Шенеуніктен қулық артылған ба?

2502

Қазақстан суперпрезиденттік басқарудан кете алмауы мүмкін. 

Шенеуніктен қулық артылған ба?

Көзбояушы схемалардың шеберлері

"Ашық диалог" порталында жазылғандай, министрлердің бұл блог-тұғырнамасы туралы бастаманы 2009 жылы сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімов көтеріп, "азаматтар орталық меморгандардың бірінші басшыларына өз сұрақтары мен ұсыныстарын тікелей бағыттай алуы үшін бірыңғай блог-платформаны құруға" нұсқау беріпті. "Қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін Мәсімов пен оның командасы "мемлекетке опасыздық жасады, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға талаптанды" деген күдікпен ұсталғаны мәлім.

Бірақ жаңа билікке де халықпен диалогты жалғастыру керек. Айтқандай, "Ашық диалог" порталы тек министрлермен шектелмеді, 2015 жылы қалалар мен ауылдардың тұрғындарымен тиімді кері байланысты жолға қою, азаматтардың өзекті мәселелеріне жергілікті биліктің назарын аудару үшін оған әкімдер де қосылды. Ал қазіргі кезде онда барлық комитеттердің, агенттіктердің төрағалары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компаниялардың, тіпті мемлекеттік ірі медорталықтардың, санаторийлердің, "Қазақстан", "Хабар" және басқа да мемлекеттік БАҚ-тың басшылары өз блогтарын ашып, бұқара мен бизнестен сұрақтар қабылдайды.

Алайда ресми статистика көрсеткендей, квазимемсектор басшыларының көбінде не сұрақ жоқ, сұрақ болса, не жауап жоқ, содан блогын неге ашқаны белгісіз, дүдәмал күйде. Терең "қазып" үңілсеңіз, "бәленшенің блогына жолданған өтініш қабылданбаған" деген ескертпелер көп, себебі блог әкімшісіне халықтың хатын қабылдамау құқы берілген. Тоқаевтың "еститін мемлекет" қағидатына қайшы нағыз парадокс. Болмаса, "өтініш қарастырылуда" деп ұзақ жыл жауапсыз ілініп тұрған өтініштер министрлер мен әкімдердің блогтарында да тұнып тұр.

Ең көп шағым құқық қорғау органдарына қатысты түсіпті (70 797). Оның 71 131-іне "жауап берілген". Екінші орында – мемлекеттік қызметтердің көрсетілмеуіне не дұрыс көрсетілмеуіне қатысты (64 373 өтініш). Оның 62 984-іне "жауап берілген". "Еркін тақырыптағылары" 59 738, оның "жауап берілгені" – 57 839.

Арыз-шағым білім саласында тоқтаусыз борайды (42 298-і жинақталып қалған), оның 35 762-сіне "жауап қайтарылыпты". Одан денсаулық сақтау саласы қалыспады (42 296 шағым), 39 879 арыз иесі "жауап алыпты".

Шенеуніктен қулық артылған ба, мұнда да көзбояушылық көп. Өтініштердің үлкен бөлігіне министрлер, әкімдер "Өтінішіңіз қарауға алынды, таяу уақытта жауабы беріледі" деген жалтарма жауап береді. Алайда "таяу уақыты" белгісіз мерзімге созылады немесе "бұл мәселе құзырымызға жатпайды" деп сырғытады. Ал өтініш "жауап берілді" санатына өтеді, арыз иесі өз сауалына еш жауап таппай, дағдарады.

Осыдан болса керек, кейінгі кезде қазақстандықтар "Ашық диалог" порталын Президентке ашық хат жолдау, оған үндеумен қайырылу, өз ұсыныстарын жеткізу алаңына айналдырып алды. Азаматтар бұл блог-тұғырнамада Қ.Тоқаевтың жоқтығын да елемейді. Соның айналасындағының бірі оқып, жеткізер деп үміттенсе керек.

"Қайтейік, Жаңа Қазақстанда Тоқаевтан басқа еститін құлақ таппай отырмыз" дейді халық. Негізі, Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа 2022 жылғы 14 сәуірде қол қойды. Оның осы бастамасын барлық министр мен әкім қолдап, жарыса пост жариялады. Алайда содан бері екі ай өтсе де, мұнда өзгеріс лебі еш байқалмайды.

Халық Тоқаевқа не айтады?

Жаңа Қазақстанның құрылатыны жарияланған қаңтар айынан бері "Ашық диалог" арқылы Президенттің назарын аудартуға тырысқан елуге жуық өтініш жарияланыпты. Бұл тек – жарияланғаны. Ал блог әкімшілері, модераторлар қаншасын өткізбей тастағаны белгісіз. Хаттарда көтерілген мәселелер сан-салалы. Біз өзекті болуы үшін соның кейінгілеріне ғана тоқталып өткенді жөн көрдік (әйтпесе, ертеректегілері арасында жаңа ӨКМ операторы "Жасыл дамудың" шабан тірлігіне және басқасына қатысты біраз мәселе ішінара болса да, шешімін тауыпты).

Қасым-Жомарт Кемелұлына жүгінген Алматы тұрғыны Венера күйеуі Рауанның бұған дейін қалалық изоляторда отырғанын, сот экономикалық контрабанда жасағаны үшін айыптап, үкім шығарған соң оны басқа өңірге "этаппен" жібергелі жатқанын айтып, дабыл қағады. Венера кішкентай балаларымен жалғыз қалған, жұмыс істемейтін үйбикесі болған. Сондай-ақ баспанасы болмағандықтан, лашық-времянканы жалдап тұрады екен. Ол күйеуін аттандырғалы тұрған өңірлерде не туысы, не танысы жоқтығына, салдарынан балаларымен бірге барып, күйеуімен көрісе алмайтынына назаланады. Хатының соңында Президенттен жұбайын Алматыдағы 155/13 колониясында қалдыруды сұрайды.

Сарапшылар Қазақстанда заманауи бас бостандығынан айыру орындарының жоққа тән екенін, қолданыстағылары – кеңестен қалғаны екенін, көнергенін бұрыннан мәселе етіп көтеріп жүр. Олар Ресейдегідей, Қазақстанның ҚАЖ жүйесі де кеңестік лагерлік жүйені "мұраға" алғанын ескертеді. Салдарынан, республикада сотталғандардың басым көпшілігі дамыған елдердегідей жеке-жеке камерада емес, ең артта қалған елдердегідей "жатақханада" ұжымдасып тұруға мәжбүр. Бұл сотталғандардың дене мүшелерін ұжымдасып бүлдіруіне, ұжымдаса бүлік көтеруіне соқтырып жататыны жасырын емес.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің түсіндіруінше, заңсыз пайда табу жолында жаза басқан Рауан 1 жыл 5 айға сотталған екен. Қылмыстық-атқару кодексінің 142-бабына сәйкес, мұндай баптармен сотталғандарды және оң мiнездемесі бар сотталғандарды ұстайтын қауіпсіздігі барынша төмен мекемелер бесеу, бұлар – елордадағы ЕЦ-166/10, Қызылордадағы ЗК-169/4, Семейдегі ОВ-156/16, Тараздағы ЖД-158/5 және Павлодардағы АП-162/2 колониялары. Алматыға жақын жерде ондай мекеме жоқ. Ендеше бұл мәселені Президент те шеше алмайды. Сарапшылар айтып жүргендей, проблемаға кешенді түрде келіп, бас бостандығынан айыру орындарын жаңғыртып, сотталғандарды дамыған елдердегідей жеке камерада ұстауға көшу қажет.

Елордадағы "Зәм-зәм" тұрғын үй кешенінің тұрғындары да өз үйіне және бүкіл қалаға қатысты мәселелерді көтеріп, Президентке қайырылды.

"Тұрғындар бірнеше рет әкімдікке жүгінді, ақпарат құралдарын шақырды және әкімді де, оның орынбасарларын да тартып, проблеманы төтесінен қойды. Алайда мәселелер шешілетін емес", – дейді олар.

Жалпы кейінгі жылдары бас қаланың сиқы кетіп, ұсқынсыз күйге түскенін астаналықтар да, елорда қонақтары да айтып жүр. Шеткері аумақ түгіл, қала ортасында жердегі қыштақталар жарылып, тротуарлар жарамсыз жағдайға жеткен. Тіпті декоративті ағаштар да өсіп кетіп, пішінін жоғалтқан. Тұрғындар Мемлекет басшысына хатында үйлерге апаратын жолдардың және жүргіншілерге арналған тротуарлардың жоқтығын, қаптаған көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңдарында құрылыс нормалары сақталмайтын, олардан шыққан ауыр көліктердің батпақты айналасына тарататынын, жауын-шашынды көктемгі, күзгі, қысқы уақытта батпақ пен былық кешіп жүретінін, мүгедек арбалары жүре алмайтынын және басқа да қадау-қадау мәселелерді көтереді.  

Кеше, 22 маусымда Қ.Тоқаев Ақордада Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті кезекті рет қабылдады. Бәлкім, жабық есік жағдайында өткен жүздесуде осы мәселелер де тілге тиек етілген шығар?! Әйтпесе, еліміздің бас қаласы осындай болса, басқасының халі нешік.

"Малдары қорада аз, қағазда көп"

ШҚО-ның Аягөз ауданының Нарын ауылдық округінің "Динара" шаруа қожалығының басшысы Сайрагүл Сыдықова ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Антикорға және басқа да билік органдарына қатар бағыттаған ашық хатында жергілікті шенеуніктерге қатысты "сырды" жайып салды. Арыздың басты тақырыбы – ұлан-байтақ далада ауыл кәсіпкерлеріне ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер жетіспеуі.

"Б.Мусафирбековтың заңсыз істері анықталса да, ол кісіні жоғарғы жаққа, жаңа Абай облысының Ветеринарлық бөліміне бастық етіп тағайындапты. Қылмысына көз жұма қарағаны ма? Мен алған жер осы Мусафирбековтікімен көршілес жатыр. Кәсібімді ашқалы 8 жыл болды, 3 жыл бойы сау малымды арзанға сатқызып, зиян келтірді. Енді өзім пайдаланып отырған жерімді "менікі" дейді. ШҚО-ның Аягөз ауданында ол кісіге ешкім қарсы келмейді, тірегі мықты. Аудан, ауыл бастықтарының малдары қорада аз, ал қағазда көп. Үкіметтен келетін субсидия-жеңілдіктің бәрін өтірік құжатпен өздері алады", – деп қамығады шаруа қожалығының басшысы.

Оның мәліметінше, жергілікті шенеуніктер ең шұрайлы жерлерді өз қолдарына алған. Бұл ретте олар аудан, ауыл әкімдерімен бірге "даланы емес, құжаттарды ғана малға толтырды". Оның мәліметінше, арызда аты айтылған шенеуніктің "5 бұқасы бар, оның өзін жалға алған. Бірақ 150 бас сиырға субсидия алады. Тексеріс келсе, ылғи көрші қыстақтардан мал сұрап жүреді. 40 000 000 кредит алып, асыл тұқымды сиыр сатып алдым деп жалған құжат жасап, ауылдан 70-80 мың теңге ғана тұратын бұзаулар жинап алды" дейді кәсіпкер.

"Қағазда малы көбейіп, өсе береді. Мусафирбеков 26 жыл бойы аз ғана малымен 3 295 гектар жерді иемденіп отыр. Менің сегіз жыл пайдаланып келген жерім қазір Мусафирбековтікі болып кеткен. Көрші болғалы сегіз жыл, 30-40 сиырдан басқа, мыңдаған қой, жүздеген сиыр-жылқысын көрмедім. Сол себепті сізден өтініш: біздің ауылға қарасты 1 286 гектар жерді, шабындықты Мусафирбековтен қайтарып, менің қожалығыма заңдастарып беруіңізді сұраймын. Себебі маған сызып берген жер ылғи тау-тас, шабындығы жоқ жер. Ең шұрайлы жердің бәрін лауазымын асыра сілтеп шенділер алған", – деген Сайрагүл Сыдықова жергілікті әкім бұл мәселемен өзін қабылдамай қойғанына, көмекшісі Қарлығаш шығып, дөрекі сөйлескеніне мұң шағады.

"Көмекшісі Қарлығаш: "Бұл жер сізге берілмейді, ол жерді Тұрарбеков сатып алған" деді. Аудан әкімінің көмекшісі Қарлығаш сол Тұрарбековтің қарындасы екен. Аудан әкімі, жер бөлімі, кадастр бөлімінің бастығы – бәріне көмек сұрап бардым. Ешқандай нәтиже болмады. Ешкімнің тісі батпайды. Өйткені бәрінің қылмысы бір-бірімен байланысты. Жолдас Президент, әділ шешім шығарып беруіңізді сұраймын! Нақты көмекті қарапайым кәсіпкер ретінде өзіңізден күтемін. Жер дауын шешіп береді деп сізге сенем, Президент!", – дейді С.Сыдықова.

Сайрагүл 2014 жылы Алматы мегаполисінен ауылға келіп, жер алып, үй-қыстақ салып, жарық тартып, кәсібін нөлден бастаған. Бұған дейін оның мәселесін АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев те шеше алмапты.

"Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер де сіз аталған Аягөз ауданының СЭС-тің бастығы Мусафирбековке және "Жігер" ШҚ басшысы Шерияздановқа аталған жер учаскелері заңсыз берілді деген уәжіңіз болса, оның заңдылығын тексеру үшін Шығыс Қазақстан облысы жер ресурстарын басқару департаментіне өтініш беруіңіз керек. Сондай-ақ Азаматтық процестік кодексінің 292-бабында азамат жергілікті өзін-өзі басқару органының, лауазымды адамның, мемқызметшінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) сотта дау айтуға құқылы екендігі айтылған", – деп жалтара жауап берді өз блогында министр Е.Қарашөкеев.

Содан ауыл кәсіпкері амалсыз, Президенттің құлағын шулатуға мәжбүр. Шағымда айтылғанның нала, әлде дәйексіз жала екенін тек құзырлы органдар ғана анықтай алады.

Жалпы блог-тұғырнамада ел басшылығына үндеулер көп. Қарапайым адамдардың мәселелері де қарапайым, алайда оны билік өкілдері, бюрократия, мемлекеттің өзі ушықтырып отыр.

Мұндай қарқынмен бәрі қайтадан Мемлекет басшысына тіреле берсе, Жаңа Қазақстан да суперпрезиденттік басқарудан кете алмауы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу