Шексіз мүмкіндіктерге жол ашататын "Болашақ"

7845

Пандемияға қарамастан бағдарлама жалғаса береді.  

Шексіз мүмкіндіктерге жол ашататын "Болашақ"

Білім және ғылым министрлігінің "Тамыз кеңесі" аясында онлайн өткен "Болашақ": шексіз мүмкіндіктерге жол ашу" панельдік сессиясына бағдарлама түлектері, министрлік пен шетелдегі елшіліктер өкілдері, ата-аналар қатысты.

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов пандемияға байланысты елге оралған стипендиаттардың жай-күйі жайлы айтып өтті.

"Пандемияға байланысты Қазақстанға қайтуы қажет болған стипендиаттарға үкімет, мемлекеттік комиссия қолдау көрсетті. Олардың жалдап тұрған пәтерінің кепіліне қатысты мәселелерді шешуге, елге ұшып келуіне көмектестік. Жалпы қайтқысы келгендердің барлығы келді. Стипендиясын да төледік. Бүгінгі күні мемлекеттік комиссия біздің жұмысымызды қолдап отыр. Пандемияға қарамастан бағдарлама жалғаса береді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған аса маңызды қолдау. Қазір бағдарламаға қатысуға ниет білдірген үміткерлердің құжаттарын электронды үкімет порталы арқылы қабылдап жатырмыз", – деп айтып өтті вице-министр.

"Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері атанып, шетелдің үздік жоғары оқу орнындарында білім алып келген бірнеше түлек ойын ортаға салып, тәжірибесімен бөлісті.

Сингапур менеджмент мектебінде білімін жетілдірген AlmaU университетінің проректоры Алмагүл Қанағатованың сөзінше, Сингапурде мұғалім, оқытушы болу үлкен мәртебе саналады. Мұғалім болу үшін қатаң іріктеуден өту керек. Оқытушыларға ұдайы қолдау көрсетіліп, үздіктеріне жыл сайын 10 мың Сингапур доллары көлемінде сыйақы беріледі екен.

University College London түлегі Дидар Еділхан бүгінгі күні отандық білім ордаларының деңгейі көтеріліп келе жатқанын тілге тиек етті.

"Мен қазір Astana IT университетінің оқытушысымын. Арамызда "Болашақ" бағдарламасы арқылы білім алғандар көп. Шетелдің үздік университеттерінде жинаған тәжірибеміз бен білімімізді студенттерге беріп жатырмыз. Astana IT университетін мысалға келтіре отырып, қазір еліміздің жоғары оқу орындары өте жақсы дамып келе жатқанын айтқым келеді. "Болашақ" түлектері бұған өз үлесін қосып жатыр. Білім және ғылым министрлігі де жыл сайын академиялық еркіндікті арттыруда. Бұның барлығы ел экономикасының дамуына оң ықпал етеді", – деді жас маман.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің бірінші хатшысы Рүстем Исабаев қазіргі пандемия кезінде Құрама Штаттарда білім алудың кейбір ерекшелігінен хабардар етті.

"Бүгінгі таңда АҚШ-та 4,5 мыңнан астам мемлекеттік және жекеменшік жоғары білім беру мекемесі бар. Мемлекеттік университтерде оқу ақысы 10 мыңнан 30 мың долларға дейін жетеді. Оқу орнының беделіне қарай, ақысы да қымбаттай береді. Мысалы, Айви Лигасына (Ivy League) кіретін университеттер оқу ақысын басқалармен салыстырғанда екі есе көбірек алуы мүмкін. Статистика бойынша, елдегі студенттердің 5-7%-ы шетел азаматы. Қазіргі пандемияға қарамастан, АҚШ-та бірқатар университет күзгі семестерді аудиторияда оқу туралы шешім қабылдады. Ал кейбір жоғары оқу орындары шағын топтармен аудиторияда және қашықтан оқытудың аралас түрін таңдап отыр. Айтарлықтай мол қаржыдан қағылатын болғандықтан, Америка университеттері оқуды дәстүрлі түрде бастауға мүдделі болып отыр. Өйткені "қашықтан оқудың сапасы нашар" деп, студенттердің көпшілігі академиялық демалыс ала бастады. Әсіресе қытайлықтарға виза бермеуіне байланысты, биыл АҚШ университеттеріне оқуға түсушілер саны 20-30%-ға азайды. Оның үстіне, студенттер университеттің инфрақұрылымдарын пайдаланбағандықтан шығынын өтеуді талап етуде. Айта кету керек, Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен консулдығы миграциялық емес виза беруді уақытша тоқтатты",  – деді елшіліктің бірінші хатшысы.

Ұлыбританиядағы елшіліктің кеңесшісі, "Болашақ" бағдарламасының түлегі Дана Масалимова әріптесінің сөзін жалғай отырып, үміткерлерге өз кеңесін берді. Оның айтуынша, білім алуға университет таңдаған кезде рейтинг қуып, ең танымалына ұмтылу қажет емес. Тек өзіңізді қабылдауға дайын, берері мол оқу орнын тапқаныңыз жөн.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу