ІІМ атыс қаруымен және бронжилетпен жарақтануда

3928

Қазақстандықтардың қоғамдық тәртібі сонша жоғары бағаланбайтынға ұқсайды.

ІІМ атыс қаруымен және бронжилетпен жарақтануда

Содан болса керек, тәртіп бұзушылықпен, бұзақылықпен, қылмыспен күреске бағытталатын қаражат ұлғайтылуда.

Салыстыру үшін айтар болсақ, 2017 жылы елімізде қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 118 млрд 879,4 млн теңге жұмсалған екен.

Ал өткен жылы осы мақсатқа 130 млрд 651,7 млн, 2019 жылы – 137 млрд 576,1 млн, 2020 жылы – 128 млрд 322,7 млн, 2021 жылы – 131 млрд 922,7 млн теңге бағыттау көзделген болатын.

Енді әлемдегі ахуалдың құбылуы, билік транзиті, бірқатар белсенді азаматтардың Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент мегаполистерінің көшелеріне шығып, наразылық акцияларын өткізуі, сыртқы күштердің жандануы билікті бұған өзгеріс енгізуге итермелегенге ұқсайды.

"Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету" атты биылғы бюджеттік бағдарлама жобасы бойынша келесі 2020 жылы осы мақсаттарға 132 млрд 254 млн, яғни алдыңғы жоспардан 4 миллиардтай теңгеге көп бөлу қарастырылуда.

Ал одан кейінгі жылдары күрт ұлғайтылмақ.Ішкі істер министрлігі Үкіметке 2021 жылы қоғамды тәртіпке келтіруге – 153 млрд 613,2 млн теңге, 2022 жылы – 149 млрд 481,6 млн теңге шығындауды ұсынды.

ІІМ осынша көп қаражатқа қандай қызмет көрсететінін хабарлайды. Атап айтқанда, көшелерде, басқа қоғамдық орындарда сенімді құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік күзетілуі тиіс нысандар мен жеке тұлғаларды лайықты күзетпек. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды қорғауды, сарапшылар мен аудармашыларды тарту арқылы қылмыстық істерді тергеудің толықтығына қол жеткізуді өз мойнына алады.

Ведомство "көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда және мемлекеттік күзетілуі тиіс нысандарда құқық бұзушылықтардың уақтылы алдын алуға және жолын кесуге", "атыс қаруын және жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар санын төмендетуге", "Ішкі істер органдары, Ұлттық ұлан бөлімшелерінің қорғанысқа қабілеттілігін, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын арттыруға",құқық қорғау қызметкерлерінің дағдарыстық жағдайлардың жолын кесу бойынша білім, біліктілік және дағдылар иеленетініне уәде етеді. Қаржының бір бөлігі полицейлерді жарақтандыруға жұмсалмақ.

Биылғы жыл және алдағы үш жыл ішінде 567 миллиардтан астам ел қаржысын шығындау нәтижесіне ІІМ нендей көрсеткіштерге қол жеткізетінін де көрсеткен.

Мәселен, есірткі қылмысының жалпы санындағы есірткі сатумен байланысты әшкереленген қылмыстар үлесі 2019 жылы 62,3%, 2020 жылы 62,4%, 2021 жылы 62,5%, 2022 жылы 62,6%-ға дейін өсуге тиіс.

Көшелерде жасалған қылмыстардың үлес салмағын 2019 жылғы 18,5%-дан 2020 жылы – 18,4%-ға, 2021 жылы – 18,3%-ға, 2022 жылы –18,2%-ға дейін төмендетпек.

Балаларға қатысты тіркелген зорлық-зомбылық фактілерін 2019 жылғы 15%-дан 2020 жылы 20%-ға, 2021 жылы 23%-ға дейін кемітуге міндеттеме алады. Әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін 2019 жылғы 15%-дан бастап, 2020 жылы 20%-ға, 2021 жылы 23% дейін төмендету жоспарлануда.

Осынша қаражат бағытталатын бірқатар жобалар да аталды. Мысалға, ақша жаңадан құрылған Түркістан облысының бюджетіне ондағы тәртіп сақшыларын материалдық-техникалық жарақтандыруға, қосымша штат санын ұстауға, әкімшілік ғимаратын жалға алуға және экологиялық апат аймағында тұрғаны үшін Түркістан облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлеріне жоғары еңбекақы және сауықтыруға арналған материалдық көмек төлеуге аударылады. Осы өңірде бюджет қаржысына жаңадан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік нысандары тұрғызылады.

Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының бюджеттеріне олардағы ішкі істер органдары бөлімшелерін материалдық-техникалық жабдықтауға да қаржы қарастырылады.

Барлық ішкі істер органдары қызметкерлеріне сыныптық біліктілігі үшін берілетін үстемеақы мөлшерлері ұлғайтылмақ. Олардың бәрінің лауазымдық еңбекақыларын көтеру үшін де облыстық бюджеттер мен үш мегаполис бюджетіне қаржы жөнелтіледі деп жоспарлануда.

Жол-патрульдік полицияның саптық бөліністерінің қызметкерлеріне, учаскелік полиция инспекторларына және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына баспана жалдау үшін өтемақы төлеуге нысаналы қаражаттар көзделмек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу