Шаруалар қант қызылшасын өсіруге неге құлықсыз?

3901

Жамбыл өңірі – қант қызылшасын өсіруге қолайлы аймақтардың бірі. Алайда алға қанша сүйресе де, шаруалар қант қызылшасын өсіруге келгенде құлықсыздық таныта береді. Бұған не себеп? 

Шаруалар қант қызылшасын өсіруге неге құлықсыз?

Іnbusiness.kz тілшісі осы сұрақты Жамбыл облысы қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы Саха Манатовтан сұраған еді. 

– Қант қат дүниеге айналды. Ал шаруалар қант қызылшасын өсіруден қашады, себеп не?

– Қазір кеңестік кезеңдегідей қант қызылшасы алқаптарын ұлғайтуды әр ауылға міндеттей алмайды. Ал қашатыны – әуресі көп. Өсіру, өнімді жинап алу, оны өткеруге кететін шығындар, бір сөзбен айтқан өзіндік құнын әзер ақтайды. Бір шындықты айту керек, дамыған елдердің өзінде ауыл шаруашылығы саласында барлық іс субсидияға байланған. Ал соның ішінде ерекше жағдайда механикаландырылған күтіп-баптауды қажет ететін қант қызылшасын өндіру, әдетте стандартты емес тәсілді қажет етеді.

 – Қант бағасының шарықтай беретіні ерте көктемде белгілі болды. Қант өндіруде шикізатқа сұраныс артатыны түсінікті. Шаруа қожалық басшылары осыны пайдаланып, неге қызылша алқаптарын ұлғайтпады?

– Сандарды сөйлетсек, биылғы қант қызылшасының егіс алаңы былтырғыға қарағанда ұлғайған. Жамбылдық шаруалар осы жылы 6,1 мың гектарға қант қызылшасын екті, былтыр бұл көрсеткіш 5,6 мың гектарды құраған. Өткен жылы 310,9 центнер /гектарынан 160,3 мың тонна өнім алды. Бұл шикізатты қант зауыты екі-үш айда өндіреді.

Қазіргі уақытта қызылша шикізатына тек Меркі қант зауыты ғана жұмыс істейді. Тараз қант зауыты өнімді қант құрағынан өндіреді.

Жалпы жаһандық басты проблемалардың бірі – азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі біздің елде де экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың аса маңызды факторы. Азық-түлік өнімдері қымбаттап, әсіресе, осы көктемде қант бағасы шарықтап шыға келгенде қант қызылшасын өсіруде шаруалар бетпе-бет келіп отырған бірнеше түйткіл қатар қалқып шыға келді. Ендігісі соны тиімді шешу.

– Ол қандай түйткілдер?

– Қант қызылшасының егіс алқаптарын ұлғайту үшін бірінші кезекте суарудың жаңбырлатқыш және тамшылатқыш жүйелерін сатып алуға дотацияны 80 пайызға дейін ұлғайту керек. Қазіргісі –  50 пайыз. Сондай-ақ ұңғымаларды субсидиялауды да 80 пайызға дейін көтеру қажет.

Тағы бір баса мән беретін жайт, қызылша алқаптарында қолданылатын арнайы техникалар. Қант қызылшасын өсіру үшін комбайндар, сепкіштер, бүріккіштер, культиваторлар керек. Жыл өткен сайын бұл техникалардың бағасы қымбаттап өсіп жатыр. Сондықтан көптеген фермерлер қол еңбегін көбірек пайдалануға мәжбүр. Бір сөзбен айтқанда, экстенсивті шаруашылықтан аса алмай отыр. Бұл ретте жоғары өнімділік туралы айтудың өзі артық. Сондықтан қызылшаны көп өсіру үшін техникаға берілетін субсидиялардың үлесін 80 пайызға дейін арттыру қажет.

– Субсидиялар мәселелесі реттелсе, іс алға басады дейсіз ғой...

– Мәселе субсидия көлемін реттеумен шешілмейді. Бөлінген қаржыны беретін уақытты түбегейлі өзгерту керек. Мысалы 2023 жылы қызылша дақылдарының мөлшері артуы үшін субсидиялар мәселесін осы жазда шешіп қою қажет. Егер қаржыландыру 2023 жылдың ақпан айында басталса, онда ол келесі жылдың өнімі.

Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінетін қаражатты да қазіргідей мамыр айында емес, қаңтар айында шаруашылықтарға беруді реттеу керек.

Тағы бір айта кететіні, ауыл шаруашылығын қолдайтын қаржы ұйымдарына пайыздық мөлшерлемені 3-ке дейін төмендету туралы келісім жасалса дейміз. Өйткені алқапқа қажетті техникалардан бөлек, шаруа қожалық басшылары бұрғылау қондырғыларын сатып алып, ерте іске қосуы керек. Көктем қанша жерден жауын-шашынды болса да, жаз аптап ыстық. Алқаптарды кенезесі кеуіп кетеді. 

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу