Әділет министрлігі алаңында өткен ведомствоаралық комиссия отырысында "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы" заң жобасы талқыланды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Унжакова отбасылық және тұрмыстық құқық бұзушылықтар жайлы баяндады. Оның айтуынша, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың жай-жапсарына жасалған талдау озбырлықпен күрестің қолданыстағы құқықтық құралдарының тиімсіздігін көрсеткен.
"Қазақстан Республикасының "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы" заңның қабылданғанына 10 жыл өтсе де, отбасындағы зорлық-зомбылықты төмендетудің оң динамикасын байқай алмай отырмыз. Отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында әрбір үшінші қазақстандық отбасы әлі де болса қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа тап болатыны, сондай-ақ балалардың 57%-ы үйінде өзін қауіпсіз сезінбейтінгі айтылады. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, балаларға қатысты қылмыс пен әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жазаны күшейту, әрі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында осы заң нормаларының 50%-дан астамын түзету ұсынылды. Тұрмыстық озбырлық қатерін азайту және оған қарсы тұрудың тиімді тетіктерін әзірлеу үшін "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы дайындалды", – деді Ирина Унжакова.
Жаңа заң жобасында тұрмыстық қатыгездікке қарсы күрес саласындағы мемлекет саясатын іске асырудың құқықтық тетіктерін оңтайландыру қарастырылғанын отырыс барысында депутат айтып өтті. Соның ішінде мысалы, озбырлыққа қарсы шараларды үйлестіруге, бақылауға және бағалауға жауапты мемлекеттік органды анықтау, үйдегі қысым көрсету немесе қауіп-қатер туралы хабарлау құқығы бар адамдар шеңберін кеңейту, осы саладағы заңнаманың сақталуын қоғамдық бақылауды реттеу, зардап шеккендердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа тарау енгізу және т.б. ұсыныстар жасалды.
Ирина Унжакованың айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында тиімді шараларды іске асыру үшін кәмелетке толмағандарды отбасында жәбірлеуден қорғау шараларын ұйымдастырудың арнайы тәртібі қарастырылмақ. Сондай-ақ, полицияның құқық бұзушыларды бақылауында ұстауы жөніндегі жауапкершілігі де арта түседі.
"Полиция органдары қолданатын қорғаныс тетіктерін кеңейту мақсатында қорғау ұйғарымының ұзақтығын 30 күннен 90 күнге дейін созу ұсынылады. Бұдан былай учаскелік полиция қызметкері тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі анықталған кезде уәкілетті органдарға әлеуметтік және басқа да шаралар қабылдау қажеттігі жайлы хабарлап, күрделі мәселелерді шешуге көмектесуге міндеттеледі. Сонымен қатар, үй агрессоры өзінің зорлықшыл, агрессивті мінез-құлқын өзгертуі үшін осы 90 күн аралығында психологиялық түзету бағдарламасынан өтуге шақырылатын болады", – деді депутат.
Нұржан Көшкін