Ішкі істер министрлігінің училищелері жабылады

4128

​Елімізде құқық қорғау органдарының біраз құрылымы жойылатын болды.

Ішкі істер министрлігінің училищелері жабылады

"Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Үкімет қаулысының жобасы әзірленді.

Алда Премьер Асқар Маминнің қол қоюымен бекітіледі деп күтіліп отырған бұл құжатта осы қаулының қосымшасында көрсетілген Ішкі істер министрлігінің қарамағындағы "мемлекеттік мекемелер таратылсын" деп жазылған.

Ал қаулы қосымшасында "ҚР Ішкі істер министрлігінің қарамағындағы таратылатын мемлекеттік мекемелердің тізбесі" беріледі.

Сонымен, тізім бойынша алда жойылатын ұйымдар қатарына "ІІМ-нің Нұр-Сұлтан қаласындағы оқу орталығы", "ІІМ-нің Алматы қаласындағы оқу орталығы", "ІІМ-нің Ақтау қаласындағы оқу орталығы", "ІІМ-нің Қостанай қаласындағы оқу орталығы", "ІІМ-нің Семей қаласындағы оқу орталығы", "ІІМ-нің Теміртау қаласындағы оқу орталығы" мемлекеттік мекемелері кіріп отыр.

Қазіргі кездің өзінде бұл оқу орталықтарының сайттарында соңғы өткен шаралар туралы ақпараттар өткен жылмен шектелген.

Бұдан бір училище құтылады: қаулыға сәйкес, ел заңнамасымен белгіленген тәртіпте "Iшкi iстер министрлiгiнiң Павлодар қаласындағы оқу орталығы" мемлекеттік мекемесі "ІІМ-нің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің оқу орталығы" мемлекеттік мекемесі болып қайта аталады. Тиісінше, жойылуға ілікпейді.

ІІМ-нің Алматы қаласындағы оқу орталығы мысалында айтар болсақ, ол құқық қорғау органдарына жаңадан қабылданатын қызметкерлерді заманауи және сапалы даярлау, сонымен қатар полицейлердің оқу-материалдық базасын басқару мақсатында 1993 жылы 8 қаңтарда ІІМ-нің бастапқы дайындық мектебі ретінде құрылыпты. Кейін Үкіметтің 1997 жылғы 16 мамырдағы қаулысына сәйкес, "Ішкі істер министрлігінің кәсіби даярлық училищесі" болып қайта құрылды.

Бертінде, 2011 жылғы 26 маусымда "ІІМ-нің Алматы қаласындағы оқу орталығы" ретінде жаңа мәртебе алды. 

Мекеменің мәліметінше, бұған дейін жыл сайын оқу орталығында ішкі істер органдарының 300-ден астам қызметкері, сонымен қатар 800-ден аса полицей болуға үміткер оқытудан өтіп отырған. Мұнда бастапқы дайындық курстарын 7 мың 667 тыңдаушы бітірген. 2020 іс басындағы тәртіп сақшысы біліктілігін арттырған. 614 қызметкер қайта даярлықтан өткізілген.

Осындай орталықтарда жұмыс жасайтындардың барлығы оқалы жағалылар болатын. Тиісінше, мекемелердің жабылуына орай ішкі істер министрлігінің штаты азаятын түрі бар.

Құжатта "аумақтық органдарын және ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерді" қоса алғанда, ішкі істер министрлігінің штаттық лимиті 148 мың 779 бірліктен 148 мың 480-ге дейін кемитіні көрсетілген.

Осы орайда "ІІМ-нің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің оқу орталығына" айналатын Павлодардағы училищенің 93 адамдық штаты ғана сақталады.

Айта кету керек, бұл ішкі істер органдарындағы білім жүйесіне қатысты алғашқы реформа емес. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген "Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарының кейбір мәселелері" туралы Үкімет қаулысына сәйкес, "Ақтөбе облысының ішкі істер департаментінің оқу орталығы", "Атырау облысының ішкі істер департаментінің оқу орталығы", "Жамбыл облысының ішкі істер департаментінің оқу орталығы", "Қызылорда облысының ішкі істер департаментінің оқу орталығы" және "Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің оқу орталығы" жойылған болатын.

Осының алдында ІІМ бұдан былай "жаңа форматтағы" полицейлерді даярлауға ниетті екенін мәлімдеген болатын.

"Бізде 12 оқу орны бар. Реформа аясында оның тек бесеуі ғана қалады. Осы қаңтар айының соңында шамамен 1200 қызметкерді іріктеу жүзеге асырылады. Олар үш ай бойы дайындықтан өтеді. Жаңа форматтағы полицейлер заңгерлік жоғарғы білім алған мамандар қатарынан қалыптастырылады. Олар алдын ала үш айлық қысқа мерзімді оқытылады. Кейін біздің полицейлік академияларда 6 ай оқытылады", – деді биылғы қаңтарда журналистермен кездескен ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов.

Содан бері ІІМ басшысының бірінші орынбасары ауысты. Бірақ реформа ары қарай жүруде.

Қазақстан кезінде кеңес одағынан қалған тәртіп сақшыларын даярлау жүйесінен бас тартуда. Бұл ретте мемлекет батыстық үлгіні көшіреді.

Құқық қорғау органдары кадрларын дайындау жүйесінің өзгеретіні туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына соңғы жолдауында жариялаған болатын.

"Полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек", – деп тапсырды ол.

Артынша журналистермен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев полицейлерді сапалы даярлау үшін бес академия мен алты айлық оқыту да жеткілікті екенін айтты. Бұл ретте батыста полиция қызметкерлері небары алты ай ғана оқитыны алға тартылды. Елбасы сондай-ақ тәртіп сақшылары қатарына заңгерлік жоғарғы оқу орындарын бітірген мамандар тартылатынын жеткізді. Олар полицияның фронт-офистерінде жұмыс жасамақ, азаматтардың әртүрлі сұрақтарына кеңес береді. Осының барлығы полицияның жағымды бейнесін түзуге тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу