орталық Шымкент қаласындағы №4 шағын ауданында ел игілігіне берілді. Мұнда психобелсенді заттарды пайдаланушы азаматтарға медициналық-психологиялық коррекция жұмысын жүзеге асырылады деп күтілуде. Орталықта нарколог, психолог, психотерапевт және әлеуметтік қызметкерлер емдеу стандарттарына сәйкес наркологиялық және медициналық көмек көрсетумен айналасатын болады. Бір қызығы, медициналық-психологиялық оңалту орталығы кез келген келушіні қабылдай бермейді. Тек құзырлы органдардың жолдамасы арқылы қабылдау жүргізіп, 5 күндік оңалту шараларын жүргізетін болады. 20 төсек орынмен қамтамасыз етілген орталық тәулік бойы жұмыс жүргізетін стационарлық мекеме саналады.    

"Осыдан бір ай бұрын Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы жұмысшы тобы келіп, барлық аудандарда жүйелі жұмыс жүргіздік. Нәтижесі жаман емес. Бұған дейін Сарыағаш пен Сайрам аудандарында оңалту орталықтары іске қосылса, бүгін Шымкент қаласында бір күнде 3 орталық жұмысын бастап отыр. Осылайша жұмысшы топ ОҚО әкімдігімен бірлесе отырып, зорлық-зомбылыққа қарсы күреске мән беріп, жаңа институттардың қалыптасуына ықпал етуде", – дейді "Отбасындағы зорлық зомбылықсыз Қазақстан" жобасының жетекшісі Салтанат Тұрсынбекова.

Ал үшінші орталық – әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі Шымкент қаласы әкімдігінің Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығының жанынан ашылды. Орталықта зәбір көріп, зорлық-зомбылық тауқыметін тартқандар, кереғар діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетіледі. Мұнда интернет желісі арқылы скайп жүйесімен онлайнды сұхбаттасу, кеңестер алу шаралары жоспарланған.

Осылайша Қазақстанның бас прокуратурасы "Отбасындағы зорлық зомбылықсыз Қазақстан" атты алғашқы жобаны қолға алды. Енді отбасының шырқын бұзатындарға қарсы күрес күшеймек. Қанатқақты жобаның жұмысы нәтижелі болса келешекте елімізде отбасы министрлігі құрылуы да бек мүмкін.  

Ақжол Қараспан 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу