Экологиялық айыппұл 10 есе өседі

3115

Жаңа Экологиялық кодекс жобасы таныстырылды.  

Экологиялық айыппұл 10 есе өседі

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов жаңа Экологиялық кодекс жобасы аясында ірі кәсіпорындарға жаңа талаптар қойылатынын мәлімдеді. Жобада ірі кәсіпорындар тарапынан қоршаған ортаға келтірілетін экологиялық зардаптардың алдын алу қарастырылған.

"Жобаны әзірлеу кезінде халықтың сын-пікірі мен ұсыныстары, сондай-ақ халықаралық экологиялық реттеу тәжірибесі ескерілді. Жаңа Экологиялық кодекстің жобасын биылғы жылдың желтоқсан айында Парламент қарауына енгізу жоспарлануда. Қолданыстағы Экологиялық кодекс талаптары бойынша кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін бағалау рәсімдерінен өту талабы бірінші санатты ірі кәсіпорындармен қатар, төртінші санатты кәсіпорындарға да бірдей қолданылады. Олардың қоршаған ортаға тигізіп отырған әсерінің деңгейі бағаланбайды. Мұндай әдістің тиімділігі төмен. Сондықтан  жаңа кодексте осындай талапты тек қоршаған ортаға 80% ластаушы зат шығаратын бірінші санатты және ең ластаушы кәсіпорындарға қолдану ұсынылуда. Бірінші санатты кәсіпорындар өндіріске зиянды заттарды шығаруды азайтатын ең озық, әрі қолжетімді технологияларды енгізуге тиіс", – деді вице-министр.

Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша, кәсіпорындардың озық технологияларға өтуін қолдау мақсатында, қоршаған ортаға зиянды заттар эмиссиясы үшін төлемақы мөлшері қайта қаралады. Егер бірінші санатты кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізбей, қоршаған ортаны ластауын жалғастыратын болса, эмиссия төлемақысының мөлшері айтарлықтай ұлғаяды. Ал қолжетімді технологияларды енгізіп, кешенді экологиялық рұқсат алған кәсіпорындар ластаушы заттар эмиссиясы төлемақысынан босатылады.

"Экологиялық кодекстің тағы бір жаңалығы – өңірлердегі жергілікті бюджетке қоршаған орта эмиссиясы үшін төлемақылар жинау қарастырылуда. Жиналатын соманың мөлшері республика бойынша орташа алғанда 60-70 млрд теңге. Экологиялық кодекс жобасында осы қаражатты сол өңірлердегі экологиялық мәселелерді шешуге жұмсау көзделген. Сондай-ақ, экологиялық бақылауды күшейтуде күрделі мәселелер бар. Осы саладағы құқықбұзушылықтарды анықтауға да баса азар аударылады. Экологиялық зардаптарға ұшыратқан компанияларға салынатын әкімшілік айыппұл 10 есе өседі. Бірінші санатты кәсіпорындардың экологиялық мониторингін автоматтандыру енгізілуде. Кәсіпорындар зиянды заттардың қалдықтарын шығаруы бойынша қажетті ақпаратты құзіретті органдарға онлайн режимде беріп отыруға міндеттеледі. Рұқсат етілген мөлшерден артық ластаушы заттар шығарылғаны анықталса, әкімшілік жазаға тарту шаралары қолданылады", – деді Ахметжан Пірімқұлов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу