Қоғам белсенділері заңды күшейтуді талап етті

2249

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру жөніндегі жаңа заң жобасы талқылануда.  

Қоғам белсенділері заңды күшейтуді талап етті

Бүгінгі күні Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды қорғау жөніндегі заң жобалары қарастырылып жатқаны белгілі.

Осы орайда заң жобасын әзірлеушілер, депутаттар, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, министрліктер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері және сарапшылар бас қосып, заң жобасы жайлы ойларын ортаға салды.

"Қолданыстағы заң әлсіз. Бүгінгі күні ұрып-соғуды "денсаулыққа жеңіл дәрежеде зиян келтіру" деп, қылмыстық іс ретінде қарастырмайды. Мәселен, әйеліне пышақ жұмсап, жарақаттаған адамды сот екі күнге ғана қамауға алды. Бұл жаза істің ауырлығына сай келе ме!? Сол себепті қоғам белсенділері заңды күшейтуді талап етеді. Қазіргі кезде отбасылық зорлық-зомбылыққа душар болған жандарға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмекті негізінен қоғамдық ұйымдар көрсетіп жатыр", – деді "Не молчи" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смайылова.

"Nur Otan" партиясы жанындағы отбасы мәселесі, әйелдер мен балаларды қорғау кеңесінің басшысы Динара Закиеваның айтуынша, ауыл-аймақтарда жапа шеккен әйелдер мен балаларға көмектесетін ешқандай орган жоқ.

"Жаңа қабылданатын заң аясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде нақты тетіктер әзірленеді. Қазіргі кезде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың көбі зорлық-зомбылықтың салдарымен күресуге арналған. Біз 220 елді мекенді аралап шықтық. Жергілікті атқарушы биліктің отбасылармен жұмысына, қиын жағдайға душар болғандарға қалай көмектесіп жатқанына мониторинг жүргіздік. Жасаған талдауларымыздың негізгі нәтижесіне қарап отырып, елдің барлық өңірінде отбасымен жүйелі түрде әрі кешенді жұмыс істеу тетігі жоқ екеніне көз жеткіздік. Яғни дағдарысқа түскен отбасыға көмектесетін ешқандай қызмет жоқ. Сол себепті ауыл-аймақтарда жанұяларға қолдау көрсететін орталықтар ашу қажет", – деді Динара Закиева.

Депутат Айгүл Нұркина осы саладағы қордаланған мәселелерді шешу үшін қазіргі кезде Парламент Мәжілісінде "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнамалық актілерге кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Балалар құқығын қорғау мәселелері" атты үш бірдей заң жобасы қаралып жатқанын айтты. Сондай-ақ депутат "жыныстық еркіндік" термині жаздың бас кезінде қолданыстан шыққанын еске салды.

"Жұмыс тобы заң жобасын талқылау кезінде құқықтық анықтамадан "жыныстық еркіндік" терминін алып тастауды бір ауыздан қолдады. Бұл термин әлеуметтік желіде талқылаулар басталғанға дейін, яғни 1 маусым күні қолданыстан алынып тасталғанын атап айтқым келеді", – деді Айгүл Нұркина.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу