Ел тарихындағы тоғызыншы "түрме рақымшылығы" басталмақ

4753

Қазақстан тәуелсіздіктің 30 жылдығын амнистиямен атап өтеді.

Ел тарихындағы тоғызыншы "түрме рақымшылығы" басталмақ

Ел Үкіметі "Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасалатынын" жариялады. Осындай атауы бар заң жобасы таяуда жаңа сайланған ел Парламентіне енгізіледі. Оны қос палата құптап, заңға ел Президенті қол қойғаннан кейін түрмедегі мыңдаған қылмыскерді босату басталып кетпек.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кейінгі жылдары темір тордың ар жағында отырғандар саны қайтадан арта бастады. 2015 жылы сотталғандар және уақытша қамалғандар саны – 28 мың 852-ге дейін азайтылған-тын. Артынша 2016 жылы абақтыда тауқымет тартқандар саны 30 мың 726-ға, 2017 жылы – 31 мың 950-ге, 2018 жылы – 31 мың 309 адамға дейін ұлғайды. 2020 жыл соңында 30 мыңнан асты.

Халықтың жалпы санына шаққанда түрмеде отырған азаматтарының үлесі жөнінен Қазақстан бүгінде 100-ші орында тұр. Мемлекет бұл көрсеткішті одан әрі жақсарта түспек ниетте.

Жалпы, рақымшылық жасау туралы шешім Президент Қ.Тоқаевтың төрағалық етуімен 2020 жылғы 6 қарашада өткен Ішкі істер министрлігінің алқасы отырысында қабылданып, хаттамаға түсіріліпті. Бірақ оны жүзеге асыру үшін заңды Парламент мақұлдауы керек.

"Заң жобасы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарды жазадан босатуды көздейді", – деп түсініктеме берді ІІМ.

Нәтижесінде көптеген қылмыскер мен алаяқ түрмеден босап шығады. Біраз сотталғанның жазасын өтеу мерзімі қысқартылады, немесе жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жазаға ауыстырылады. Бұдан бөлек, көптеген қылмыстық істер, "жеке анықталмаған адамдар тобына қатысты қылмыстық қудалау" тоқтатылады. Пробация қызметінде есепте тұрғандар азайтылып, онсыз да жеңіл жаза алған қылмыскерлер тіпті қоғамдық жұмыстарды да атқармай, жауапкершіліктен босатылады.

Сегіз рақымшылық нәтижесі

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері мемлекетте рақымшылық жасау туралы 8 заң қабылданды.

  • 1994 жылғы 5 қазан: "Халықаралық отбасы жылына байланысты" рақымшылық жасалды. 1 мың 380 сотталған босатылды.
  • 1996 жылғы 15 шілде: "Қазақстанның жаңа Конституциясының 1 жылдығына байланысты" рақымшылық жасалды. 10 мың 988 сотталған адам жазадан босатылып, 2 мың 396 сотталған адамның жаза мерзімі қысқартылды.
  • 1999 жылғы 13 шілде: "Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты" рақымшылық жасалды. 15 мың 705 сотталған босатылды, 2 мың 270 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
  • 2000 жылғы 29 желтоқсан: "Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдануының 10 жылдығына байланысты" рақымшылық жасалды. 7 мың 791 сотталған босатылды және 964 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
  • 2002 жылғы 19 ақпан: "Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты" рақымшылық жасалды. 10 мың 524 сотталған босатылды және 693 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
  • 2006 жылғы 9 қаңтар: "Қазақстанның Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты" рақымшылық жасалды. 3 мың 626 сотталған босатылды, 1 мың 406 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
  • 2011 жылғы 28 желтоқсан: "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты" рақымшылық жасалды. 2 мың 628 сотталған босатылды, 859 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
  • 2016 жылғы 13 желтоқсан: "Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты" рақымшылық жасалды. 1 мың 220 сотталған адам босатылып, 2 мың 338 сотталған адамның жаза мерзімі қысқартылды.  

Байқасаңыз, тәуелсіздіктің белгілі бір межесі келген сайын мемлекеттің қылмыскерлерге, жемқорларға, зорлықшыларға, алаяқтарға мейірімі оянатын көрінеді.

"Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды және қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған. Тұтастай алғанда, заң жобасы азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды, ішінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын: кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, сондай-ақ жүкті әйелдерді, Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектерін және оған теңестірілген адамдарды, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды босатады", – деді Ішкі істер министрлігі.

Сонымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған амнистияға орай біріншіден, түрмелерден 3–4 мыңдай сотталған адам босап шығады деп жоспарланып отыр.

Екіншіден, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жазаға тартылғалы тұрған адамдар одан босатылады. Осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған қылмыстар бойынша қылмыстық істер және соттар қарамаған істер тоқтатылады.

Үшіншіден, сотталғандардың жекелеген санаттарының жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі қысқартылады.

Рақымшылық арқылы не көздейді?

Біріншіден, ІІМ-нің түсіндіруінше, осы арқылы рақымшылық жасауға жатпайтын және жазасын өтеуді жалғастыратын адамдардың, яғни адам өлтірушілердің, террористердің, адам зорлаушылардың, педофилдердің, аса ірі көлемде мемлекет қаражатын ұрлағандардың түрмедегі "материалдық, тұрмыстық қамтамасыз ету деңгейі айтарлықтай жақсартылады". Жақсырақ тамақтандырылады, демалысын пайдалы өткізуге жағдай жасалады. Тіпті болашақта теледидар секілді сән-салтанат құралдары да пайда болып жатса, таңғалмаңыз.

Екіншіден, түрмедегі адамдардың тығыздығын төмендетпек, әлемдік рейтингтегі Қазақстанның тұғырын жоғарылатпақ.

Үшіншіден, "сотталғандарды ұстау жағдайларына қойылатын медициналық-санитариялық талаптар нормаларын жақсарту басталады". Мысалы, бостандықта МӘМС қорында сақтандырылмаған адал азамат көрмейтін медициналық қызмет түрмеде тегін көрсетілмек. Ұқсас жағдай мысалы, батыста сырқат адамдарды қылмыс жасауға итермелейді. Мемлекет осыған түрткі болмаса етті.

Төртіншіден, қылмыстық-атқару жүйесінің әкімшілігі мен қызметкерлерінің жұмыс жағдайлары, әлеуметтік қорғалуы жақсарады.

Бесіншіден, мыңдаған сотталғанды ұстап тұрудан үнемделген бюджет қаражатын қылмыстық-атқару жүйесін қаржыландыруға және халықаралық-құқықтық стандарттарды енгізуге, оның ішінде түрмелерді қазіргі жалпы қоныс түрінен жеке камераларда ұстау үлгілеріне көшіруге бағыттау мүмкін болады.

Дамыған елдер бас тартқан тетік

Жалпы, құқықтанушылардың байламынша, қылмыскерлерді үнемі әрі жаппай жазадан босата беру қылмыспен күреске теріс әсер етуі мүмкін. Мысалы, 2011 жылғы рақымшылықтан кейін елде рецидивтік қылмыстар артқан: босап шыққан қылмыскерлер қайта түрмеге жабылды. Былтырғы жылы отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар 21 пайызға өсіп шыға келді. Отбасын ойрандаушылар тіпті түрмеге отырғанның өзінде тез босап шығатынына сенімді болады. Әйтпесе, көбісі пробациямен, бостандығын шектеумен, шартты мерзімге сотталумен құтылады. 

Мысалы, былтыр ІІМ жалпы алғанда елдегі қылмыс деңгейінің 37 пайызға төмендегенін жария етті. Бірақ бұған негізінен пандемия және шектеу шаралары ықпал етсе керек. Оның үстіне көп адам бір жерде жиналмауы үшін былтыр полицейлер адамдарды мейлінше аз тұтқындаған. Сондай-ақ адамдар үйлерінде отырғанда ұрлықшы-қарақшылардың қимылдау өрісі тарылады. Осылайша, бүкіл әлемде былтыр қылмыс азайған. Мысалы, Перуде қылмыс 84 пайызға құлдырапты, шын мақтануға болатын көрсеткіш!

Дегенмен, Қазақстанда "адам ұрлау" бабы бойынша қылмыстық көрсеткіш өткен жылы 7 пайызға өсті. Экономикалық қылмыстар 2 есеге артты.

Тағы бір жайтқа назар аударған жөн: біз бағыт алған дамыған елдерде, Германия, Испания, Нидерланды, Норвегия, Швеция, тіпті Эстонияда қылмыскерлерді жаппай амнистиялау институты мүлдем жоқ. Оларда тек жекелеген жағдайды судьялар жеке қарап, азаматтың түзелу деңгейіне қарай рақымшылық жасау мәселесін қарайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу