Қылмыскер ауруға шалдықса бостандығынан айрылмауы мүмкін

2340

Рақымшылықсыз-ақ, сотталғандардың түрмеден құтылып кетуіне жаңа мүмкіндіктер беріліп, соның тұрақты тетіктері қалыптастырылмақ.  

Қылмыскер ауруға шалдықса бостандығынан айрылмауы мүмкін

Үш мыңдай адам азапталғанына шағымданған

Сыртқа әкетіліп, ғаламторда жарияланған, Ресей түрмелеріндегі азаптау, зорлаулар түсірілген жүрек айнытарлық бейнежазбалар халықаралық қоғамдастықтың төбе шашын тік тұрғызды. Осы орайда "мұндай жексұрын құбылыс Қазақстанда жоқ па?" деген сауал туады.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, Қазақстанда 2017 жылдан бастап 2021 жылдың 8 айын қоса алғанда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаптауларды қолданғаны туралы 3 029 хабарлама тіркелген. Тарата айтсақ, 2017 жылы – 602, 2018 жылы – 574, 2019 жылы – 780, 2020 жылы – 719, 2021 жылдың 8 айында – 354.

Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген азаптау туралы хабарламалардың небәрі 56-сы немесе жалпы санының 1,8%-ы бойынша ғана іс жүргізіліп, сотқа жолданған. Басым көпшілігі – 3 029-дың 2 968-і немесе 98,2%-ы бойынша "азаптаушылар" ақтап алынып, іс тоқтатылған.

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, әлемді шошынтқан азаптаулар үшін ірі шенділер жауап тартпады, тіпті РФ Жазаларды орындаудың федералдық қызметінің (ФСИН) басшысы да отставкаға кетпеді. Оның орнына РФ Ішкі істер министрлігі ресейлік колониялардағы сотталғандарды азаптаулар бейнеленген түрмелердің ресми видеоархивін көшіріп алып, жұртшылыққа жария еткен бағдарламашы Сергей Савельевке халықаралық іздеу жариялады, сырттай тұтқындады.

Іргедегі ел қаласа, іріп-шіри берсін, алдымен өз еліміздегі жағдайды жөндеп алуымыз керек емес пе?

Осылай ойласа керек, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі өз жүйесіндегі азаптауларға тосқауыл қоятын жаңа заң жобасын әзірлеп шықты. Құжат қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау, азаптау және қатыгез әрекеттердің алдын алу саласында адам құқықтары мәселелері бойынша Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне түзетулер енгізбек.

Заң жобасында құқық қорғаушылардың, саладағы үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылардың ұсыныс-пікірлері ескеріліпті.

Азаптаудың жаңа түрлері заң жүзінде анықталады

Сарапшылардың айтуынша, погонды "қылмыскерлердің" жазадан жалтарып кетуіне заңнамада "азаптау-пытки" ұғымының нақты болмауы да ықпал етеді. Мысалы, Қылмыстық кодексте "Азаптаулар" деген 146-бап бар. Бұған "тергеушiнiң, анықтауды жүзеге асыратын адамның немесе өзге де лауазымды адамның не олардың айдап салуымен не олар біле тұрып немесе олардың үнсіз келісімімен басқа адамның азапталушыдан немесе басқа адамнан мәлiметтер алу немесе мойындату не ол немесе басқа адам жасаған немесе жасады деп күдiк келтірілген әрекет үшiн оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшiншi тұлғаны қорқыту немесе мәжбүрлеу мақсатымен немесе кез келген сипаттағы кемсiтуге негiзделген кез келген себеп бойынша қасақана тән зардабын және (немесе) психикалық зардап шектiруi" жатады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл анықтаманы түсіну түгіл, оқып шығудың өзі оңай емес. Алайда осы баптың өзі айыппұлмен құтылуға мүмкіндік береді: 5 мың АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы, әрі кетсе, 5 жылға бас бостандығы шектелуі не сонша мерзімге сотталуы мүмкін.

Сондықтан жаңа заң жобасында "азаптау" ұғымының нақты анықтамасын беру, сондай-ақ "қатыгез қарым-қатынас" деген жаңа анықтаманы енгізу қарастырылған. Соңғысы балалар және мүгедек адамдар тұратын әлеуметтік мекемелер, жетімханалар, қарттар үйі және басқаларына қатысты болмақ.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 146-бабы ("Азаптаулар") бойынша қылмыс субъектілеріне жататын адамдар тобын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл ретте "ресми тұлға ретінде әрекет ететін адам" термині заң жүзінде бекітілмек.

Бұған қоса, "қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер" деген құқық бұзушылықтың жаңа құрамы енгізілмек.

Білім және медұйымдардағы азаптаулар қосылады

"Азаптаулар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық тек лауазымды адамдарға, яғни тергеушілерге, анықтауды жүзеге асыратын адамдарға немесе олардың айдап салуымен не олардың үнсіз келісімімен жасайтын басқа лауазымды тұлғаларға ғана таралмайды. Сондай-ақ енді қызметкерлерге – педагог, нұсқаушы-инструктор, медбике, санитар, тәрбиеші, техничка, вахтер және басқа да тәуелді адамды азаптай алатындарға жауаптылық қарастырылады. Оқу орындарында (мектеп, лицей, колледж, жоғары оқу орындары), тәрбиелеу мекемелерінде (балабақша, балалар үйі, интернаттар), емдеу ұйымдарында (емхана, психо-наркологиялық диспансер, тубдиспансерлер) медициналық-әлеуметтік мекемелерде (қарттар, мүгедектер үйлері, профилакторийлер) де азаптаулар қолданылуы мүмкін", – деп түсіндірді ІІМ заң жобасына консультативтік құжатта.

Ведомство Конституцияның 17-бабына сәйкес ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік, адами қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайтынын еске салды.

"Алайда осы ұғым қолданыстағы заңнамада бекітілмеген. Мұндай қарым-қатынас азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу ретінде қарастырылуға тиіс. Осыған байланысты "қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер" құқық бұзушылығының жаңа құрамы енгізілуде", – деп хабарлады ІІМ.

Бұл жерде азаптау мен буллинг арасын нақты ажыратып алған жөн. Әлімжеттік жасау мен азаптаудың "шекарасы" қай жерде өтеді? Демек алда Парламентті үлкен жұмыс ауқымы күтіп тұрғандай.

113 сотталған науқас түрмеде өлді

Заң жобасы осы күйде қабылданса, онда ауыр дерті бар қылмыскерлер түрмеден құтылып кетуі мүмкін. Себебі құжат "Сотталған адам ауыр сырқаттанған жағдайда жазаны өтеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік бермек". Бұл не үшін қажет?

Заңгер, құқыққорғаушы Сәбитжан Қасеновтің айтуынша, қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 75-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер сотталушы түрмеде жүріп,ауыр науқастанса, сот оны жазасын өтеуден босатады немесе жаза неғұрлым жеңiл жазаға ауыстырады. Бұл игілікті тек аса ауыр қылмыс жасаған террористер, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар ғана пайдалана алмайды.

"Бірақ осыған қажетті құжаттарды, материалдарды дайындап, сотқа жолдап, судья шешім шығарғанға біраз уақыт өтеді, осы кезде сотталушы дүние салуы мүмкін. Ал бостандықта болғанда, ол тиісті ем алып, аман қалуы ықтимал. Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 19 тамыздағы №530 бұйрығымен "Жазаны өтеуден босатуға негіз болып табылатын аурулар тізбесі" бекітілген. Тәжірибе көрсеткендей, бірқатар сотталушы түрмеге осы тізбедегі аурулармен ауырған күйде түседі. Заң жобасында оларды түрмеге жібермеу ұсынылып отыр. Бірақ мұндай жеңілдік берілсе, тізбедегі аурулары бар адамдар "бәрібір бас бостандығымнан айрылмайды екенмін" деп, қасақана қылмыс жасауы да мүмкін. Өйткені темір тордан босататын аурулар тізімі үлкен, оған туберкүлез, қатерлі ісіктер, эндокриндік жүйе аурулары, соқырлық, бүйрек аурулары, ЖИТС/СПИД және басқасы жатады", – деді сарапшы.

Ішкі істер министрлігі ондай адамдар түрмеге түскен соң, мекеме әкімшілігі онсыз да оны босату туралы сотқа ұсыныс жіберетінін айтады. Заң жобасы түрме әкімшілігін осы бюрократиядан босататын көрінеді.

ҚАЖ статистикасына сәйкес, сотта қаралатын материалдарды дайындау кезеңінде, 2018 және 2019 жылдары сотталғанға дейін тізбедегі аурулары болған 15 сотталушы қайтыс болды.

Бұл дерттерді түрмеде жұқтырғандардың да жантәсілім еткен жағдайлары бар. Себебі сотқа материалдар асқынудың кеш сатысында ұсынылады, ал оларды сотта қарау және қаулының күшіне енуі белгілі бір уақытты алады. Оның үстіне прокуратура апелляциялық шағымдануы немесе наразылық білдіруі мүмкін.

Нәтижесінде, 2014-2019 жылдары 283 науқастың 59-ы немесе 21%-ы материалдары сот қарауы түскенше қайтыс болған. 27-сі немесе 10%-ы – сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін жан тапсырған. Сот қарағаннан кейін және сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін 27 сотталған өмірден өтті.

Сондықтан жаңа заң жобасында ҚАЖ жүйесіне "ауыр сырқатқа байланысты босату немесе жазаның жеңіл түріне ауыстыру туралы сот қаулысын тез арада орындау" жүктелмек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу